Нарцисс

Қою түнде мұңын айтып ай қалды,
ыстық ағыс назарыңа байланды.
Тамсандың да суретіңе алдамшы,
ылғал сенің қабіріңе айналды.

Бұл не деген жаратылыс бөлекше?!..
Талғамды ойдың түсетіні-ай кем еске.
Тамсанып бір өзіңдегі келбетке,
өз үніңе ғашық болдың ерекше.

Бойындағы менмендікті тазалап,
ағып жатыр тыныш сәтті бағалап.
Сен жамылған қандай мөлдір су беті,
бұлт пен бұта шағылысы ғажап-ақ!

Құлақ тұнып, ми шайқалып тасырдан,
уақыт жылдам өте шығар қасыңнан.
Айтшы, неге мәңгілікке асықтың,
сәуле түспес мұздың асты жасырған?!