Колибриді өлтіру

(РОМАННЫҢ ҚИЫНДЫСЫ)

Аркадий Иванович Челищев, суретші-реставратор, жасы 42-де, картинаға не иконаға еңкейгенде лентамен түйіп алатын қою қоңырқай шашы бар болатын. Оның маңдайы жазық, таза еді; сол маңдайына, ойға шомғанда, ерікке бағынбас ыңғайсыз ойды ысқылағандай саусақтарын қоюшы еді. Үлпілдеген қасы сондай жұмсақ, әйелдікіндей нәзік-ті. Көзі сұр, зейінді, үңіліп қараған әлемін қызықты, жайлы көретіндей; анда-санда ғана сол көзде осы әлемнен айрықша әрі ғажап бірдеңе тапқандай өткір, құмар нұр жарқ ете қалатын. Мұрны қырлы, кеңсірігі нәзік, сәл дөңестеу еді, онысы жүзіне аздаған менмендік үстейтіндей тұратын. Бірақ оймақ аузының езуін тартып жымиса-ақ болды, әлгі әсер ізім-қайым жоғалып тынатын.

Оған тапсырыс көп түсіп тұрды. Күйелеш боп, көмір құсап кеткен, өткір темір тескен, күңгірттенген тақтайлардың бұрынғы ашық реңі мен қанық түсін қайта тірілтуін сұрап, икона жинаушы байлар оның қызметіне жүгінуші еді. Оның қолы тиген тақтайларда алтын нимбтер, алқызыл жадағайлар, көгілдір хитондар құлпырып сала беретін, түнектен періштелердің, әулие-әнбиелер мен пірадарлардың ғажайып жүздері қалқып шығатын.

Ол провинциялық мұражайлардың қоймаларында шіруге айналған усадьбалық портреттерді қалпына келтіретін. Сызаттардың өрмектерімен айғыздалған күңгірттенген лактың ар жағынан қамзол киген алқызыл бет мейірбан помещиктер, шиедей томпақ көзді сүйкімді арулар, мундир киген, сақалы самайын бойлаған, кавказ не балқан соғыстарында алған марапаттары бар офицерлер қарап тұрушы еді. Челищев өзінің мейірімі мен тақуалығына разы секілді боп елестейтін белгісіз провинциялық суретшілердің жұмыстарын тірілтіп, портреттеріне табынар еді.

Бірде ол Германияға коллекциясы күйінішті жайттың салдарымен Рейннің суына түсіп шыққан белгілі банкирге шақыру алды. Бірнеше ай бойы, сарайға қамалып алып, Челищев Матистің, Дегтің және Ван Гогтың картиналарын қалпына келтірумен шұғылданды. Көкшіл сулардағы қайықтар, аметист балериналар, қызғылтым күнбағыстар. Рухтардың көшетініне сенген ол ұлы суретшілердің сиқырлы бояу өрнектерін қайталады, солардың шабытымен өмір сүрді.

Қалталы тапсырыс берушілер оның еңбегі үшін жақсы төледі, ол ештеңеден тарыққан жоқ. Киім-кешек пен аяқ киімді қымбат сөрелерден сатып алатын болды. Тверскаядағы сталиндік үйде үш бөлмелі пәтерде тұрып жатты. Бір бөлмесін шеберханаға айналдырды, ал қалған өте бай жабдықталған бөлмелерінде қонақ күткенді жақсы көрді. Тапсырыс берушілер, банкирлер, мәмілегерлер, кәсіпкерлер өздерінің бүлінген шаһқар дүниелерін оған сеніп тапсырып, өз ортасының адамы ретінде қабылдады. Қымбат мейрамханалардағы сауық кештеріне шақырды, яхтамен саяхаттауға алып жүрді. Еуропаны аралаған автосапарларға қосты, жарқылдаған көліктер ағынының арасында өзінің Вольвосымен табиғаты таңғажайып испан қалашықтарының жанынан, зүмірет таулар мен көгілдір бұғаздар арасымен сағымдай жүйткуші еді. Және әр сапарында шағын ғана қонақүйдің дәлізінде сап-сары, әсем айға қарап отырып, дәмі тіл үйіретін шарапты бірге ішетін, күнге тотыққан, бақыттан жүзі алаулаған көркем де келісті әйел жанынан табылатын.

Ол екі рет үйленген, ажырасуы да екі жақты келісіммен жеңіл өткен, тастап кетіп бара жатқан екі әйелі де артында оған не бала, не қамырық сезім қалдырған жоқ, жатын бөлмесінде біраз уақыт қалықтап, артынша кеңістікке сіңіп кеткен жеңіл әтір исін ғана қалдырды. Ол ауқатты тұрды және үнемі жұмыс үстінде берекелі күндерде кей сәтте вернисаждар мен сән қойылымдарына барып, қамсыз жүріп жатты, үнемі көңілі тоқ, өз ортасының гүлі болды.

Бірде оны мұражайға шақырып, оған қалпына келтіруге тиісті болған иконаны көрсетті. Ұзын ауыр тақтайға Богородица Боголюбивая деп аталатын он екінші ғасырлық икона Құдай Ана бейнеленген. Ол қатты бүлінген еді. Тақтай қатты дым тартып, таттанған ылғал бүркіп тұр екен. Сурет әбден ісінген, бояулары шытынап, түсіп қалуға шақ тұр еді. Ағаш қоңыздар үңгіген көптеген тесіктер арқылы саңылауланып көрінеді. Құдай Ана бейнесі күйелеш қалпы кейінгі түрлі жазбалармен бүлінген, иконаның өн бойын бойлай басынан аяғына дейін ыза толы сызық түскен.

Челищев иконаны қарап шықты, кедей мемлекеттік мұражай басшысының ұсынып тұрған қаламақысының түкке тұрғысыз екенін біліп, бас тартуға бел байлады. Оның үстіне оған жеңіл әрі тиімді жұмыс, бәденді, алқызыл төсті жеңсікқой әйел антикалық вазаға күлгін жүзім шоғын салып тұрған Семирадскийдің картинасы ұсынылған еді.

Ол бозғылт құрғақ жүзді, ескі сәндегі шілтер жағалы директрисаға сүйінішпен қарап, бас тартарға сыпайы сөз іздеп жүрген-ді. Үстелде жатқан иконаға соңғы мәрте көзі түсті. Кенет пышақтың тілген ізі бар тозығы жеткен иконаға қарап тұрып, өзекті шалған күйік секілді жүрек талмасына жақын қорғасындай ауыр сезім мен өкініш, сондай аяныш пен кінәлі күй кешті. Бұл оның бірнеше жыл бұрын қайтыс болған шешесі еді. Көз алдына шешесінің үсті-басы кір-қожалақ, жара-жара, жәбір көрген, қорғансыз боп, суық жаңбырдың астында батпақта жатқаны, ешкімнің оған көмекке келмейтіні, тіпті, өз ұлының тас боп қатайып кеткен жүрегі өзінен теріс айналғаны елестеп кетті.

Бұл сезімнің ауыр болғаны, жүрегін кінәнің күйдіріп, жаншығаны сондай — кеудесіне күйік кептеліп тұрып директрисаға:

— Келісем. Осымен жұмыс істеймін. Мен бұны үйдегі шеберханама көшіріп ала алар ма екем?

— Оны сақтау керек. Бұл — баға жетпес дүние.

— Туған анамдай сақтаймын.

Иконаны керемет сақтықпен оның шеберханасына жеткізген уақытта Челищев үстел үстіне ақ кенеп жайып, иконаны орналастырды. Терезенің пердесін жауып, иконаның бетіне ота жасау бөлмесінің көз қарықтырар жарығындай біркелкі ақ сәуле түсірген жарық шамды жақты. Иконаның алдына жайғасты да, кірпік қақпай, Құдай Ананың жалбарынған қалыпта алға ұсынған екі қолына қарады. Иілген басын нәзік алтын жұлдыздары бар шие түстес мафорий көмкерген. Қара торы жүзінде құралайдың көзіндей үлкен жанары қарауытып көрінді, қауызынан қанқызыл гүлдер бүршік атты. Ұзын етек көйлегінен қызыл етік киген кішкентай аяқтары көрінеді.

Оның пайымы ұзаққа созылды. Ол есеңгіреп, бейнеге арбалып қалды, Құдай Анадан тіршілік нышанын аңдай алмады. Ол гербарийдегі жансыз бурыл, гүлінің бүршігі алқызыл, оңып кеткен, кепкен жұқа өсімдік секілді көрінді. Құдай Анаға үңіле түскен сайын, ол көлемдене түсті, бірақ мұздың мөлдір қабатына қатып қалғандай көрінді, мөлдір шыны табыттағы ертегілік патшайым сияқты өлі, тыныссыз қалпы жатыр. Өзінің сегіз ғасырлық ғұмырында ол қаншама адамға шипа мен дәру сыйлады, қанша адамды құтқарып, жұбатты, қанша жау басқыншылығын тойтарды, күш-қуатынан айырылып, тозып, қазаға ұшырағанша қанша рет оны отқа тастады, тереңге батырды, балталады, пышақтады. Ақыр аяғында қураған гүлге, тақтайдағы үнсіз сұлбаға, мұз құрсауындағы бозарған кемпірқосаққа айналды.

Челищев азаптанды, шерленді, өлген таңғажайып Аруды жоқтады. Оған іңкәр сезім кешті, бірақ бойындағы нәзік тіршілік тамырын соққыза алмады. Сезілер-сезілмес демін ауламақ үмітте оған бетін тақады. Оның жалбарынған алақандарына ерін тигізді. Сол сәт осы қолдар оның ернінің астынан әнтек дір етті, білінер-білінбес жылы леп бетін шарпыды. Челищев, мерейленіп, оянып кеткендей көрінген Аруға назар салды. Ол өлі емес еді, бітпейтін бейнет пен азаптан күш-қуаты сарқылып, терең ұйқыда жатты. Ол енді аса бағалы науқастың дәрігері сияқты, оны емдейді, азаптанған тәнді мекен еткен әлсіз өмірді демейтін болады. Ол өзінің болмысы осы сәттен бастап күрт өзгергенін және сезік тудырмай, осы жылдар бойы оның назарын күтіп, қасында болып келген күйіне рухы күтпеген бұрылыс жасағанын сезінді.

Тақтайды кептіруге бір апта уақыт кетті. Ол иконаның айналасына жылытқыштар қойды, желдеткіш орналастырды. Иконаны құрғақ ауа ағындары аймалады. Ағаш баяу ғана ылғал шығарып тұрды. Челищев судан ісінген талшықтардың бітеу дыбысы ксилофон пернесінен шығатын үнге ұқсайтын дыбысқа айналғанша тақтайды жайлап тықылдатып отырды.

Аса зор сақтықпен иконаны ақ кенепке орап, томографпен жұмыс істейтін таныс дәрігеріне алып барды. Тақтайды кең шеңберге орналастырып, бойында Құдай Ана жатқан шеңбердің баяу сыбдырмен қалай қозғалатынын қызықтады. Экранда түрлі түсті жылт пен жолақтар ойнақтады. Принтер сәулелердің көптеген сызаттар мен зақымдарды, босап қалған, ісініп кеткен жерлерді, бояудың алғашқы қабаты мен кейінгі қатпарларын көрсетіп тұрған бедерлерін шығарды.

Енді аурудың сипаты белгілі болған соң, аса бағалы науқасқа диагноз қойылған соң, Челищев емдеуге кірісті. Қалпына келтіру процессін бастады.

Ол микроскоппен зақымдалған аймақтарға ауру жасушаларға үңілгендей қарады. Әр бөлшек, әр сызат мұқият зерттелді. Оның сақ қимылдаған қолдарын да бірде қандауыр, бірде ине, бірде жұмсақ қылқалам, енді бірде сулы мақта бой көрсетті. Ол күйген жерлерді шайды, қабыршақтар мен қатпарларын жонды, тақтайға бекітіп, бояу бөліктерінің ең бастапқы қанықтығын жаңғырта желімделген сұйықтық бүркіді.

Бір ай тынымсыз еңбектен соң үстінде алтын жұлдыз қымбат шұғыла шашқан қанқызыл мафорийдің шағын аймағы тазартылып, қалпына келтірілді. Челищев құр сүлдері қалған қалпында жарқыраған нәзік жұлдызға сүйсіне қарай берді.

Уақыт ұмыт болды. Мәскеу тіршілігін тоқтатты. Тверской гүлзарына қарайтын терезелердің перделері жабылды. Астында Құдай Ана нұр шашқан жарық ақ шам күні-түні маздап тұрды. Көлеңкені қашырып, күн сәулесін төккен шалғын сияқты киімдердің қалпына келген маталары түрленіп қоя берді.

Челищев Тверской гүлзарының емендері мен жөкелері қалайша сарғайып кеткенін, қоңыр күздегі жарқ-жұрқ еткен көлік ағындарының ерсілі-қарсылы сабылысын байқаған жоқ. Қалайша суық жаңбырлардың басталып, Пушкиннің ескерткішінің қара шыны құсап жылтырап тұрғанын, оның түбінде жетім раушанның сыңси қызарып тұрғанын да байқаған жоқ. Қалайша алғашқы борандарда Тверскаядағы бозғылт кемпірқосақ қоршаған түнгі шамдардың тұманытқанын да байқамады. Қалайша су құбырының маңайына жылжып аққан көліктер ағынын, бағдаршамның үш түсті алауын шағылыстырып тұрған айнадай мөлдір мұздың қатқанын да байқамады. Қалайша гүлзардың жасыл тұманға бөккенін, гүл бағының қара көшетінде қызғалдақтардың алқызыл түске боялғанын да байқамады. Күндер мен апталарға емес, иконаны құраған әрі ол ажалдан арашалап қалған кішкентай бөлшектерге бөлінген жыл да зу ете қалды. Бұл бөлшектер ол шашылып қалуына жол бермеген жаратылыстың кішкентай ғана кірпіштері еді.

Әрбір аман қалған сынық оған адам айтқысыз рақат сезімін сіңіргендей, оның бейнеті оған бұрын-соңды болмаған ләззат сыйлады, ал алда жұмыс аяқталған күнде оны теңдессіз сый күтіп тұрды.

Құдай-Ананың жүзін күйеден тазартып, оның ажары ақшыл жирен түсті шұғыла шашқанда, кішкентай ерні қанқызыл гүлден аумай қалғанда, құралайдың көзіндей аялы, көркем жанарында жұлдызды аспан көрініс бергенде ол иконадан ғажайып жұмақ лебін сезгендей болды. Шеберхана іші раушан гүлдің жұпарына толды, бүр жарған көргісі келіп, елегізе берді.

Ол бұрынғы таныстарынан алшақтады, оңашалана түсті. Мәскеу театралдары есі кете күтетін ағылшын және француз қойылымдарының билеттерінен бас тартты. Мәдениет Министрінің туған күніне орай өтетін жабық салтанатты кешке шақыруды елемеді. Кейінгі ғашығының Испанияға фиестаға барып қайтуға шақырғанын елең қылмады. Бұрын жағы талмай безілдейтін телефонын өшіріп тастады. Ол өзін жалғыздыққа қиды, бірақ онысын сезген жоқ. Ол таңғажайып Арумен жеке қалған еді және оған саусағы әр тиген сайын иконаның аман қалған әр бөлшегі теңдессіз ләззат тудырды.

Оның шеберханасына мұражайдың әйел бастығы бас сұқты. Ол иконаға таң-тамаша болып қарады. Оның солыңқы бозарған жүзінде алқызыл нәзік алау ойнап сала берді.

— Аркадий Иванович, сіздің жұмысыңыз аяқталуға таяу екен. Осы күн өзінде мұражай мен иконаның шіркеуге берілуін қалайтын монастырдың арасында дау өрті тұтанып келеді. Олар оны сақтай алмайды ғой. Тағы да қарақшылықпен күйдіреді, тоңдырады, сызды собордың ішіне іліп қояды. Оған бітеу, жылу мен ылғалды реттеп тұратын арнайы құты керек. Сіздіңше қалай, Аркадий Иванович?

— Білмеймін, — деді Челищев ақырын ғана, жұлдыздың алтын шапағына қарап тұрып. Оның жүзінде шат-шадыман жымиыс пайда болды.

Бір кездері Құдай-Ана Андрей Боголюбский князьге келіп, әлгісі оның бейнесін салуды бұйырған сол бір монастырдан оған келең әйел, мәртебелі Елизавета шешей келген-ді. Арық, төсі кішкентай Елизавета ана қара-қоңыр жанарын жарқ еткізіп, еппен иконаға бірнеше рет тағзым етті. Биік, сәл жарықшақтанған даусымен:

— Ару Құдай-Ана, қуан. Қасиетті Мария, Тәңірі Өзіңмен бірге. Әйел заты ішіндегі Сен құдайдың мейірі түскенісің. Сенің жатырыңның перзентіне де құдайдың мейірі түскен, рухтарымызды сақтаушыны тудырған Өзіңсің.

Челищевке ыждағатты қыр мұрынды жүзін бұрып:

— Аркадий Иванович, сіз бұл дүниенің адамы емессіз. Ресейдің тағдыры таразыға түскен күндері Қасиетті Құдай-Ананың бейнесін жаңғырту үшін Тәңірінің таңдауы сізге түскен. Сіздің қолдарыңыз арқылы осы пәк бейне орыс жеріне шұғыла шашып, оны қауіп-қатерден сақтайды. Енді, Аркадий Иванович, қайда барса да Құдай-Ананың үнемі жанында болу пешенеңізге жазылып тұр. Ал ол өзі кезінде қосағы Андрей князьге барған монастырға көшеді. Сіз оның жанында шырақшы сияқты боласыз. Құдай-Ана бізге патшаны нұсқайды, сіз оның сырын табасыз және дүйім жұртқа паш етесіз. Сіздің ерен құлшылығыңыз бен ерлігіңіз осында жатыр, Аркадий Иванович. — Елизавета шешей Челищевке таяп қолын айқыштады да, Тәңірі жарылқасын айтты. Еппен, жіңішке денесімен иіліп, иконаға тағзым етті де, шығып кетті.

Оның жұмысы аяқталуға жақын еді. Тұтас Мәскеуде асыл тастардан алқа таққан патшайымдардай жаңа жалдық шыршалар бой көтеріп болған еді. Тверской гүлзарындағы ағаштар күлгін тасты аспалы әшекей шамдармен көмкерілді, ал адамдар шыныдай сыңғырлаған аязда шыны тоғайда жүргендей гүлзар бойымен жосылды.

Маңдайына байлам орап, кең пішілген жейде киген, бурыл сақалы бұйраланған жақтары суалыңқы Челищев иконаға қарап тұрды. Әрбір бөлшек, әрбір тілік оның қолының жылуын сіңірген, оның демімен тірілген, балғын бояулармен ғажайып нұр шашты. Құдай-Ана Мәскеу қарының, жаңа жылдық шыршалардың, мөлдір мұз құрсанған ағаштардың арасында шетсіз-шексіз теңізде тербелген ағаш қайық құсап мүлгіп жатты.

Ол кенет шеберханадағы ауаның ғайып болып, икона айналасында ауасы жоқ бос кеңістік пайда болғанын, ал өзінің жылтылдаған сансыз жұлдыздардың арасында көкшіл тұңғиықта қалықтап бара жатқанын сезінді. Ол тұншықты, есінен танды, келе жатқан ажалдан зәресі ұшты. Оқыстан иконадан ақылға сыймас құдіретті ғажайып бұғып жатқан тереңнен ағаш тақтайды, өрнекті киімдерді, сары жирен түсті келбетті көктей өтіп, көз қарықтырар жарық алаулады. Жарық оның жан сарайына лап қойды, содан соң оның кеудесін құдіретті шаттық кернеді. Құдіретті де таңғажайып әлдебір күш оны көтеріп әкетіп, жанар жасқайтын шұғылалардың, сиқырлы ағындардың, жұлдыздарды тербетіп тулаған толқындардың арасында ұстап тұрды. Оның шаттық, шуақты құдірет, махаббат кешкені соншалық, кеңістік пен уақыт ғайып болып, өзге дүниенің бәрін ұмыттыратын жалғыз ғана бақыт қалған-ды.

Бұл қас-қағым сәтке ғана созылды. Тағы да шеберхана. Икона суып қалған құйма сияқты сұлық жатты. Ал оның шаттығы әлі жалғасып жатты. Оның бойына ересен қуат құйылғандай болды, шыр бітті, енді ол басталып келе жатқан рухтың түлеуін, қабақ астындағы торғын кемпірқосақтардың құлпыруын бездіріп алудан қорықты.

Осы күннен бастап Челищев құдды ол иконаға емес, икона оған жан бітіргендей өзінің иконаға деген тәтті бағыныштылығын сезінді.

Оған Құдай-Анадан әрқайсысы оны елжіретіп, тамсандыратын естеліктерді оятардай үнсіз бұйрықтар түсіп жатқандай көрінді. Ол жас, әдемі, үлкен ақ жағалы анасын есіне алды. Анасы айна алдында қалың қоңыр шашын ағаш тарақтың арасынан өткізіп тарап тұратын, айна алдындағы шыны құтылардың күн нұры құйылған біреуі жап-жарық зүмірет нұрымен маздайтын.

Ол саяжайды, қалақай көбелектері қонатын жұқа тақтайлы сұр қақпаны есіне алды. Көбелектер шоколад түстес қанаттарын жаюшы еді, ол кішкентай шоқпарларға ұқсайтын жіңішке мұртшаларының діріліне, жіңішке денедегі талшықтың қалай құлпыратынына қарар еді.

Ол шамнан қызыл сары түске боялатын қарсы үйдің кешкі терезесін есіне алды. Кей кезде терезе алдында жас келіншектің сұлбасы көрінетін. Жалаңаш шынтағына таянып, тұйық көшеге көз тастап тұратын. Оның артындағы бөлменің ар жағы бір құпия, еліктірген жарықпен нұрланатын еді.

Бірде Челищевке Құдай-Ана өзін көшеге аула сыпырушылар құлатып жатқан мұз сүңгісін алып кел деп жұмсағандай көрінді. Ол аулаға шығып, үшкірленген көгілдір мұз сүңгісін үйіне алып келді. Иконаның жанына қойды. Құдай-Ана жаңа жылдық шыршалардың жалт-жұлт еткен жалқындары құбылған сүңгіге қарады да тұрды.

Ол түнде тосыннан мазасызданып оянды. Өзін Құдай-Ана шақырып тұрғандай көрінді. Жалаңаяқ шеберхана кірді, шам жақты. Икона бейне бір ыстығы көтерілгендей, дерт меңдеген алқызыл нұрмен тұмшаланып тұрды. Төңірегіндегі ауа да ісіне сәулеленіп тұрғандай. Челищев Құдай-Ананың көзінен екі алқызыл қанды жас тамшысы ыршығанын көрді. Жылап тұр екен. Таяп қалған ауыртпалықты сезініп тұр. Бұл қайғы Челищевке ғана емес, Елизавета шешейдің айтуы бойынша, Құдай-Ана құтқаруға келген барша адамға, күллі Ресейге бақытсыздық хабарын жеткізгендей. Челищев Құдай-Ана бастан кешірген ерен қайғы мен азапты сезінді. Азаптың көзі терезенің ар жағында, түнгі қалада, алып тас ғимараттардың, көліктері шулаған көшелердің, жарқыраған жаңа жылдық шыршалардың арасында екенін сезді. Құдай-Ана Челищевтен қалаға шығып, азаптың көзін тауып, оны жоюды талап етті. Құдай-Ананың екі айтпайтын бұйрығы оны асықтырды. Одан жол нұсқайтын қуат тарап тұрғандай еді. Челищев асығыс киініп, түн ішінде жалпы жұрттың қазасының исі мүңкіп тұрған зұлымдықтың ұйыған ошағын табуға шықты.

Мәскеу күні бойғы тірліктен қажыған тұрғындарын мүлгіген аудандарының құшағына тығып, сауық сүйгіштерге, таңдаулы тағам білгірлеріне, тынымсыз ләззат іздеушілерге өзінің мейрамханаларын, түнгі клубтарын, театр залдарын ашып тастап, түнгі өмірін сүріп жатты. Таяуда жауған қардан аппақ боп жатқан көшелердің бойымен жарығымен жарқыраған қарды нұрландырып, қымбат көліктер жүйткиді. Сәнді дүкендердің сөрелері көгілдір түлкі тондарымен, шетел сәндік бұйымдарымен, алтыны және жақұтымен тамсандырып тұрды. Аязды ауада бенгал шамы сияқты жалт-жұлт еткен түнгі барлар мен сауықханалардың тақтайшалары лапылдайды. Барлық жерде, алаңдарда, қиылыстарда әрқайсысы әр түрлі киінген, қымбат әшекейлермен әдіптелген жасыл, көгілдір, сұйқылт қызыл кринолин киген ғажайып бикештер құсап шыршалар бой түзепті.

Челищев өзіне Құдай-Ана жолдаған көзге көрінбейтін нұсқаулар мен құлаққа естілмейтін бұйрықтарға бағына Мәскеуді бойлап келе жатты. Оның бойын жаяу жүргіншілердің тас жолына бастайтын жер асты жолдарына түсірген бір ауданнан бір ауданға безектеткен әлдебір күштік жолақтар билеп алған еді. Бұл жолақтар оны әрқайсысы жаһандық жойылуға әкелетін зұлымдық пен азаптың шоғырларына сәт сайын жақындатып бара жатты. Жарқыраған қала аурудан хабар беретін қарайғандақтарды көрсететін рентген кескіні секілді қараңғы сырларды жасырып жатты.

Ол күржі қылмыс әлемінің серкелері сайрандап жүрген мейрамхананың жанынан өтіп бара жатқан. Ірі мұнай келісімшартын атап өтіп, жуып жатыр екен. Ақшаны олай да, бұлай да шашып жүр, жас әйелдерді кабинеттерге алып кетіп, қайтадан үстел басына өңірлері ашылған көйлектерімен ақ тер, көк тер боп қайтып кеп жатыр. Әйелдер бипаз саусақтарымен олардың жүндес төстерін қытықтап қояды, күржілер тәтті күлкіге батып жатыр, біреуінің сәнді пиджагының қалтасынан алтын тапанша түсіп кетті.

Челищев үстінен жүз түсті кемпірқосақ құбылып тұрған сәнді гей-клубтың жанына таяды. Әйелдер тонын жамылған, ерні қалың боялған, биік өкшелі туфли киген портье сұрғылт, кәрі белгілі режиссер кіретін есікті ашып тұрған, ол болса, сән-салтанаты келіскен көліктен шығып, сымбатты жеткіншекті иығынан құшақтап келе жатты. Олар терлеген тәннің жылы лебі, улы әтірдің шіріген исі мүңкіген холлдың алакөлеңкесіне сіңіп кетті.

Челищев түнгі дискотека жанынан өтіп бара жатты. Қабырғадан бәсеңдеген масайған әуен көшеге естіліп жатты, ол тұйық дүсірлерді сезді. Көгілдір сәулелер тілген бидің алакөлеңкесінде тобыр тұтасып, билеп жатты. Тарлығы соншалық, бишілер бір-ақ орынды таптап, бір-бірімен сүйкенісіп, мас қалпы сүйісіп, оқыстан тырыспалары ұстап, селкілдеп жатты. Тобырдың үстінен биік бағанда көмескі нұрға малынып, «сиқырлы жаратушы» секілді алтынмен апталған жалаңаш әйел билеп тұрды. Ол талмастан иіліп-бүгіліп жатты, алтын аяқтарын алға тастап, алтын жыланша ирелеңдеді. Тобыр тамыр құсап дүрсілдеп тұр, түрлі түсті шырыш құсқан алып жабысқақ моллюскіден аумай тұр. Әлгі шырыштың шашырандысы түрлі түсті тамшылар секілді көшені былғап жатты.

Челищев Құдай-Ананың сұқ саусағының жалғасы боп тұрған, оны қою түнектің қойнына жетелеген күш сызықтарының бойымен қозғалды. Бірақ бұлардың ешқайсысында жалпының ажалының дернәсілі жасырынып жататын қара алмадағыдай Ресейді бас салуға дайын тұрған кішкентай айдаһар бұғып жатқан жоқ еді. Челищев болса, кезекті бұзық жерде азырақ айналсоқтап, түнгі Мәскеуде, жақұт шыршалар арасында сиқыршылық саяхатын жалғастырып, кетіп қалды.

Ол түсіндегідей адасып жүрді. Оның көздері ашық еді, бірақ ол айкезбе сынды ұйқыда болатын. Оны бірбеткей үнсіз күш биледі. Тұйық көшелерге соғуға, аулаларда айналсоқтап жүруге, жетім шамның түбінде тапжылмай тұруға, әйнектерінен шамдары әредік жылтылдаған түнерген қасбеттерге үңілуге ықыласын оятты. Осындай тұйық көшелердің бірінде алдынан түрме шықты. Тұрғын үйлер қоршап тұрған ол даңғыл бойынан көрінген жоқ. Түрме торкөз сауытты, алып, ұсқынсыз тасбақаға ұқсайтын. Кірпіш қабырғаның, тікенек сымдардың орамдарының ар жағында әлдене тыныстап, азаптанып, сандырақтап жатты. Ол тұстан темірдің, майланған құлыптардың, былғаныш тердің, қатігез зорлық-зомбылықтың лебі есіп тұрды. Түрме аулаққа қуғандай Челищевке түнере қарады. Темір қақпалары ашылды. Оның ар жағынан көзге көрінбес үкімі кесілген жан қысылған бітеу болат қорапты жүк көлігі шықты.

Челищев бейне бір түнгі боран ұшырғандай адасып, Мәскеудің о жағына бір, бұ жағына бір шықты. Өзін-өзі ұмытқандай, көзін жұмып, қайта ашқанда даңғылдар мен көшелерді танымай, қаланың басқа бір шетінде тұрды. Алдынан жартастай алып ғимарат бой көрсетті. Ол оттары жоқ, оқта-текте дір етіп, ісініп тұрған, мүжілген әлдебір тіршілік иесі бұғып жатқан орасан зор құтыны еске салар еді. Бұл онкологиялық орталық болатын, онда дәу ісік бар еді (Челищевке солай көрінетін). Ол күлгін тамырлардың құрсауында сарысуы ағып, баяу өсіп жатты. Челищев бетон бөгесіндердің дірілін, металл құрастырмалардың созылыңқы ызыңын естіп келе жатты. Ісік өсе келе, ғимарат қабырғаларын ығыстырды, олар шылпарасы шығып, жиіркенішті жабысқақ жұмсақ ет Мәскеудің үстінен түсердей болып тұрды. Қара ғимараттың төбесінен көмескі жарық тарап тұрған. Бұл азаптан азат етілген өлілердің көкке ұшып бара жатқан рухтары еді.

Омбы қарға сары жолақ түсіріп, қала шетінде, мүлгіген ауданда бірінші қабаттың терезесінен жетім жарық жылтырайды. Челищев терезеге көз тастады да, ота креслосында ұйқтатып тастаған әйел аяқтарын ашып, жатқанын көрді. Қан шашыраған халат киген хирург болат түтікшені оның жатырына орналастырып жатыр, эмбрионға айналған қоймалжың қан эмаль шылапшынға сауылдап жатыр.

Күш сызықтары Челищевті бастап әкелген қайғы мен азаптың ошақтарында Ресейді төңкеріп тастауға дайын сұмдық қатерлер бұғып жатқан еді. Бірақ күш сызықтары азапты ошақтарға тек жақындап келе жатқан-ды, оларды жанай ақты, Челищевті ары қарай еліктіре берді.

Үнсіз үкімге бағынған ол тағы да Пушкин алаңында ескерткіш жанындағы гүл бағында өз үйінің түбінде тұрды. Қоладан құйылған ақын қалпағын шешіп, басын иді, жеңіл бұрқасын қола бұйра шаштың, қалпақтың, түбіндегі қызыл раушанның үстіне күміс ұнтақ септі. Челищев Тверская бойымен құжынаған көліктердің қалай жарқырай жүйткігеніне, аппақ сұйық жарықтарымен ағызып келіп, шоқтанған қызыл алаулармен ұзап бара жатқанына қарап тұрды. Тізбек үзіліп қалады, көшені босата қатып қалады және оның жолын кесе ұшқыр екпінмен, жарқ-жұрқ етіп, алаңды түнде лаулаған айқышқа айналдырып, гүлзарлардан көліктер тасқыны ағады.

Күш сызықтары оны жүргіншілер сирек жүрген, шашын жайып тастаған жас скрипкашы қыз өтпе жолды өксіген әуенге толтыра шалғысын тынбастан шалып тұрған жерасты жолына жетелеп кетті. Оның алдында тиындар мен умаждалған қағаздар салынған қалпақ жатқан.

Челищев Тверской гүлзарына өтті де, мөлдір мұз құрсанған орманнан шықты. Ағаштар көкшіл түсті аспа шамдармен ораныпты. Діңгектері көгілдір мұз киініп, баяу ызыңдап тұрғандай көрінді. Мөлдір мұз құрсанған ағаштар құшағындағы бос қалған гүл бағы алысқа созылып, оның бойымен түссіз бұрқасын сырғыды.

«Пушкин» мейрамханасының алдына көліктер тоқтап жатты. Цилиндр киген швейцар есік ашып тұрды, қонақтарды шығарып салып, ханымдардың басына қолшатыр тосты. «Турандот» мейрамханасының алдында отқа табынушылардың храмының алдындағыдай көк газды оттар жанып тұр.

Челищев сәт сайын ұлғайып келе жатқан мазасыздықты сезініп, гүлзар бойымен келе жатты. Ол сезім мұз құрсанған діңгектердің арасында қалқып, ампир стиліндегі сарайлардың үстінде қалықтап, Көркем театрдың қара ғимаратынан түтіндей көлбеді. Мазасыздық қоюлана берді, қорғасындай ауырлай берді, жарқыраған ағаштар арасынан бұлт тәрізді бой көтерді. Үрейге айналды.

Челищев қарсыласты, аяқ басқысы келмеді, бірақ бірбеткей күш оны қадам басуға мәжбүрледі. Ол көге көрінбейтін құбыжық күрмеліп тұрғандай көрінген қорқыныш бұлтының құшағына батып бара жатты.

Осы бір маңайда Пушкинді көзі көрген үш жүз жылдық емен өсіп тұр еді. Бірақ Челищев оны таба алмады. Ол айлапат терезелері бар жүз жыл бұрынғы биік ғимараттың алдында тұрды. Ғимараттың түсі қара еді, бірақ қос қабаты ішінде түнгі сауық кеші өтіп жатқандай жарқырай жанып тұр. Өрілген жақтаулардың ішіндегі мөлдір әйнектер бораны күміс нұр шашқан ақ жалқынмен алаулап тұр. Бұл терезелерден ауыр үрей лебі есіп, адамның есін аудырардай.

Мұнда, бұл керемет үйге Челищевті Құдай-Ана алып келген еді. Бұл жерде Ресейді күйрететін зұлымдық ұя салыпты. Түнгі гүлзарда суықтан дірдектеп тұрған әлсіз Челищев осы зұлымдықты тоқтатуға тиіс.

Ол көкшіл ағаштардың арасында алаулаған терезелерге қарап, есеңгіреп тұра берді.