«Темекі шегіп келуге 17 жылға шығып кеттік...»

(қиынды)

Маша

Сенің мені қалдырып, кеткен кезіңде, дұрысы, кеткеніңде емес, телефондағы әңгімемізді әшейін ғана үзе салғаныңда, бейне бір сүрініп кетіп, оны аңдаусызда қолыңнан түсіріп алғанда, ол болса, тоңқалаң асып, өлгелі шатырдан секірген адамша төмен қарай зымырап бара жатқандай боп елестеген кезде, біздің қиюы келіспеген әңгімемізді үзгеніңде — сен менімен ылғи әне-міне тұтқаны қоя салатындай сөйлесетін едің ғой: кідіріс, артынша үзілген байланыстың қысқа дыңылы — «ту-ту», одан соң ала алсамшы сені...

Сен мені қалдырып, кеткеннен кейін, бірақ мұндай нәрсе мұның алдында да болған, оқыстан себепсіз кетіп қалу сенің тәжірибеңде бұрыннан бар болатын — мейрамханадан болсын, көшенің ортасында, сөйте тұра, ештеңе деп те түсіндіріп жатпайтын ең, екі күндей жер-көктен іздеп таппайтынмын...

Сен кеттің, мен болсам, бұл жолы дайындық емес, алдау емес екенін сездім, содан кейін соншалық бір жетім үрей, ыстық, дымқыл, қыбырлаған, жайын балық сияқты ауыр үрей бойымды жайлап алды, тұншығып қалған кеудеге ауа толтырғанның орнына, керісінше, өзінің шұғыл демімен менің өкпемді қағаз пакет құсатып қусырып тастады, талып бара жатқандай болдым, талып барам, талып барам...

Сондай бір сетінеген, жаншылған хал. Мен бұған дейін де есімнен танған шығармын, бірақ сен қайтып келетінсің, сосын мен сәтті босанған бақытты әйел құсап қуаныш үстінде әлгіндегі бейшара халімді бірден әрі біржола ұмытып кетуші едім.

Сен телефонмен қоштастың, бір күннен кейін де, бір апта өткен соң да қайта қоңырау шалмадың. Осы мезетте — ғажайып уақыт құбылысы — бір мезетке сыйып кеткен бір апта, — мен, шынымен-ақ, бәр-бәрінің де біткенін түсіндім. Сөйтіп, өткен жеті тәулік, тура бір сиқыры шешілген өліктерше ісініп, жарылды да, мыңдаған мазмұнсыз азапты минуттерге ыдырап кетті.

Бірде мен соғыс радиошысы секілді сенің нөміріңді сабырмен үш сағат қатарынан терумен болдым — дыңылдайды, дыңылдайды. Саған смс-тер жолдадым. Дөрекі: «Сен — ж...еп қ...шық!» — дейтінін де, жұмсақ та қауқарсыз: «Жаным, не боп қалғанын айтшы маған?!» — дегенді де.

Мен сені өзіңнің ӘӘ-ңде — әйелдердің әжетін өтейтін орны, Ә мен Ә-ге арналған, амазонкалар әжетханасында болғаныңда сөзге тартуға тырыстым, — бірақ сен менің комментариімнің көзін құрттың да, мені «бұғаттап тастадың» (жалаңаяқ, дамбалшаң қалпымда бөренеден қиылған қара моншаның артына қарай алып шықтың да, желкемнен бір қойдың).

Мен сені подъезіңнің түбінде қарауылдап тұруға ниеттеніп ем — үйдің ішіне кіру мүмкін болмады, лифтке апаратын баспалдақты төсті, қатын тектес консьерж күзетіп отырды, — бірақ ақылға салып, бұл ниетімнен қайттым, сен мұнда жалғыз емес, мен сияқты жазу өнерін машық етіп жүрген өзге бір еркек кіндікпен келеді деп қорықтым.

Сәбилердің көрінген еліктіргіш бәлені аузына тығатыны сияқты, сен де мені өз үйіңе бір сынатуға сүйреп әкеттің — кітап дүкенінен қорыққан қалпымда өзімнің кезекті қағаз перзентімді таныстырып тұрған жерімнен алып кеттің.

Мен ол кезде Мәскеуге енді келгенмін. Ақша табу үшін деп ойлайтынмын өзім. Қарашаның алғашқы суықтары жұмысты ауа райы құбылысындай қылып жіберді: ақшыл әрі аяқтың астында мұз боп сықырлаған табысым қатқаққа айналды.

Үйсіз-күйсіз мен үш күн баспа кеңсесінде тұрдым, одан соң «Теплый Стан» метросының жанындағы сорлы бұрышты жалдадым — қосарлы атау көп ұзамай, кептірілген жеміс боп, ортаазиялық мигранттық география құсап тұтасып кетті: өзбекстан, қырғызстан, теплыйстан...

Жас бала сияқты бойы кішкене, сараң қожайын әйел есігі жоқ, оның орнына көтермелі шымылдығы түсіп, ал терезесін дәу дәкеге ұқсайтын шаң-шаң перде жауып тұрған бөлмесі үшін сегіз мыңымды суырып алды. Жазу үстелі болмады, бастапқыда мен ноутбугімді терезенің алдына қойып, қисайып, қырыммен тұрып ыңғайландым. Артынша жиһаз стенкасына ауысып отырдым. Стенканың есіктерінің біреуі қамал көпірі сияқты көлденеңінен төмен қарай ашылатын. Мен оны үстел етіп алдым. Есіктің ені қысқалау екен, үстіне ноутбук қана сыйды, ал тінтуірге орын қалмады десе де болғандай, олақ қимылдап қалғанда тінтуірді шынтағыммен қағып қала бердім де, ол болса дардың жібі құсап сымында шайқалып тұрды.

Диванның үстіндегі сарғыш қабырғада үш жалаң шеге қылтиып тұрды — тең бүйірлі үшбұрыштың басы сияқты жалпақ, — бір кездері картиналарды не фотосуреттерді ұстап тұрған. Бөлменің қуыс-қуыс терезесі азынап тұрды. Мен оны тығындап әурелендім, бірақ терезеден бәрібір үскірік гулеп тұрды.

Маған жазу жұмысы бірден табыла кетті десе де болады, мен он бес мың рубльге айына бір шығатын журналдың бір бағанасын шығарып тұрдым. Оны бірнеше күнде еңсеріп тастап, сөздерін асығыс реттеп, жылтырақ мақаланың басын құрайтынмын да, редактордың сынына жіберетінмін. Қалған уақытта жаңа кітабыммен отыратынмын. Ал демалыс күнгі кештерді сенімен өткізуші едім. Осылайша қатарынан төрт ай.

Сен екеумізге Сегізінші наурыздың қарсаңында нүкте қойдың. Журналдағы жүзі таныстардың бірі немкетті қалжыңдаған (өкініштісі сол, мен жұрттың бәріне сені айтып арыздана беріппін, біржола есімнен айырылғаным): «Тамаша құрбы. Наурызға сыйлық алам деп шығындалмайсың», — осылай деген, мен онша да танымайтын ақымаққа қауқарсыз жымиып тұра бердім, ал жаным болса ауырған тіс сияқты сыздап тұрды.

Мен бір түрлі қанатым қырқылғандай босап қалдым, менің көкірек қуысым наурыздың желімен полиэтилен құсап желпілдеп тұрғандай болды. Жүрісімді әлдебір түлен түртті, мен салмақты қалпымды жоғалттым, жұлып алынған афиша секілді басым айналды, баладан көз жазып қалған күтуші әйел құсап жан-жағыма алақ жұлақ-қарадым...

Сондай бір күйгелек, мазасыз болып алдым. Кез келген — дыбыс та емес — шалт қимылдың өзінен селт ете қалатынды шығардым. Бірде орындықтан еденге шалбарым сырғып түсіп кеткен. Киімнің осы бір дыбыс шығарып та жарытпайтын, әйтсе де, оқыс қылығы менің жүрегімді ұшыра жаздады.

Маған, мына жаралы аңға, бір-ақ мезетте табиғи апаттар мен қалалық орманның санитарлары жабылды. Редактор шығармашылық мүгедектігімді сезіп, алғаш рет жазған-сызғанымды қайтарып, қоя берді — мақалам сәйкес келмей қапты. Антұрғанды қайта жаздым — қайтадан келмеді — ал керек болса! Ал... Алдап кетті, көзімді жәудіретіп қойып, жер қаптырып кетті арсыз баспагер... Ал! Ал! Қожайын әйел перде үшін бағасын он мыңға дейін көтерді — ұнамай ма? Табаныңды жалтырат!..

Пастернакты қудалағандай жалпы жұрттың мені талауына менің басқа қалада тұратын келіншегім қосылды — осы үшін (кесірінен?) мен үсікке қарамай, тартып отырғам. Қоңырау шалды. Жаншып, титықтатып бітіру керек екенін қай түйсігімен түсінгенін білмеймін: — Оңбаған! Сен бізді тастап кеттің! — ол менімен бұған дейін бұлай сөйлесіп көрмеген. Ал оның жанында менің жүрегі нәзік балам, менің кішкентай ұлым жылап, қамығып отырғанын: — Апа, апа, әкеме айқайламашы! — деп өтінгенін естідім.

Не деп жауап қатқаным есімде емес: — Мен Мәскеуде сен айтқандай «сандалып» жүргем жоқ, жұмыс істеп жүрмін! — деп, сөз қайтарған болуым керек.

Жарым өксіп жылап аяқтады: — Өле қал, малғұн!..

Ал мен мүлде көңіліме алғам жоқ. Боғауыз сөз бұрынғы мәнінен айырылған. Малғұн-ақ болалық. Жарым мені дәл осылай қақпашы деп балағаттай алар еді: — Өле қал, қақпашы!

Екінші аптаның басына қарай сенің жоқтығың тыныс алу мен қан айналымының сырқаты болуды қойды. Уайым сүйекке өтті. Әрқайсысын суырып, жалынға тосқандай, қабырғаларымды от жалады. Ұйықтап кету үшін мен валокординнен қылғыттым — жалбыздан жасалған, кемпірлер ішетін дәрі. Оның екі сағаттай көз іліндіруге көмегі тиетін. Әр таңым ыстығым көтерілумен ататын — өне бойымды бейне бір жанып тұрған спиртке аунатқандай болатын; өзіме оянбайтындай, «кетіп қалды менің аппағым, менің мэрилиншырайлым» деген жалғыз оймен мүжіліп бара жатқандай көрінуші едім...

Бастапқыда мен сені ойлауды ішімдікпен тойтарып көруге тырыстым. Бұлай тынышынан жұбануыма денсаулығым мұрша бермеді. Он екі елі ішегімнің жарасы осынау апостолдық санымен маған қарсы бас көтерді. Күнде таңертең қыжыл өңешімді аямай өртейтін де, өзіме қып-қызыл шоқ құсып жатқандай көрінетінмін.

Түрменің қабырғасы секілді өзіңе деген бірсарынды сағыныштан мен жұмыс істейтін қабілетімнен айырылдым.

Бір кездері епті саусақтарым «березово-карелия» сөздерін өңдей алудан, көркемдеуден қалды — токарьдің күні бітті. Бағанамды тартып алды.

Азып-тозумен және ақыл-ойдың дағдарысымен бір ай өтті. Содан соң мен сені сынық тергендей бойымнан кетірумен болдым. Бұрынғы смс-терімді өшіріп, ноутбукты фотосуреттеріңнен аршыдым. Сенің журналыңа сағат сайынғы экскурсияларымды — мені алмастырған біреу табылмады ма екен деп тексере беруімді доғардым.

Сен мені күйретіп кеттің, екі аяғымды қырқып түстің. Бірақ протезге тұратын, «Калинка» билейтін, мерзімді басылымнан бағана іздейтін кез келді.

Әуелі бөлмені жинастырып алайын деп ойлап, қожайынның шаңсорғышын алдым. Көне диванның артынан жатып қалған шаңның арасынан алдыңғы тұрғынның жиіркенішті мұрасы шықты — сегізаяқтың жұлынып қалған қармауышына ұқсайтын сия түстес қолданылған мүшеқап. Шаңсорғыш рәзеңкеге тұншығып жатқан кезінде дәл бір ат құсап пысқырған.

Бірақ бұдан ары күллі дүниенің сенің ақсары пу-пупидаңа байлануына жол бере беруім керек пе еді? Мен қайтадан кітабыма отырдым да, Марияға жоспар құра бастадым.

Сен оны көргенсің. Маша есіңде ме? Гуглдан табылған аянышты, қолапайсыз қорқынышты неме, сен екеуміздің әлі нағыз мерейлі кезімізде менің поштама хат жолдап бой көрсеткен.

Шынымды айтайын, сен өте қиын болатынсың. Театр қойылымын түсінбейтінсің — драманы да, операны да. Киноны жақсы көрмеуші ең. Ештеңеге шаттанбайтын едің.

Қағаздағы дұрыс ретпен жазылған сөздерден басқа. Сені бір қатігез жәбірлегіш цирк көңілдендіре алатын. Сиықсыз кішкентай адамды кемсітіп жатқан арена.

Сен бұл Машаны көріксіз деп алдын-ала сыртынан тон пішіп қойғансың. Біз көрмеген жанға әбден күліп алғанбыз. Көрмеймісің, ол менің мейлыма семіріп, өлең жолдапты. Сондай қызық жазған: «Сәлеметсіз бе, аметистім. Мен сіздің дәріп-оқырманыңызбын. Бұл сізді оқып тұрамын әрі дәріптеймін дегенді білдіреді. Ғиззатлым, маған сіздің пікіріңіз маңызды...»

Сен осы бір жартылай құнды — аметист мақтауларды және Машаның виршилерін — олар аса ауыр, шаманның сылдырмағы сияқты көп екпінді, қолдан иіп жасаған метафоралары мол болатын — келеке қылғансың.

Маша пейзаждарды: аспанның шырақтарын жауын-шашынмен, жас көшеттерді ләззатпен ұйқастыратын:

Жердің үсті бетон құрсау сызы еді.

Асфальттарда жұлым жапырақ түнейді,

Жаңбыр шамы нұрлы жасын үзеді,

Подъезд асты суық әрі үрейлі.

Жас бұталар әлденені қызғанған

Бір-біріне суық сүңгі қадайды,

Тек Ай ғана бұлттар өпкен, сызданған

Көз қырымен немкеттілеу қарайды...

«Жаңбыр шамы, подъезд асты, жарқын күн, сөйте тұра, ұйқыдасың-ау, құрбым!» — сен қарға құсап қарқылдап тұрып күліп ең. Мен қайтадан айтқанмын. Мәз боп қалдым — сені не айтып күлдіру керек екенін түсіндім. Лирикаға сенің мүлде хошың келмейтін. Мен өзім де сенің күлкіңнің өрескел табиғатының қолайын табу үшін өлең шығаруды әдет қылып алдым.

Қар жауып тұр далада — аппақ, аппақ,

Өлтіремін мен сені отқа қақтап.

Әумесер хорей он екінші шанельмен бірге Сегізінші наурызға тарту етілуге тиіс болатын — бірақ сен сыйлықты күтпестен кетіп қалдың.

Ал Машаға мен ол кезде жауап қаттым. Ұстамды үлгіде мақтадым. Ол шабыттанып қалды. Жаңа өлең жолдады: «Оятқыш қоңырауларын шашады да, түн ұйқым тұманданып діріл қағады».

Мен үндемедім, Маша да біраз үзіліс алды. Желтоқсанда, шамамен біздің сапардың орта тұсында сен алғашқы дайындығыңды өткіздің — екі күнге жоғалып кеттің, содан соң келдің, шамасы, менің әлі үйренбегенімді, жапа-жалғыз зар илеп, запыран құсып отырмайтынымды түсіндің.

Маша мені Жаңа жылыммен құттықтады. Жылтырақ әрі күлкілі: «Көкшілім! Сөзсіз жұрт сізге денсаулық пен бақыт тілейтін шығар. Мен құттықтаулар шоғырында Сіздің есіңізде қалғым келеді. Сондықтан тілейтінім: алдағы жылы үйіңіздің төбесіне жирен торай жабысып қалғай! Біліңіз — мен мерекені жалғыз қарсы алып отырған жоқпын, бозөкпе кішкентай герцог сияқты шашым қиылған, морс ішіп отырмын».

Мен: «Жирен жабысып қалсын», — деп жауап қаттым, қутың шалға тән, карамазовтық жыбырды, әуейі саусақтардың жеңсікқой қимылын сезіп, — кішкентай герцог: жалғыздық, қорғансыздық, қырылған борбайдың жабысқақ бозғылттығы мен құйылған қызғылт морс осыны оятты. Ойпырмай десеңші, көрінбейтін Маша мені бір минутке азғырып жіберді. Бірақ мен саған тым ғашық едім, ал гуглдағы табынушым менің қиялымның тамырын әшейін дөп түсіп, басып қалды.

Ол маған кейін де сирек хабарлар жолдап тұрды. Сондай біреуі сен кетіп, жалғыз қалған кезімде келген: «Каро мио, Сізді ойлап өте алаңдаулымын. Әлденеден жүдеп жүрген жоқсыз ба? Дұрысы, арықтап кеткен жоқсыз ба? Мен өзім ап-арықпын, бірақ арықтарды жаным сүймейді...»

Мен Машаның өзіме жұбаныш болсын деп жіберілгеніне иландым.

Кешенді үй тазалаудан кейін көп ұзамай (менің, менің кінәм, мен сия түстес мүшеқаптан еш қатерлі нышан аңдамай қалыппын!), мен герцогпен кездесу белгілеп қойдым. «Маша, сіз екеуміз жарты жылға жуық уақыт таныспыз. Жүздеселік», — деп жаздым. Мен сән үшін осы бір сыпайы «сіз» дегенде — сақтандым, келешекке «Машенька, рұқсат етіңіз, Машенька, шеше қойыңыз, Машенька, аша қойыңыз...» дегенді дайындадым.

Орталықта, Пушкиннің ескерткішінің түбінде жолығамыз деп келістік. Түнде қар түскен, сызды сәуір әр тараптан анталаған жалаңаш жерден қап-қара секілденді. Малдың шөбі мен дымқыл егіннің — ауыл шаруашылығының күшті иістері аңқып тұрды. Күн жылытуды қайтадан үйреніп жатты, бірақ бір түрлі сенімсіздеу, қызық, құдды бір жылы саусақтарымен о жерді бір, бұ жерді бір сипалағандай.

Мен күтіп тұрдым. Маша кешігіп жатты. Мен қоладан құйылған жеңгетайды айналсоқтап, көзіммен сені іздедім, күнім менің, — Машаның әлпеті сенің мейірімді нұсқаң сияқты екеніне сенімді едім десе болғандай.

Он бесінші минутте қоңырау шалайын деп шештім. Маша алдын-ала нөмірін жіберген — есімде, ол мені сойдақ тістерімен шырылдатып тұрып шағып алған: соңғы екі саны төрт болатын. Ойлашы, күнім, Машаның нөмірінде дәл сенікіндегідей жыланның ақсиған тісі бар-тын.

Маша: «Мен кеп алдым, бірақ әзірге сізді таппай жатырмын», — деп үн қатты, телефоннан Машаның даусымен жағаласып Тверской шулап тұрды. Көлік сигнал берді де, мен оны тұтқаның қайталағанын естідім. Маша жап-жақын жерде болды.

Осы кезде мен Машаны көрдім...

Сен ойлағандай емес. Мен оны көрдім, бірақ бұл Маша деп тіпті ойламаппын да. Мен көзіммен айналаны тіміскілей бердім, бірақ ол өзі кеп маған тіл қатты: — Бұл мен, көкшілім...

Шәлгез жымиды, мен Машаның мені асығыстығым үшін, ер адам бола тұра, шошып қалғаным үшін әлден-ақ жаратпай қалғанын түсіндім. Бұтақтардың арасында қарға қарқылдады. Машаның тісі таймс нью романда кегль он екімен терілген дейтін болсақ, онда алдыңғы екі күрек тісі он сегізінші вердана екен. Тісіне қоса, Машада бүкір адамның жыныссыз әлпеті болды — менің баяғыдағы қағаз қиялымның елесі. Ол скрипкашыға, шашы — иыққа дейінгі сирек майлы каресі — провинциялық Башметтікіндей мүгедек балаға ұқсайтын. Үстіңгі ерні «ме-ні-мұрт-сыз-жет-кін-шек-деп-а-тай-ды, не-гіз-сіз-а-тай-ды!..» дейтін гусар балладасы сияқты. Аздап бөрткен басқан, құдды бір қолмен сызған мұрын. Қызарған, қабыршақтанған маңдай. Ақшыл ұшық шыққан ерін, дәл бір үшке оқитын жасқаншақ қыз сияқты тақтада тұрып бор жегендей. Иығы шығыңқы — есіңде ме, мен саған: «Сорлы байғұс барлаушының бір иығы қалды-ау шығып...», — деп тақпақ айтып ем ғой.

Мен жабайы қимылмен шалт етуге — екі жеңіммен жасқап:

— Бұ неғылған топас ойын? Шын Маша қайда?! — деп, айқайлауға шақ қалдым.

— Сәлеметсіз бе, Маша, мінекей, көріскен екенбіз, — деп, былдырладым мен. — Жүріңіз, кофе ішіп қайтайық.

Енді басқа не істей алатын едім? Мен, әлбетте, Машаны қолынан да ұстамадым, қолтықтамадым да, ол жанымда былқ-сылқ етіп сүйретіліп келе жатты.

— Қалыңыз қалай, Маша? — Мен қайырылып қарадым. Ол мен өзін басынан бақайшағына дейін қарап алсын деп, әдейі қалып қойған сияқты. Енді әрине барлығы сонша жаман емес еді. Кәдімгі көріксіз құрдас — бәлкім, сәл үлкен. Қарапайымдау, жұпынылау киінген — күләпарасы бар тізеге дейін пішілген жұқа көк мамық күрте, төменірек — джинс шалбар мен су өткізетін етік.

— Қалым? Тамаша, менің көкшілім. Дәл кісі жерлеуден келе жатқан бетім...

— Апыр-ай, Маша, бүгін кездесуге қолайсыз күн екенін неге ғана айтпадыңыз? Басқа уақытқа ауыстырар едік. Қайғы сіздің үйіңізде емес шығар?

— Үміттенбеңіз, каро мио! — Машаның көзі жайнап кетті. — Ағам өлді, — ол менің сасып қалғаныма әбден масаттанып қалды.

— Маша, арты қайырлы болсын...

— Арты қайырлы болсынды он бес жыл бұрынғы, ол зорлап тастаған кездегі маған айтыңыз, — Маша сарғыш қаріптерімен ызалана тістенді. — Бірақ менің оны шығарып салмауыма болмайтын еді, түсінесіз бе? — қайтадан өткір қарасын көзінің қырымен атты.

О, Тәңірім! Қашайын, Бүйі құсап аулақ қашайын...

Мен Машаны Кофе-Хаосқа дейін алып келдім — себебі, жөні солай.

Жұманың жайлы кешінде үстелдердің ешқайсысы дерлік бос емес еді. Шылым шегетін жартысынан бір орын табылды. Біз шыршаның ойыншықтары секілді көңілді әрі ақымақ адамдардың арасына жайғастық.

Мен мәзірді парақтап отырдым, Маша бет-аузын бір түрлі керіп-жиырып отырды — ұрыстың алдында маңдайы мен бетін жаттықтырып жатқандай. Мен капучино ішейік деп ұсындым.

— Екі орташа! — деп сұрадым мен Хаостың қызметшісінен.

Әңгіме жүрмеді. Маша ернін жымқырып ап, дәл бір шолтиған құйрық құсатып оңды-солды бұлғаңдатып отырды.

Содан соң:

— Өкінішті, көкшілім. Сіз екеуміз алғашқы әрі соңғы рет көрісіп тұрмыз. Сіз енді келмейсіз... — деді.

Сондай бір өкінішпен айтты. Мен оған не деп қарсылық білдіре алатын ем, күнім? Оның айтқаны рас еді. Өп-өтірік: «Оныңыз не, Маша, сіз екеуміз әлі қанша», — деп жұбатқансыдым.

Маша капучиноға жымқырған ернін тигізді, кенет күтпеген жерден о дүниелік ағасын қайтарып әкелді: — Бірақ сіз Альбертті айыптай көрмеңіз, каро мио. Мен сізге оны көрсетейін...

Маша жағасына қол жүгіртті — өңірі ашық күртенің астынан шағын пиджактың қайырма жағасы көрінді, — жалпақ былғары портмоне сияқты бірдеңені суырып, ішінен кішкентай үш те төрт фотографияны алып шықты.

Суреттен Машаға аз ғана ұқсайтын, көзі шығыңқы башмет қарап тұрды.

— Ол менен үш жас үлкен болатын. Математикаға тәуір дарынды еді. Бірақ әскерден күні біткен шизофреник боп оралды. Оны о жақта зорлаған, көкшілім. Ол өзіне қол жұмсағысы келді, нәтижесінде мені қорлады. Шешем мұны білгенде өле жаздаған. Біз ешқайда хабарламадық — күллі бықсықты ағаш үйіміздің ішінде қалдырдық. Бірақ мен оны кешірдім!..

Маша тым қатты сөйлеп отырған. Оның батыл әңгімесі, шамасы, көрші үстелдерге естіліп отырса керек.

Маша тұңғиыққа қойып кеткендей, аузымен алдындағы шыны-аяғына ұмтыла бас қойды, сүңгіп шыққанда үстіңгі ернінде кофенің қою көбігі тұрды.

— Ол ұйқы безінің обырынан қайтыс болды. Бұның бәрі оған ішкізе берген жаман таблеткалардың кесірінен болды. Ол сұмдық семіріп кетті, күллі шашы сыртына шығып кетті...

Жақын үстелден: — Мұрты түлкінікіндей әкесінің..! — деген дауыс шықты, жастар ду күлді.

Маша, неге екенін, «түлкіні» өз тарапына қабылдады. Ол мұртты ернін сүртті де, капучиносын алып, жауға қарай тартты. Мен әлі ештеңе түсініп үлгермей жатқанда Маша шақар бір одағайды айтып ақырып қап, әдепсіздерге шашып кеп жіберді. Мен сасқанымнан тас боп қатып қалдым.

Күнім — не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Қасықтар мен тәрелкелер салдыр-гүлдір етті. Екі орындық шалқасынан түсті. Зардап шеккен — ақ кофта киген күлегеш қыз — дәл бір кеудесін оқ тескендей көзін бадырайтып, қолын қусырып отырды. Оның көршісі: — Оля-а! Оли-и-чка-а! — деп шақырды да, майлықпен капучино «жарақаттарды» сүртіп жатты. Тютчевтің Гебасына ұқсаған Маша босап қалған шыны-аяғымен айбаттана сес көрсетіп тұрды. Жараланған қыздың досы балағын сілкіп жатқан. Бастапқыда аңырып қалған күллі шылым шегіп отырған бөлік у-шу боп кетті: не мынау, не сұмдық? Кофе мен Хаостың қызметшілері бүлікке бет алып келе жатқан. Үсті былғанып қалған жігіт Машаға беттей беріп еді — оның жасық түрі «өлтіру керек, аяушылық етуге болмайды» дегенді білдіргендей. Кенет аңтарылып тұрып қалды: Маша басын диірмен құсатып айналдырып тұрды. Аузын ашыңқырап, сұлап түсті. Еденде жатып қалтылдай бастады, аузынан сұйық сілекей көрінді, Маша бейне бір ішкен көбікті капучиносын еркіне қоя беріп жатқандай. Біреу «шұғыл жедел жәрдем шақыру керек, тілін тістеп алмауы үшін аузына кергіш қою керек» деп баж етті.

Бұнысы шын талып түскені ме, әлде, ол өтірік талмасы ұстағансыды ма, мен со беті түсінбедім. Маша барлық жанашырлардың қамқорлығын ықыласпен қабыл алды да, бағынышты қалыпта шиыршықталған майлықтан істелген жасанды ауыздықты тістеді. Ол тағы екі минуттей теңкиіп жата тұрды да, ит құсап бір-ақ сілкінді, тез тұрды да, маған өзінің дөңес маңдайын қарата тіл қатты: — Көкшілім! Мені үйіме жеткізіңіз...

Мен жолдан көшпелі-азиатты тоқтатып, Машаны әлдеқалай көлікке тықтым да, оған бес жүз рубль ұстаттым. Ол қарманып, тротуарға түсіп қалуға талпынып жатты, қолын созды: — Кетпеңізші! Кешіріңізші!..

— Қымбаттым, сіздің ешқандай кінәңіз жоқ!.. — Мен Машаны шамам келгенше әрірек тығындап, жүргізушіні қамшыладым: — Жүрсеңізші енді, сайтан алғыр-ау!

Кетті, алып кетті. Күнім, сол кеште мен сені есіме алмадым. Мен Машаға толы едім. Ол екі сағаттан кейін қайта қоңырау шалды. Мен көшенің даусын естідім. Маша азиаттың оны зорлағысы келгенін, бес жүз рублін тартып ап, жолдан тастап кеткенін айтып айқайлады — өліп түсер едім, бірақ физикалық дайындықтың арқасында аман қалдым — Пионерлер үйінде екі жыл мәнерлеп сырғанағам — денемді жинақтап үлгеріп, қырыммен түстім деді.

Мен:

— Маша, дереу милицияға айту керек, — дедім.

— Оны ешкім іздемейді, — деп жауап қатты Маша. — Мен бүгін сізді шошыттым, ардақтым, менімен жүргеннің машақаты көп... Бірақ сізге қоңырау шалып тұруыма рұқсат ететін шығарсыз? — деп тұнжырады.

— Әрине, Маша...

Құдайдың құтты күні! Оның ұялы телефонында сағаттап сөйлесуіне мүмкіндік беретін әлдебір сұрапыл тариф орнатылған. Ол мөлшер дегенді білмеуші еді. Тұтқиылдан тап бергендей кездесулер тағайындайтын:

— Содан соң лавр жапырағын, зімбірді және қызыл бұрышты қосасың... Каро мио, қонаққа келсеңіз қайтеді, мен сізге бір сый-сияпат көрсетейін...

Мен соңғы күшімді сарқып, бас тартуға сылтау іздеп жүргем: ауым жыртылып қалды, бауым үзіліп қалды десем де...

— Қайырлы таң, ардақтым! Тұрдыңыз ба? Мені биге шақырғаныңызды қалаймын... — Маша құлақ жарғағымды көктей, сыңғырлай күлді.

— Сізге ештеңе істеп те керек емес, каро мио. Әуенді естіп тұрсыз ба?..

Бум-ца-ца, бум-ца-ца, бум-ца-ца.

— Естіп тұрмын, Маша...

— Штраус! Ғажап қой ол. Қане, қолыңызды берсеңізші — міне мұнда, беліме қойыңыз да, айналдырыңыз мені...

Жынданып кетуге болатын еді бұдан. Бірақ мен келістім. Біз аптасына жоқ дегенде үш рет билейтінбіз. Мазурка, полька, краковяк, танго...

«Прыг-скок, утром на лужок» деп летка-енка билеп жатқанда мен ереуілге бас көтердім:

— Маша, мен сіздің ойнағыңыздан шаршадым. Құдай үшін, жұмыс істетіңізші!

Ол өкпелеп қалды да, бір аптадай ма, жым болды. Күнім, мен оның өкпешілдігін тиісінше бағаламаппын деп ойладым.

Қоңырау. Тұтқа қатты тұншығып тұрды да, өкіріп жіберді: — Көкшілім, қырсық шалды! Мен сізге қызым бар екенін айтқан едім...

— Иә, Маша...

— Қызым Элеонора. Жасы он бесте. Менің бұрынғы азаматтық некеде болған күйеуім Юра, физик-теоретик, сегіз жыл бұрын ғылымды тастап, бизнеспен айналысып кеткен, Аргентинаға оптикалық-талшықты кабель сататын. Оларды шешендер қалқалайтын. Міне енді белгілі болды, Юра оларға көп берешек болып қалыпты да, олар Элеонораны ұрлап әкетіпті! Олар маған қоңырау шалып, ақша талап етті. Ал Юра жоғалып кетті!..

Лезгинка басталып келе жатты. Шешендермен билейміз.

— Сізге қайтып көмектесе алам, Маша?!

— Сөйлесіп көріңізші олармен!..

— Кіммен?

— Менің Элеонорамды ұрлап кеткендермен!

— Маша, мен шешендермен сөйлесе алмаймын. Әрі не айтам оларға?!

— Сес көрсетіңіз...

Оның орнына Машаны қырық минуттей сабасына түсіруіме тура келді. Сизифтің бейнеті — жұбанбайтынды жұбату.

Мен Машаның Аргентина мен шыны талшық туралы шаңды экзотикасына онша сене қоймадым, бірақ әзәзіл басыңа қай қырсықты үйірмейді дейсің...

— Көкшілім... — мені таңмен өксік оятты. — Кешіріңіз, мен сізге бар шындықты айтпадым. Элеонора... Ол Юраның қызы емес. Оның шын әкесі — менің о дүниелік ағам Альберт!..

Сағаттан сағатқа... Сақтай гөр...

— Мен сол кезде жүкті боп қалғам... Юра бұл туралы сезіктенбеген. Шешендер де білмейді, олар Элеонораны Юраның қызы деп ойлайды. Шешендерге шындықты жайып салсақ ше?! Бәлкім Элеонораны қайтарып қалар? Оларға өзіңіз айтыңызшы, сіздің қолыңыздан келеді, мен сізге сенемін! Мүмкін сізге қоңырау шалу қолайсыз шығар? Мен сіздің телефоныңызды берейін!..

— Маша, өтінем сізден, менің нөмірімді ешқандай шешендерге бермеңіз!..

Мен диваннан тұрдым. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Алыста дар ағаштарына ұқсайтын көтерме крандар сәуле шашып тұрды.

Маша талтүсте қоңырау шалды.

Толқи тыныстайды:

— Көкшілім! Мен бәрін өзім реттеп қойдым. Пәтерімді сатам деп ұйғардым. Сізге бір өтінішім бар — маклер табуға көмектесіңіз! Мен алданып қалғаннан қатты қорқамын!

— Маша, қымбаттым, менің таныс риэлторларым жоқ! Интернетте неше түрлі фирмалар толып жатыр — қарап көрсеңізші...

Мен қоңырауларға жауап беруді қойдым. Смс жібердім: «Мен роумингтемін».

Маша телефоннан хат алмасуға көшті: «Көкшілім, мен сізді қатты сағынып қалдым!», «Қашан қайтып келесіз? Сізбен бір кеңесу керек еді», «Сіздің дарынды саусақтарыңыздың ұшынан сүйдім», «Маған пәтердің есебін швейцар франкімен жүргізуді ұсынды. Келісейін бе?»

Маша дәрі ішу сияқты тұрақты болды — күніне төрт мәрте.

Күн сайын Машадан жаңалық алып тұрдым. Бірақ көп ұзамай, жай қарағанға келмейтін бір драма ойнатыла бастады.

«Элеонораны өлтіріп кетті!», сосын ширек сағат үзілістен соң: «Шұғыл қоңырау шалыңыз, әйтпесе, жүрек жарылып кетеді!»

Мен түршігіп кеттім. Егер Маша өзінің перзентін — Элеонора Альбертовнаны, Элеонора Жалған-Юрьевнаны өлтіре салудан тайынбаса, қаншалық ауыр күйзелген.

Екі сағаттан соң смс алдым: «Сәлеметсіз бе? Бұл — Машаның әпкесі Валерия. Мен Сізге өзінің телефонынан жазып тұрмын. Маша бірінші қалалық ауруханада, жағдайы ауыр». Басқа жазу мәнері, бөтен екпін. Таң-тамаша Маша емес, қарақұмық жармасындай қарапайым Валерия.

Мен иланғам жоқ. Тарс бекініп алдым да, жауап бермей қойдым.

Күндіз: «Бұл — тағы Валерия. Мария нашарлап кетті. Аса күрделі ота жасалғалы тұр».

Күн батарда: «Ота сәтсіз өтті. Арты өліммен тынуы мүмкін. Валерия».

Түнде: «Мария комаға түсті. Қош айтысуға келіңіз».

Кейде мен авторлығына күмәнданатынмын да, менің көзіме оның айлапат дөкей бөлесі бар екені, Машаның табытын күзетіп отырған кезекті башмет елестейтін...

Сағат түнгі екіде мені саусақпен түрткендей «Маша өлді» деген суық хабар ­оятты.

Әсіреқызыл драматургия тәжірибесіз әрі қызуқанды Машаны көрге тықты. Өбектеу эстафетасын кім жалғастырады? Виктория ма?

Таңертең түскені: «Мариямен таңертең сағат 11-де қоштасамыз. Первомайская метросы, 7-нші Парковая көшесі, бәленінші үй, түгенінші пәтер мекенжайына келіңіз. Келгеніңізді хабарлауыңызды сұраймын. Бұдан былай Сізді мазаламаймын. Валерия».

Бәрін: әпкесі Валерияны, физик Юраны, шешендерді, көне табыттағы Машаны көріп қайту үшін Машаның қонақасына өтіп кетейін бе деген ой санамда ара-тұра жылт ете қалып тұрды...

Әйтсе де, бармайтынымды білдім: шақырым жердегі бірінші мамыр мекенжайынан бірінші сәуірдің өтірігінің исі бұрқырап тұрды.

Күнім, сол бір ауыр минуттерде мен сенен бұрынғы қоңырауларым мен хаттарым үшін, «қайт, қайт, тату сөзіңді айт» дегендей артыңнан қуған ұятты мезетім үшін кешірім сұрадым.

Мен сені сол кезде қоя беріп едім, күнім...

Ал күндіз көкшілдің смс-і келді: «Менің өлімім туралы сыбыстар әсіре сілтеп жіберілген. Өлген — басқа Мария. Есалаң әпкем Валерия әдеттегідей шатастырып алыпты, кешіріңіз оны. Жалпы, басымнан сонша дүние өтті — бір жүздеселік! Сіздің Маша».