Жақұтты аспан
Отыз үш ескертпеден тұратын,
P. S. бар әдеби әңгіме
We would like to commission a short story from you to be inspired by the
quotes from Checkhov that are attached to this letter. We do not expect you
to write in the style of Сhekhov, just to use these ideas as inspiration for
your own. / Біз Сізден осы хатқа қоса берілген Чехов цитаталырынан
шабыт алып жазылған әңгіме күтеміз. Бірақ Чехов стилінде жазыңыз
демейміз, тек осы идеяларды өз эссеңізге шабыт шақыруға
пайдалансаңыз екен.
Жазушы Гдовтың шетелден алған хатының үзіндісі.
Автордың жоғары сынып оқушыларына арналған сөздікпен
аудармасы.
Жексұрындықтың неше атасын жасап алып, содан кейін өкіріп жылап
отырған адамға не істеуге болады?
Антон Павлович Чехов(2)
M-me Р. О. Аромат шілтер орамалын оң көзінің дымқылданған сол жақ бұрышына басып тұрып, дәл осыдан отыз үш жыл бұрын, Мұзды мұхитқа құятын сібірлік Е. өзенінің бойындағы К. қаласының тұрғыны болған кезімізде, мен оны тастап кеткенімді айтып жазғырды.
— Сенің жексұрын екеніңді сол кезде қалай байқамағанмын, — деді ол. — Тек жексұрын ғана маған осындай дөрекі қоштасу хатын қайтар мекенжайын жазбай жібере алады. Ал ғашықтық хатында: «Жауап жазу үшін марканы ұсынамын» — деп жазады.
— Енді... Бұл дегенің, білесің бе, қызға тән гормондар ғой. Сен төсек ләззатын қаладың, мен де соны... неге болмасқа? Дегенмен, өзің де оңай емессің, неге менің бөлмеме тірі қоразды жібере салдың? — деп байыппен қарсылық білдірдім мен, осынау жаңарған орыс әйелінің минуттық миноры басылып, қайтадан көңілді, жайдары қалыпқа келуін асықпай күтіп.
Мәселе мынада еді, біз бұл уақта Розалия Осиповнаның барынан «Русский стандарт» деген қымбаттау(3) арақтан біраз ұрттап алған болатынбыз. Ол арақты апельсин шырынмен араластырып, хрусталь бокалға дәл екі тал мұздан салып ішті, сірә, мұндайды Америкада үйренген шығар. Ал мен болсам жарты стақанды жәй ғана тұздалған қиярмен төңкеріп тастаған(4) болатынмын. Розалия Осиповна Аромат осы жылдар ішінде қиярды тұздау өнерін ақыры игерген екен, ал бұрын төсектес болудан және карст үңгірлеріндегі Сібір жерасты көлдерінде аквалангпен ақша үшін жүзуден басқа ештеңе білмейтін. Розалия Осиповна ол кезде тәртіпті комсомол, спортшы әрі жүзуші еді. Оны дәл қазіргідей-ақ — Роза деп атайтын, бірақ оның тегі мүлдем басқаша болатын. Қандай еді? Жоқ, мүлде есіме түсіре алмадым. Кукушкина ма еді әлде Христанюк пе(5). Иә, қазір менің есте сақтау қабілетім әлсірегені рас: склероз, тұз жиналу, подагра, қан қысымының жоғарылауы, гастрит, простатит, құрып кеткір(6).
— Шаң бұрқап жол жатыр, бұталар ұмсынып,
Сәл шыда, қаларсың сен-дағы тыншығып, —
мен орынсыздау әндеттім.
— Немене? — деп таңырқады Розалия Осиповна.
— Ақын Михаил Лермонтовтың ойы ғой(7), түп негізін Гетеден алған, әлде, Гейнеден бе еді... Хайнрих Хайнеден(8). Орыс ақыны Лермонтовтың шыққан тегі шотланд еді, ал неміс Хайне — еврей. Пушкин — эфиоп, Тургенев — татар, Лесков — ағылшын, Достоевский — поляк, ал Чехов, әлбетте, чех еді. Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер, — деп түсіндірдім мен.
— Ал сен ше, сен кімсің сонда? Әлі түсіне алар емеспін, — деп ол маған зер салып қарады.
— Мен? Мен үлкен істерге қабілетті қарапайым орыстың зиялы жігітімін. Атап айтқанда, бір жаңа жылтыр қағазды журналдың мәдениет бөлімін басқара аламын. Саясатсыз, порнография шегіндегі эротика мен азғантай жарнамасы бар. Әрі жалақысы айына 2500 доллар болса.
— Ал мынандайды сен көрмеп пе едің? — ол әдепсіздеу, бірақ әдемі және сәл-сәл қоздырарлықтай қимыл жасады.
Айта кету керек, жылдар өтсе де ол көп өзгермеген. Адам жас кезінен бастап спортпен шұғылданса, кейінірек дұрыс өмір салтын ұстанса, мысалы, дұрыс тамақтанса, міне, осындай болмақ. Әлі де арық, сымбатты, мысық мүсін(9). Бір сөзбен айтқанда — мысық.
Оның әкесі Осип Пинхасович Аромат Витебскіде кедей кондитердің отбасында дүниеге келген. Сауатсыз еді, бәріне де өз ақылымен қол жеткізді. Өзінен құлдық тамшыларын сығымдап жүріп, революционерлерге қосылды, Марк Шагалмен таныстығы болды, ЧК-да қызмет етті, ол жерде сенімді мансапқа ие болды және, әрине, Мәскеу қаласының Новодевичье зиратында, мысалы, Хрущев немесе Кагановичтермен бірге жерленген болар еді, егер ол 1950 жылы космополитизммен күрес қызуында өз әріптестерінің қолынан атылып кетпегенде.
Оның анасы, Надежда, фамилиясы бойынша Кукушкина ма еді, Христанюк пе еді, әйтеуір, ол да ұсақ буржуазиядан шыққан, сонымен қатар революционер болған. Бірақ оны революцияға махаббат әкелген еді.
Шындығында, ол бір азғын мәскеулік көпес-декаденттің қызметшісі болатын. Көпес болса, Максим Горькиймен дос болған, кейде мастықпен революцияға ақша аударған, Станиславскийдің демеушісі болған, бірақ өзі Мәскеудегі Малая Дмитровка көшесінде орналасқан зәулім сарайында моральдық және физикалық тұрғыда өте ұқыпсыз өмір сүрген. Бірде-бір етектіні жіберіп алмайтын ол, бір жағынан Чеховтың сол кездегі Ресейдің еңбеккер және қылмыскер халқының ауыр үлесін жырлау үшін Сахалинге жасаған әйгілі сапарының алдында дәл осы үйге тоқтағанын мақтан тұтатын. Ол сондай-ақ, қызметші әйелге де тиісетін, жуынатын бөлмеде аңдып тұрып, сол бір қарапайым шағылысу әрекеті үшін жап-жақсы ақша ұсынса да қызметші әйел не үшін бұған бермейтінін түсінбеуші еді. Ақша мен арақтан басы кеткен буржуй(10) мына әлемде тек құмарлық қана емес, шынайы махаббаттың да бар екенін ешқашан түсінбеді. Егер ол өзінің үйінде қаптап жүретін тарақандар мен қандалаларды жоюға шақырылған жігітке қызметші әйелдің ғашық боп қалғанын білсе, кемсітіп күлгенді ғана білер еді. Зиянкестердің көптігінен әлгі терминатор(11) жігіт жиі шақырылатын, қызметші әйел екеуінің арасындағы сүйіспеншілікке де сол жиілік себеп болған еді. Уақыт өтіп жатты. Көпестің үйінде сол бір механикалық пианино үздіксіз ойнай берді. Үй іші қашан да у да шу, көңілді болды, бірақ шынайы бақыт болмады. Сөйтіп, ол Ницца қаласында асылып қалды (бәлкім, оны большевиктер асып кеткен болар, ондай да нұсқа бар). Асылып қалған, артына досы Максимнің жазуға құмар жастық шағындағы өлеңінен біртүрлі үзінді жазып қалдырған: «Қош бол, мен желкен жайдым да, рөлге тұрдым күрсініп». Бірақ бірде, оның тірі кезінде, қызметші Надя сүйіктісімен тән мауқын басып, тынығып жатқанда, пролетарлық шыдамсыздыққа беріліп кетіп, кіп-кішкентай тарақан қырғыш Осекеге ұсыныс айтқаны бар еді: «Сол нәлет атқыр(12) семіз шошқаны әкесін танытып зоокумаринмен(13) біржола улап тастасақ қайтеді? Бүгін оған іркілдек тоңба қайнатады, ал мен қанша қажет болса сонша у сеуіп тастай аламын». Астыртын қызметкер және болашақ чекист Осип Аромат бірден басын шайқаған: «Жоқ, Надюша, революцияны кіршіксіз қолмен жасау керек. Бұл жексұрын көп ұзамай, өзі де арам қатады деп ойлаймын. Ал егер бірден өліп тынбаса, барша қанаушы тап сияқты қырғынға ұшырайды». Айтқанындай болды да.
— Қарай көр, сен өзі мынау әлемнің әлегі мен қайғысының ортасында жүріп, толық аман-сау сақталыпсың. Коммунизм құлады, КСРО ыдырады, есі ауысқан(14) солшыл зиялылардың жанашырлығымен террористер бізді күн сайын жарып жіберуде. Ал сен одан сайын құлпырып кетіпсің. Бұрында, мойындау керек, сен көзілдірікпен аздап қорқынышты болатынсың. Қазір линза тағып алғансың-ау деймін? — деп сұрадым мен.
— Линза, — деп қысқа жауап қатты ол, өз ойынан арыла алмай отырып.
Розалия Осиповна қайта құрудан кейінгі уақытта(15) Израильде, Италияда, Англияда, Францияда, Америкада тұрып үлгерді, бірақ оған еш жер ұнамады, енді ол өзінің сүйікті Отанына кезінде өзі КСРО-дан Батысқа қарай алып шыққан әйгілі орыс-француз авангардшысының жесірі ретінде оралды. Ол алдымен өзінің алғашқы тегін қайтарып алған және топас большевиктерге өзінің бұрын Кукушкина (әлде Христанюк) болғанын, ал қазір сионист Аромат екенін, өзінің тарихи Отанына қоныс аударуға құқылы екенін дәлелдей білген. Ол демонстрацияларға, пикеттерге қатысқан, биліктің бетіне батыл қарап ән айтқан: «Күндіз-түні қайталаудан шаршаман, жібер менің халқымды!(16)». «Совокта»(17) суретші жігіт, әрине, мойындалмады, екі рет жындыханаға жатқызылды, дегенмен, кейбір өсекшілердің айтуынша бұл себепсіз емес дейтін. Ол өзі бір зор эксцентрик еді. Алғашқы неке түнінде ол екеуіне төсек жайманың орнына кір-кір той дастарханын жайғызды, ал өлімінен көп уақыт бұрын ескі Бер-лез-Альп қаласындағы сәнді вилласында тұрғанда, күн сайын түскі ас ішіп болған соң, әйелін монастырға кетемін деп қорқытатын. Әйелі болса, қорқыныштан және бұл жарымес өзінің көлемді қаражатын монастырға мұралыққа жазып кетер ме екен деп жылай беретін. Кейде Розалия Осиповна күйеуін жасырын гомосексуал ма деп ойлайтын, сол ойынан одан да көп жылайтын. Бұл дүниеде бәрінің де соңы бар. Қазір оның жұмысы миллиондаған ақша тұрады, ал әйел қайтадан өз үйіне оралды. Қайтадан(18) сәлем, Отаным! Сәлем, сүйкімді астанам — Мәскеуім!
— Сонда да, сен сол кезде маған неге үйлене салмадың? — деп тура әрі ашумен сұрады Розалия Осиповна.
— Енді өзің ойлашы, дәл қазір аяғыңды нық басып, өзіңді тік ұстап тұрған сияқтысың ғой. Сондай бір поэтикалық үйлену тойы болды делік, ал содан кейін — неткен ақымақтар, неткен балалар! — деп әңгімені қайрай түскім келді.
— Балалары несі? — деп түсініңкіремей қалды Розалия Осиповна.
— Енді, былай, теңеумен айтқанда, біз екеуміз ғой.
— Ал ақымақтар кімдер?
— Олар да біз екеуміз.
Розалия Осиповна күліп жіберді де, ментол қосылған «Вог» шылымын баяу тартыңқырап қойды.
— Жоқ, сен өзің орыс мақалында айтқандай: «Жынды десе жынды, бірақ сабынды жемейді» дегеннің өзісің ғой.
— Жақында осының басқа бір нұсқасын естіп едім: «Соқыр десе соқыр, ал сабынды жемейді», — дедім мен.
— Айттым ғой жексұрынсың деп. Сен менің «халық жауларының» балаларына арналған үйде тәрбиеленгенімді жақсы білдің ғой, онда мені бәрі мазақ ететін. Тіпті, фамилиясы Трахтенбауэр деген жапон тыңшысының баласы(19), зәнталақ оқымысты кіп-кішкентай боп алып, «сен байға тимей қаласың» деп келеке ететін. Мен диареямен жиі ауыратынмын, сонда әлгі бала бүкірейіп алып, «жас ханымды(20) касторкамен мазақ етті, сол үшін ол байға тимей қалды» деп, әлдебір жерден үйреніп алғанын айта беретін. Әйтсе де, сен белгісіз жаққа жасырындың да, маған опасыздық жасадың. Орыстар қандай қатыгез десеңші, сен де барсың солардың ішінде! Шешендердің сендерді жарып жібергені дұрыс.
— Қаншық неме! — деп баж еттім мен. — Бізді жарып жібергені дұрыс дейсің бе? Ал Израильде, Испанияда ше, World Trade Center-де ше, «Норд-Ост» ше, Солтүстік Осетияда террористердің оқушыларды атып тастағаны ше? Трахтенбауэр сеніңше орыс па? Осетин балалары да сеніңше орыс па? Мысалы, әке жағымнан менің бабаларым кеттер болған. Сондай ұлт барын білуші ме едің? Кеттер немесе Енисей остяктары дейді, Сібірдің ең байырғы халқы десек те болады. Біз сонау америкалық үндіс қандастарымыздан да көп болатынбыз, ал қазір мені қосқанда бар-жоғы 1204 адам ғана қалдық. Иә, мен ақымақ болдым, ал қазір ақылым толысты және Ресейде орыстар болсын, жалпы кім болса да, бәлкім — ешкім де, саналы адамдардың бәрі де егер өмір сүргісі келсе, өз идеалдарымен бірге өліп кеткісі келмесе, тату болуы керек деп ойлаймын.
— Ашуланба, қымбаттым, — ол менің қызып тұрған құлағыма қатты саусағын ақырын тигізді. — Мен әлі Ахмед Закаевтың қамқоршысы Ванесса Редгрейв боп кеткен жоқпын. Мен қателескенімді мойындаймын, ол үшін Құдай менің жазамды берер. Кешір, бірақ ашуланғанда әйел не айтпайды дейсің. Мен әйел болдым және әйел боп қала беремін де, — деп ашық ескертуін білдірді ол.
— Оған ешкім дауласпайды, — деп күңк еттім мен. — Бірақта менің көршім, маскүнем етікші Лазар Пафнутьич, айлығын(21) әйелі тартып алып жатқанда, ол әрдайым: «мен үйленгенде қатын боп кеттім!» — деп зарлайтын. Бірақ мен қатын боп кетпедім(22)! Не себепті деп ойлайсың?
— Егер ол ойыңа соншалық сенімді болсаң, айта ғой неге екенін, — деп күлді ол.
— Неге сенімді болсаң дейсің?
— Қатын боп кетпегеніңе. Өйткені, сенің ашулану механизмің әдетте әйелдерше боп келеді, дауласпай-ақ қой, мен осы жылдар ішінде жақсы психолог боп алғам.
— Сенің ақшаңмен кім боп кетсең де жарасады, — деп дөрекілендім мен. — Мен қатын боп кетпедім, себебі, саған үйленбедім. Айтпақшы, мен әлі үйленген жоқпын.
— Жарайды, үйленбегенсің делік, сірә, соңғы әйелің сенің шыдамсыз мінезіңе төзгісі келмей, ақыры қуып жібергендіктен шығар. Сен ойлап қалма, мен, әрине, сен туралы, болашақ гипотетикалық қызметкерім туралы ақпарат жинап үлгердім.
— Иә, сіздер капиталистерден еңбекші халықты(23) ренжітуді тез үйреніп алыпсыздар, — дедім мен.
— «Сіздер» дегенің кім?
— Жаңа орыстар.
— Бірақ мен — евреймін ғой, — деп күлді ол.
— Жүдә жарасып қапсыздар да, — деп түнере үн қаттым мен. Себебі, әңгіме толығымен тығырыққа тірелген-ді және менің жағдайым нашар еді.
«Заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған»(24) ескі большевиктердің(25) кеш туған баласы. Жетім. Комсомол. Аквалангпен ақша тауып күн көрген сэлфмэйдвумен(26). Диссидентшіл. Эмигрант. Қалталы әйел. Екеуміз Мұзды мұхитқа құятын сонау ұлы сібірлік Е. өзенінің бойындағы К. қаласында тұрған кезімізде көңілді әрі мәдениетті түрде қандай тән ләззаттарына баттық десеңші! Екеуміз де сонда тұратынбыз. Ол — Педагогика институтының студенттер жатақханасында, ал мен — бақытты кеңестік ата-анамнан қалған зәулім кітапханасы бар жылы пәтерде. Ата-анам өмір бойы айналадағының бәрінен қорқып өткен және менің жастықпен айтатын бүлікшіл сөздерімді естігенде шашы ағарған басын шайқап: «Көп сөйлеме, бала, әйтпесе, қолыңа кісен тағылады, біз де қашып құтыла алмаймыз»(27) дейтін. Мен олардан айрылып қалдым. Тура солай пәтерден де айрылдым, тура солай отанымнан да. Өйткені, КСРО менің отаным еді! I was born in USSR(28). Ал енді жоғарыда аталғандардың біреуі де жоқ, тек қарттығым және Розалия Осиповна Аромат қана бар. Шіркін, біз таңертең, бүкіл кеңестік еңбекші халық коммунизм құру үшін жұмысқа бара жатқанда, менің балконымда ӘЛГІМЕН айналысқанды қалай ұнататынбыз десеңші!
— Қалай болғанда да, менің кілтім әрқашан кілемшенің астында жататынын пайдаланып, неге менің бөлмеме тірі әтешті кіргізе қойдың? — деп қайта еске алдым мен.
— Біз жатақханадағы қыздармен(29) сол бір қалжыңымызды бағаларсың деп ойладық. Біз әтешті базардан әкелдік те, сен үйге кіріп келгенде тірі қораздың жүргенін көрсең өте күлкілі болатын шығар деп ойладық.
— Ол әтеш ұзақ өмір сүрген жоқ, — дедім мен.
— Сонда қалайша? — деп көзі бақырайып кетті.
— Өйткені, мен оны сойып, кәстрөлге қайнатып жеп қойдым.
— Не үшін?
— Не үшін емес, не себептен де. Ашуым келгендіктен. Себебі, — деп әндеттім мен, — «күні бойы музыка ойнап, ұзаққа созылды романымыз»(30). — Себебі, мен коммунистерді жек көретінмін, бірақ сонда да кеңестік жазушы атанғым келді. Себебі, мен «әлі алда жақұт толған аспанды көреміз» дейтін ақымақ сөзді жек көретінмін. Егер мен сол кезде қоразды жеп қоймағанда, сен мені жұтып жіберер(31) едің, әлгі суретшіңді жұтқаның секілді. Жұттың да, сорып-сорып түкіріп тастадың.
— Есуас неме. Есуас және жексұрын.
Ол шілтерлі орамалын қайтадан дымқылданған көзіне апарды, бұл жолы — оң жағына. Ал мен оны құшағыма қыстым. Одан әлсін-әлсін жұпар аңқып тұрды. Екеуміз де тәтті ұйқыға беріліп кеттік. Розалия Осиповна Аромат, Мәскеуде саясатсыз, порнография шегіндегі эротика мен азғантай жарнамасы бар жаңа жылтыр қағазды журнал шығара бастаған баспа бизнесінің акуласы! Розалия Осиповна, сен сондай сүйкімдісің. Мен сені сүйемін. Мен сені, өліп кетейін(32), Роза Кукушкина (немесе Христанюк), өмір бойы жақсы көрдім!
Ол менің еріксіз ойларымды сезгендей-ақ:
— Мен де сені әрдайым жақсы көрдім, — деп көзін жұмған күйі әрең тіл қатты. Бірақ артынша тыныш қана: — Дегенмен, журналыма сені бәрібір жұмысқа алмаймын. Ренжіме, қымбаттым, бірақ сен көп қиындық тудырасың деп қорқам.
Ол тағы да әдемі, бірақ әдепсіз қимылын жасады. Мен сасып қалдым. Мәскеуді қалың түн басты, тек Кремльдің жұлдыздары ғана жарқырап тұрды. Айналада жабайы капитализм салтанат құрып тұрды(33), бірақ маған бәрібір еді.
— Біз әлі жақұтты аспанды көреміз, — дедім мен.
P. S. Әдебиетші Гдовтың осы көркем әңгімені жазғаннан кейін аудармашыға арнап құрастырған ескертпелері
(1) Чеховтың «Ваня ағай» пьесасының финалындағы сөздер.
(2) А. П. Чехов. II дәптер. Отыз томдық шығармалары мен хаттарының толық жинағы. Т. 17, б. 51. Мәскеу, 1980, «Ғылым» баспасы. Чеховтың барлық сөздері қалың шрифтпен белгіленген және сол басылымнан алынған. Чехов дәптерлерінен ұсынылған тоғыз фразаға мен механикалық пианино деген, Никита Михалковтың осы аттас фильмінен емес, сол жазбалардан алынған оныншы фраза қостым.
(3) Қымбатырақ, ауызекі тілде.
(4) Ішіп алған, ауызекі тілде, дөрекі қолданыста.
(5) Қарапайым орыс және украин фамилиялары.
(6) Біту, аяқталу, таусылу мағынасында. Өте дөрекі. Әдепсіз сөз әңгіме кейіпкерінің ауруларының тізімін әдейі абсурдқа айналдырады.
(7) Лермонтовтың «Гетеден» өлеңінен бұрмаланып алынған дәйексөз. Тура мағынасы: «Шаң шығармас жол-дағы, / Сілкіне алмас жапырақ... / Тыншығарсың сен-дағы, / сабыр қылсаң азырақ...»
(8) Гейне есімінің немісше айтылуы.
(9) Менің неологизмім, йағни, мысықтай, мысық сияқты.
(10) Советтік сөз. Жай буржуа дегенге қарағанда сәл қатқылдау.
(11) Шварценеггер ойнаған әйгілі американдық фильмдегідей.
(12) Орынды қолданыстағы балағат сөз, одағай.
(13) Кеміргіштерді жоюға арналған у.
(14) Ақылынан адасқан, дөрекі сөз.
(15) 1991 жылдан кейін.
(16) Сол жылдардағы диссидентшіл «бастартушылардың» ұраны. Перғауынға үндеу. Жалғасы — «Жібер еврей халқын өз отанына».
(17) КСРО-ның мазақ атауы.
(18) «Тағы» орнына. Теріс, анайы қолданыс.
(19) Әрине, жалған тыңшы.
(20) Олар ұзақ уақытқа созылған лақап ат берген.
(21) Жалақы. Ауызекі тілде.
(22) «Обабился» деген орыс идиомасы бар, йағни, ерге тән қасиетін жоғалтып, әйелге ұқсап кету дегенді білдіреді.
(23) Мазақ сөз, советтік үгіт-насихаттың мөрі.
(24) Жаппай кеңестік террорды қуғын-сүргіннің жекелеген жағдайларына дейін жеткізген 60-жылдардағы советтік эвфемизм, даяр сөз орамы.
(25) Кеңестік тұрақты сөз орамы. Революционерлердің бірінші буыны, Лениннің серіктестері.
(26) Қалай аударуды білмеймін. Бұл сөз қазіргі орыс тіліне еніп кеткен.
(27) Сібір халқының сөзі. Қашып құтыла алмаймыз: сені антикеңестік әңгіме үшін қамауға алғанда біз жасырына алмаймыз.
(28) Қалай аударуды білмеймін. Бұл әйгілі американдық «I was born in USA» деген патриоттық әнге ұқсас.
(29) Жатақханада онымен бір бөлмеде тұрған құрбылары.
(30) Булат Окуджаваның атақты әнінен сәл бұрмаланып алынған сөз.
(31) Жеп қойды, дөрекі, ауызекі тілден.
(32) Дөрекі, жартылай әдепті серттесу сөзі. Тура мағынасында: «Серт бұзылса, жәлеп боп кетейін».
(33) Жалпы, бұл (осы) қысқа әңгіменің негізі — реализм, кейде тіпті натурализм, абсурдқа өтіп кетеді де, қайта оралады. Кейіпкерлердің сөйлеуі жанды, тұрақты сөз орамдарымен астасқан. Әңгіме = әңгіме.




