Поштаның тарихы
300 жыл болған
орыстардың ұстанымы бойынша:
моңғолдар шауып, қан-қақсатып, қалдырған қатерге бөтен,
бірақ бұлар бар-жоғы
поштаны ғана әкелген екен.
300 жыл бойы
Русьте хат алғанда
оқи алмаған оларды,
сондықтан, жау түмендері тақалғанда
Мәскеуді өртеген неше рет
оқылмайтын хабар-ошарлар онда көбеймеу үшін еселеп,
хат легін солай доғарды.
Ақырында Иван Қаһарлы
шығысқа қарай беттеген,
Қазанды қаратып, дәргейін сонда апарды,
батысқа жолдап хабарламаны көптеген,
қашқындағы кінәз Курбский де біраз хат алды.
Ақпарларды оқып айбарлы,
Ұлы Петр сірі жанына қайғы алды,
жауап жолдады теңіздің арғы бетінен, Голландия жақтардан,
сосын Екатерина, одан да Ұлы деген ат қалған,
Вольтермен байланыс орнатты, әлемге әйгілі һәм бейім
озық ойларға, тек Наполеон сәл кейін,
Бонапарт та сол, Мәскеуді тағы бір мәрте жаққаннан
француздың кербез кескінді үлгісі өркендеп,
бекзадалар бұл нұсқаны «аса көркем» деп,
ақсүйектердің хат алмасудағы жалқы жолы ретінде тапқаннан,
қара пиғылды қараша халық қысылмас үшін,
мерзімінен бұрын көңілін көкке ұшырмас үшін,
өнеге алып еркіндік, теңдік, бауырлыққа ұмтылған таптардан.
Дамып, жанданып пошта жолдары,
декабристер де үшбу хаттар жолдады,
сөз етті оңалдырып, реттеуді Ресейді,
солайша Сібірмен қатынас орнады,
ол Лондондағы Герценді оятса, ошақтағы отты өзі-ақ көсейді.
Олар көп күткен сүйініш те келіпті,
Ильяның Владимирі көреген, көрікті
моңғолдық көзінің қиығын керіпті,
тек сосын... Женева, Цюрихтен әлгі хаттардың жауабын беріпті.
Тап солай туындап, жедел жетілді
Қазан төңкерісі — зауалы зордан,
лайықты, өтімді
және қолжетімді
моңғол поштасының жалғасы секілді,
шығыстың Батысқа жауабы болған.
Бізге де айтар бөлек сыр бардай,
жауап қайырмақ жуық 300 жыл қандай?!





