Қарашы, әне! Өлеңнің періштесі...

* * *

Қарашы, әне! Өлеңнің періштесі,
аңғалдығын ғаламның сеніп кешіп,
адалдықты сүюден жалықпайды,
қанатымен қауырсын қалықтайды.
Алданбаған арманның иесіндей,
мөлдір, таза бір мұңның киесіндей,
жараланып жатса да нәзіктігі,
іздемейді ол, кінәлі, жазықтыны.
Сатқындықты сезінсе, жылап қалып,
тағдырының әр сәтін сұраққа алып,
сол періште күйімен кешірімді,
өлең болып тербейді бесігіңді.
Өмір болып оятып сәби күнді,
өмір болып жұбатып фәни мұңды,
саф ауасы секілді ғаламыңның,
тұнықтығы секілді жанарыңның,
аңғырттығы күн кешіп бала шақта,
үміт сыйлап барады болашаққа...
Көзің салшы, періште жыр құсына.