Өзендер
(«СУ КІТАБЫНЫҢ» ҚИЫНДЫЛАРЫ)
Сена
Бұл өз өмірімде, басқа өзендерге қарағанда, әлдеқайда ұзағырақ көрген өзен. Сена өзенінің жағасында он төрт жыл өмір сүрдім. Шамамен, он төртке жуық. Қалай болғанда да, алғашқы он бір жыл мықты париждік болғаным рас. Менің басқа қаланың тұрғынынан гөрі париждік болуымның өзі қызық (Мәскеуде, екі «отырғаныммен», эмиграцияға дейін және одан кейін, мен, қалай дегенмен, аз өмір сүрген екенмін)! Мен нағыз «parido-мын» және өзімнің «Paname-мды» жақсы көрдім, өйткені, нағыз париждіктер («parido») өз астанасын жаргон тілінде осылай атайды. «Paname» — ғасыр басындағы Панама каналындағы жанжалға байланысты деп түсініңіздер. Ғасырдың бұл жемқорлар жайлаған кезеңіне Фердинанд Лессепстің қатысы бар. Сондықтан, париждіктер астананы «Доллар банкнотына қатысты жанжал Париж арқылы өткен» деп айтып жүр.
Сена. Сен-Луи аралының Анжу жағалауында «Пимодон» қонақ үйі (Ол сол «Лозен» де), онда 19 ғасырдың ортасында Шарль Бодлер (ол және Теофил Готье) өмір сүрген және онда нашақұмарлар клубы орналасқан болатын. Мен бірнеше кітаптарымда Бодлер үйін табанды түрде атап көрсетуім де бекер емес. Мәселе мынада, Шарль Бодлер мен үшін жаңа қалалық эстетиканың негізін қалаушы ғана емес (оған дейін өнерде ақсүйектік: жер иеленушілік — ауылшаруашылық эстетикасы басым болды), ал біз, Інжілге сүйенгендей, бүгін де сол ұғыммен өмір сүріп жатырмыз. Ол, сондай-ақ, заманауи әлемді, қазіргі қала өмірін ойлап тапқан адам... Ол және Бальзак болатын.
Сондықтан, мен Сент-Луи аралындағы Бодлерге жиі барып, күнге қыздырынып жатуды әдетке айналдырғам. Мен өзіммен бірге америкалық иыққабымды алып, оған төсек-орын, бір-екі француз кітаптарын, күнделік қылып, және шығармашылық зертхана есебінде қызмет ететін дәптерімді салып алдым. Кейде сэндвич пен шарап қосылады. Менің маршрутым біреу және қайталана беретін болды, өйткені, Париждегі барлық жылдарымда (1985 жылғы алты айды қоспағанда) мен оң жағалаудағы үшінші ауданда, атап айтқанда, Марэде тұрдым. Онда менің үш мекенжайым болды: 54, Rue des Archives, Rue des Ecouffes (нөмірін ұмытып қалдым) және 86, Rue de Turenne. Барлық үш тұрғын үйден жағажайға, Сенаға дейін бес-жеті минут еді. Сіздерге түсінікті болсын, ескі француз тілінде «aэ» сөзі «батпақ» дегенді білдіреді. Екінші мыңжылдықтың басында Нотр-Дамға қарама-қарсы оң жағалаудың ауқымды аймағы батпақ болған. Мен әдетте Сенаны алғаш рет Пон-Луи Филипп бойымен кесіп өтіп, содан кейін (әрдайым Бодлер үйіне қарап) Сен-Луидің жіңішке аралына асам да, арғы беттегі аралды айнала ағып жатқан Сена өзенінің басқа қолтығынан шыға келетінмін. Сол жерде, Сен-Луи мен Ситэ аралдарын байланыстыратын шағын көпірдің сол жағында, осы жерден төмен орналасқан тас төселген жағалауға түсіп, сонда жатуды жөн көретінмін. Дәл осы бал-бал тастар Париж баррикадасы кезінде іске жараған еді. Мен тот басқан темір арқандардың тұсындағы адам қаны сіңген бұл сасық тастардың үстінде жатуды ұнататынмын. Онда мен төсек-орынымды жерге жайып тастап, зәйтүн түсті жауынгерлік шалбарымды шешіп қоятынмын (Калифорниядағы әскери киім сататын sekond-hand дүкенінен бірнешеуін сатып алған едім). Шалбар, етік және футболкамды басымның астына жастап, денемді күнге қақтап, ұзақ жататынмын. Біраздан соң осы жағажайдың тастарында тұрақты дем алушылары келе бастайды. Бәріміз бір-бірімізді танитынбыз, амандасатынбыз, бірақ бір-бірімізге қатты жақындамауға тырысатынбыз. Тура көз алдымда Нотр-Дам-де-Пари ғибадатханасының артқы көрінісі тұратын. Артынан қарағанда табанына бүгіле жатқан ғарыш кемесіне ұқсататынмын. Собордың бір бөлігінің сыртын камуфляжға ұқсайтын тоқылған шырмауық торы басып тұратын. Дәл сол жерде Сена екіге жарылатын. Бізге жақын қолтық бойымен құм, көмір, отын тасыған, қырылдаған баржалар Конкорд алаңынан Александр III көпіріне және Трокадеро мен Эйфель мұнарасына қарай бағыт алатын. Қолтықтан алыстау жерде өзеннің екінші тармағымен де соларға ұқсас баржалар, қарама-қарсы бағытта, Ботаникалық бақ пен Аустерлиц теміржол вокзалының маңайлап кете баратын. Жылы күндердің орнауымен Сена жағалауы бірден осындай жабайы жағажайларға толатын. Ал, тармақтың орталық бөлігі, йағни, Лувр маңында, Тюильри бағының жанында жабайы жағажай одан да көп. Қаланың барлық «панк» жасөспірімдері Мәңгілік өзеннің жағасына ағылатын. Бірінші мыңжылдықтың аяғында, екінші мыңжылдықтың басында Сена өзенің суларында нормандық жауынгерлердің кемелерін көрінді. Бұл немістер Парижге шабуыл жасады. Бірақ олардың саны бізден аз болды.
Мен Сена өзенінде жүздеген өткінші, сағымдай бақытты күндерімді өткіздім. Күн қызуына күйген, қаланың лас ауасынан тітіркенген терілерім аши бастады. Бойыма сіңген шарап құдыреті, америкалықтар айтпақшы, «groggy» өзімді аздап топастау ұстауыма септігін тигізді... Париждік бойжеткендер қатарыма topless орналасты. Аппақ төстері мен омырауларын жоғары қаратып жатқандары сол еді, жоғарыдағы көпір жиектемесінен асылып, дамымаған ұлт өкілдері, жүн-жүн арабтар қарап тұрды. Бірақ шынтуайтында дамымаған ел емес, бір Алла мені кешірсін, сарказммен айтамын. Олардың салт-дәстүрінде қыздардың, қаланың қақ ортасында кеудесін көрсетіп жатуы, әдептілікке жатпайды. Кейде менің әйелім Наташа да бір жаққа кетіп бара жатып, осы жерге соғатын болды. Ол менің ортамда бір сағат болғанның өзінде себепсіз ашуланып, маған қолайсыздық әкелетін. Көбіне суретші Уильям Бруи, Луи Арагонның атақты «Paysan de Paris» романының кейіпкері болып, өзімді сорлы сезініп жүрген бейбаққа, йағни, маған — Париж шаруасына келіп жүретін. Ол сол жылдары осы жағажайға жақын жерде тұрды, оған Сент-Луис аралында тар, жіңішке, қуықтай пәтер бұйырған болатын. Мұнда біз бірнеше рет Нотр-Дамға қарай отырып, қала көліктерінің газының түтінін жұтып, туристердің айқай-шуы ішінде, арабтар мен жалаңаш қыздардың көз алдында талай пикник өткіздік. Мен, Наташа, Вилли Бруи, Тьери Мариньяк және басқа да адамдар бар. Сол жылдары олардың саны өте көп болатын. Сондықтан, Сена жағасындағы жер менің бас кеңсем болды. Сена суына сүңгуге ешкімнің батылы жетпейтін. Көп жылдар ішінде суға түскен адамдар санаулы болды және есімде қалды. Әсіресе, қатты ыстық болған кезде мен бірнеше рет суды тіземе дейін ғана кештім. Жол төсемдері де аса ептілікпен еңіске қарай құлдилап, судың астына түсетін. Толқындармен жағаласып ойнаудан шаршаған біреу кенеттен шыққысы келсе, оған ыңғайлы тас жол аяғының астында жататын. Шаршап-шалдығып, жағалаудың тік биігіне шығудың қажеті болмайтын.
Парижде өмір сүрген жылдарым менің өмірімдегі ең бақытты сәттерім болып қалатыны сөзсіз. Сена суымен бірнеше рет жуылған тізеге дейінгі аяғымның терісіне де ештеңе болған жоқ. Соған қарағанда, бұл су соншалықты қауіпті болмауы керек.
Лотректің 80-ші жылдардағы париждік өмірімнен түсірген тамаша фотосуреті бар. Ол суретте мен Нотр-Дам-де-Паридің шатырында тұрмын, ал алыстағы Эйфель мұнарасы Сена көпірінің астында жатыр. Жерар Гастоның тағы бір фотосуреті бар, онда мен Сент-Луи аралының солтүстік шетінде кеңес солдатының шинелімен қараңғыда отырмын. Түскен жарқыл мені қараңғылықтан алып шықты. Парижде, қайда барсаңыз да, Сена сол жерде. 80-жылдардың аяғында Шарль Бодлердің «Зұлымдық гүлдері» атты шығармасына жауап ретінде «Сена өзенінің құдыреті» деген жауап жазғым келді, бірақ оған рухым жетпеді, өкініштісі — сол.
Ол қаланың ауа райын хабарлап тұратын диктор еді. Оның үстінде «қараушылары» бар еді. Сена Париждің барлық маршруттарына кіреді. Мен бұл қалада көп жұмыс істедім: он роман, алты әңгімелер кітабын жаздым, маған қуатымды бір нәрсеге жұмсау қажет болды. Түс ауа, түскі асымды ішіп алғаннан кейін, мен өзенге шығатынмын, әдетте Луи-Филипп көпіріне жетіп, оң жағалауымен көпірлердің әрі қарай жаяу жүретінмін. Менің сапарым Конкорд алаңында аяқталатын. Кейде, тіпті, мен Александр III көпіріне дейін жетіп, солға бұрылып, Елисей алаңынан бір-ақ шығатынмын. Содан Триумф аркасын бетке алатынмын. Мен қайтарда да өз аяғыммен оралатынмын. Триумф аркасын және кері қарайғы жол он екі шақырымнан астам болатын. Қыста мен әдетте тізеге дейін жететін қызыл америкалық етік, Қытайда тігілген түсі хаки, жағасы жоқ күрте мен мойын орамал киетінмін. Күртемді белбеумен тартып қоятынмын. Менің басымда не киім болғанын ұмытып қалыппын.
Тез-тез жүріп келе жатып, ойға шомдым. Луи-Филип көпірінен Париж әкімдігіне, «Hotel de Ville» үйіне жететінмін. Қалалық әкімдік ғимараты жаңадан салынған болатын. 1871 жылы Париж коммунасы кезіндегі қираған ескісінің орнына салынған еді. Бірақ әкімдіктің өзенге қарайтын жерін қыш тақтайшалармен (Грев алаңында сол кезде көп азап шеккен жерін — өлім жазасына кесу мен азаптау орнын) жауып тастады. Заманауи айлакер әкімшілер Гревті Париж картасынан алып тастады, ол қазір Place de l’Hotel de Ville деп аталады. Greve есімі бүгінгі күні ереуілдің атауы ретінде қолданыста. Ертеде ұзақ уақыт бойы, ол өлім жазасына кесілетін орынға айналмай тұрып-ақ, Сена жағасындағы бұл жер жұмысы жоқ, Grevе жағдайында болғандардың жиналатын орны болды. Йағни, бір кездері бұл аудан Жұмыссыздар алаңы деп аталған. Әрі қарай Сена (әрдайым одан: жазда дымқыл үй жылуы, қыста өңменіңді тесіп өтетін ылғалды суық есіп) «Самаритэн» дүкендердің жанынан Пон-Неф пен Өнер көпіріне дейін жететін. Сена өзенінің бойына жағалай талшын ағаштары отырғызылған. Егер бұл көктем болса, онда олардың гүлдері хош иісті, ал күз болса, тротуарда сансыз жасыл қабықшалары жарылып, немесе жемістерінің үлкен қоңыр тастай дәндері жатады. Оңға қарай біртипті, қара-сұр, тек үш қабатты, аласа Лувр казармалары созылып жатыр. Содан кейін Лувр аяқталып, Тюильри бағының қоршауы басталады. Сенадағы Тюильри өзеніне қарама-қарсы жерде байырғы баржалар бар. Онда байлар тұрады. Жазда палубалардың шезлонгтарынан қолдарында көзілдіріктері, гүлдері бар қожайындарын көре аласың. Сіз Сена бойымен шексіз жүре аласыз. 150 жыл, одан да көп және ешқашан жалықпайсыз. Парижде (мыңдаған беттер) қалған күнделіктерімнің бір жерінде осы он төрт жылдық серуендердің жазбалары болуы мүмкін.
Барасың, етігіңді тықылдатып жетесің. Жалғыз. Өзен мен көне тастармен жеке қаласың. «Самаритэ» әмбебап дүкендердің сауда ғимараттары аяқталды, ал Лувр алдындағы ғимараттардың арасындағы саңылау арасынан шіркеу көрінеді, ол жерден Әулие Варфоломей түні — гугеноттарды ұрып-соғу үшін дабыл қағылған. Сенадан жүз-ақ қадам жерде... Сена соның бәрін көрді, барлығын естіді. СПИД-ке шалдыққан жалғыз науқас Рудольф Нуреев өмірінің соңғы айлары мен күндерінде Вольтер жағалауында серуендеген...
Еділ
Адамдар үздіксіз өліп жатыр. Кәрі де, жас та. Менің есімде... Кимри қаласындағы төбелескіш жас баланың үсіп қалғаны. Оның лақап аты «Вася» болатын. Бірде мен Дубна қаласына бардым. Онда мені кітапханада сөз сөйлеуге шақырды. Сапардың соңы жабайы бұзақылыққа ұласты. Дәлірек айтсақ, біз ол жерге кәдімгідей келдік, мен ойлағандай, оқырмандармен кездестім. Сол кезде менің көз алдымда «Вася» еш себепсіз офицерді аяусыз ұрып-соққанын көрдім. Оның басындағы қалпағы домалап бара жатты. Мәселе, бұл да емес... Бірде «Вася» үйден іш киіммен шыға салады. Оны сөйлесуге шақырады. Сол кеткеннен қайта оралмайды. Ол кезде ол әлі кішкентай болатын, бәлкім, сондықтан, шектен тыс тентек болған шығар.
Мен Кимрыда бірнеше рет болдым. Өйткені, партиямыздың негізін қалаушы Тарас Адамович Рабконың ата-анасы сонда тұратын. Бұл тарихи тұлға «Лимонка» газетін шығаруға сындырды. Ал оған дейін ұлтшыл большевиктер партиясын тіркеді. Кейінгі жылдары ол бізден біртіндеп алшақтап кетті. Оны көруге Лизамен бірге Кимрыға барғаным есімде. Сірә, бұл 1996 жылдың жазы болса керек, өйткені, 1997 жылы мен негізінен Орталық Азияны аяқ асты саяхаттадым, содан кейін Ставропольде — Шешенстанмен шекарада болдым. Дәл сол жерде Мемлекеттік Думаға алдын ала сайлауға қатыстым. Мәселен, 1996 жылы...
Тарас пен Лиза бір-біріне ұқсайды. Аға мен әпке сияқты. Екеуінің де көздері көгілдір сұр, екеуі де қайыстай қақпыш арық, қуаң жүзді, өңі солғын. 90-шы жылдардың ортасында біреу Тарасқа оның украиндық фамилиясының Рабин мен Рабиновичпен бір түбірден шыққанын және осылайша раввин мамандығына оралатынын жеткізеді. Тарастың маған жасырын, үлкен қорқынышпен айтқаны бұл... Демек, Тарас пен Лиза Израилдің бір руынан болуы мүмкін. Лиза Кимрыдағы Чапаев көшесінде диванда отырғанда мен Тарастың анасына: «Қараңдаршы, аға мен қарындас сияқты, олар өте ұқсас екен», — дедім. Тарастың анасы Лизаға қарап, ғашық болды. Тағы бір нәрсе, Лиза бұл махаббатқа ұзақ бөлене алмады, ол 1998 жылдың наурыз айына дейін бізге «Лимонканы» жарнамалағанымен, менің қасымда ұзақ қала алмады. Лиза бәріне ұнайтын, менің анам да жақсы көретін. Мәскеуде анам Лизаны «торғайым» деп атайтын. Бірақ торғайдың птеродактилдікіндей тістері болды, оны мейірімді әйелдер — біздің аналарымыз аңғара қоймады. «Птеродактил тістері» деп мен асыра айтқан да шығармын, бірақ Лиза, ох, Лиза, оның өзін және оның өмірге деген құлшынысын түсіндіріңізші?! Жоқ, ол өзі ойлағандай жалғыз және ешкімге тәуелді емес еді. Ол тек бір ер адамға емес, көпке, барлығына, бүкіл әлемге тәуелді болғысы келді. Біз бірге өмір сүре бастағаннан кейін алты ай өткен соң, мен оның ескі байланыстарын үзбейтінін білдім, ол өз желісіндегі өрмекші сияқты мезгіл-мезгілімен, тіпті, ең ескі бұрыштарды аралап, шыбындар сорып тастаған өлілерге де жетті. Ол ескі ғашықтарына да барды.
Негізі бұл жерде қандай қылмыс бар? Ол солай болды... Алайда, бір қылмыс бар — ол тірі махаббатқа қарсы шығу. Өйткені, тірі махаббат толық болғысы келеді және өз жағынан өлі махаббаттардың бәсекелестігіне төзбейді.
Мен оған алғашында эстетикалық мәнді мүсін ретінде ғашық болдым. Сосын оның жезөкшелігіне ғашық болдым. Бұл екі ілгек ұзақ уақыт бойы онымен бірге болуыма жеткілікті болды. Оның бойы шамадан тыс биік (суретші әкесінің бойы екі метрдей, ысталған арқан сияқты болатын), нәзік бітім, сәбидікіндей бөксе, баланыкіндей тізелері бар сұлу аяқтар, аяқтарының арасындағы тар кіреберіс, әдемі омырауы, сондай сымбатты, жаңа піскен қауындай болды. Оның келбеті шетелдіктерге, еврей әйелі кейін ойға келді, идеалды француз әйелінің келбеті ме, егер мұндай нәрсе бар болса, әйтеуір, қоғамның жоғарғы тобынан секілді еді. Оның бар болмысы талғампаз келбетінде тұратын. Осының бәріне қарамастан, ол ешбір шет тілінде сөз білмейтін, оның ой-өрісі күнделікті өмірмен шектелген, оны тек достары мен туыстарының өмірі қызықтыратын. Әпкесі, әкесі, анасы, жиені, Никита — апасының күйеуі және көптеген ескі және жаңа ғашықтар.
Менімен өмірінің алғашқы айларында ол жібіп, жұмсақ, жалқау, тыныш және бақытты әйелге айналды. Сосын ол қайтадан ашуланшақ болып алды. Ол кішкентай кезінде менімен бірге еденде сағаттап Эдит Пиафты және менің аудармаларымды тыңдап, шарап ішіп, бақытты көздерімен қарап отыратын. Бірақ мен оны бұл күйде ұзақ ұстай алмадым. Ол маған мұны істеуге рұқсат бермеді. Ол бір жерге асығып бара жататын және ол жиі қайталана бастады. Бірақ маған деген нәзік сезімдері оны жеңді. Бәлкім, ол маған дейін біреудің қатыгездігінен соққы алған шығар.
Осындай серпілістердің бірінде біз Кимры қаласына бардық. Онда Савеловский стансасында электр пойызын қуып жеттік. Біз ата-анамның үлкен қонақжай пәтерінде хош иісті дастархан басында отбасылық түскі асқа отырдық. Мен әкем Адаммен арақ іштім. Қарақшы болып өскен бұзақылармен — Тарастағы бала кездегі достармен — біз Кимры жолдарымен үлкен жылдамдықпен жүрдік. Провинциялық қалаларда әрқашан аяқасты пайда бола салатын түсініксіз істер үшін. Біз базарға бардық, доңыз етін сатып алдық, оны батыл, қарақшыға айналған бұзақылардың бірінің ағаш үйінде маринадтадық. Орман жолымен лай Еділ жағасына қарай жүрдік. Олар демалыс бұрышын ұйымдастырды. Жаңбыр жауып тұр. Мен балалармен бірге лай Волгаға түстім. Жанымыздан аюдай ақырып, үлкен баржалар өтті. Джинсы шалбар киген Лиза леди жас қарақшылардың бірінің күртешесін киіп алып, қолындағы шылымның бірінен соң бірін шекті. Ол суға түспеді. Ыстық ет желінді.
Күн бұлтты, суық және жаңбырлы болатын. Арақтың да пайдасы осындайда ма дерсің... Менің бір кемшілігім болды, ол — оң жақ балтырымның артқы жағында қара тыртықтар. Сондықтан, мен сүйген әйелмен бетпе-бет келгенді жақсы көретінмін. Менің ойымша, мен сол жылдары Владивостоктан Гибралтарға дейін таба алмайтын ең қолайлы еркектің бірі болдым... Жақсы және ең қызықтылардың бірі (Мен басқа жаман балалармен таныс едім: Аркан, Караджич, Денард, Жириновский, Худойбердыев). Мен қалып қойдым. Ол өзінің барлық айла-шарғылары мен қулықтарының арқасында мойынсұнғыш және ұсқынсыз ақшыл еркекпен өмір сүріп жатыр (дәлірек айтқанда, ол өз пәтерінде тұрады). Керемет. Не үшін? Ол оның аузына қарап, соңынан ереді. Ал мен болсам, оған: «Кітап оқымайсың, жаңалықтар көрмейсің», — деп ұрысатын едім. Кейін бір танысым, оның өзін қалай азғырғанын айтып берді. Ол түрлі позалар көрсетіпті: «Ал, мені сүй... Сіз мұның қалай жасалатынын білесіз бе?»
Ол ойындағыдан да көп нәрсе жасай алатын. Ол өзінің өмір жолын өте жоғары қоя алды. Сирек кездесетін, мауыққан мысық немесе бұзылған жезөкше сияқты маньеристікке бейім болып, оның бұл таланты шетелдік жоғары қоғамнан келген еді. Ол «Никита» фильмінің кейіпкеріне ұқсайды, бірақ ебедейсіз неміс сериясы емес, түпнұсқа нұсқасы — француз фильміндегі... Биыл ол енді ғана жиырма тоғызға келеді. Тәуелсіздігін жоғалтып алудан қорықты ма екен? Эх, Лиза! Тәуекелге бармайтын адам шампан ішпейді.
Ал Еділ суы толық әйелдің мол әрі кең пішілген денесіндей теңселіп, жағалаудың саз балшығын ұрғылаумен болды. Еділ бүкіл Ресеймен шайқасты. Еділ апай Ресейдің нағашысы да, қамқор апасы да сияқты көрінді. Шыршадан айырған отынымыз жанып жатты. Жас қарақшылар Лиза ханымның алдында ерлік көрсетті. Болашаққа да, өткенге де баржалар аттанып жатты. Іс жүзінде, бәрі орнында. Жаңбыр қоңыр суға көпіршік болып шашырай жауып тұрды. Савелово Еділдің бір жағасында, ал Кимры екінші жағасында орналасқан. Кимряктардың ордалары мен савеловтықтардың ордалары, Тарастың әңгімелері бойынша, ежелден соғысқан. Олардың арасында Волга аунап жататын. Арғы жағада Лиза ханымның бірнеше күйдірілген бөренелері мен темекі тұқылдары қалды, ол шыршалардың қалың арасына дәрет сындыруға кетті, бірақ жаңбыр оның мысықтыкіндей зәрін тез шайып кетті...



