Пцыроха
Мен қоңыраулы сағат шырылдағанға дейін оянып алып, көзімді ашпастан жата бердім. Тимофеич түн жарымына дейін футбол тыңдап, «қалпақты» өшіруді ұмытыпты. Осындай әдеті бар, өйткені, түн жарымында, әнұран шырқалған соң радионүкте өзінен-өзі өшеді. Ал транзистордың құлағын бұрап отырып, таңға дейін бөтен, жат, Башашкин деген лақап аты бар Юра Батурин «джаз» деп атайтын қиқаңдаған әуенді тауып алуға болады. Тіпті, шетелдің міңгірлеген дауысын, әсіресе, мысықтың мырылдағанындай күлкілі естілетін қытайша сөйлеген арнаны ұстауға болады.
Таң да әнұранмен атады. Алдымен патефонға жарық пластинка қойғандай ақырын тысырлаған дыбыс шығады. Содан бөлменің іші Отанымыздың — КСРО деп аталатын екпінді атауы мен бидай бауының арасына кіріп кеткен допқа ұқсайтын елтаңбасы бар елдің сарқыраған әуеніне толып кетеді. Жазда Еділде біз ауылдың балаларымен футбол ойнап, егістік басында колхозшылар қалдырып кеткен буылған арпадан қақпа құрастыратын едік. Бір күні доп суға түсіп, арқырай аққан ағын алыстарға алып кетіп, үһілеп үлкен ақ теплоход өтіп кеткен соң оны жағадағы құмға лақтырып тастады.
Қараңғыда әнұранды тыңдап жатамын. Әуен қайнап, бұрқырап, «Валерий Чкалов» деген төрт палубалы кеменің астынан ұрған биік толқындай салтанатты түрде сырғып аға берді. Бүгін ол сыныпқа оралуы тиіс: оны бір тоқсанға «орман мектебіне» емделуге жіберген еді. Өкпесі қабынған дей ме? Бұл жайында сабақ аяқталғанда Ольга Владимировна хабарлап, маған біртүрлі қарап та қойды. Шура екеуіміз жыл бойы бір партада отырғанбыз, оны алып кеткен кезде мен қатты қамығып, тіпті, бір апта мектепке бармай жаттым. Басым айналып, әжем сияқты көзімнің алды қарауыта береді дедім.
— Қарауыта ма? — деп, нақтылап қойды маған жедел жәрдем көрсетуге шақырылған учаскелік дәрігеріміз Скорнякова.
— Ақ шыбын қаптайды көзімнің алдын, — деп өтірікті соғып та қойдым: Жалғыз бизон деп аталатын үндіс көсемі қар ұшқындарын осылай атаған.
— Қызық, — деп, ойланып қалды ол ернінің үстінде өскен сирек мұртын сипап. — Талдама тапсыру керек. Дұрыс тамақтану да қажет! Анасы, мұнысы несі, ә? Қабырғасы ырсиып қалған! Шұғыл балық майын ішсін!
Одан да аяғымды қайырып алғаным дұрыс еді! Әрине, әке-шешем маған бірден сенді, ал Аня әжем, тіпті, қуанып кетті: «Міне! Баяғыдан қақсап келемін: қаны аз бұның. Қарашы: табытқа салған өлік те бұдан реңді шығар!» Бұл да ақылға сыймайды: екінші қабатта тұрған жүк тиеуші Шутов менен әлдеқайда нашар еді. Көршілер оны жатақхана ауласында ақтық сапарға жіберіп жатқанда, бізді, балаларды табытқа жақын қоймады, алайда, мен адамдардың арасынан оның қисайып кеткен жүзін көріп үлгердім. Менің бүлінген жемпірім сияқты сұр-көк болып кетіпті түрі. Өзіне қол салды деген, сол қаусырылған қолдарын да көрдім! Қорқынышты!
Ерекше тамақтану жайында естігенде Лида дереу дәріханаға ұшып, балық майы мен сәл шоколадқа ұқсап кететін гематоген алып, жол-жөнекей Бакунинскийдегі гастрономға кіріп, бір қорапша қара уылдырық пен жұқа қағаздай етіп кесілген жүз грамм шоқыр балығын алыпты. Не үшін екенін білмеймін, әйтеуір, ол ауырған балаларға кәмпит, «Картошка» тәтті бәліші немесе мен сүйіп жейтін «Орман ертегісі» вафлиі емес — уылдырық пен балық қажет деп ойлайды. Үлкендер тамақтан түк түсінбейді, әсіресе, тәтті-дәмді дегеннен мүлдем хабары жоқ.
...Қатты шыққан әуеннен оянып кеткен әкем дауыстап боқтана бастады... Жатақханада оны бәрі Тимофеич дейді. Сықырлаған кереуетінің үстінде отырып алып, әлгі әуенді өшіргісі келіп қараңғыда қолымен қармалана береді, бірақ артынан есіне түседі: транзистордың қатысы не — бұл «қалпақ» қой. Әуен тағы бір мәрте асқақтап барып үзіледі.
Юра ағайдың (айтпақшы, менің атымды да соның құрметіне қойған) айтуынша, бұрын әнұранның сөздері Сталинге арналған екен, оны хормен орындаған, бірақ «жүгері» Хрущ ескі шумақтарын алып тастатып, жаңасын сол бойы құрастырмапты. Сөйтіп, тек әуені ғана қалған. Бетін сүйел басқан, тақырбас, семіз, үнемі қыртыстанған қалпағын тастамайтын, иығында салбыраған пенжегіне үш қаһарман жұлдызын таққан Хрущевтің өзін волюнтаризм мен «Кузьканың шешесі» дегені үшін қызметінен алған. Ол біздің бүкіл нанымызды Кубаға жіберген, мен болсам наубайханаға кезекте тұруға мәжбүрмін. Жексенбі күні дастархан басында бас қосқан үлкендер осы мәселені қауырт талқылап, әдет емес пе, сыбырлап сөйлесті. Әңгіме саясат немесе еврейлер жайында қозғалса, олар үнемі сөйтеді. Башашкин маған былай деді: бұрын ұлт басшылары туралы жаман сөйлесең, тіпті, түрмеге тоғытатын, қазір, әрине, қамамайды, бірақ қорқыныш қалып кеткен.
...Тимофеич ырсылдап, жөткірініп орнынан тұрып, жоспардан артығымен өндірілген көмір, «байыту комбинатының үшінші кезегі» жайлы көңілді-ақ басталған таңғы жаңалықтарды өшірді. Ал менің көз алдымда — бір емес, үш қатар кезек тұрған наубайхана. Әкем кеше кеште бұрышқа биік етіп ілінген, қара қалпаққа ұқсас репродукторды емес, транзисторды тыңдағанда ғой, қазір байғұс Шутов сияқты орындыққа шықпас еді. Бірақ Тимофеич Лиданы ренжіткісі келмеді.
Әңгіме былай болған: жуырда жұмысында, жиырма үшінші ақпанда, «Сокол» деген шағын радиоқабылдағыш сыйлапты, оның құлағынан басып, жанындағыларға кедергі келтірмей тыңдай беруге болады. Лида да жынданады: әлгі «қалпақ» тегін хабар таратады, ал мына «Сокол» үшін уақтымен қырық тиын тұратын «Крона» деген батарейка алып тұру керек. Бірақ ол сараңдығынан ашуланбайды, бұл транзисторды әкесіне жоспарлау бөліміндегі әлдебір Тамара Саидовнаға шүбәланған комбинат басшысы тапсырғанына сенбейді. Бірақ Тимофеич қайта-қайта «адал партия сөзін» бергенде, КПСС мүшесі болған Лида оған, әлбетте, сенеді.
— Мынау өзі не екен, ә? — дейді ол баяу дауыспен, тура бір қытықтап алғандай.
— Кетші! — дейді ол ызалана сыбырлап. — Тарт қолыңды! Ұйқым келіп тұр!
— Бәрібір жарты сағаттан соң тұруың керек.
— Тарт, деймін! Профессор оянған болар...
— Тексеріп көрейін бе? Оның өтірік сыңай танытқанын бірден білемін.
— Керек емес! Одан да Тамараңның транзисторын тыңда!
— Міне, тағы сол баяғы әуен! Мен не деймін, есегім не дейді!
Әкем ызаланып, сықырлақ кереуеттен тұрып кетті. Дала сәл сұрланып келеді. Әкем құдды бір көрінбес адамға айналғандай, қараңғы бөлмеде тек ақ майкасы ғана қозғалады. Ол жайлы кітапты Батуриндердің үйінде қонып, тар бөлмеде маған төсекті үстелдің астына салып бергенде әжем Елизавета Михайловна екеуіміз оқыған едік. Кейін бірнеше күн осылай көрінбейтін болып, ешкімнің көзіне түспей жатақхананы аралап, барлық бөлмеге сығалап жүргенімді қиялдағаным рас.
Дегенмен, бізде онсыз да ешкім шақырмай-ақ, кез келген көршінің үйіне кіруге болады. Егер тамақтанып отырса, дастарханға шақырып, тәрелкеңді толтырып ет салынған кеспе немесе доңыз майына қуырылған картоптан үйіп салып беріп, тамақты асап жатқаныңды көргенде (негізі, сол тамақ үйде батпайды) бағаларың жайлы сұрастыра бастайды. Төртінші сынып оқушысынан тағы не сұрауға болады?
Ал біздің Алексеевнаға, беті бозарыңқы, ерні көгерген ерсі кемпірдің бөлмесіне бас сұқсаң, міндетті түрде жүзінші рет 1913 жылы Ходынкада тегін сыйлаған патша вензелі бар саптыаяғын көрсетеді. Бөлмесінен үнемі валерьянканың иісі мүңкіп, Сыған деген қара мысығы пердеге маймылша өрмелеп жүреді.
Ешқашан үйлеріне кірмеген жалғыз көршілеріміз — Комковтар. Олар ешкімді үйіне кіргізбейді, өздері де сыртқа көп шықпайды. Кейде аулаға күнге қыздырынуға мақта шалбар мен кеудесінде қалталары бар оғаш сұр китель киген Комков шал шығады. Терезе астында домино тастарын сытырлатып отыратын еркектерге ешқашан қосылмайды. Көршілер сырттай оны «зиянкес» дейді. Біреулер оны он жыл отырып келген дейді, басқалары ағаш кескен десе, тағы бірі сүргінге айдалған дейді. Қысқасы, немен айналысқаны белгісіз. Үйінде адамы көп Комковтар кіреберісі мен жеке жуынғышы бар екі бөлмеде сығылысып тұрып келеді. Кейде ол жақтан тым жағымсыз бір иіс келеді.
— Самогон қайнатып жатыр, — деп, топшылап қойды жексенбі күні дастархан басында Башашкин.
— Жақсы самогон болса, арақтан тәуір, — деді Юра ағайдың әйелі Валя тәтей.
— Не деп кеттің?! — Лида әпкесіне таңдана қарады. — Бұл не деген сорақылық! Шынымен, мен бір дорба қант пен ашытқы алып бара жатқан Комчиханы көрдім, — деп, күдіктене әкеме жалт қарады.
— Соны айтам, милиция не қарап жүр! — деп, күңкілдеп қойды ол жанарын тайдырып.
— Үстілерінен арыз жазу керек. Солардың кесірінен Шутов есінен танғанша сылқия ішіпті!
— Күнәға батып қайтесің, Лида! — деді ақырын ғана Маня әжей. — Оларды соттайды, ал сенің бетіңе басады!
Не үшін екенін білмеймін, мен де әжем сияқты іштей шешемді атымен Лида деп атаймын. Ол өсіп, күйеуге шығып, мені және Сашканы (қазір ол бес күндік балабақшада) туса да, эвакуация кезінде пойыздан қалып кетіп, аңырап жылап, бүкіл стансаны басына көтерген сол баяғы кішкентай қыздай түйіледі.
...Жоқ, көрінбес адам болған күнде де мен Комковтардың үйіне кірмес едім, бірақ пионер, әрине, милицияға күдікті бірдеңе болып жатса, хабарлауы керек қой. Басқа да бейтаныс жерлер жетеді. Өткен жазда досым Вовка Лемешев бәс тігіп, титтей терезе арқылы қыздардың жуынатын бөлмесіне кірген. Айғай-шу басталды, өйткені, сол кезде іште біздің жетекшіміз Зоя жуынып жатқан екен, екі аяғының ортасындағы бұйрасы басындағыдан да қалың екен. Соны Вовка жер-жаһанға жайып, сәл болмағанда, пионер лагерінен қуылуға шақ қалды...
Тимофеич қорабын тысырлатып терезенің жанына барып, мәрмар терезе алды тақтайына бір тізерлеп тұрып, форточканы ашып, сіріңкені шырт еткізген еді, әжемнің қызыл қалпақты шырағындай екі қаусырылған алақанының ортасында от жалт етті. Сарғыш от жарығында оның бұйра шашы, түйілген қалың қасы, темекі тартқанда суала қалатын қырылмаған жақтары анық көрінді. Ақырын ғана көрпенің астынан сығалаймын: иә, солай, әкем менің аквариумымның үстінде темекісін тартып, күлі суға түсіп жатыр, бұл болса балықтарыма зиян. Бөлменің ішінде «Беломордың» иісі жайылып, форточкадан таза ауаның лебі келеді.
— Балаға суық тиеді! — деп баж етті Лида.
— Шынықсын! Жақында әскерге барады.
— Жап!
— Тартып болайын, жабамын. Ұйықта! Ұйқың келіп тұр еді ғой!
Наурыз. Түн әлі суық. Аня әжем айтпақшы, «Наурыз келсе, үш қабат шалбар ки». Бірақ бәрі көктемге дайындалып жүр. Аула сыпырушылар тас жолдағы «Дәмді әрі салауатты тамақ туралы кітаптың» қалыңдығындай мұзды қопарды. Дәу-дәу мұз кесектерін текшелеп үйіп қойған, бірақ әлі оларды жүк көліктеріне тиеп алып, Яуза өзеніне апарып аудармаған. Сонда барып, тау патшасы ойынын ойнаймыз. Мені ең ұшар басынан төмен құлатып, тас төселген көшедегі шалшық суға жалп етіп, Валя тәтем туған күніме сыйлаған жаңа жемпірімді лайға былғадым. Масқара!
Алдымен мен лас дақты ацетонмен сүртіп кетіргім келді, оны ақырын ғана маған біздің күзетші, алтыншы бөлмеде тұратын Гриша ағай берді. Болмады, кетпеді. Әке-шешемнің кешкі ауысымға кеткенін күтіп, су қайнатып, легенде жарты кесек кір сабынды көпірттім, бірақ бұрын әппақ болған жемпірім өлген Шутов сияқты сұп-сұр бола шықты. Сабынды суын сығып, тәтемнің сыйлығын диванның астына тығып, тағы бірдеңе бүлдірейін де, бәріне қосып сыбағамды бір алайын деп күтіп жата бердім.
— Бөлменің ішінен сыздың иісі шығып кеткен бе? — деді жұмыстан келгеннен Лида.
— Балықтарымның суын ауыстырдым.
— Дұрыс, әйтпесе, өткендегідей өліп қалады!
— Күлден өлді олар!
...Тимофеич аквариумға тым жақын, иісіне, тіпті, жауыз Еділ масалары да шыдай алмайтын «Беломорын» тартып, маған зер сала қадалып тұр. Мен мұны сезіп, тапжылмай жатырмын.
— Профессор ұйықтап жатыр, — деді ол Лидаға ишарамен.
— Жоқ! — деп, нақты кесті ол.
«Профессор» — менің лақаптарымның бірі. Ата-анамның айтуынша, мені балабақшада солай атаған екен. Күні бойы қалай жүрді деген сұраққа тәрбиешілер: «Жақсы жүрді! Басқалары шапқыласып, айғайласып, бұзық болса, сіздің ұлыңыз профессор сияқты тыныш қана ойланып отырады. Бала емес — ғажап дерсің!» Сосын бұл лақап ұмытылып, мен қанымның аздығынан «Қаз табан» болдым. Кейін мені «Пцыроха» деп мазақтады. Қазірге дейін де кейде осылай шақырады. О, мұнысы енді бөлек әңгіме.
Бұрын, мен енді бірінші сыныпты аяқтағанымда, біз Батуринмен теңізге, Жаңа Афонға шықтық. Айтпақшы, ол жақтан мен өткен жылы Шура Казаковаға сыйлау үшін, су жұтып, тұншығып, теңіз түбінен өз қолыммен алып шыққан үлкен бақалшақ әкелгенмін. Бірақ суға піскен рапанды бақалшықтан шұқып шығарып жатқанда ширалған денесін сыммен шала іліп алдым ба білмеймін, құйрығы ішінде қалып қойды. Бақалшық Мәскеуге жетемін дегенше сасып, Комковтардың бөлмесіндегі иістен бетер мүңки берді.
— Тышқан өліп қалған ба? — Бөлмеміздің бұрыш-бұрышын қарап шыққан Маня әжем түсіне алар емес, бірақ батареяның артына үңілуді аңғармапты.
Сыйлығымды аман алып қалу үшін Лидаға Тимофеич сегізінші наурызда сыйлаған «Қызыл Мәскеу» әтірін құйдым. Бірақ иісі нашарлап, жүректі айнытты. Содан, әлгі бақалшықты шатыр астындағы бөлмеге апарып, үйілген ескі газеттердің арасына тығуға тура келді. Кішкене желденсін. Ал Шура болса, ол кезде «орман мектебіне» кетіп қалған-ды. Көп ұзамай, үйдегілер қызыл шашақты қорапшада тұратын бұралмалы ыдыс біраз ортайып қалғанын байқап қойды.
— Түсінбедім?! Әтірім қайда?! — деп жыламсырады Лида.
Сөйтіп, «саусағымды кесіп алдым, йод таппай жарамды әтірмен залалсыздандырдым» деп өтірік айтуға тура келді. Менің бұл әңгімеме бәрі түсіністікпен қарады: Аня әжем бала кезінде антонов оты, йағни, қанның бұзылуынан өліп кетуге сәл қалған екен. Мені, тіпті, «ақылды басыңнан айналдық» деп мақтап, жарты құты «Қызыл Мәскеу» құйылған жараны бір көру ойларына да келмеді.
— Әп, бәрекелді, Пцыроха, бірақ ендігәрі есіңде болсын: йод серванттың сол жағында, валерьянканың жанында тұр! Ұқтың ба?
— Ұқтым!
...Әкем форточкаға түтінін үрлеп, темекісін әлі тартып тұр. Күлін, әрине, менің аквариумыма сілкіп түсіріп қояды. Негізі уәде берген еді! Түтіні будақтап, терезе сыртындағы шамның жарығымен көшеге жайылып кетеді. Тимофеич мені ұйықтап жатыр ма, әлде, жоқ па деп, әлі бақылап тұрған сияқты. Нақты сенсін деп қор етіп, ернімді шылп еткізіп қоямын.
— Аквариумнан былай шықшы! — деді дауысы қарлығып Лида. — Балықтар өліп қалады.
— Бәріміз өлеміз.
— Пцырохаға уәде бергенсің!
— Сен де маған әлденені уәде еткенсің...
...Сонымен, Жаңа Афонға бара жатқанда, пойыз бір стансада тоқтап, ыстық деп ашып қойған терезеге шелек-шелек өрік пен қағазға оралған қарабүлдірген көтерген айғайласқан жергілікті тұрғындар лап берді. Шіңкілдеп қалған бір тәтей «таңертең барқылдап жүрген» деп қуырылған үйрегін тықпалай бастады. Жолаушылар үйректің етін иіскеп, сенбей қойды. Өріктері де Валя тәтеге қышқыл көрінді. Бірақ пойыз бір сілкінгенде бәрі есі ауысып кеткендей азықтарды жапа-тармағай сатып ала бастады. Әлгі үйрек үшін тіпті төбелес шыға жаздады. Сол кезде мен әліппені меңгеріп, көзге түскен барлық жазуларды оқуға тырысатын едім. Сөйтіп, терезе сыртында сырғып өте берген стансаның атауын да қатты дауыстап оқыдым:
«Пцы-ро-ха».
Плацкарт іші ду күлді. Тіпті, тер сіңген мәйкілі, сатушылардан екі тиын қайтарымын алып үлгермеген түнерген жігіт те миық тартып қойды. Шын мәнінде әлгі абхаздық станса «Псырцха» деп аталатын. Кейін, тіпті, басқа вагондардан күліскен жолаушылар мені, сауатты баланы көруге келіп жүрді. Сөйтіп, көпке дейін, тіпті, өмір бойға десем де болады, мен «Пцыроха» боп кеттім.
Бірақ біраз уақыт «делегатор» болып та үлгердім. Бірде жексенбі күні біз жолбарыс, арыстан, страус, піл көруге зообаққа барып, аллигатор қолтырауынды іздеп кеттік. Таптық. Мен шабыттанып, әлгі мақұлықты жақсырақ көру үшін әкеме мені қолыңа көтер деп сұрадым, сөйтіп, елдің төбесіне көтергенде бар дауысыммен: «Ал, қайда жаңағы делегатор?» дегенмін. Тұрғандардың бәрі қыран-топан күлкіге батты. Кезекті съез жақындап келеді, сондықтан, таң азаннан кешке дейін радиодан «Шексіз-шетсіз Кеңестер Одағының бұрыш-бұрышынан Мәскеуге делегаттар келіп жатыр» деп қақсап тұратын. Қалайша басымда «делегат» пен «аллигатор» шатасып кетті — оны өзім де білмеймін. Бірақ бәріне ұнады. Башашкин бұл жайлы әскери оркестрдегі достарына айтып берген екен, олар маған сәлем айтуды сұрапты. Дегенмен «делегатор» деген лақап көпке бармады. Бірақ пионер лагерінде маған «Шаляпин», ал екі досыма «Лемешев» пен «Козловский» деген лақап мықтап жабысты. Неге? Бұл да бөлек әңгіме.
Соңғы уақытта үйде мені тағы «Профессор» деп атай бастады, бірақ бұрынғыдай ыстық лебіз жоқ. Жуырда Башашкиннің көршісі Сергей Дмитриевич берген марканы түрлі-түсті фильтрі бар жалпақ қытай шамына айырбастап алдым, енді көрпенің астында да оқып жата беремін. Әкем бұған қатты ашуланады, ұрысады, алдыңғы күні болса, үстімдегі көрпемді сыдырып алып, шамымды алып қойды.
— Ұйықта!
— Ұйықтағым келмейді!
— Онда әке-шешеңе ұйқы бер!
— Ұйықтай беріңдер. Мен көрпенің астындамын.
— Тұншығасың!
— Тұншықпаймын.
— Мазаны аласың!
— Алмаймын.
— Балаға шамын қайтар! Оқығысы келсе біраз оқысын...
— Жоқ, оқысын емес! Шал құсап, кейін көзілдірік тағып жүреді. Соқыр болып қалса, сен асырайсың ба? Сен бе?
— Соқыр болмаймын! — деп, нақ уәде бердім мен.
— Ұйықта! Бер ана кітапты!
— Өзің түк оқымайсың, ең болмағанда балаға оқуға мұрша бер! — деді әлдебір қуанышпен қолдай кеткен Лида.
— Мен қазір сендерге оқуға мұрша беремін! — деп, барқ еткен Тимофеич транзисторды қосып, тасыр-тұсыр еткен эфирде спорттық бағдарлама іздей бастады.
— Е-е, комбинат басшысы сыйлады де? — деді сұрағын мейілінше немқұрайлы айтқандай естілсін деп, әдейі есінеген Лида.
— Мәссаған, тағы бастады! — деп, қызара бөрткен әкесі қорабынан беломорын сілкіп түсіріп, тағы терезе жаққа бет алды.
Қызық, былғары құндаққа салынған «Сокол» радиоқабылдағышы сияқты пайдалы нәрсенің сонша зияны болады екен. Міне, қазір де бейшара пысылдап, темекісін тартып, тұқылын форточкадан сыртқа лақтырған еді, тұқылы қып-қызыл жанған оқтай наурыздың таңғы қараңғысына атылды.
— Профессор шынымен ұйықтап жатыр... — деді бір кезде ол аянышты дауыспен анасына. — Лида дейм!
— Жоқ! — деді ол әлі де қатайып.
Әкесі тісін шықырлатып, орындықтарға соқтығысып, жаққышын пластмасса стаканға тарсылдата лақтырып, қараңғыда ағарып көрінген ақ сүлгісін тауып алып, иығына салды. Сөйтіп, есік алдында ызалана:
— Саған кезек алайын ба? — деп сұрады.
— Жоқ, бүгін біліктілік асыратын күн. Тоғызға барамын. Тағы біраз ұйықтаймын...
— Ұйықта, Ұйықта!
Есікті тарс жауып, ол асүйге қырынып, жуынуға кетті. Он минуттан соң, егер дәретханаға кезек болмаса, қайтып келеді.
— Дәрет сауытты ала кет! — деп артынан күйініп айғайлаған Лида ыңырсып, төсегінде дөңбекшіп түсті.
Мен, өз кінәмді сезіп, көзімді тарс жұмып алып Шураны ойлап жатырмын. Сабақтың алдында шатыр астындағы бөлмеге бас сұғу керек, егер бақалшықтың иісі кетсе, «орман мектебінен» оралғаны құрметіне бүгін-ақ сыйлау керек. Сасық иіс кетпесе ше? Онда майонез банкасына салып желпуіш тәрізді құйрықты гуппи балығын тартулауға болады. Мұндай балығы көп, олар балаларын тірі туады әрі үнемі көбейіп отырады.
Кенет біртүрлі дыбыс естіліп, көзімді ашсам: ішкөйлекті Лида кереуеттің үстіне қолына «Сокол» радиоқабылдағышты ұстап жылап отыр екен. Құрыдық! Қазір «Шипр» одеколоны мүңкіп Тимофеич келеді. Бір бетіндегі кесікке қан-қан болған газет жұлымын жабыстырып алады әдеттегідей.
— Жылап отырсың ба? — дейді ол.
— Тағы не! — дейді анасы.
Екеуі тағы жоспарлау бөліміндегі Тамара Саидовна жайлы әңгіме қозғап, артынан міндетті түрде ұрысып, әкесі кереуеттің астынан бұрыштары темірмен шегеленген фибра шабаданын шығарып, дереу Чешихаға Аня әжемдікіне кетемін деп, киімдерін жинай бастайды, содан «сайтан алғыр» деп ұрысып жүріп, көпке дейін керіскенде, әйтеуір, бір жаққа жоғалатын галстугін іздеп қалады.
— Білем сенің Чешихаңды. Бар, кет!
— Тағы! Мен не деймін, мынау не дейді!
Бұған жол беруге болмайды. Сөйтіп, енді ғана оянғандай түр білдіріп керілемін, әдейі көзімді жыпылықтатып, есінеймін. Лида жылдам көз жасын сүртіп, иығымды көрпемен жабады.
— Ұйқың қанды ма, Пцыроха?
— Аһа...
— Кеше жатарда маған не айтқың келген еді?
Кеше көк өжетбалығымның аналығы уылдырық шашып өліп қалды, енді Құс базарға барып жаңа балық алу керек, ол үшін елу тиын керек дегім келген еді. Трамваймен ары-бері барып келуге алты тиын, қырық тиын — балық, төрт тиын — қызыл тал шырыны қосылған газдалған су. Бірақ қазір мүлде басқа нәрсені айттым.
— Ұрыспайсың ба маған?
— Енді тыңдап көрейік... — ол секем алды.
Мен орнымнан тұрып, еденде тұратын шамды қосып қалған едім — ашық түсті электр жарығы бөлменің ішіне құйыла кетті. Анамның көзі қып-қызыл. Жастығының астына сыртқа шығып қалған әкемнің галстугінің ұшын тыға салды. Түрімді қатты қынжылғандай етіп көрсетіп, пысылдап диванның бетін көтеріп, шаң басқан аранынан ауыр, әлі дымқыл, жасыл өрмекшінің торы басқан бүлінген жемпірді шығардым.
— Мынау не тағы? — Лида шошып кетті.
— Валя тәтейдің жемпірі...
— Сұмдық-ай! Әкең өлтіреді енді!
Әрине, мені ешкім өлтірмейді. Сабап алуы мүмкін. Котовский қынабынан қылышын суырып алғандай, Тимофеич қолын бір сермеп шалбарынан белдігін суырып алып, мені диванға жатқыза салып, қатты күш салмай сабай бастайды, ал анам оның қолына жармасып:
— Болды, Миша, жетеді! Бала ғой... — деп жалынады.
Бірақ жылтыраған құйрығымды алғашқы сарт еткен соққы күйдірмей тұрғанда мен аулаға жалт беріп те үлгеретін шығармын. Тимофеич әдейі тайып тұруыма мұрша беріп тұр ма, әйтеуір, белдігін іске қоспай көпке дейін сілкіп тұрып алды. Сыртта, аулада мен жәшіктердің арасына жасырынып, қыздарды да, мысалы, Шура Казакованы да сабай ма екен деп ойлап, мұңайып отырамын. Сабаса да секіргішімен сабайтын шығар. Жарты сағаттан соң кіремін, өйткені, мектепке дайындалу керек. Баспалдақта жұмысқа кешіккен, бірақ әлдеқайда көңілді әкемді кездестіремін. Жанымнан жүгіріп өте бергенде жеңіл ғана, жарасқан сыңай танытып, желкемнен нұқып кетеді. Мен болсам ренжігендей теріс қарап, кейін бір-екі күн тек балықтарыммен сөйлесіп жүремін. Есесіне, анам мен әкем ұрыспайды, ешкім Чешихаға да кетпейді.
Мені жазалайтын кезде олар, әйтеуір, осылай жарасып алады...




