Жүз жыл уақыт...

* * *

Жүз жыл уақыт,
болсаң да көзден жырақ,
бойымда әлі, сол бір күн сезген қуат.
Өмір сүрдің жүректің түкпірінде,
100 жыл уақыт,
дәл бұлай күтті кімдер?!
Құрсақтағы сәбидей ең кінәсіз,
кеудемдегі сенімдей ең шүбәсіз,
өмір сүрдің жазықсыз өлеңімде,
саған сенген риясыз әлемімде,
мен ұнатқан аяулы таң шығында,
жанарымнан сырғыған тамшы мұңда,
мезеттерде алғаусыз ғашық болған,
сәттерімде бақыттан тасып, толған,
үміт артқан кезім боп елжіреген,
қарашықта сезім боп мөлдіреген,
100 жыл уақыт өлмеген ғасырымдай,
100 жыл бойы аңсаған асылымдай,
сыр сандықта жасырған алтынымдай,
жанардағы сөнбеген жарқылымдай,
өмір сүрдің мәңгілік арман болып,
мені алдаған ең сұлу талғам болып,
мен өзіңе серт берген сағыныштай,
қалай жүргем, сонша жыл алып ұшпай?
100 жыл уақыт,
аз емес тағдырыма,
жасынына, жүректің жаңбырына. Сен мәңгілік екенсің, құдайым-ау,
мен тағы да тәнтімін жарлығыңа!