Иванның қызы, Иванның анасы
(ХИКАЯТ ҚИЫНДЫЛАРЫ)
Ас үйдің терезесі кіреберістің үстінде, адам кіріп-шыққан сайын есігі шиқылдайтын еді. Тамара Ивановна маздап жанған отқа қарап, біраз ойланды. Кез келген бұрыштан, тіпті, күйеуі ұйықтап жатқан жатын бөлмеден есіктің дыбысын естіп қалса, одан сайын қобалжи түсетін. Дегбірі қашып, бірнеше сағат бойы терезенің жанында тұрды. Ұзыннан созылған жіп көшеге бағытталған еді. Бірақ көше — әдеттегідей тас қараңғы һәм үрейлі. Кіреберістегі шамның сынық сәулесі аласа шарбақты «аймалап» тұрғандай. Шығаберіс пен ойын алаңы біртүрлі құлазып, бұтақтар арса-арса саусақтарымен терезені «тырнай» өтіп, ескі теректер есі ауысқандай күй кешуде. Бірақ көңілсіздіктен, бәлкім, күңгірт үрейден күдерсіз қалған күрең ауланың осы бір беймәлім күйін ешкім де түсінген жоқ. Түсінуге де тырыспады. Тамара Ивановна қатты күйзеліске ұшырағандықтан болар, жан-жағы да жетім қозыдай жәудіреп қалған секілді. Ол кеудесін өртеген дертті жеңе алмай, өн-бойы қалшылдап, өз-өзінің үмітсіздігінен шошынып барады. Іштегі қызудың толастамағынан қорқып, одан сайын толқи түсті. Жыбыр еткен жәндіктен, қыбыр еткен «тіршіліктен» қорқып, қараңғылықтың қорқынышты құшағына енді. Әлгінде ғана әулиедей аппақ боп көрінген әлем бүгін мүлде басқаша қалпында. Тіс жарып, тіл қатқан ешкім жоқ. Көшеде тосқауылдар қойылып, әншейінде болмашыға ұрыса жөнелетін қатындардың ащы дауысы да естілмейді. Барлығы келісіп алғандай. Бәрінің де үні өшкен. Арагідік жөңкіген көліктер «мен бармын» дегендей белгі беріп қояды. Жылы ұяның ішінен балапан құстың талықсыған дауысы әудем жерден болар-болмас естіліп еді, біраздан соң оның да үні өшті.
Түнгі сағат үштен асқан уақыт.
Күйеуі әлі ұйқыда. Жалғанда әке мен ананың арасында айтарлықтай айырмашылық болмағанымен, мінез бен болмысқа келгенде екеуі жер мен көктей. Біреуі нәзіктігіне сүйеніп, төске өрлесе, біреуі алданып жүріп айласын асырады. Балаларда, мүмкін, әкенің кейбір мінез-құлықтары бар шығар, бірақ ол болар-болмас қана. Бірақ сол кішігірім дүние кең жаһанның құшағына сыйып кетеді. Ал ана... Ананың орны бөлек. Асыл ана баланы әуелі өзінің құрсағында сезініп, одан кейін дүниенің құрсағында аялайды. Өз баласын дүниеге әкеліп, содан кейін ересек адамға айналдырады. Босану бер жағы, босанғаннан кейінгі бейнет қаншама... Ана иісі сіңген баланың арсызы болмаса керек. Егер өмірдің бұралаң жолы өзгертпесе... Енді Тамара Ивановнаның жүрегі жай ғана ауырған жоқ. Қорқыныш пен қалың үрей бірте-бірте адам төзгісіз азапқа айнала бастады. Өз ішінде алай-дүлей болып, арпалысып жатқан сезімдерін бір сәтке игеруге тырысып, бар дауысымен ешқайда айғайлағысы келді. Бірақ олай істеуге ақыры дәті барған жоқ. Құлағын кескен жалғыз сөз ғана бар. Светка... Светка... Светка... Анашым...
Кешке, бұл азаптау басталған кезде, күйеуі Анатолий үйде жоқ болған-тұғын. Бірақ Тамара Ивановна оның Деминмен бірге жүргенін білді. Екеуі жаңа бір істі бастап, соны талқылап жүргенін алдыңгүні де естіген болатын. Демин — епті, пысық, қолынан іс келетін жігіт еді. Кез келген жайттан жол таба алатын қағілездің нағыз өзі. Анатолий екеуінің достығы жарасқан автобазадан кетіп, бір жерде жабдықтаушы маман болып жұмыс істеді. Енді қазір орталық базарда электр құралдарынан бастап, автокөліктердің сайманына дейінгі барлық ұсақ-түйектерді сататын өзінің дүңгіршегі бар. Анатолий болса, базада нанын тауып жүрген еді. Сонда жүргеніне, міне, аттай жиырма жылдан асты. Арасында ыңғайы келсе, рейстерге кетіп, аз-кем ақша табатын. Бірақ оның өз жыртығын жамауға ғана жетіп, жол-пұлымен ғана шектелетін. Тұрмысқа байлаулы қылған жалған-ай, тұлпардың аяғына шідер салған, сұңқардың басына томаға кигізген кірпияз өмір-ай десеңші... Анатолий қиыншылықтың бәріне шыдады. Әлі де шыдап келеді. Шыдамағанда не істейді?.. Шыдай-шыдай шымыр бола түскеннен басқа амал жоқ. Ол өмірдің бір бөлігін ғана емес, жанның бір бөлігін де қажетсіз етіп кесіп тастағысы келді. Сол жерде, автобазада ол Тамарамен алғаш рет кездескен болатын. Тамара үш жыл бойы баздағы еркектермен бірге қой-қошқардың «әуресімен» әлек болып жүргенін қазір біреу білсе, біреу білмейді.
Тамара Ивановна оны кешкі он бірден кейін Деминнен телефон арқылы тапты. Күдігі расталған секілді. Бұған дейін де ол көрші көшедегі Светканың дос қызы, өзі жас, сұлу да сымбатты Люсяға қашып кетіп масқара қылған. Енді шындығы қайсы, өтірігі қайсы, ажырату мүмкін емес. Көршілерге салса, көп өтіріктің бірін көпірте салуы да мүмкін. «Мен базардан көрдім, олар жұмыс туралы сұрауға барды, олармен бірге Лида болды» дейді біреуі. «Жұмыс табылмады, ол Люсяны сауда кешенінің жанында қалдырып кетті. Ол кетіп бара жатып, джинсы күрте киген кавказ ұлтының бір жігіті Светка мен Лидаға қалай жақындағанын байқадық».
Бұл жорықтың бір мәні енді ашылғандай. Люся Лида Топольдың мекен-жайын атады. Ит өлген жер екен.
Содан кейін, үйге оралғаннан кейін, Тамара Ивановна Анатолийға қоңырау шалып, Светка жоғалып кеткенін мәлімдеді. Ол бұрын үнемі тоғызға дейін келуші еді. Бірақ бүгін келген жоқ. Іші сезеді, ол қалай болса да, өз еркімен бір жерде қалуға батылы бармас. Ал одан бір жасқа кіші Иванға кешігуге болатын. Қайткенмен, жігіт қой. Қайратты әрі кез келген жағдайда өз-өзін қорғай алады. Дегенмен, қыздың жайы басқаша. Үп етсе, үзілгелі тұр. Қыз ғұмыры — шынымен де, қиын. Ауызбен айту оңай. Жанашырлық жүректен шықса, көкірек көзі көл болар, көкіректен шықпаса, адыра қалған алты ауыз сөздің бірі болады. Ол мектепке ерте, алты жасында барды. Одан кейін ерте, тоғызыншы сыныптан кейін қызылша жұқтырып, мектепке бармай, ақыры шығып тынды. Сосын сауданы үйрететін тоғыз айлық курсқа барды. Курсты бітіріп, енді жұмысқа орналасайын десе, жұмысқа алмайды. Жалғыз себеп — кәмелетке толмаған. Амал тауып, әйтеуір, курста бірге оқыған қыздармен бірге базарға барып, сауда сабағын сұрай бастады, сөйтіп, үй тауарларымен шұғылданды.
Солай...
Анатолий Деминмен бірге оның көлігімен келді. Тамара Ивановна басқа орын таппай, ас үйдің терезесінің жанында тұр. Үнсіз. Қатар-қатар тізіліп тұрған біркелкі шарбақты секіріп өтіп, Анатолий үйдің есік алдына келді. Сәл кідіріп, бірдеңе есіне түскендей аялдады. Деминнің күтіп тұрғанын көрді. Бұл кідірістің мәні — үйде. Бәрі сонда басталатынын біледі Анатолий. Үйге кіргеннен кейін бірінен соң бірі жалғасып кететін құдды бір жазылған сценарий бар секілді. Оның ұзақ толғануы сондықтан. Бірақ Тамара Ивановна Деминді көргенде селт еткен жоқ. Өз-өзіне сенімді. Әлгі алдымен кіреберіске қадам басты. Ашық есікке кіріп, Тамара Ивановнаның шиеленіскен бетінен жоғалған қыздың әлі келмегенін түсініп, бәсең дауыспен:
— Уайымдама. Әлі ерте ғой... Бұл уақытта бала-шаға да далада ойнайды, — деді.
Бірақ әйелі де, өзі де бұл тек алдамшы сөздер екенін сезеді. Сөздің зілі кетіп, ымы ғана қалған.
Тамара тіс жарған жоқ. Иегімен есікті «көрсетті».
Олар Иванды үйде тастап, оны қайтып келгенше жатпауға, қажет кезінде телефон тұтқасын көтер деп, үйден асығыс шығып кетті.
Түн жылы. Жаңбырдың жақындап қалғанын майдақоңыр лептен байқауға болады. Көшеде кісі жоқтың қасы. Ай сәулесінен пайда болған бірен-саран көлеңке әр бұрышта көрінеді. Таңғы азаннан басталған тіршілік қамы түн келгенде саябырсып, тыныштық тапқан. Кейде уақыттың құны түнде ғана білінетіндей. Әлгінде, осы көшеде әр елден жиылған жұртшылықтың қарасы көп болған еді. Себеп — көліктер жарысы. Бұрындары жаз бойы жаратып, терін алып, адамдар бәйгеге сәйгүлігін қосушы еді, бүгінгілер темір тұлпарларын жарыстыратын болған. Жай жарыстырып қана қоймайды, оған қомақты түрде қаражат салынады, бәс тігіледі. Шыны керек, жарысу, таласу, бәсекелесу қазір барлық салада бар. Көшеде самсап тұрған жарнамаларда, көкжәшікте, кәдімгі қарапайым киімдерде, зәулім үйлерде — бәрінде бақталастық бар. Тіпті, адам жерлеудің өзі қазір бәсеке. Кейде осы адамдардың ит тірлігі тоқтамайтындай көрінеді. Күнәға да, кінәға да ет үйренгелі қашан... Тек обалға ет үйренбесе екен. Бірақ, қайдам. Қанша қорғаштасаң да, көбелек отқа, адамдар шоққа асығады.
Олар үнсіз. Тек Демин ғана ара-тұра мағынасыз бірдеңені мыңқылдайды. Оның өзі сірескен үнсіздіктің сеңін бұзу үшін ғана жасалған айла. Әйтпесе, оның да сөйлеуге зауқы жоқ. Олар орталыққа түсіп, ескі көпірмен сол жағалауға өтті. Оңға бұрылып, ары қарай тағы да әудем жер жүрді. Қараңғылық әлі сейілген жоқ. Тамара Ивановна мұңды жанарын жұлдызды аспанға қадады. Ғарыш неткен кең. Неткен әдемі. «Бірақ менің ішім неге аласапыран?» деп ойлады ол. Өмір — өң мен түс. Өң мен түсте өзіңді жоғалтпауың керек. Өңі қайсы, түсі қайсы, барлығын болжап отыруың керек. Әйтпесе, есіңнен адасасың. Басын көліктің терезіне сүйеген әйел осылай тебіренді де, терең күрсінді. Ой құшағында келе жатқан Тамара Ивановна кенет бірдеңені есіне түсіре бастады. Алайда, оның өзі көмегін бере ме, жоқ па, беймәлім.
— Осылай тыныш жүре береміз бе? — деді Демин сұрағына ешкім жауап бермесін білсе де.
<...>
Бұлар үйленгенге дейін Тамара Ивановна өзіне таңданыспен қарайтын. Бірақ таңданысы ұзаққа созылмай, көбінесе уайымы жеңіп кете беретін. Әйел заты уайымнан жаратылған ба дерсің. Ауылда олар үлкен, зәулем, кең үйде тұрды. Ауласы таза, жан-жағы қоршалған. Бір сөзбен айтқанда, жанға жайлы болатын. Ол кетерден екі жыл бұрын ғана әкесі бұзылған есікті жөндеп, бөлменің шырайын кіргізген еді. Одан кейін сынған қоршауларды да асықпай жүріп қалпына келтірді. Үйдің бояулары қанық, шатыры бүтін, шарбағы түзу болса, берекесі де молаятындай. Ұйықтар алдында, Тамара айнаға, яғни өз-өзіне ұзақ қарады. Әйел затының жаны жұмбақ, жүрегі секемшіл, көңілі уайымға толы екенін тағы бір мәрте өз-өзіне дәлелдегендей. Ұйықтауға зауқы жоқ. Көңілді көкпарға салған көп өкініш, сау адамның сынық ақылын ұрлайды. Қиялға ерік бергізеді. Ол өзіне ешқашан зиян тигізіп көрген жоқ. Керісінше, үнемі өзін күтіп жүрді. Иықтары көтерілген, қадамы нық, денелі, ең бастысы шынайы еді. Бұл шынайылық оны кез келген жерде, кез келген қиындықтан алып шығатынын біледі. Күнге қарай қол созған әйел затының қанатын қағу — қиянаттың қиянаты. Өйткені, олар өз арманы үшін өлермен, өз мақсаттарына адал. Ал адалдықтың тұңғиық түбінде тазалық жатыр.
Ол аласа бойына бола ыңғайсызданған емес. Бірақ ол көңілін жасытып, көптің алдында жасық боп көрінгісі келген жоқ. Тырмысты, тырысты, талпынды. Өмірдің өзі осы сөздің қосындысы екенін түсінді. Бақыттың кілтін табуға барын салып, барды бар, жоқты жоқ деп күн кешуге үйренді. Осындай сәттерде ең бірінші ойға түсетін жалғыз адам бар. Ол — тағы да ана. Қамқоршы, жұбатушы, қателерді кешіруші. Оны ойласа, айнаға да, басқаға да қарағысы келмейді.
Бірақ ол өзін дамытып, салауатты өмір салтын ұстанып, тәтті тамақ пісіріп, сүйікті ісімен шұғылданып, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүруге тырысты. Өн-бойын қарып өткен ыстық сезім бар. Оның не екенін ешкім білмейді. Тым алыста менмұндалаған сағым ба, әлде құлаққа әлсін-әлсін естілген бейғалам дыбыс па, бұл күйді ұғыну мүмкін емес. Адамның санасы тереңдеген сайын өмірдің өзі күрделене түсетін секілді. Сондай хәл әйелдің басында. Тоқтаған, үздіккен, деміккен, дірілдеген... Оның алпыс екі тамырында бір ғаламат өзгерістер орын алуда. Әлсіздік те бар. Бойды билеп барады. Көз алдына тасыған теңіз, буырқанған құйын, найзағайлы бұлт елестейді. Содан кейін дыбыстар, әріптер. Ол әріптер бара-бара үйлесімді һәм ұйқасты сарынға, сазға айналды. Жасырын дауыстың ішінен дыбыссыз, дірілдеген ән естілді. Ол оны бір кездері естіген болуы керек:
Тып-тыныш, тұп-тұнық,
Бір өзен ағады.
Тамшылар тырсылы,
Тағдыр боп тамады.
Толқыма, өзенім,
Толқыма, тасыма.
Су ішкен, тазарсын,
Адам кеп қасыңа.
Өзі әйел болса да, әйел құпиясын ашуға қауқары жоқ. Кейде әйел де әйелдің іс-әрекетін түсінбеуі мүмкін. Оның ішінде бір тұтқын бар. Бірақ физиологиялық емес, түсініксіз, қорқынышты, бірақ бәріне бірдей, немесе көрінбейтін, ішкі, физиологиядан гөрі сезімтал, ерекше рухпен үйлескен, тыныш, ұйқының құшағында бірдеңе бар. Сөйлесең, қозғалып, үн қатпасаң, қозғалмайтын бір тылсым бар. Кенеттен тән шабыттанса, ол да құйқылжып, ұша жөнеледі. Кеудені жарып ұшып, жарыққа қарай жол тартады. Оны көру, қолмен ұстау мүмкін емес. Сол бір тылсымда ашуға ешкімнің батылы жетпейтін ақиқат, ешкім шеше алмайтын сыр бар. Йағни, өмір ішіндегі өмір. Бұл физикалық немесе ғылыми тұрғыда ақылға сыймайтын нәрсе болары сөзсіз. Бірақ біз тек физикалық ғаламда өмір сүріп жатырмыз ба? Параллель өмір де бар шығар. Ол бұл сарынды, әндерді алғаш естіп тұрған жоқ. Бұрын да осыған ұқсас күй кернеген болатын кеудені. Бүгінгі сарын нәзіктіктің, сағыныштың дауысы. Ол өзін «өзінен» бөліп алып, шексіздікке адасып кетті. Қаламның ғажабы мен азабы осы ма дерсің. Қайран!.. Көрінетін нәрсенің қандай да бір функциясы бар, бәрі өмірге және өмірдің жалғасуына байланысты болады, бірақ сіз бүкіл әйелді төсекте және ас үйде анықтай алмайсыз. Оның бәрі ол жерге сыймайды және бәрі күйеуіне тиесілі болмайды. Еркін болып қалатын, өте сезімтал, тәндік емес, өзін таза ұстайтын, шеберлік шеңберін ұйымдастыратын, әйелді еркелетіп, жан мен тән сұлулығын сұрыптайтын нәрсе бар ма? Кейде Тамара Ивановна өзіне жасырылған сырдың алдында өзін ұятқа қалдырады, ондай сәтте тілек отымен емес, таза шабыт отымен жазуы мүмкін. Және сол себепті де жазуы шынайы шығады. Шын мәнінде, жазуға тосқауыл қоюға болмайды. Ол өз дегенін айту керек. Тамара — өзіне ұқсайтын көптеген және миллиондаған әйелдердің бірі. Бірақ оның түйсігі басқаша. Мынау жылтырақ ғаламның сырт жағын ғана емес, ішін де білгісі келеді. Ол осы ерекше сезімталдықтың, өзін-өзі сезіну қабілетінің арқасында өзін жалғызбын деп санайды. Әрине, мұндай күйде адам жаны алып-ұшып тұратыны сөзсіз.
Әкесі оны қалаға ертіп бара жатып, өтірік мас болып көрінді. Бұл — өмірде кездесетін әртүрлі адамдардың бар екенінің ишарасы еді. Әке мен қыз арасындағы әңгіменің әлқиссасы үнемі өмір туралы басталып «абайла» сөзімен аяқталатын. Басқаша айтқанда, ақылды көзбен де айтуға болады, үнемі сөйлеудің қажеті жоқ. Мұны әке де, қызы да біледі. Бірақ әр нәрсенің өз шегі мен уақыты бар. Қараңғыдағыны жарыққа, қапастағыны бостандыққа шығару керек. «Жаратқан ием, балаларым тұзаққа толы ғұмыр жолында жамандыққа жоламай, еркін әрі бақытты өмір сүрсе екен. Жаңа өмір жолына шыққан балалардың ер жеткен кезеңі жақсы болса екен» деп тіледі ішінен уайымшыл әке. Ата-ана болу — бақыт, бірақ соның өзі қалай жылдам өткенін, жылт етіп жоқ болған сәттерді еске алса, еңірей жөнеледі. Уақыт жылдам. Тым жылдам өтуде. Светка оны әрбір сөзін, ойын, мұңын мұқият тыңдады, тыңдады да бір сәт үнсіз қалды. Шынымен де, тал бесік пен жер бесік арасындағы қамшы ғұмырдың шын бейнесі осы шығар. Дөрекі сөздер мен ұятсыз әңгімелер отбасында ғана емес, қоғамда да жиі айтылып жатады. Мұндайға бәрінің еті үйренген. Демин мен әлгілер Тамара Ивановнадан қорқып, керекті сөзді айту қажет болғанда, сәл іркіліп қалды. Балалардың жағдайын ашып айтсақ, одан сайын ашулар деген үрей оты маздады. Бұл жерде «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығадының» кейпі керек болып тұр амалсыздан. Еркін өмірдің келуімен, теледидардан, дамыған техникалардан, жағымсыз заттардан пайда болған «жалған» идеялар, шынында да, бәрінің мазасын алды. Тұрмыстық құндылық пен рухани құндылықтың арасы алшақтады. Оны тоқтату үшін, тоқтатып қана қоймай, басқа өмір бастау үшін Тамара Ивановна не істеу керек деп ойлады. Көкжәшіктің көгілдір сәулесі көкіректі ғана емес, көңіл көзін де тұмшалады. Мәселенің мәнін ашуға тағы да дегбірі шыдаған жоқ. Шығатын жол қайда?..
— Қатты уайымға салынба, шешесі, — деді сыбырлады Анатолий. Олар, баласы бар әрбір шаңырақтағыдай, бір-бірін осылай «шешесі», «әкесі» деп сөйлейтін. Бұл — үйдегі қалыпты қаратпа сөз.
Тамара көңіл толқынысын ірки алмай, сыртқа шығып, жылап жіберді. Терезенің жақтауына сүйеніп тұрып, ағыл-тегіл өксіді. Әдетте, мұндай оқиғадан кейін ол күні бойы ешкіммен сөйлеспей, бұйығып, жалғыз қалып қоятын. Бейне бір қара тас секілді міз бақпай, мелшиетін еді. Бірнеше күн өтті. Ивановна содан кейін балабақшадан шығып, поштаға жұмысқа келді. Оны бір таңғалдырғаны — баспаханадан және вокзалдан келген, бұрын-соңды көрмеген суреттері бар түрлі-түсті газеттердің көрінісі еді. Журналдар бірден өте қойған жоқ. Мұнда сатылатын кітаптардың мұқабалары адам қызықтыратындай емес-ті. Сондықтан болар, оқырман көп келмейді, ара-тұра болмаса, былайғы жұрттың журнал мен газет оқуға ынтасы жоқ. Ол поштаға ескі телеграф мамандығы бойынша келді. Жеделхаттардың мәтіндері де өзгерді: онда кілең арсыздық жайлаған идеялар, астыртын және ашық қоқан-лоқы көрсетулер, жалған ант беру секілді жағымсыз материалдардан көз сүрінеді. Бұл — нағыз ақымақтықтың өзі екенін түсінді Тамара. Бірақ енді ештеңеге ешкім тыйым сала алмайды. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Барлығы еркін, бәрі ашық, бүкпесіз. Кейбір атқамінерлер рухани «қылмыскерлердің» жолын торуылдап, материалын қанша өткізбеуге тырысқанымен, бәрі бекер. Қазіргі кезде оларды жойып жіберетін күш те жоқ, заң да осал. Қастандықтың, қиянаттың жұқпаған жері, болмаған мекені қалған жоқ.
Мұзарт шыңдардан құлдилаған қар көшкіні жиі болып тұрады. Жаңбыр мен қар аралас көшкін тасқынға айналып, айнала алай-дүлей, қорқынышты болатын. Сондай кезеңдердің алғашқы күндерінде Тамара Ивановна әлсіздіктен, әділетсіздікке тосқауыл қоя алмауынан, лас ағыннан қашып, таудың жотасында жалғыз қалуды жаны қалайтын. Тағы да көзіне жас алды. Кеудесін қысып, маздап жанған жан дертікөкіректі күйдіріп барады. Қанша сағаттың өткені есінде жоқ. Ол жылады. Кейде тағдырға наз айтудың жалғыз жолы — жылау секілді. Ерні дірілдеп, көзі кіртиіп кеткен. Қорқынышты жүрекке көз жасын төгеді. Бірақ мәселені тек көз жасымен ғана шешу мүмкін бе? Жоқ. Басқа жол болуы керек. Ол тығырықтан шығатын қандай да бір жолдың бар екенін біледі, сезеді. Бірақ оған батылы бармайды. Демек, тым нәзік болса да, қатал өмірдің сынағына көну қажет. Ақ пен қараны табиғи қалпында сүюі керек. Өзіне сенудің ар жағында Құдайға деген сенім бар. Ал сенімге сүйенген жан сүрінсе де, өз жолын табады.
Қайғыдан құтылудың жалғыз жолы — осы ауыл. Тамара Ивановна Ангараның шатқалды жағасындағы өз ауылын, қайың мен қарағаймен көмкерілген кең алқапты, жаздың сәніне айналған тіл үйірер шиесін, ауылдағы тәтті шайын, гүлдердің алғаш бүр жарған мезетін, көшенің шаңын көтеріп, асыр салып жүгіретін сәттерін есіне алды. Ашық аспан, таза ауа. Ғажап!.. Көкжиекке батқан Күннің сәулесі шатқалға төгіліп, бір ерекше сұлу бейнені бедерлейтін. Мұның бәрі бір нәрсеге жақындатады, жарқыратады, ойнатады һәм ойлантады. Тынық дүниенің кенеттен дүрліккені де көркем! Мұның бәрі Тамара Ивановнаға соншалықты жарқын, жанды және ауыр тиді. Ұмытшақтықты білмейтін ол кейде көп нәрсені есіне түсіре алмады. Бәлкім, өткен шақтың кейбір таңбалары санадан біржола өшкен шығар. Түсінде оған бірнеше рет марқұм анасы кірген болатын. Ол артына қарап, асығып, бір нәрседен қорқып, өз кезегінде марқұм анасы, Тамара Ивановнаның әжесі туралы бірдеңе деді. Бірақ ол не айтқанын толық түсінген жоқ. Оның не істегенін түсіну мүмкін болмады, бәрі де бұлыңғыр, бұл түс бейне бір жалғыз мезетте жарқ еткен найзағай секілді.
Шешесі Құдайға сенетін адам болған еді. Алайда діни рәсімдерді көп орындамайтын, тіпті соған қатысты заттарды да құп көрмейтін. Оның Құдайы — жүрегінде. «Құдайдың құдіретіне бас иіп, оның кіршіксіз таза жаратылысына қарсы шықпау керек» деп үйрететін қызын. «Сонда ғана ол сені панасына алады».
Тамараның жүрегін толқытқан осындай жайттарды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Құдай мен адам, адам мен Құдай... Екеуін байланыстырып тұрған мынау шексіз, шетсіз ғаламшар. Ең үлкен және ең кішкентай бөлшекке дейінгі аралықта бір құдірет барын сезеді жүрек. Сезеді де, сөз туады.
Жеңіл де, жеңіл,
Бір қайық жүзді.
Орнаттым соған,
Іштегі күзді.
Жапырақтай сарғыш,
Жаутаңдар көзім.
Бөлінбе, енді,
Бақытты кезім.
Барлық бақытты, байлықты бірден, бір-ақ күнде жоғалтып алғысы келген жоқ. Осы шумақтардың мөлт етіп төгіле қалғаны, мүмкін, сондықтан шығар. Кім біледі. Қырық жыл ғұмырында былайша көкірегі қарс айырылып, құлазып көрмепті. Туған ауыл, жыр шумақтары, сағыныш. Барлығы тоғысып келіп «өмірдің» анықтамасын танытатындай. Дейтұрғанмен де, тағдырдың «шағылған» әйнектері шындықты ашық көрсетеді. Ол жүректі тілсе де, тілмесе де, әу баста солай жаратылды. Алдағы асуларды асып, армандарға қол созу керек еді. Көп нәрсені өзгертіп, көп дүниенің ақиқатына үңілу керек еді. Түймедей бақтың келбеті көрінбесе, таудай талаптың қадірі болар ма?
Тып-тыныш, тұп-тұнық,
Бір өзен ағады.
Тамшылар тырсылы,
Тағдыр боп тамады.
Тасыма, өзенім,
Тасыма, осылай.
Қайықпен өзіңнен,
Өтейін жасымай.




