Петрарка мен Лаура жайлы жаңа мәліметтер

Лаура Петраркаға хабарласар сәт келді
Times New Roman қарпімен хат терді
толтырып ғаламтордағы дәптерді

ол хаты жоғалып кеткен-ді

Петрарка Лаураға сонет арнауды бақ көрді
саусақтары терімтақтада жүгіріп жатты енді

бұл хат та жоғалып кеткен-ді

сөз желегі Лаураның көйлегінің жиегінен өрілген
әріптердің түмен күлтесі төменге төгілген

сол сәтте
олар тым жақын тұрғандай көрінген
қол ұшы құлашқа ұласады да
тиер еді-ау сол қолдың
шынашағына