Поп балалары

Өлер алдында ойыма не келеді? Жанарым мәңгілік жұмылар сәтінде нені байқайды? Қашып бара жатқан өмір суреті қандай? Неон жарнама тақтайшасында қандай сөз тіркесі жыпылықтайды және бұла түннің бір сәтінде ернімде нендей сөз дірілдейді? Осы мұңлы мезетке алдын ала, мерзімінен бұрын, тіпті, жылдар бойы дайындалып, репетиция жасауға бола ма? Бірақ оны не керегі бар? Төленбеген су төлемі немесе шұжық пен маринадталған қиярдың натюрморты сияқты ақымақтықтарды елестетіп, қызықсыз және бос нәрсені айтпау үшін бе...

Сонда мәнді не бар өмірде?

Әлде Құдайға деген риясыз сенімін бе?

Лакталған табытта жатқан мына адамды осымен үшінші рет ғибадатхананы айналдыруда, үстінде кремді тортқа ұқсайтын кесілген ақ шілтері, әйтсе де, табыт ашық, бірақ беті бөлек шүберекпен жабылған, ал денесінің қалған бөлігі жайма астында — бұл адам ымырт үйіріле қайтыс болған еді. Ғибадатхананы кадиломен айналып өткен жерлеуге келгендер, оның ішінде әйелі мен балалары да хош иісті түтінге оранған, ол әрдайым өзі уағыз айтатын солеяға көтеріліп, ашық патша қақпасына бұрылып, жоғары дауыспен: «Иемізге бейбітшілікпен дұға етейік!», артынан хордың аянышты үні жамырай: «Ием, рақым ет!» — деп теңселе тербеліп, құлап барып үзілді, үстіне қыртыстанған алтын түстес киім жамылған. Рәсім тоқтатылды, ел есін қайта жинауға тырысты, жедел-жәрдем де шақырды, бірақ бәрі бекер, көзді ашып-жұмғанша жүрек мәңгі тыныстады.

Сол күні кешке ол жалғыз қызмет етті. Ал жерлеуге бес дінбасы жиналды: сүттей аппақ киінген, қоңыраудың баяу сыңғырымен хордың үніне ілесіп, енсесі түсіп, сүрінсе де ән айтуын жалғастыруда. Олардың соңынан ергендерде жоқтау басым.

Күн сәулесі жарқырап тұр, құдды есінен таңғандай, ақ-қара, тартымды һәм жиіркенішті сәулелер ойынқұмар баладай...

Солтүстік аспан жылтыр-көк, жансыз. Жүгерінің дәніндей біркелкі тастардың арасында жасыл желек желбірейді.

Табытты қабірдің қасындағы ағаш орындыққа қойды.

Күміс қасықтай жарқыраған ақ сақалды протойерей дірілдеген әжімді қолымен матаға көлденеңінен қанқызыл топырақ шашты. Мәйіттің бозарған қолы салбырап жатыр. Мимырт... Құдды адамдар қатып қалғандай. Өліктің өңі де сұп-сұр. Мен осы сәтте хош ауаны тамсана жұтып, кебінін көтеріп, мәйіттен соңғы рет: «Қалайсың?» — деп сұрағым келді. Олай істеуге болмай ма? Шіркеу қызметкері оның жаны Құдайға бұйыратынына сенеді, сондықтан, бетін көруге рұқсат етпеді.

Мыс крест сұп-суық саусақтарына, қасиетті Інжіл кеудесіне қойылды. Жаздың ортасында қар үйіндісіндей қабір пайда болды.

Менің жолым болмады, жалғыздан жалғызбын, ал Сретенскийлерде, әдеттегі діндарлардың отбасы балаға толы: құдай жолына берілген поптың екі ұлы мен екі қызы бар, бәрі күн райындай бірінің артынан бірі келген.

Мен он екі жастамын. Қысқы демалыста осында — Вологдалық ауылға жіберді, олардың әкесі мұндағы ғибадатханада дінбасы, әріректе маңайы шыршалы орманмен қоршалған үлкен ағаш үй орналасқан.

Ярославльдік Охапкиндер де осында келді: әкесі, анасы, екі ұлы және қызы.

Күндіз мұз құрсанған Шарженка өзенінің жағасындағы қарлы бекіністің жанында алысып, әуре-сарсаңға түсеміз.

Бұл ғажайып бекініс үлкен мәрмәр тастардан қаланған, кіреберісі мен атыс саңылаулары өте ептілікпен ойылған; Мұны Сретенский балаларының үлкені, алып денелі Никита жасаған, оны «алтын қолды адам» деседі. Ол кез келген ауа-райында ашықтан-ашық қолғапсыз, бауырсақтай томпиған саусақтары ірімшікке ұқсап, нарттай қызарып, қабыршықтанып, итмұрындай қанқызыл түске боялып жүреді.

Оған бәріміз бірге көмектестік: сіресіп қатқан күртік қарды домалатып, жабыла күреп, жолды аштық. Одан кейін буы бұрқырап жатқан жылымға бірге еріп бардық. Шелектерді ернеуінен асыра суға толтырып, кең алаңға тасып бақтық.

Никита мүсін қашауды (көбіне зиратқа) және жиһаз жасауды шебер меңгерген. Ол да өнер адамдарына тән ащыдан сілтегенді ұнатады, сөйте тұра, тапсырысты уақытында бітіреді. Неге десеңіз, ол өз ісінің нағыз жанкештісі...

Үш батырды бөлек-бөлек қойып, ісмер қолдарымен қардан мүсіндеп, оны сумен бекітті. Бір-бірімен үйлесім тапқан мүсіншелерді әпкесі Дуся гуашьпен гүлдендірді. Батырлар өзіне сенімді, мұз құрсанған өзенді қарауылдап тұр. Алып тұлғалы қаһармандар алтын шынжыр тағынып, қалқан, қылыш, дулыға асынып, алқызыл келбеттеріне көк көздері мен қаба сақалдары жарасып-ақ тұр.

Бала кезінен сурет салуға жаны құштар Дуся-Евдокия алыстағы Бурят монастырында иконаларды бояумен және қалпына келтірумен айналысқан. Ол бекініске де бояуды аямай жақты, шымқай қызыл және көкшіл реңкпен баттастырып, қабырғаға мықтап жабыстырылған екі шарды күмбез секілді жылтыратып бәдіздеді (олар крест салмады, бұл тым артық болар еді).

Дәл осы бекіністің ішкі қорғанысын тегі көнеден тараған тайпаның рухани ізбасарлары Сретенскийлер ұстаған. Ал әкелеріміз дін адамдары болған Охапкиндер және мен бекіністі басып алуға тырыстық.

— Ұрысқа! Русь үшін! — деп, өршелене айқайлады Петюн. Алға ұмтылып, жауған оққа қарамастан, қақпаға қарай ұмсынған кіші Охапкин жаудың табанының астында қалды, дүние ағарып кеткендей...

Есінен тана ұшып түсті.

— Бізбен бірге! Алға! — деп, тамағы қарлыққанша айғайлаған ол.

— Құдайды қосып айт, — Маша әпкесі сөзін түзетіп, мойнындағы орағышына жабысқан мақта-қант қалдықтарын қағып-сілкіп, собалаққа ұқсас жылтыраған күлкілі қызғылт қалпағын туралады, әйтсе де, көп ұзамай, ол өзінің шалажансар айғайына қайта басты.

Алайда, ол әр шайқас алдында шомылу рәсімін жасап, артынан қаруға айналған ағаш бұтағын кадило секілді ары-бері сермеп, айбарлы үнмен: «Құдайға тыныштықта дұға етейік», — деп біртүрлі, жынды адамша сан алуан дауыста өз өзімен сөйлеседі (құдды соңынан хор ілесіп тұрғандай).

Зәрлі Лида Сретенская айтып қоймағанша мұның бәрі алдын ала ойластырғандай күлкілі көрінген еді (ол болашақ белсенді ерікті; ол бар ынтасымен іздейді және бақытына орай жоғалған адамдарды табады). Сол кезде үлкендер Петюнге де, бізге де ұрсады.

«Құлшылық ойыншық емес, ақымақ, білмейсің бе?» — анасы барынша жұмсақ болуға тырысып, өткір жаңарымен көзіне қарағанда ол құрдымға кеткен адамша басын изеп, содан кейін ұрыс алдында тамағы қарлыққандай, өңешінің астымен бірдеңені бүлкілдетті, шамасы, оның басында әлі де жеңіс дұғасы ойнап тұрған сияқты.

Петюнді шіркеуде қызмет етеді деп күтуге болар еді, бірақ ол өз таңдауын жасады да үйінен ұзап кетті. Көшеде гитара ойнайтын, оны бір күні ашу үстінде кетіп бара жатқан жүргінші сындырып тастады, бұл оның өз әкесі еді. Сосын Петюн фотограф болуға бекінді. Пана таппаған жанша әлемді тоқтаусыз шарлады, әлеуметтік желілерді тұмса табиғаттың нәзік те оқыс кадрларымен толтырды.

Есесіне, Митрофан Сретенский рухани тұлғаның рөлін қорықпастан ойнай алды. Мен оның бет-әлпетін ұмытып қалыппын, тек жадымда балауыз дағы бар елтірі құлақшыны қалыпты.

Ол айрықша салтанатты дикциясымен және әдемі де епті қимылымен қиюласқан трагедиялық дауысымен ерекшеленді. Митрофан, жалпы, ешкім сөкпейтін дүниелерді уағыздауды ұнататын.

— Құрметті бауырлар мен қарындастар! — деп, туыстары аяғынан ұстап тұрған күйінде мұз үйіндіден сөзін зор күйінішпен бастар-ды. — Әулиелердің бізге үйреткенін еске түсірейікші. Сіз бен біз — көршіміз, ешкімді қаға-соғудың, тұншықтырудың, бір-біріміздің бетімізге қар бүркудің де жөні жоқ...

Ол осы қорқыныштардың бәрін тізіп айтып болам дегенше, ауыр снарядтар аспанда ары-бері самғай жөнеледі.

Өзі ойлағандай ғұмыр кешуде: Вологдадағы ғибадатхананың дінбасы болды, көп балалы отбасы бар.

Шыны керек, мен басында соғысуға құлықсыз және іске епсіз, әлжуаз Тимон Охапхин священник, мүмкін монах болады-ау деп ойлаған едім. Ол қарды ақырын басып, ұялшақтана лақтыратыны соншалық, нысанаға жетпей, шашырап кететін. Ал кейде шайқас кезінде өз ішіндегі әлденеге арбалып, бір орыннан жылжымай қалатын. Оның адам анатомиясын осылай зерттегені анық, өйткені, әскердегі қызметін аяқтап, хирург болды.

Поп қыздары мықты шайқасатын. Дуся мен Лида жанармай бекетінің қызметіндей жылдам қимылдап, тап бір мергенше көздегенде талай соққысы өзіме де тиіп жататын. Аяқты нысанаға алар соққылары ауыр соғып, тізем солқылдап, содан пимам да қарға толып қалатын.

Біздің әлсіз әскерімізде барынша жинақы, кейде өршелене, тіпті, тылсым бір тағы тоятсыздықпен қар лақтырғыш Маша менің көмекшім болды. Мен өз қамалының қақпасын батырша күзеткен алып Никитаны нысанаға алып, соққым дәл тисе, Машаның қысыңқы еріндері одан әрмен қызарып, қуаныштан босап қалатын. Қызығып, қызынып соққанда ішкі екпіні: «Ой!» әлде «Ох!» — деген одағайларға ұласып, өзіне қарымта қайтып жатса, сыр бермей, қайта жігерленіп, қолы қарға ұмтыла түсер еді.

Маша отбасынан және ғибадатханадан алыстап, Мәскеуде бөлме жалдап тұрды, хипстер барында даяшы болып жұмыс істеді. Ол бір рет маған бір саптыаяқ қою сыра құйып берген (салқын сәлем секілді). Өзі бір баянсыз махаббатты өткеріп, содан кейін орныққан Валаам аралында бастауыш сынып мұғалімі болған.

Күн қатты суық болғанда, қарды жабыстыруға қауқар жетпей, бір-бірімізге жақындай түсіп, әскер мен әскерді бетпе-бет тұрғызып, қарды уыстап бетке, киім жағасына лақтырғанда ақұлпа буынан көз байланатын.

Орыс қысы, Пикассоның алдамшы бейбітшілік сүйгіш көгершіні, бізді қалайы тұмсығымен көтеріп, жауынгер қанаттарымен желпіп өтетін...

Біз бәрінен айтарлықтай ерекшелендік. Тіпті, кішкентай поп балаларының тұрпаты да тосын-ды. Ата-аналарымыз бізге талайлы тағдыр сыйлап қана қойған жоқ, оғаш киім киюге мәжбүрледі.

Арғы беттен ойнауға келген көрші ауылдың балалары жұпыны көрінгенімен, ала-құла киімдері барынша ұқыпты тігілген. Ал біздің киім тым ескі, қазіргі заманға сай емес. Қатаң ұқыптылық пен қолапайсыздық үйлесіп, қоршаған ортада қолайсыздық туғызғандай. Бәрі де қолпылдам тұрғандай, кеңірек әрі ұзындау, рухани киімге сай әлі де өсу керек сияқты. Екі отбасында да балалар жынысына қарамастан, бір-бірінің киімдерін кие беретін. Жалаң қол Никитаның үстінде қой терісінен тігілген тон, аяғында ескі етігі бар. Қыздар үйде тоқылған күртешелерін қысқы бешпеті мен шолақ тонының астына жасырып қойған. Петюннің қара жемпірінің жеңі әртүрлі жүн жіптермен тоқылған, қазір айтамын, көк болуы керек. Алдында суреті бар не жазу жазылған сәнді киім ешкімде жоқ. Бәрімізге үлгілі көрінген Лида болса, юбкасынан мүлде ажырамайды, бұл оған қарлы шайқаста кедергі де келтірер еді.

Мен әкемнің шіркеуіне келіп жүретін кейуана сыйлаған, оның марқұм күйеуінен қалған ыңғайсыз тойтармалары бар тозғын дулығасын кидім. «Шынайы былғары! Кез келген суыққа төзімді!» — деп, анам таң болатын.

— Бұл не? — деп сұрады, ауылдың бір баласы ысқырып қойып. — Биенің ертоқымы ма?

— Ұшқыштың қалпағы! — осылай баяндап, мамық орамалға оранған сүйкімді Машаны таң қалдыруға тырыстым.

Ол ыңғайсыздана әрі жаны ашып балалардың қазіргі өмірі туралы сұрады. Олар сұрақты естігенде қалтырап кетті, бірақ басқа түскен қиыншылыққа мойынсұнып, жасырмай және қулықсыз жауап берді, бәлкім, біздің қарапайымдылығымызды сезінген шығар: «Әкем қайтыс болды», «Менікі кетіп қалды», «Олар маған жұмыс іздеуде, бұл қиын...», «Мен музыкант болғым келеді, сабақтан кейін үйірмеге барамын, өз тобымыз бар, мен онда клавишникпін, үйдегілер: слесарьлыққа бар, сол дұрыс дейді...»

— Музыка жақсырақ! — өжет, айқасқа бейім Петюня құптап қойды.

Мүмкін содан кейін болар, Машаның қарапайым адамдарға қамқорлығы пісіп-жетілді:

— Тек ішпеңдер, шылым шекпеңдер, — деді ол еркелете қайрап, — сендер жақсы оқыңдар, өтінемін...

Оның сөзін Лида жалғап, мына жерлердің иесіндей жөн айтты:

— Жақында мұнда жексенбілік мектеп ашылады. Қандай да бір дұға білесіңдер ме, жоқ па? Жексенбіде шіркеуге келіңдер, менің әкем — поп, ол сендерге дұрыс кітаптар береді.

Сретенскийлер үйде, Охапкиндер гимназияда оқыды.

Әйтеуір, литургияның аяғына дейін тұрып, қызмет етіп, ән айтып, міндетімізді атқарып жүрдік. Бірде, аязды күні тас боп қатқан просфораны кеміріп, балалар күтіп тұрған бекініске қарай аяндадық.

— Не шайнап жатырсың? — деп күдіктене сұрады олардың бірі. — Бір тістей­інші!

— Сіздерге болмайды, — деді алып Никита мұңайып.

Ауыл балалары көз қысып, бізге қызғанышпен, әлдебір ізетпен қарады. Құдды, біз — сиқыршылардың балалары, ерекше бірдеңе жеп жатқандай...

Бірақ арамызда оларға қызғанышпен қарағандар да болды, кейде қатарымыздан қалып қойғандай біртүрлі сезім бойымызды билер еді. Олар теледидарды қалағанынша көрді, түн ортасынан кейін көрсетілетін әдепсіз шоуларды, барлық поп музыканы, «Сектор Газа» тобының бейпіл сөзі көп әндерін кассеталардан тыңдады.

Біз ауыл балаларының балағаттарын естімегендей сынай танытып, өзіміз ондай бейәдеп дүниеден тартындық. Қарға сүрініп, йа, жұдырыққа ілігіп жатсақ: «Жасыл шыршаларыңды...» немесе «Ием, сенің билігің!» — секілді сөзден ары аспас ек. Мұнымыз дүниәуи өмірдегі таныстарымыздың тіркестерінің қасында періштенің бейкүнә тынысындай-ақ көрінері анық қой. Әйтсе де оларды ешкім тыйып әуреленбейтін...

Бірақ Вологда қоғамында қабылданған өткір де әсерлі жұмбақтармен бір-бірімізді тыйып отырдық: «Өтпеді!»

Бірде Никита әйелі мен оның көңілдесі шәй ішуге отырғанда іссапардан қайтып үлгерген күйеуі туралы анекдот айтып бергенде, мен сюжеттен қандай да бір кемшілік байқап, кенеттен мектепте естіген тағы бір анекдотты қуана есіме тү­сірдім.

— Күйеуі іссапардан оралады, — деп бастадым мен, — әйелі мен сүйіктісі мәз-мейрам...

Қарсы шыққан у-шу мен айқайлар құлағымды бітеп тастады.

Поп балалары (мен мұны басқа поп балаларынан да байқадым, мүмкін мен де сондай болған шығармын) бір мезгілде әрі тағы, әрі ағаштай ұстамды болады. Кейде өзін іштей тежеп тұрар, таза меңіреу, ал кейде тізгінсіз де солар, бәлкім, өздерін басқа балалардай сезіне алмағандықтан болар. Кей-кейде айрықша адамдардың арасында көп уақыт өткізіп, үнемі тақуалыққа үндейтін қадағалауда болғаннан тым момын, болбыр да бола қалады.

Бәлкім, олар тозақты ынта-жігермен талқылап, тыйымдардың орнын сонымен толтырғаннан болар. Петяның жол апаты кезінде көлікте жанып кеткен адамдар туралы: «құмырсқалар сияқты», — деп тамсана айтқаны, не Дусяның зілдей мәйітті әкесінің шіркеуден қалай шығарып салғаны жайлы: «бір әженің бүкіл беті шіріп кеткен екен, алтын тістері көрініп тұр», — дегені әлі есімде. Бұл мысқыл аралас қорқынышты әңгімелер ортағасырлық гротеск секілді естілетін.

Дегенмен, «кішкентай поптардың» әсерлі әңгіме айтатын кезі де болады. Мысалы, жануарлар, балықтар, құстар жайлы.

— Бірде үйде үлкендерсіз, жалғыз қалдық... Біз шатырдың астында тұрамыз, — деді Маша күле сөйлеп, өз әңгімесіне жан бітіруге тырысып. — Жуынатын бөлмеде ауа соратын құбыр бар. Петя бөлмеге кіріп кеткен, кенет бар даусымен айқайлады: «Құстаааар!» Ішке кірсек, шынымен, ормандағыдай құстың сайраған дауысы шығады. Олар соншалықты әдемі шырылдайды: тирили-тирили... Біз торды алып тастадық, аңтарыла қараймыз: балапан құбырда шарқ ұрып, шырылдап, анасы жоғарыдан қарап, оны жұбатады. Мен Тимошқа құсты қолмен абайлап алуды өтіндім, ол болса құйрығындағы қауырсынын жұлып алды. Қорап әкеліп, балапанын салдық. Үлпілдік, сары тұмсықты. Біз оны балконға апардық, бірден анасы ұшып келіп, ол да қорапқа түсіп, ұзақ шырылдады да бәрі бірге самғай жөнелді. Кейінірік энциклопедиядан тауып алдым, бұл құс — ақ сақсақай. Ақ болғанда... Негізінен олар түрлі-түсті — сары-қара-ақ, бірақ қандай да бір себептермен оларды «ақ» деп атайды...

Бұрымы алтын құм түстес, талдырмаш денелі, көрікті қыздың айтқан әдеттегі оқиғасы Густав Доренің Інжілдегі кескіндемесіндей тылсымға толы әрі ертегідей таңғажайып болып көрінді.

— Мен оның өлімге көрінетінін естідім, — деді Тимош...

— Кімнің? — деп сұрадық бәріміз аңтарыла.

— Құстың, — деді ол ақырын және сенімсіз, — Егер ол ұшып кірсе, өлімге көрінгені емес пе? Аа...

— Жырым! — Митрофан-уағызшы оның күрсінісін жаңғырта бөліп, сәл кідіріс жасап: Сен осы неге қайдағы бірнәрселерді айтып отырасың?

Негізі ол «ырым» туралы айтқысы келген, тек белгілі қос сөздің соңғы бөлігін ғана айтып, неологизмге дейін қысқартқан түрі.

— Құстар — ізгі хабаршылар, — деп Лида әңгімесіне әр берді. — Әлде, сендер топан судан кейін Нұхқа көгершін ұшып келгенін ұмыттыңдар ма?

— Бізде де су тасқыны болып тұрады, — деді Маша, онымен келісіп. — Төбені тот басқан...

Біз ой үстінде үнсіз ғана ортаға ығысыңқырап, таңғажайыптарға сендік те, кіршіксіз көңілмен күтуде болдық.

Дөңгелек жүзді Сретенскийлердің анасы мен Охапкиндердің ашаң да көрікті аналары босану, балалық шақтағы аурулар, көреген қарттар, дәмді әрі пайдалы тағамның құпиялары туралы көп айтты. Әкейлер болса ара-тұра бірер тостағанды төңкере тастап, әр түрлі шіркеу ағымдары, құрметке лайықты және аса лайықты емес дінбасылар, алыстағы Ватикан, шартарапқа тарап, қанатын кеңге жайып жатқан сектанттар, тіпті, шіркеулерге бойлары үйреніп қалған қарақшылар туралы да тыныштықта сөйлескенді ұнататын:

— Маған бір топ болып жетіп келіпті. Желігіп алған, ашулы. «Сен попсың ба? Баланың жаназасын шығару керек!» — самайын ақ шалған, тұз бен бұрышша жарасқан сақал-мұрты бар, мінезді кісі Василий Охапкин әкей баяндап отыр. — Оларға сөздің төтесін айттым: Кім ол? Тәубеге келген бе, шоқынған ба? Ол да өздеріңдей қарақшы ма? Жоқ, қолымнан келмейді». Олар мені сүйреп алып шығып, зиратқа апарды. «Атып, көме саламыз. Жаназасын шығарасың ба?» Мен басымды шайқаймын. Сол жерге тастады да кетті...

— Сенің ойыңша, менікі дұрыс емес те шығар, — деді басының жиренінен қасқасы көп, пасха жұмыртқасын жаңа жарып шығып, көркемхат суретіне айналған балапандай жарқыраған Иоанн Сретенский әкей, әлгі сөзге келісіңкіремей.— Әредік әлдебір джиптердің жолын ашып, бата қылатыным бар. Әлбетте, алдымен ізгі сөз айтып, Мейірімге шақырамын. Біреуі болмаса, басқасының жүрегінен орын табар оңды сөз.

Кешке жақын Аксаковтың «Багров-немересінің балалық шағын», Лесковтың «Сиқырлы саяхатшысын», Шмелевтің «Құлшылық жазын» әлдебіреу дауыстап оқығанша, саңырауқұлақ, қырыққабат қосылған бәлішпен шәй ішер едік. Басқаларға қарағанда, Лиданың өзі ниет білдіріп, іске кіріссе, Інжілді тәпсірлегендей немесе тіршілік тәмсілдерін таратқандай ғибратты болатын.

Митрофан, анасының талабы бойынша, барын сала беріліп, демігіп тұрып, қолдары қоса қимылдап, жыр оқитын:

Ақылман аждаһа айырын,

мұздаған ұртыма, қайырып,

салған-ды оң қолын қан көміп...

Ол «тоңазыған» демей, «мұздаған» деді, бейне мұздатқыш екпеден кейін айқара ашылған ауыз қуысына төне түсіп, сиқырлы іске кіріскен тіс дәрігеріне осы әңгіменің қатысы бардай нығыздап.

Кейде шәйдан кейін Дуся ақ шілтерімен әдіптелген қаракөк көйлегін киіп, электрофортепианода ойнайды. — Чайковский немесе Свиридовты, бірақ ол әдетте жалғыз жаттығады. Ешкімге кедергі келтірмеу үшін құлаққап киіп алады, сосын бөлмесінен үздіксіз, сүйектен өтердей ащы тықыл естіледі.

Маша ән айтты. Тым нәзік сықырға дейін бойын түзеп, шап-шағын, үлпілдек кеудесін кере, тап-таза дауысын созғанда жүрекке жеткізді. Сол бір сәтте үркек көздері жасаурап, ақсары қастары мұрын қырына ұлпадай төгілген еді.

Ол сол демалыста екі-ақ рет ән салды. Жаттыққан дауысқа қатқақ мұзға құлаған құсқанат қардай жан жадыратып, жеп-жеңіл жата қалатын «рухани халық әнін» алдымен оның туыстары жан-жаққа сүйреп, өз кезегіміз келгенде біз де аянып қалмадық, түгел көмектестік:

Ой, масайратады бұл бағыт,

Жиһангерлер жүр ырғалып...

Русалимге жетелейді

Періштелері нұрланып.

Аллилуйя, аллилуйя,

Періштелері нұрланып...

Күннің нұры төгіліп тұр, оған қоса күні бойы ауылдағылармен бірге үлкен қар шарларын домалаттық, содан кейін төбешікті аяғымызбен, күрекпен, тіпті, бөренелермен таптадық.

Ертеңіне аяз үйірілгенде, шелектермен шұңқырдан су әкелінді. Ол жерге шашырап қара ұңғыманың маңайы түгел сұрқай тартып, тайғақ болды, адамды еріксуз билеуге мәжбүрлейді.

Никита жендеттің шапшаңдығымен баспалдақтардың астына төселген және ойылған кесектердің бойымен биік тақтайшаға көтерілді, шелекті абайлап еңкейтіп, тегіс, тік ылдидан баяу құйып жіберді. Сонымен, шелектен соң кезекті шелек су ағып, қарды бұрынғыдан да қалың қатпармен көмкерді. Қараңғы қоюланды, біз уақытты өлтіру үшін жұдырығымызды түйіп-жазып — «тас-қағаз-қайшы» — ұшуды реттеудің ойынын ойнадық (бізге қарағанда шаналар аз болды), содан да болар айқайды бірден естімедік.

Ажал алдындағы дәрменсіздіктің ащы өксігі...

Бірінші болып төбе көрсетіп, сол баяғы слесарь болғысы келмеген ауыл баласы көмекке келді.

Жағалаудағы соқпақпен жүгіріп келе жатып, күллі шаруаға күлкі шақырар жалғаншылық жалғап, көк жалқынға оранған ымыртта оның су алған шұңқырға қарай ұшып бара жатқанын, қараңғыда еңкейіп, қарайған затты алғалы ұмтылғанын, сол сәт соңынан жеткен Никитаның жұлқып, оны оқыстан епті Митрофан құшақтай алғанын көзім шалды.

Шалқан туралы ертегі «үш» дегенше сахналанып, қарайған зат су алар шұңқырдан құтқарылса да, ызыңдап, ыңылдап жүрген Лида болып шықты. Оны енді үйге апара жатыр. Малмандай болған ұзын белдемшесі аяғына оратылып, су перісінің құйрығындай қабыршақтана бастаған екен.

Бұл ауыр оқиға демалыстың қызығын кетірді, тіпті, төбедегі әуесқой жарыстар бар сиқыры мен қызығын жоғалтты.

Күткеніміздей, Лидаға суық тиіп, жөтел қысып, денесі күйіп-жанды. Шіркеуде әртүрлі амалдар жасалып, Құдайдан рақым мен шипа сұрап, дұғалар оқылды. Біз үйде аяғымыздың ұшымен жүріп, өте сақ және баяу қимылдадық; бір сәттік шулы шатығымыздың кесірінен оны жоғалтып ала жаздағанымыз жанымызға батты...

Жиырма бес жылдан кейін сол балалардың бірі дүниеден озды, бір-бірімізге телефон соғып, негізінен жазысып, бірауыздан жерлеуге баруды ұйғардық.

Мен «Медведково» метро стансасының қасынан автобусқа отырып, түнделетіп жолға шықтым. Ұйықтай алмадым — көліктің бейберекет селкілдегенінен бе, әлде, басымда қыз-қыз қайнап, бетімді өртеп бара жатқан ойлардан ба? Не үшін келе жатырмын? Мен Сретенскийлер мен Охапкиндер арасындағы жақын достық барын білмедім және шын мәнінде олардың ортасына кездейсоқ түсіп қалдым. Кейін де сирек жолықтық, көбіне Мәскеуде әкемнің қарамағында қызмет еткен дін қызметкерлері кездесіп тұрды. Мені осы поптардың ұл-қыздарымен алыста қалған қыстың қысқа демалысы табыстырған еді. Бірақ беймәлім бір күш бар шаруамды жиып тастап, өзім аса араласа қоймаған адаммен қоштасып қалуға асықтырды. Әйнектен беймәлім қара түнекке көз салдым, бөтен әлем көмескіленеді, әбіржіген жүзіме әлдебіреу фоторобот жасаған секілді, қызғылт жарық қайта туғанша, орман мен өрістер көз ұшында бұлыңғырлана берді. Бәлкім, мен де сол баяғы, бейтаныс, сөзбен айтып жеткізе алмайтын, өз жолын табу үшін ат үстінде адасқан жолаушыдай, жылдар бойы шіркеу мен балалық шақтың жылы табалдырығынан аттаған көшелер мен аллеялар бойымен алысқа ұзатып жіберген жетімдікті жұбатуға тырыстым ба? Өйткені, біз әртүрліміз, бөгдеміз, ерекшеміз, сөйте тұра, біз жылдар шеңберінде қанша кездессек те, бір-бірімізге бірден жылы шырай танытып, табыса кетпейміз. Бұл бізге берілген бата мен қарғыс — мүмкін азғырушы жындар мен қорғаушы періштелерді бірдей қабылтайдайтынымызда қандай да бір күлкілі һәм қорқынышты шындық жатқан болар. Бәлкім, бізде беймәлім әртістік мәнер бар, мүмкін өмір ойыны, тіпті, ол шынайы болуы ғажап емес... жабайылау, көнелеу, тәуекелшілдік пен қызметке құштарлық та болуы мүмкін.

Іштен тұншығып шыққан осынау бұралаң сөздер кенет тарқады да, ары қарай ойым жоқтау үніне, жылап тұрған әйелдер мен үрейленген балалардың, мәңгілік сенім мен даңқты өлімнің нұрынан қуат алғандардың арасында қаңғыды. Марқұм сол сәтте шіркеудің басты бөлмесінен мәңгі мекеніне шақырылып жатқан-ды.

Әр қоңырау бірінен соң бірі жаңғырды — кішісінен бастап үлкеніне дейін — өмірдің өтіп бара жатқанын еске салғандай, одан кейін қоңыраулар бір мезетте дабыл қақты, бұл бәрінің аяқталғанын, үзілгенін, күйрегенін білдіреді. Осылай жалғаса берді...

Барынша берік болуға тырысқаныммен іштей таңғалып тұрмын, ескі тақташаларға бірнеше рет сүрініп, әлдекіммен үнсіз амандасып, бас изедім (келе алмағандар да бар), үш жас дін қызметкерлері мен екі орта жастағы кісінің артынан ілестім, олардың бірі бақытсыз әке еді...

Олар ақ арқанмен табытты асықпай жерге қойды.

Жылдам көміп, ептілікпен үстіне қара металл тақтайшасы бар айқышты жапсырды, оның күнмен шағылысқан алтын зерінде: «О. Митрофан Сретенский, 1981—2017», — деген жазу бар.

Қара көйлегімен түстес мойынорағыш тағынған Маша сақтықпен қасыма жақындады, баяғыдай ақсары бұрымы төгіліп тұр.

Бір-бірімізді құшақтап, үнсіз тұрдық.