Шетін уақиға

Жасы елуге толған, алып денелі Григорий Петрович Гуляев кенеттен қайтыс болды. Бұл дүниеде оның бір бөлмелі пәтерінде өзінен он жас кіші әйелі Наталья Семёновна, сегіз жасар ұлы Вова, сондай-ақ, кейбір туыстары, оның ішінде атап айтқанда, қайда тұратынын бір құдай білетін туған әпкесі Елизавета Петровна қалды.

— Бекер өлдің-ау Гриша, бекер, — деп жыламсырады кейуана апайы Агафья. — Мезгілсіз кеттің-ау, мезгілсіз...

— Өлер уақытын кім біледі дейсіз? — деп қарсылық танытты ірі денелі тағы бір туысы. — Біз секілді тоғышарлардан қашан өлетінімізді ешкім сұрамайды.

Ешкімге де ештеңе демеген әйелі Наталья Семёновна тек болашағын ойлап, күрсініп қойды. Ал, ештеңеге сенбеген және әкесін алысқа, тым алыс сапарға аттанып кетті деп шешкен бала Вова жақын арада әкесі кеткен жаққа өзінің де еретінін ойлады.

Дегенмен жерлеу рәсімін ұйымдастыру керек еді. Аулада екінші мыңжылдықтың соңындағы тоқсаныншы жылдардың желі соғып тұрған-ды; өте бір ауыр кезең болатын. Григорий Петрович жауапты қызмет атқарғандықтан өзі жұмыс істеген ұйым көмек қолын созды. Ең қиыны қабір табу болды. Григорий Петровичтің дін ұстанған ұстанбағанын ешкім білмейтін еді, сондықтан жерлеу рәсімі түсініксіз өтті. Бірақ азаматтық панихида ережеге сай дайындалды.

Қоштасу рәсімі велосипедшілер клубының ғимаратында — бірінші қабаттағы терезелері жап-жасыл әрі ықшам да ұсқынсыз аулаға қараған ауқымды залда өтті. Залдың түкпіріне қойылған табыт кіре беріске қарама-қарсы орналасты. Алқызыл шоқ гүлдер молынан қойылып, әлдебір ту ілінгенімен, келушілердің қатары сирек болды (Баланы жерлеу рәсіміне қатыстырмау керек деп шешкен Наталья Семёновна Вовканы әлдебір жамағайын апайының саяжайына жіберген).

Табытта жатқан Григорий Петровичтің күрт қартайып кеткені соншалық, өмірде елу жасаған кейпімен жүзден асып кеткендей, керек десеңіз, жүз жиырма жасағандай көрінеді. Терісі сүйегіне жабысып, жұмылған көздері енді қайтып ашылмастай, мәңгілікке жабылғандай әсер береді. Қолдары да бұдан соң жайылмайтынын айғақтайтындай жиылыпты. Жылаушылар орташа дауыс шығарады, онда да шынайы еңіреген жұбайына әпкесі қосылады. Әке-шешесі ертерек қайтыс болған Григорий Петровичтің екі досы мүлде келмеді. Неге екенін кім білсін, велосипедшілердің спорттық қауымдастығынан ешкімге таныс емес он бес адам келіп қатысты.

— Жаназаға неше түрлі адамдар келгіштеп кетті, — деп күңкілдеді Агафья әжей. — Марқұм ішімдік құмар емес еді ғой, бүкіл Мәскеудің ішкіштері танитындай. Өзі біртоға, қақ-соқпен ісі жоқ, сабырлы, жауапкершілігі мол адам болатын. Отбасы, бала-шағасына қамқорлық жасаудан танбай кетті.

— Масқара болдық, — деп қостады тағы бір туысы. — Бұлар табытта жатсаң да тыныштық бермейді. Өмір бойы сіңіріңді созып еңбектенесің, жұмыс үшін кеңірдек керіп айғайлайсың, бір жақсылық көргің келеді, ақырында сауап та жоқ, рақмет те естімейсің. Табытқа жатқаныңда келіп бетіңе түкіріп кетеді...

— Айтпаңыз, — деп сыбырлады үшінші қарындасы, — мына бейтаныс жігіттердің бәрі аздап сілтеп алған секілді ғой, өзі...

Ауладағы бұтаның түбіне жайғасқан Григорий Петровичтің екі көршісі — Николай мен Сергей ішімдік құя бастады.

— Марқұмға тие берсін! — деді бірі.

— Еске алайық! — деп жауап берді екіншісі.

Осылайша жолдастарын ішіп еске алған екеудің бірі Сергей:

— Марқұм өлерінің алдында біртүрлі болып кетіп еді, — деп күрсінді.

— Біртүрлі болғаны несі? — деп селк ете қалды Николай.

— Әркіммен бір төбелесіп шыға келетін. Бірдеңе болса, жұдырық ала жүгіреді. Өзінің ауру екенін біліп жүріп, солай істеді.

— Қойшы, солай ма? — деп шошынды Николай.

— Өз көзіммен көрдім ғой, — деп бас бармағын тістеп ант ішкен Сергей ойланған кейіпте: — «Өмір өтті — осылай» деген осы шығар?!. — дегенді қосты.

— Иә, онда неге дәл өлерінің алдында?

— Итім біліп пе?! Бірақ бұзақы болды деп ойлап қалмаңыз. Пәтерде жалғыз қалғанында айқайлайтын, үйдің қабырғасы жұқа ғой, бәрі естілетін.

— Барлық адамдарға жаным ашиды, — деп Николай тісін шықырлатты. — Мүмкін, ол түсіне алмаған шығар: тірі жүрген денеңдегі жан кенеттен жоқ болып кететінін. Өзінің денсаулығы мықты еді, анау-мынау дейтіндей емес...

— Еске түсірейік, — Сергей ыңырси тіл қатты. Бөтелкелестер марқұмды еске алды.

Бұл кезде кең залда құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған еді. Сол сәтте кірес берісте тірі Григорий Петровичтің өзі пайда бола кетті. Өзге әлемнен әлдебір құс кенет кіріп кеткендей ешкімге сезілмейтін сәт орнады. Алғашында оған ешкім назар аударған жоқ. «Әлдебір бөтелкелес жолдасы болар табытта жатқан Григорий Петровичпен қоштасқысы келген» деп ойлары анық еді. Григорий Петровичтің өзі, дәлірек айтқанда табытта жатқан Григорий Петрович орнынан қозғалмады. Өйткені, өлген адам екені анық. Бірақ тірі Григорий Петрович оған қарай ақырындап, бірақ сенімді түрде жақындай берді. Ақыры әйелі айқай салған:

— Гриша!

Сол. Гриша, киген пиджагы да сол күйі. Ең бастысы жүрісі мен миығындағы күлкісін бірден танисың: бұл сол, Гришаның, Гуляев Григорий Петрович тұлғасының өзі. Ал, тағы бір тұлға биікке қойылған табытта, салтанатқа бөленіп, қалың гүлдің арасында тып-тыныш жатыр.

Көзін бақырайта ашқан Наталья Семёновна:

— Гриша! — деп айғайлаған күйі бір жағына сылқ етіп, құлап түсті.

Шынын айтқанда, дәл сол сәтте ешкім ештеңе түсінбеді: көпшілік «марқұмның жары инфаркт алды» деген оймен әйелге ұмтылғанда тірі Григорий Петровичке бірнеше адам ғана мелшиіп қарап тұрды.

Жалпы, тік мінезімен ерекшеленіп тұратын туған әпкесі Елизавета Петровна (ол кейде пойыздың астына да түнеп қалатын) Григорий Петровичке жақындаған күйі:

— Сен кімсің? — деп сұрады.

— Табытта жатқан адаммын. — Тірі Григорий Петрович өлі Григорий Петровичке жақындады. Денесі түршігіп кеткен әпкесі де жақындай берді. Қалғандары әйелінің жанына жиналып әуреленген түр көрсетіп тұр. Кейбіреулер сырт жақта сыбырласып, күбірлесуде.

Тірі Григорий Петрович өзінің сүйегіне мұқият қарап, расымен мұңайған кейіп танытады. Өз-өзіне әрең келген Елизавета Петровна сұры қашқан күйде:

— Ал, мынау кім? — деп сұрады басын изеген күйі.

— Бұл мен, — деп жауап берді Григорий Петрович тарғылданған дауыспен.

— Гриша, бірақ сен сөйлейсің, жүресің, — деп күбірледі Елизавета бір көзі жансызданып.

— Енді қайтейін?! — деп мысқылдай тіл қатты тірі Григорий Петрович. Сосын өлгеннен кешірім сұрағандай басын изеп, иығын көтерді.

— Қалай сонда? — Әпкесі шошып кетті.

— Дәл солай, — Григорий Петрович құлап қалуға дайын тұрған әпкесіне бұрыла берді. — Жарайды, Лизок, сен одан да Натальяға бүгін кешірек келетінімді айт. Вовканы қайтарып алмай-ақ қойсын. Оның орнына кешкі ас дайындасын: жұмыртқаны шұжық қосып қуырып, айран мен тәтті бәліш алып қойсын. Арақ керек емес.

— Мен ше? — деп мейірлене сыбырлады әпкесі.

— Сені қайтейін? Екеуміз онсыз да бір туғанбыз ғой.

Тірі Григорий Петрович өз табытын маңғаздана бірнеше рет айналып өтіп, бас жағына тоқтаған күйі гүлдерді, өзінің ағарып кеткен шаштарын, сарғая бастаған маңдайын сипап, жансыз құлағын білдірмей тартып қалды. Сосын әпкесіне қа­рата:

— Одан да, — деп сыбырлады. — Егер Наташа қорқатын болса ұйықтай берсін деп айт, төсегіне жата берсін. Асүйді өзім реттеймін, аздап тамақтанып, қасына жатармын...

Сөйткен Григорий Петрович сенімді күйде, бірақ қайғылы кейіппен шығар есікке табытта жатқан өзіне сырт айналған күйде беттеді. Қоштасу рәсіміне келгендердің көпшілігі оны жыға танымағандықтан, оның үстіне абдырап қалғандықтан еш кедергісіз залдан шыға берді. Әлдебір балақай марқұмды тани сала білегінен ұстай алайын деп тұрды да жеме-жемге келгенде батылы бармады.

Григорий Петровичті жақсы білетін үш адам еденде ес-түссіз жығылып қалыпты. Біреу ұмтылып, орнынан тұра алмаған күйі есі ауған жандай кеудесін ұрғылай берді. Басқалар Наталья Семёновнаны оята алмай әлек. Кейбіреулер галлюцинация туралы күбірлеуде.

Өзгелері өлген Григорий Петровичке қозғала ма, жоқ па деп қарайды. Жағдайды ұзын бойлы, ақ сақалды кісі, шамасы, сектант болар, ушықтырып жіберді: көз алдында болғанның бәрін көрген ол табытқа жақындаған күйі марқұмның бетіне қорқытқандай қылып, қатты түкіріп жіберді.

— Мұнда не болды?!

Марқұмның туған-туыстары, әсіресе, әпкесі қарияның жағасынан алды, әлдекім сақалына жармасыпты. Ысқырық естіліп жатты, соған қарағанда милиция шақырған болды.

Сол аралықта музыканттар келіскендей, қаралы маршты ойнай жөнелді. Ал, залдың ішін төбелестің тартысы кернеп тұрды. Киімінің дал-дұлы шыққан кәрі сектант еденде сұлап жатыр.

Дәл осы кезде есін жиған Наталья Семёновна жан-жағына таңдана көз салды. Шынында, айнала ештеңеге ұқсамайтын еді: табыт орнында әрі қаралы музыка төгіліп тұрған сәтті тұмсыққа тиген соққы мен ырсылды айқай қоштап тұрған.

Дегенмен қазір ғана тірі Григорий Петровичтің келіп, кеткені туралы сөз залдың ішін кернеп тұрды... тіпті, жерлеу рәсімінде бірдеңе дұрыс еместігі айтылып жатты. Әлдебір зор денелі, қызылшырайлы ер адам марқұмды табыттан суырған күйі өлікті ауыстырып жібергенін айтып жыламсырады. Марқұмды оның қолынан әрең алған сәтте жағдай қиял-ғажайыпқа бергісіз күйге ауысты: жұрт бір-бірімен жылай жүріп төбелесті.

Өзін «ана дүниеге кетіп қалдым» деп есептеген Наталья Семёновна қайта есін жоғалтты.

Бұтаның арасынан атып шыққан алқаш көршілер — Сергей мен Николай айқайлаған күйі жаназа залынан шыққан күйі автобус аялдамасына аяңдаған Гришаны өз көздерімен көргендерін айтып даурықты. Осы кезде әлдекім шақыртқан милиция көлігі келіп жеткен еді. Көліктен алдымен шыққан ақ шашты, қабағы қату тергеуші-лейтенант табыттың жанында төбелескендерді көргенде абдырап қалды. Лейтенант пен қасындағылар бес-алты минуттан соң ғана абдырау сезімінен әрең арылды. Ақырында ес-түссіз жатқан Наталья Семёновнаның жанына барған лейтенант:

— Жерлеу рәсімін дереу таратыңдар! — деп айқай салды. Өйткені, әйелді марқұмның жұбайы деп таныстырған болатын. Кенет тергеушінің қасынан қарапайым киінген әлдекім табыла кетті, шамасы велосипедшілер клубының өкілі болса керек. Сілкілеп оятқандардың әсерімен Наталья Семёновна көзін ашты.

— Бұл сіздің күйеуіңіз бе, жоқ па? — деп айқайлаған әлгі адам табытты нұсқағанда Наталья Семёновна жылай бастады. — Осындай жабайы жаназаларыңмен қоғамды демократияландыруды бұзасыңдар!!! — деп шырылдады кішкентай адам Наталья Семёновнаны басып кете жаздап.

— Кішкене есін жинасын да, — деп айғайлады кейуана Агафья. — Мазасы кеткендер-ай! Сендерге, әйтеуір, бәрін білу қажет! Алдымен күйеуі өлі ме, тірі ме, сонны дұрыстап білсін де!

Көзі бақырайып кеткен лейтенант мұндай сөздер мен табыттың төңірегіндегі төбелеске шыдай алмаған күйі залдың ортасына барып барқ етті:

— Қане, тәртіпсіздікті тоқтат, әйтпесе, атып тастаймын!

Тапаншасын суырып алған күйі алдымен ұңғысын марқұмның табытына бұрған тергеуші артынан есін жиып, қаруын көкке көтерді. Жанында тұрған милиционерлер қалшиып қалыпты. Айтылған сөздер мен қорқынышты көзқарас біртүрлі, оң әсер етіп, төбелес тыншыған мұхиттай бәсеңдей бастады. Арасындағы орқынышты айғайдан өзге ештеңе қалмады. Велосипедшілер клубының өкілі лейтенантқа жақындап:

— Енді, не істейміз, жолдас... лейтенант мырза? — деп қауіптене сұрады.

— Не істейік? — Тәртіп сақшысы ойланыңқыраған күйде: — Алдымен, болған уақиға туралы тіс жармаймыз. Екінші: қоштасу рәсімін бітіріп, музыканы бірден тоқтатқан күйі бейітке қарай жүріп кету керек. Көлік бар ғой?! Бар. Бәрі тәртіппен жүруін өзім қадағалаймын.

Оның бұйрығы орындалды.

Табытты көлікке салды. Бірақ қоштасуға қатысушылардың пікірі екіге бөлінді: көпшілігінің айтары жерлеуге қатысудың жөні жоқ, себебі, кімді жерлеп жатқаны белгісіз.

Алғашында Наталья Семёновна барғысы келмеген, бірақ табытты көлікке салғанда қақпағын ашып қарап:

— Бұл, Гриша ғой! Менің қымбаттым, сүйіктім, аяулы жарым. — деп жыламсыраған күйі табыттың артынан көліктің есігіне сүңгіп кетті. Оған Григорий Петровичтің әпкесі Елизавета және тағы бірнеше адам ілесті.

Жолда Елизавета Наташаға тірі Григорий Петровичтің не айтқанын баппен жеткізді. Әңгіменің соңында Елизаветаның көзі тұманданып, басқа әлемге өтіп кеткендей әсер қалдырды. Сөзін Елизавета Петровна:

— Көз алдымызда Григорий Петрович өліп жатыр, сол сәтте тірі Григорий Петрович келді. Екеу — бірі өлі, бірі тірі, — деп бітірді.

Осыдан кейін-ақ Григорий Петровичтің әйелі мұңайып қалды. Жерлеу тыныш әрі сұрқай өткені соншалық, қатысушылар үнсіз қимылдады. Милиция алыстан бақылап тұрды.

Сөйтіп, өлі Григорий Петрович жылдам жерленді. Ешқандай астарлы және ғибратты сөздер айтылмады. Тек соңына қарай сиреген адамдар тобынан әлгі велосипедшілер клубындағы төбелесте таяқ жеген шал атылып шығып, дудыраған шашына қарамастан, бейітке нұсқап:

— Ана жаққа барайық! Ана жақта! Өйткені, өлі Григорий Петрович бір сәтте тірі жүр. Табытта жатыр және өз аяғымен жүр. Ана жаққа, бәріміз ана жаққа барайық! Григорий Петровичке барайық! — деп бақырды.

Милиция жақындады. Дереу шалдың аузы жабылып, бәрі тыныш аяқталды.

Үйіне оралып келе жатқан Наталья Семёновнаның ойында жалғыз ғана — Григорий Петрович кешкісін келуге уәде етті деген жалғыз сөз бар. Қасында жалғыз Елизавета Петровна. Қалған туыстары жым-жылас болыпты. Артынан марқұмның әпкесі де әлдебір жаққа жылыстады.

Бір бөлмелі пәтеріне кірген әйел жарықты қосып, Григорий Петрович бұйырғандай кешкі асқа шұжық қосылған жұмыртқа қуыруға кірісті...

Ақыры сағаттың тілін санап, күтуге отырды. Сосын басындағы жағдайдан айыққан сәтте тұла-бойы бұлқынып: «Шынымен жынданған шығармын? Кімді күтем? Григорий Петровичті тепкілеп көміп келдік емес пе?! Көрден шыға қоймас» деген оймен серпіліп қалды. Бірақ орнынан тұрып, айнаның алдына барған күйі шашын жөндеп, ернін бояды, үстіне күйеуін ұзақ іссапардан келерде күтетін әдемі киімін кигісі келді. Сөйтіп тұрып, өзіне жаны ашып жылап жіберді. Суық сумен жуынған соң жаман ойлардан арылып, бөлмені жинады. Сосын «таң кештен қайырлы ғой» деп шешті. Өз өзіне:

— Ұйықтау керек. Ертең жұмыс көп. Бүгінгі көргенім ұмытылып кетер... — деген күйі жарты стакан арақ құйып ішті. Сосын жылдам шешініп, төсекке кірген күйі ұйқыға кетті.

Түсіне Елизаветаның тұманданған қарашығы кіріпті. Сосын ұйқылы-ояу күйде есікті кілтпен ашып жатқандай естілді. Онысы түс емес еді. Ішкен арақтан көзін ашуға шамасы жетпей әлсіреген күйде, ең бастысы — енді бәрібір деген оймен ұйықтай берді. Миының жартысы ұйқыда, ояу жатқан санасымен әлдекімнің асүйге кіргенін, күйеуінің даусын, тамсанып тамақ жегенін, қасық пен тарелкенің сылдырын, бәрін естіп, біліп жатты. Кенет тыныштық орнады. Сосын боқтық сөз, ыдыстың сыңғыры, дәмсіз болғанын, айналаға тарақан толып кеткенін айтқан күйеуінің үні; тағы да боқтыққа толы ләм, судың сылдыры... Сөйтіп жатып, қалың ұйқыға кіріп кетті.

Ертеңінде сағат онға таман ұйқыдан тұрған Наталья Семёновна дел-сал халде асүйге шықты; жұмыртқа желініп, тарелке сынғанын, судың шашырағанын көрді. Пәтерде ешкім жоқ еді. Денесінің көгеріп қалғанын көрген әйел үрейлі дауыспен:

— Гриша, мынауың не? — деп айқай салды.

Бір айта кетері, өлі Григорий Петрович топырақта жатқан кезде тірі Григорий Петрович жер бетін шарлауға шығып, Наталья Семёновна оянғанда алыстап кеткен-ді. Григорий Петровичтің мәңгілік рухы Аспандағы Құдайына аттанған болатын.

Осының бәрін кездейсоқ көріп тұрған ғарыштық құдай Арад адамзаттың басындағы бейшара халге қарқылдап күлгені соншалық, оның құзырындағы Д. ғаламшары сілкініп, бұлқынғаннан сыртқы қабатында дауылды боран тұрып жатты.