Әйелдер жағажайы
Біз Қара теңіздің жағасына аға лейтенанттар — пойызда танысқан үш «ауған», үш бойдақ болып келдік. Еһ, бір қыдыралық!
Біз жеделсатыны күтпей, төмен қарай баспалдақпен түсіп келе жатқанда:
— Құдайға шүкір, жұмыстан кетерімде ер адамның аяғының тасырын естідім-ау, — деп бал-бұл жайнап тұрды кезекші әйел. Шамасы, ол жақсы күндерін бастан кешіп жүрген болуы керек, өйткені, біз санаторийдің табалдырығын алғаш аттаған бойда-ақ бізге күлім қағып тұр.
— Біз келген екенбіз, жұмыстан не үшін шығасыз? — деп төтесінен сұрадық біз, өзімізге жақын тұтып.
— Қыз дәуренім соңына таяды, жарандар. Күйеуім хабарласты, Киевке шақырып жатыр.
Күйеуі жайлы айтқаны бізге ұнамай қалды да, біз бөлмемізге тарттық. Алайда, бірнеше сағаттан кейін орналасқанымызды белгілеп, оған өзіміз шағымдандық:
— Іш пысады екен мұнда, Нина апай.
— Кілең «шаңғышылар» ғой, — ол дәліздің бойымен шәркелерін тарпылдатып кетіп бара жатқан генералитетті мұңды көзімен ұзатып салды. — Бұларға қайдағы көңіл көтеру, шашырап кетпесе болды.
— Сіз қай жерде іш пыспайтынын айтыңызшы.
— Е-е, өздерің тауып аларсыңдар. Оған ақылдың керегі жоқ, көз бен ниет болса болғаны да. Сосын мені де шақырарсыңдар.
Нина апай мекерсіп тұр: әлі күнге дейін тартымды әрі жұғысымды, оған қоса санаторийде он бес жыл жұмыс істеген оның әрбір көшетті, демалушымен бір кештің орайын келтіріп жіберуге келісетін әрбір қызды білмеуі қалай?!
— Ештеңе етпес, соңғы күн емес, — деп жұбатты ол, бір ауамен тыныстауға қанағат қылғымыз келмейтінін түсініп. Бірақ біз тастаған жемге түсуге асықпады. — Әуелі жолдан кейін тынығып, әл жиып алыңдар, ары қарай көре жатармыз.
Құлақ астық. Екі күн асханаға да түспей, демалысымызды атап өттік. Абырой болғанда, әр ортада бәрінен аз ішетін кісі үнемі табылады. Біздің реаниматор Олег болды. Салқын сыра, күнде таңертең базардан әкелінген қияр, түскі асқа жас балық — осыған келгенде ол үдеден шығатын, әп-сәтте аяққа тұрғызатын. Аса жауапты жолдас.
— Қыдырып жүрсіздер ме, жігіттер? — біз сезімдерімізді тым ерсі шығара қалсақ, бізді жақын жатқан «шаңғышылар» бірде қызғана, бірде міней тежеп тұруды ұмытпайтын.
— Бас жазып жатырмыз, — деп аға офицерлердің алдында сыздандық біз, бірақ сол бойда-ақ, біздің ұстамымыздың сақшыларын назарға да ілмей, кезекті банкадан кезекті тілекке асықтық.
Біздің бұлай істейтін жөніміз бар, өйткені, Ауғанстаннан демалуға келген алғашқы офицерлер болып шықтық. Ол енді-енді ғана басталып келе жатқан, біз әзірге батыр да, бейбақ та емес едік: бізді тек тылсым мен жұмбақтың сәулесі қалқалап тұрды. Әйтпегенде енді, атысып жатқан, тіпті, кісі өлтіріп жатқан алыстағы беймәлім, қорқынышты елден қайтып келдік. Оған қоса, ешқайсымыз әзірге ешқандай жеңілдіктерді аузымызға алмадық, ешкім ештеңе талап етіп, ештеңеге шағымданған жоқ. Демек, біз шенеуніктер мен айналадағыларға сүйкімді болмасақ та, қайткен күнде де салмақ салған жоқпыз.
Жалғыз-ақ өз еркімен әбірге түсіп жүргендер — дәрігерлер.
Барып штабтар мен басқармалардан, демек, жоғарғы басқарушы құрамнан санаторийге жолдамалардың бір бөлігін алып тастады да, «ауғандардың» алдына жайып салды: сіздерге керек, алыңыздар.
Бас тартпадық. Ауғанстанда өмір бізге әлдебіреудің босаң уысындағы нәзік шыны-аяқтай көрінді. Ал мұнда оқ-дәрі, тер, консерв, ыс, тол, мылтықтың майы, солярка мүңкіп кеткен бізге; алғашында әскердегі кіргізген кездерде іштің өтуін, түйнемені, битті бастан кешкен бізге; әйелдерге оқыстан қараптан-қарап сандырақтаған бізге! жазда! Қара теңізге! қырық бес күн әскери демалысымыз бола тұра! тегін жолдама.
Қатты тотыққан жүздеріміз және оңтүстік пойыздың вагонында құжынай бастаған шенділерге деген салқындығымыз арқылы, біз, «ауғандар», бір-бірімізді бірден таныдық та, мейрамхананың үстелшесінің басына иықтасып тұра қалдық. Одан соң Нина апайдың алдында да. Үшеуміз. Ауған соғысының алғашқы кездері үшін — кәдімгідей шектеулі контингент. Міне осы үшін де іштік — қайтып келгеніміз үшін, Гиндукуштың ар жағында қалған достар үшін. Дегенмен, ішкен біз емес — сайран салған біздің алаңғасарлығымыз бен албырттығымыз. Артымызға әлі қайырылып қарағамыз жоқ, бірақ алда не күтіп тұрғанын ойлап, зәредей қорыққан да жоқпыз. Тама-а-ша уақыт.
— Жарандар, кірсем бола ма? — деп бір күні біздің есікті қақты.
— О, Нина апай! — Реаниматор бірінші боп жауап қатты да, кезекшіні тұп-тура табалдырықта құшақтап алды.
— Ой, жарандар, тоқтайтын уақыт келгендей көрінеді маған. — Ол үш күннен бері бытқырап жатқан үстелді иегімен нұсқады.
— Офицер мырзалар. — Виктор десантшы болғандықтан ең жалынды жас ретінде банкадан «Изабелланың» қызыл тамшыларынан тамызып, төрт стақанды толтырды.
— Офицер мырзалар, алдымызда біздің досымыз һәм ғажап әйел әрі оның сөзі бұдан былай бізге заң. Нина апай, соңғы бокал — сіз үшін. Қалғаны — шұңғылшаға. Заремба, — деп бұйырды ол маған.
Мен банканы алдым, шарапты қол жуғышқа ағыздым да, біз кезекшінің алдында асқақ қалыпта тұра қалдық.
— Жоқ, тізерлеңдер, — деп күтпеген қонақ мақамды іліп әкетті де, мұрнын шүйірді.
Біз кілемшеге құлай-құлай кеттік, шынтағымызды тоқсан градус етіп — бұрыш алып, стақандарды алақандарымыздың сырт жағына қойдық та, дірілімізді тежеп, ернімізге тақадық. Шыныға рақаттана бас қойдық. Босап қалған стақандарды бір уақытта айналдыра жоғары лақтырып қап, кезекші алаңдаулы үнмен «ой» дей бергенде қағып алдық та, аяғының түбіне қойдық.
— Нина апай, сіз үшін, сіз үшін... — Виктор тағы сүйкімін арттыра түсудің амалын іздеген, бірақ көзіне ештеңе түспеді, ойына ештеңе келмеді, сол сәтте ол үстінен жолақ жейдесін жылдам шешіп алды. — Нина апай, міне, соляра тасыған жаяу әскер, сорлы мабута, бұны менен сұраған — бермедім. Сізге — сыйға тартам.
— Ой.
— Нина апай, — деп тежеді оның қуанышын Реаниматор, қолын босатып. — Бір секунд.
Ол аяғымен шкафтың есігін айқарып, сөмкені өзіне қарай сүйреп әкелді. Сыдырмасын сыр еткізіп, ішін біраз ақтарды да, «неделька» әйелдер дамбалының қаптамасы бар сытырлаған пакетті алып шықты.
— Нина апай. — Бұл кезде мен шкафты жылжытып, созған қолымда сол кездің ең керемет деген доға-әшекейлері бар күннен қорғайтын көзілдірігін ұстап тұрғам.
Біздің ханым көз жасын тыюға тырысып, кішкентай мұрнын балаша пыс еткізіп, кірпігін қаққыштады. Оны қойшы — біз де өзімізге сүйсінгеннен өкіріп жіберуге шақ қалдық. Міне осылайша, күтпеген жерден, оп-оңай адамға ләззат сыйлағанымызды түйсінгеннен. Шындығында өзің сыйлық алғаннан гөрі өзгеге сыйлағанды жаның сүйеді.
— Ұлдар, — деп сыбырлады толқыған қонақ, бізді өзіне қарай тартып, сүйе бастады. Содан соң оның көзінде старт алдындағыдай жын-жыбыр бір ойнақшыды да, қатып қалды: — Кірмеңдер, — деп ваннаға сып етіп кіріп кетті.
Бір-бірімізбен мақтанған қалыпта біз бір-бірімізге бір қарап алдық та, жабылған есікке тесіле қарадық.
Әдетте қай әйел болсын ғажап, тек мұны түсіну үшін азырақ ішіп алу керек. Ал біз одан әжептәуір көбірек ішкендіктен, Нина апай да бізге рухтас һәм дос қана емес, жанында болып, кеш өткізуге тәуір әйел де болатын. Реаниматор мен Десантшының санасында осыған ұқсас ойлар қаңғып жүргеніне күмәнім жоқ, өйткені, есік ашылғанда біз аузымыз ашылған күйде қатып қалдық.
Нина апай біздің алдымызға жалғыз жолақ жейдемен ғана шықты. Реаниматордың «неделькасының» комплектін ашқан-ашпағанын білмеймін, өйткені, жолақ жейде тізеге таман түсіп тұрды, бірақ, әйтеуір, емшекқабы болған жоқ: төс ақ-көгілдір жолақтар мен бізді толқытып матаның астында еркін найқалып тұрды. Көзілдірікті тағып, Нина апай алдымызда суреттегідей қолын көтеріп, аяғын алға шығарып, манекеншінің бейнесінде қатып қалды.
Күтімді, мықты, тотыққан оның тұлғасына айығып алған біз аш көзімізбен қадала қарадық. Сұмдық: бір аптаға жуық кезекшіні менсінбей жүрген ек, бұл болса қандай...
— Алма кетті домалап, — деп беталды қойып қалды Виктор қараптан-қарап. Шамасы, әшейін есін жию үшін шығар. — Әлі де ұнай ала ма екем?— деп қонақ шашын қылымси серпіп қалды да, жолақ жейдесін екі сызыққа жоғары тартты.
О-о, Ауғанстанда бір-бір жылдан отырып келген еркектерді не мазақ қылғандық бұл?! Десантшы жан-жағын отты көзімен шолып өтті, бірақ Реаниматор екеуміз өтірік мақұлық бола қалдық та, Нина апайдың ешқайсымызды нақты меңземегенін, демек, бәріміздің бәсіміз бірдей екенін сезіп, орнымыздан тапжылмадық.
— Нина апай, біз сізге төрт сағат береміз, — деп қосалқы парашютті «ашты» Виктор. — Тура төрт сағаттан кейін сіз екі құрбыңызды ертіп айлақтағы мейрамханаға кіресіз.
...Ақша барда сайрандаған жақсы ғой.
Бір кездері екі еселенген ауған қызметақысының арқасында артық жүздіктер бізге, аға лейтенанттарға да тиген.
— Офицер мырзалар. — Виктор бізге бір қарап алып, мәзірді алды. — Бүгінгі кешке мен оң қол ережесін ұсынам.
Мен де, Реаниматор да бұның не екенін түк түсінбедік. Физиканың бірдеңесі, әлдебір «бұрғы қағидасы» еміс-еміс еске түсті, бірақ сонда да қосыла бас шұлғыдық, — әрине, тек оң қол ережесі. Бірнеше минут бұрын мейрамханаға келіп, біз өрескел әрі балаша ағаттық жасағанымызды демде түсіндік. Айналада аузыңның суы құритындай, шекесінен шертіп жүріп таңдайтын неше түрлі бикештер шыр айналып жүр. Кім екені белгісіз елудегі біреулерді ертіп әкелейін деп жатқаны мынау...
— Иә-ә, — деп опына созды Реаниматор, Десантшы екеуміз келіскендей күрсіне жауап қаттық.
Бірақ біз иығымызда погон барын ұмытпадық, біз онымен шынайы мақтандық және тістеніп, жан-жағымызға көзімізді сатпай, үкімімізді күтіп отырдық та қойдық. Егер Нина апай алда-жалда мүйізді сайтандарды ертіп әкелсе, біз олардың алдында күллі Қара теңіз жағалауының бірінші сұлуларын күткендей елпілдер едік. Ұстаным солай.
Бірақ Нина апай-ой, неткен ғажап еді біздің Нина апай! — ойымыздағыдан асып түсті. Ол көркіне көз тоймайтын екі аққұба арумен бірге келді. Қалай болғанда да бізге мүйізді сайтандарды елестеткеннен кейін солай көрінген. Бастапқыда біз, тіпті, біреуіміздің еншісіне Нина апайдың өзі тиетінін ойламадық та. Десанттың ширақтығы қайда әлгі?
— Мұнда, біз мұндамыз, мархабат, — деп Десантшы үстелден ұшып тұрды да, ас құралдарының тұсында сатып алған раушандарымыз жатқан орындарға нұсқады.
Нина апай құрбыларына көзінің қырымен масаттана қарады: мен сендерге нені уәде етіп едім? Десантшы екеуміздің ортамызға кеп отырды.
— Аға лейтенанттарды таныстырайын, — деп таныстыра бастады бізді орынсыздау ыржиған Виктор, асабаның рөлін алып. — Олег, — деп нұсқады ол Реаниматорды. — Бірінші санатты сапёр. Ал бұл — Алексей Заремба, Отанның оңтүстік шегіндегі біздің барлаушы... және мен, Виктор, — ешқандай да таныстырып жатуды қажет етпейтін Әуе-десанттық әскер.
— Оля, Лена, — деп таныстырды құрбыларын Нина апай.
Міне осы кезде Десантшы Оляны өзінің сырт жағына жайғастырып жатып, маған Нина апайды қалдырып, қайталады: — Жолдас-мырзалар, бүгінгі кешке мен оң қол ережесін ұсынам.
— Қалай ол? — деді оған Оля, сәл еңкейіп.
Олардың шашы түйісіп кетті де, жеке өзім үшін бәрі түпкілікті анық болды: Олядан күдерімді үзе берсем болады екен. Жұмбақ үмітпен үстелдің арғы шетіне көз тастап едім, онда да Реаниматор Ленаға креслоның арқалығына сөмкесін ілуге көмектесіп жатты. Демек, сорлының жүгі қалай да менің иығыма түседі екен. Еһ, Нина апай, Нина апай. Одан да өзің сияқтыларды ертіп келгенің жақсы еді ғой, жолдастарымның жүздерін бал-бұл жайнатпай.
— Бәрі оп-оңай, Оленька, — деп желпілдеді Десантшы. Әрине, өзімдікімен қатар мынадай аяқтар тұрса, мен де асау тайдай ойнақшыр едім. — Оң қол ережесі деген мынау — тігілген бәсті алақаныңмен жауып, қайсысы ұнағанын аласың. Ал сол қолдікі — керісінше, қарапайымдау, бәске сәйкес.
— Тамаша, — Лена алақанын бір-біріне соқты. — мен де оң қолды құптаймын.
Маған өзімді қайтіп ұстау керектігін таңдау қажет еді. Не бұл жерде ең сорлының кім екенін және кімнің арқасында олай болғанын бәрінің, әсіресе, кезекшінің ұдайы есіне түсіріп тұру, не болмаса, керісінше — сытылып шығу, бірақ басқаша екенін дәлелдеу.
Сахнадан соқпалы аспаптардың даусы шықты, менің серіктерім қозғалғанша, мен тұрдым да, Нина апайды қолынан ұстадым:
— Біз билейміз. Үстел жайғанда шақырарсыздар.
— Бізді де, — деп қосып қойды Реаниматор. — Тапсырысты мына жігіт береді, — деп Викторды нұсқады тақаған даяшыға. — Ол бүгін оңқай, — деп қостадым мен.
Десантшы бұлар мені алдап кетті ме, әлде, бәрі өзінің ретімен жүріп жатыр ма деп бұл жолы тым ұзақ ойланды. Біз болсақ, бұл кезде билеп жатқан ығы-жығы адамның арасына сығылысып кіріп кеттік.
— Мен сендерді Виктор басқара ма десем, — деп жымиды Нина апай. — Жарайсыңдар. — Айнала берсін. Мен оған таядым, абырой болғанда мынадай тар жерде солай болуы да керек еді. Белін ұстадым:
— Бүгінгі кеш — сен үшін, Нина.
Мен жастың айырмашылығын бұзып, алып тастадым. Жарқырап, жұрттың көзінің жауын алатындай етіп, өз кресімді сондай биікке алып шығамын деп шештім. Күлімде, Нина, сен күлімдегенде бар тісің түгел көрінеді — өйткені, сенің көркіңе көз тоймайды. Сенің тұлғаң әсем және сезіп тұрмын, қимылың да икемді. Аяғың, әрине, құрбыларыңдікіндей емес, бірақ әдемі аяқ алыстан ғана әдемі көрінеді, жақыннан оның еш маңызы жоқ. Билейміз!
Бізге қарай Олег пен Лена жетіп келді — олар да мәз, күлімдеген кейіпте.
— Нина апай да осал емес, — әлде, мені қолдап қою үшін, әлде, дәл аузымнан жырып әкеткен ұрлығы үшін, ең жөні, шын ниетпен сыбырлады маған Реаниматор.
«Онда, кел, алмасайық», — деп ойладым мен ішімнен. Бірақ кері сөйледім:
— Ниночка — тамаша.
Олег таңдана қасын керді: жылдам екенсің. Музыканттар сол уақытта баяу биге ауысты да, мен Нинаға құшағымды аштым. Ол бірден күллі денесімен жабыса кетті, мен оның төсін, ішін, аяғын сездім.
— Олег сенің әдемі екеніңді айтты, — деп сыбырладым мен, шашының арасына жасырынып қалған құлағын ерніммен тауып алып.
— Сен не дейсің? — Нина иығымнан басын көтерді.
— Еш-те-ңе, — деп создым мен.
— Не-ге? — деп мазақ қылды ол.
— Өзіңнің ұлылығыңа масаттанып, мұрныңды шүйіргеніңді қаламаймын.
Нина маған сынай көз тастады да, қалжыңдап тұрмағаныма сеніп, шаттана жымиды. Қайтадан кеудеме жабысты.
— Ей, ұйықтап қалмаңдар, — деген Реаниматордың даусы жап-жақын жерден шықты. — Виктор шақырып жатыр.
— Өстіп бақытыңды ойран қылады ғой, Ниночка: біреу бір жаққа шақырады, бірдеңе үшін бару керек, — деп күрсіндім мен.
— Бармай қояйық, — деп көзін сығырайтты ол.
— Біз бармаймыз, — деп бізді айналып жүрген жұпқа даусым жаңғыра хабарладым.
Осы кезде мен Ленаның қарасын байқап қалдым. Оның көзінде қызғаныш жылт ете қалды деп ант іше алам. Ол құрбысынан өзінің көріктірек, бастысы, жас екенін жақсы білді, жанының бір түкпірінде, шамасы, бәрінің назарында болуға өзін дайындап қойған болуы керек. Бірақ Нинаның еншісіне алғашқы минуттен-ақ тиген сол бір мерей, сол бір көзсіз ғашықтық өзіне жетпей қалған боп шықты.
Бірақ кештің басы, түсінікті ғой — бұл түк те емес. Шешімі маңызды. Оның үстіне, қалай десең де, қалай иіп әкелсең де, Лена шынымен де бәрінен артық әрі әдемірек. Десантшының өзі осы тұста қателесті. Мен Нина мен Оляны бір Ленаға айырбастаймын.
— Жарайды, жүріңдер, әйтпесе, бокалдарға бұрыш сеуіп те қояр, — менің хал-күйімді сезгендей, Нина өзі бастап үстелге қарай жүрді.
Мен сол кеште тап болған жағдайды құдай ешкімнің басына сала көрмесін. Өзіңді басқаша емес, дәл осылай ұста деп бұйыру, — әңгіме бұнымен әлі біткен жоқ. Әлі қайда. Мен біресе өзімнің ханымыма сүйсініп, енді біресе оны тудырған келеңсіздігі үшін жек көріп, құбылып жүрдім.
Жауаптасқанда, ымдасқанда жігіттерді де шаншып қап отырдым. Иә, шамасы, қатты көрінсе керек, олар маған бірнеше рет абыржулы, жалынған көздерін тастады: «Кешті құртпа, сосын шешеміз».
Нина мынадай әдемі қыздарды не үшін, не үшін ертіп келген! Ал Лена тіпті ғажап — шымыр, мығым, қан мен сүт. Қалған ақша керек емес! — деп есеп айырысып болып, далада тұрған кезіміз мүлдем бір түрлі болды. Біз бөлменің кілтін тапсырмағанбыз, Реаниматор оны металл кесегінен алып көтерді:
— Кім бірінші келеді?
Ханымдар бір-біріне қарап қалды: бұл, әрине, өздеріне байланысты еді. Осы тұста Нина қайтадан менің көңіл-күйімнің тілін өз пайдасына шешті:
— Өздерің шешіңдер, — деп мені ашық түрде бір түнге алып кетті.
Бұл жолы әлдебір қызғаныш сезімі Десантшы мен Реаниматордың жүзінде жылт еткен: олардың құрбылары иықтарын сенімсіздеу қайқаң еткізген.
— Шампанымыз өзімізде ме? — деп Нина сөмкесін тексерді де, мені қолтықтады. — Бәрің сау болыңдар...
Қара теңізде жаздыгүні түн болмайды. Көшелер, жағажайлар, курорт қалаларының бақтары жұлдыздардың астында тұрып та тыным таппайды. Демалып жатқандардың жартысынан көбі Қиыр Шығыстан кеп, уақыт айырмашылығын мойындағысы келмейтіндей әсер қалдырады. Бұл әсер қыдырып жүргендердің жастарында айырма болмауымен де беки түстетін: жастардың ақ жейделері мен көйлектері ғана емес, кәрілердің ақ шалған шашы да ағараңдаушы еді. Ал түн тымық, жұлдыздар ірі, соқпа толқын енжарлау. Айналадағы барлық әйел жақсы, ал одан да жақсысы — жаныңда келе жатқаны, қол тигізуіңе болатын, ештеңе-ештеңе, менікі әшейін — оған жауап ретінде жымиып, қолтығыңның астына сүңгіп кететін әйел. Әйелдердің дәл осы бір аңқаулығы еркектердің есін алады. Оған қоса, жаныңда бәсекелес ешкім жоқ болса. Мөлшерін біліп ішсең, жылы сөзді сен ғана айтпай, саған да үнемі: жанымда сондай мықты, көңіл бөлетін сенің болғаның қандай жақсы деп есіңе салып тұрса...
— Ешкім жоқ жерге барайық, — деп ұсындым мен. — Егер, әрине, бұл жақтан ондай орын табыла қойса.
Сондай жерге бара жаттық-ау деймін: Нина жақындай түсіп, жүрісін сәл тездетті. Адам барған сайын аз ұшыраса бастады, мен күллі шамдарымен біздің жолымызды бағып тұрған қалаға қайырылып қарадым.
— Қорқасың ба? — деп қағытты Нина. Туфлиін шешіп, ұйқының құшағында ауыр дөңбекшіп жатқан теңіздің көбікті жиегімен жүрді.
«Ауған» өз елінде қорқа ма? Көңіліме келесің-ау сен де.
— Мен қорқатын жалғыз нәрсе — суық. Ал біз оңтүстік-шығысқа қарай келе жатырмыз-ау деймін.
— Біз әйелдер жағажайына келе жатырмыз.
Менің сүрініп кеткеніме кінәлі Нинаның сөзі емес, тас боп шықты. Ол туфлиімнен құмды сілкіп түсіріп жатқан маған қайтып келді де, құшақтағанымша күтіп тұрды: құшақтағы әйел бірден қорғансыз бола қалады, Нина да бүрісіп, тыншып қалды.
— Сен бүгін менің кешім екенін айттың, ал менің шомылғым келеді. Сенімен бірге. Жағада шампан ішкім келеді. Маған енді бұдан былай өмірімде мұндай ештеңе басымнан өтпейтіндей көрінеді, сондықтан... — Ол ар жағын айтпастан, үндемей қалды.
— Онда... әйелдер көп пе? — деп әңгіменің ауанын аударуға асықтым мен: бүгінгінің бәріне жетпегені көздің жасы, тәубелер мен шашын жұлып зар илеу еді тағы. — Мен жалғыз. Саған жетпей ме?
— Сен жеткіліктісің, — деп аздап алдай салдым мен. — Жүр.
— Келдік дей берсең болады.
Теңіз бен құлама жардың арасындағы құм мен малта тастың жіңішке жолағы — әйелдер жағажайы деген осы ма? Ол жайлы сонша әңгіме естіп ем, еріксіз өзгеше бірдеңе күтіп қаппын. Ал мұнда экзотикадан — тыныш теңіздің бетіндегі ай жолағы ғана.
— Құшақташы мені.
Мен бағына қойдым.
— Саған бүгін менімен аздап ыңғайсыздау болды, — деп мен кеш бойы ойлаған нәрсені айтты кенет Нина. Мен қарсыласуға талпынып едім, сол бойда-ақ аузымды алақанымен жаба қойды. — Мен бәрін көрдім, сездім, кішкентай емеспін ғой. Бірақ қайткен күнде де сен бәрібір маған тамаша кеш сыйладың. Рақмет саған. Әрине, мен жандарында оныншы сыныптың оқушысындай көрінетін құрбыларыммен келуіме болар еді, бірақ... сендерді аядым. Ал өзімді құр қалдыра алмадым. Қолымнан келмеді, кешір. Көңілді ортада қатты болғым келді.
— Қойшы, Нина. Маған шынымен сенімен бірге болған ұнайды.
— Шын ба? Мен мұны ара-тұра сезгендей болдым. Екі күннен соң мен кетем, сен, достарыңнан бөлек, еркін боласың. Айтайын ба, — менің кезекті қарсылық әрекетімді бөліп жіберді, — тағы бірдеңе айтайын ба?
— Айт.
— Сенің достарың, сенен айырмасы, бүгін санаторийде, өз төсектерінде түнейді.
— Рас па-а? — Мен әлі жаңалыққа қалай жауап қатарымды білмей, қуақылана жымың еткен Нинаға қарадым.
— Иә. Екі қыз да әке-шешесімен, қыздарымен бірге тұрады. Міне керек болса, — деп зілсіз, бірақ бәрібір кектене түйіндеді ол.
Алданып қалған жігіттер үшін ішімде бір реніш қылп ете қалды, бірақ содан соң олардың сымдай тартылған сол бір аяқтарды ұстағаны есіме түсті. Шамасы, жеке пәтері жоқ құрбыларын таңдағанда бұлай болатынын Нина да білген болар. Әйелдер-ай!
— Жарайды, әңгімені қойып, одан да бір ішейік.
— Мейлі.
Бірақ бөтелкені ашып үлгермедік: дауыстар естіліп, біз құлама жартастың түбіндегі бұталардың ар жағына отырдық. Міне керек болса ешкім жоқ жер. Жоқ, оңтүстіктің түндеріне мүлде сенуге болмайды.
Жарқыраған теңіздің жағасында сұлбалар көріне бастады, мен бастарында фуражкаларын оп-оңай таныдым — өзіміз, офицерлер. Олар құлшына сөйлесіп, кенет ай жолағы осы жерге ғана түсіп тұрғандай тура бізге қарама-қарсы кеп тоқтады. Шыны жылт етті, бөтелкеден бүлкілдеген дыбыс толқынның ауыр сылдырының үнін бөлді.
— Қорғап жүрген теңізіміз үшін, — стақандарын көтерді де, офицерлер әскери киімімен суға тартты. Белуарына дейін суға еніп, тартып жіберді, бөтелкені лақтырып жіберіп, жағаны бойлай суды малтып ары қарай кетті.
— Бүгін Шекарашының күні ғой, — деп атаулы күнді еске түсірдім мен.
— Әрі-беріден соң офицерлердің сондай бірдеңесі болады екен, — деп ойлана тіл қатты Нина, мен өзімді де әйелдің көзінше бір елі көтеріп қойған шекарашыларға осы қылығы үшін ойша алғыс айттым. — Дұрысы, кітаптардан ғана білетін баяғы кездерден қалған. Шынымды айтсам, мен біздің санаторийге... қалай түсіндірсем болады саған, сендерге, әскерилерге жақынырақ болғым кеп келген болатынмын.
— Ал бұған дейін қайда істеп едің?
— Мұражайда. Экскурсия жүргізетінмін.
— Еркектер экспонаттарға емес, саған қарағыштаған шығар. Әйтеуір, өзім сөйтетін едім.
— Ондай да болған, — деп растады Нина, ар жақ түкпірінен келген жымиыспен.
— Қоңырау түспейтін кештер аз болатын. «Алло, мен есіңіздемін бе? Мен сіздің экскурсияңызда болғанмын, ақ жейдеде». Ал мендегі экскурсанттардың бәрінің түрі мен жейдесі бірдей, көп сұрақ қоятындары ғана есте қалатын.
«Алло, — деп жалғады Нина кезекті табынушының даусымен, — білесіз бе, менің театрға екі билетім бар екен». — «Екеуін де маған бересіз бе?» — «Жоқ, бірі сізге, екіншісі — маған». Алғашында ақымақ құсап, жүгіріп жүрдім: бәлкім тағдырымды тауып қалармын деп ойладым. Сосын жалығып кеттім, театр таңдай бастадым, сосын — орын... Неге екенін, қолында бәрі — отбасы да, балалары да, көлігі де, саяжайы да, мансабы да барлар ғана қоңырау шалатынын түсіндім. Осының үстінен бірдеңе тілейді тағы, шашалғысы келе ме екен... Жиіркенішті. Содан соң даусым бәсеңдей бастады да, қуана-қуана сендерге ауыстым.
Шекарашылар алысқа кетіп қалды да, біз жасырынған орнымыздан шықтық.
— Біз со беті ішпедік.
— Әңгіме жоқ, — тығынды ырғап ем, күмп етіп түнекке қарай атылды, Нина күліп, оның көмейінен ақтарылып жатқан көбікке алақанын қойды.
— Енді шомылғым келді, — деп наздана бұйырды ол, екі уыс шарап ішіп алған соң. — Бірақ менің өзіммен бірге алып жүрген шомылатын киімім жоқ. Жағажай әйелдердікі, сол үшін сен сәл ары қарай бара тұр, болмаса, теріс қарап отыр.
Әрине, бірнеше қадам аттай салған жақсы, өйткені, көз түн қараңғысына үйренген әрі түнек жағалаудың кескінін жасырып, алыстан ғана қоюланады.
Нина жейдесін ағытты, оны тасқа ұқыпсыздау тастай салды. Көзді қарықтырардай жарқырап, емшекқап ағараңдады, бірақ сыдырмасы сыр етті де, ол да ауада қанатын бір қағып, жерге түсті. Нина маған сыртын беріп тұрған, аяғының түбіне түскен белдемшесінен бері қарай аттағанда онымен бірге ішкиімін де шешіп тастағанын мен бірден түсінбедім. Демімді ішіме тартып тынып қалдым, бірақ Нина өзіне қарай қозғалғанымды сезіп, теңізге ұмтылды, шымырлап жатқан суына қойып кетті де, рақаттанып шыр ете қалды.
— Келсейші бері, мынау ғажап қой.
Суық судың ішінде тұрғанымды елестетіп, тітіркеніп кеттім. Бірақ аяғымның астында атылған құс құсап қанаты қайырылып, емшекқап ағараңдап жатты, ай жолағында жалаңаш әйел рақатқа бөленіп тұрды, мен дірілдеген саусақтарыммен жейдемді ағыттым.
Су қарып кетті, мыңдаған инесімен денеме шаншылды. Қайтадан жағаға атып шығар едім, бірақ жүзіп келген Нина маған су шашуға ниеттеніп, қолын сермеді. Қолмен бірге бұлқынып аппақ төсі көрінді де, суықтың үрейін тезірек еңсеру үшін мен соған қарай ұмтылдым. Жетпедім, тек алақаным денесін жанап өтті. Бірақ сонда да суға сүңгіп бара жатып жұмсақ іші мен жамбасына қолымды тигізіп үлгердім. Мұндай бәс тігілсе, мен мұздың ойығына да қойып кетуге бар едім.
Өзіме тиесілідей көрінген нәрсеге жетуге ұмтылып, асыға сүңгіп шықтым. Бірақ Нина тебініп, теңіздің түнегіне жүзіп кетті. Оған жетіп алып, оны айнала жүзіп, әйелдің тәніне қолыңның әрбір тигенін рақатпен сезіну үшін бірнеше құлаштасам жететін еді.
— Әшейін жатып, аспанға қарап көрші, — деп ұсынды да, шалқасына аунады.
Қараңғы судың ішінде тәніндегі ақ, күнге күймей қалған жолақтар көрініп тұрды, бірақ өзімді жазғырмас үшін мен де шалқаладым. Қызық, бір сәтке тыншып қалдым: әйел мен табиғаттың сұлулығы неткен үйлесімді! Екеуі не деген тұтас әрі туыс! Әйел Адам атаның қабырғасынан жаралған дегенді қай нақұрыс ойлап тапқан?
Сөйте тұра, бәрібір — жаныңда, қол созымда жайқалып әйел жатса, жұлдыздар, қаракөк аспан неткен ғажап. Табиғатты көзге ілмеу мүмкін ғой, әйелге қарамауға — ондай дәрменің жоқ. Әлдебір ақын: бәрін бірден алғысы келетін жанның соры — күте білмеу, — депті ғой, бірақ...
Нина менің өзіне қарай жылжыған қимылымды сезе қойды да, ақырын дауыспен байыпты түрде тоқтатты:
— Мен суды өте жақсы көрем. Суығын, тіпті, артығырақ сүйем, қайта туғандай боласың.
— Онда мені жылытасың.
— Мінекей, еркектерді жылытатын жасқа да жетіппіз. Неғылса, бататын ойың жоқ па?
— Сенің құшағыңда ғана.
Қалжыңдадым да, сол бойда-ақ айтқан сөзіме өкіндім: осы қазір шынайы еместің бәрі не деген қолапайсыз естіледі. Қазір шынайы бола алатын жалғыз нәрсе — жағаға қайту. Әйел қалай дегенмен еркектің қабырғасынан жасалған — оларсыз күніміз жоқ.
— Кері жүземіз бе?
Нинаны сәл алға салып, — суда да джентльмен, сайтан алғыр — суды шолпылдатпауға, Нинаның, әйтеуір, бірдеңесін болсын көріп қалуға тырысып, ізінше жүздім. Судың түбіне тиіп, екеуміз де тоқтадық. Ауа судан әлдеқайда салқын еді, бірақ Нина, шамасы, ары қарай не істейтінін бағамдап тұрғандықтан қалшиып тұрып қалған болуы керек.
Істі өз қолыма алып — дұрысы, өзімді тыярға күшім қалмай, күтуге шақырған ақылымен қоса ақынға түкірдім де, артынан ақырын тақап кеп, құшақтадым. Жұмсақ төмпешіктерді сипалап тауып алып, қыстым. Су-су шашының сыртынан мойнынан сүйдім. Сосын кезекшіні жеңіл көтеріп ап, жағаға алып жүрдім. Су Нинаның үстінен ағып, бірте-бірте күллі денесін көрсетті, іші мен екі аяғының ортасында ғана азғантай тереңіне қара үшбұрышты жасырып шағын көлшік қалды...
Кейін, Ауғанстанда, бұл мың мәрте менің түсіме кіріп, көзіме елестеді: Мен Нина мен көлшікті алып келем. Ішімде бірдеңе қылп ете қалды. Өзіме-өзім мойындаудан қорқып, кенет аңғарғаным: демалып келгеннен кейін мен біздің Отанның оңтүстік шегі үшін соғысуды доғарыппын. Жоқ, мен ешкімді сатқам жоқ, өзімнің орныма ешкімді оққа тосқам жоқ, бұған келгенде офицердің ұжданы мен ары таза. Мен тек өзім үшін, өзімнің қайтуым үшін күресетінді шығардым. Ауғанда әзілдейтіндей — «өз тоным үшін».
Ал айналамда әр ұрыста алдыңғы шепке кимелейтін әрі өкінбей өле салуға әзір лейтенант-достарым қызмет етті. Мен оларды қызметтің абыройы үшін теңізге кеткен шекарашылармен салыстырдым. Иә-иә, соғысып жатқандардың негізгі көпшілігі өмірімен бірге неден айырылуы мүмкін екенін бағамдамаған да еді.
Ал мен білдім. Мен елітіп, мас қылатын сол бір ауаны жұттым. Мен қайда, неге қайтып оралуыма болатынын білдім. Нинамен өткен сол бір кешті, тіпті, жадымнан да жоғалтқым келмеді — үстіне киімін апыл-ғұпыл іле салған қалтыраған әйелді жылыту неткен рақат!
Мені өлтіруі мүмкін және өлтіргісі келген адамдарға түлкідей сақ, барыстай аяусыз болдым. Менің Қызыл Жұлдыз орденім — сол соғыстағы ерекше өжеттігім үшін емес, тірі қалғаным үшін.
Мен тірі қалдым.
Бірақ бұдан жүрегіме тек жасырын қуаныш қана орныққан жоқ екен. Біздің ауысымды Одаққа әкетіп жатқан әскери-транспорттық ұшаққа сығылысып мініп жатып, шығарып салушыларға иллюминатордан қарап, ішінен мені шығарып салуға келердей ешкімді таппай, мен өзімді сұмдық жек көріп тұрдым. Баяғыдан-ақ түсінікті дүниені ақыры мойындадым: мен бәрібір ұрыста қара басы туралы емес, ұрыс туралы ойлаған лейтенанттар мен капитандарға сатқындық етіппін. Сол үшін де ұшаққа келмегенде дұрыс істеген. Соғыста әлденені жасырам деу қиын, монтансу одан да қиын. Егер мені мына өмірге алып қалған — әйелдер жағажайындағы ай жолағы мен Нина болса, дәл осылар өзімді қорсынуыма себеп болды.
— Қайтып кел, — деп дуа оқығандай сыбырлаған Нина сол кеште өзінің пәтерінде. — Қайтып кел де, мені тауып ал.
— Енді қайтып келем, — деп жауап қаттым мен сенімді үнмен, ол кезде кейін ауған соғысын әр еске алған сайын өзімді жек көретінімді білмегем. Ешқандай кінәм болмаса да.
Мен қайтып келдім, бірақ Нинаға бармадым. Сол санаторийге жолдамалардан да үнемі үзілді-кесілді бас тартып отырдым.
Бірақ тағдырды алдау, өткеннен жасырыну мүмкін емес.
Бірде Пятигорскідегі әскерге шақыру пунктінде мен Реаниматормен бетпе-бет ұшырасып қалдым. Мен құсап ол да жас сарбаздарды іздеп кепті, Оның кеудесінде Қызыл Жұлдыз орденінің екі орнатпасы ілініп тұрған, кірлеген кительдің тозған погондарында үшінші жұлдыздың орнына тесіктер көрініп тұрды.
— Жанкешті лейтенанттар қатарына түсірілдім, — деп түсіндірді Олег, менің аңтарылып қалғанымды түсініп. — Қолайсыз кезде ішіп қойдым.
Ол сол кездің өзінде жақсы тұрған, бірақ Десантшы Витьканың минаға түсіп, бронетранспортёрде өртеніп кеткенін хабарлаған соң, біз бәрібір төбешіктегі бір кафеге кіріп алдық. Мен күйбеңдеп, үстел бұйыртып, естеліктер мезетін еркімнен тыс создым, Олег болса — мас, дәрежесі төмендетілген, күтімсіз, — абыройын сақтап, паң отырды. Десантшыға бағыштаған үшінші тілектен кейін кенет бірдеңе есіне түсіп кетті:
— Күте тұр, менің бір жаққа баруым керек сияқты.
— Қайда? — Оның жауаптылығы есімде еді, бірақ қазір ол да менің жағдайыма сәйкес кеп тұр. Және мынадай сиықсыз түрімен қайда бармақ! — Отырсайшы.
— Жоқ. Менің бір жерге баруым керек. Қайда екені есімде емес, бірақ баруым керек.
Ол орнынан қинала тұрып, фуражкасын қойнына қысып алды да, мен оны ұстай алмас бұрын веранданың қапталынан бір аттап, төмен қарай домалап кетті. Төбешіктің етегінде орнынан тұрып, үсті-басын ұзақ сілікті, одан соң фуражкасын басына одан да ұзақ орналастырды да, бағытын таңдап, жан-жағына көз салды. Реаниматор бұтаның ар жағына сіңіп жоқ болғанша артынан қарап тұра беріппін.
Қызық, сол кеште Нина бұның не Десантшының еншісіне тигенде мына әлемде, тағдырлардың бүгінгідей өрілуінде бірдеңе өзгерер ме еді? Әрине, теңіз, жағажай, таңға дейін пәтер оларда да болар еді, бірақ олардың өмірі басқаша болар ма еді? Әлде тумысымыздан пешенемізге жазылған жолдан шығып кете алмаймыз ба?
— Сізге тағы не әкелейін, капитан жолдас? — деп даяшы қыз тақады.
Мен отырған жалғыз қонақ екем, сол үшін, бәлкім, қосымша көңіл бөлгеннен қысылмаған шығар.
— Ғафу етіңіз, а... мына жерде әйелдер жағажайы бар ма?
Қыз менің қалауымды өз тарапына қабылдап қалып, қызарып кетті, кешірім сұрауыма тура келді:
— Жоқ-жоқ, әшейін есіме түсіп кетті.
— Бұл жерде теңіз жоқ қой, жағажай қайдан болсын? — деп сақсына жымиды даяшы қыз. Мас болсам, сұрағыма таң қала қоймас еді. Бірақ бәрі дұрыс, таспа кері қарай ойнамайды.
— Онда бір шыны шампан.
Мен Нина үшін, әлі тірі, ішіп кетпеген және ешкімді сатпаған үшеуміз үшін алып қойдым. Күтпеген жерден сондай ғажап һәм қарғыс атқан атанған өзімнің өмірімнің бөлшегі үшін...



