Шөлі қанбаған желбезек

Түнгі сағат екіде жолға шықтық.

Теңіз буырқануда. Ашулы. Бір көтеріліп кеткен ұлы теңіздің ашу-ызасының басылар ойы жоқ.

Қара дауыл. Уақыт өтсе де өз-өзінен долданып, қарауытып қайнап жатыр. Аңғар беттен соққан желдің қаһары да бекер емес-ті. Әдетте адамдар судың таситынын, дауылдың тұратынын, бір сөзбен айтқанда теңіздің тынымсыз күйге енетін тылсым күшінен-ақ біліп қояды. Тіпті, алдын-ала болжам жасайды.

Барлығымыз серуен құрып, миымызды тынықтырып жүрген уақыт еді. Көше бойымен келе жатқанда сонау бос кеңістіктен бетімізге тұзды желдің самалы соқты. Теңіз суы шарасына сыймай барады.

Түн. Қараңғылық даланы өз құшағына алған еді. Жағаға беттейтін жолдар кедір-бұдыр таспен жасалған болса да, әдемі көрінеді.

Сол сәтте әлдебір жарық сәуле түсіп, жүзімізге қуаныш сыйлады. Ол болмаса біз бәлкім сүрініп, тіпті, жараланып та қалар едік. Түннің адам жанына сыйлар сезімі ерекше. Мұнда өткен уақыттың әр сәтінде жүрегіміз ерекше тыныштыққа бөленді. Суреттеуге тіл жетпейтін керемет кез.

Өкініштісі, біз келгенде осыншалық мол қазынаға толы теңіздің сәні қалмағандай болды. Себебі, адамдардың шулы дауысынан теңіз толқындарын да ести алмадық.

Соңғы бұрылыс. Мен тоқтадым да:

— Қара. Сол ма, жоқ па? — дедім.

— Соған ұқсайды, — деп жауап берді Семен. — Жақсы көрініс. Нағыз теңіз.

— Жерорта теңізі, — дедім мен.

— Теңіздің хош иісі, — деді Семен. — Мүлдем басқаша. Мен Қара теңіздің, Каспийдің, Балтық теңізінің, Солтүстік теңіздің, Аралдың керемет хош иісін білемін. Ал Жерорта теңізін алғаш көріп тұрмын.

Жағалауда әр секунд сайын көліктің өлшеміндей тас үйінді жиылды. Бірақ бұл жерде де өрескел жартасты, қабырғалар арасындағы өткелді көліктер кесіп өтті. Батыл қадамдармен адымдап, соңғы соқпақты еңсердім де, тасқа сүйеніп, демімді бір басым. Ерке толқын құрғақ аяқ киімімді малмандай су қылды. Бұл кенеттен болды. Сол сәтте-ақ, дүниенің бар уайымын ұмытып қатты әрі алаңсыз күлдім.

Бұл кездегі әр сәт ерекше шынайы болды. Капри аралы. Түн. Ақпан. Қазір Мәскеуде минус жиырма бес градус, ал мұнда еркін суға түсе аламын. Теңізге тамсанып қана отырмай, жүзуге де бармын. Семенды шақырып:

— Міне, Жерорта теңізі. Қане, теңізге сүңгі, бауырым!

Семен үстіндегі киімін шешіп үлгерді. Ол:

— Есесіне, мен Қара теңіздің хош иісін мына артқы тұстағы Түрік шекарасы жағынан сездім. Түн жамылып, Түркия жақтан Новороссийскке тыйым салынған тауарларды қасап-қайықпен тасып жүрген шақтарда...

— Романтика, — дедім мен. Семен болса:

— Иә, тіптен... керемет! Айтпа, — деді тұйықтап.

Ол менің қасымнан жүгіріп өтіп, шаяндар секілді тастардың арасымен қолдарын тірек қылып жүрді де, МХАТ-тың ескі мектебінің мәнерімен, даусын көтеріп, сабырлы қалыпта сайрай жөнелді:

— «Қайық өтсе балықтардың, жұлдыздардың қасынан... Үш грек бар Одессаға контрабанда тасыған!»

Оның өзін керемет сезінгені айтпаса да, жүзінен көрініп тұрды. Семен бір үлкен тастың шетіне отырды да:

— Барлық жерде тастар! — деді.

— Мықты ұста, — дедім мен. — Теңіз үстінің дауылы әлемет-ақ. Толқындар іріленетін уақыт. Құлап кетпе!

— Уылдаған үйдей-үйдей толқындар қазірдің өзінде келе жатыр, — деді Семен.

Толқынның енді ғана жақындағаны сол еді, Семен қуаныштан, бәлкім, қорқыныштан күңгірттеу айқайлады. Қара дауыл әупірім айқай жаңғырығына ұласты да, қуаты жағынан бірінші толқыннан екіншісі, екіншісінен үшіншісі асып түсіп жатты. Не деген сұлулық десеңізші.

Семен қуанышқа толы күйде айқайын тағы да қайталады. Бірақ бұл жолы бар дауысымен айғайлады. «Желбезекті суладым-ау» деп ойладым да, бері шақырдым:

— Жүзейік!

— Мүмкін емес! Біз орамал алмадық. Егер аяғыңды сындырсаң... Ол ештеңе емес. Ал аяғың кептеліп қалса, шыдатпай ауырады ғой. Ашық теңіз өкіріп тұр. Үйдей толқындары ереуілдеп, ес жиғызар емес — деді Семен.

Осыны көрген соң кенет ойға батып:

— Мұнда жергілікті тұрғындардың қалай жүзеді екен? — дедім.

— Олар жүзбейді, теңіздің хәлін көріп тұрған шығарсың, — деді Семен. Бұл біз үшін жаңалық, өзгешелік, бірақ олар үшін ше? Керісінше жағдайды елестетіп көрейік. Екі итальяндық Мәскеуге екі күнге арнайы келді. Күнделікті тірлікте бізге қарапайым болып көрінген жайттар олар үшін таңсық әрі қызықты болатын еді. Қазір бізде де сондай жағдай.

Мен күлдім. Семен жөтеліп қалды.

— Не болды, бауырым, — дедім.

— Ештеңе, — деп жауап берді Макаров, — Теңіздің суы пайдалы: мұрын-жұтқыншақты теңіз суымен шаю керек... Ем болады.

— Ұмытпа, досым, біз Капри аралындамыз. Мұнда бәрі пайдалы. Су, ауа, иіс. Тіпті, жартастардың өзі де...

— Тастар, иә, — деді Семён, ара-тұра сыпайы сөзге көшетін әдетімен. — Тастар өзінің шынайылығымен әдемі. Сіз мына тастың сол жағына барыңыз. Оны құшағыңызға алыңыз. Ал жел соққанда, бірінші тасқа арқаңызды басыңыз. Тек басыңызға абай болып, қарақұсқа қамқорлық жасаңыз... және демалыңыз.

— Маған қалай демалу керектігін үйретпе сен. Мен болмасам, дәл қазір кеңседе ерігіш кофені сорып отырған болар едің.

— Иә, — деді Семен көңілді күймен. — Бұл жақсы идея болды.

— Бұл ішіңде алай-дүлей болып жатқан, көк теңізше күй кешкен, күңгірт сезімнен шығу деп аталады.

— Дәл өзі, — деп келісті Семен. — Бұған да жеттік-ау. Барамысың?

Қараңғылықтағы айдың әлсіреген сәулесінен де оның қалай дірілдеп тұрғанын байқауға болады.

— Суық, — дедім мен.

Күн суытқалы бері теңіз беті бұрынғыдан бетер түтігіп, қарауытып, ыңыранып жатыр.

— Жарайды, сүңгиік, түн, тастар, жұлдыздар дегенді сен өзің айттың емес пе?! Жүр. Тек асықпа. Көз алдыңда толқыған теңіз. Үстіңнен басып қалардай. Есіңде болсын, ол сені итеріп қана қоймайды, сені өзімен бірге сүйреп апара алады...

— Толқын ба?

— Иә.

— Толқын туралы емес, әйел жайлы айтқан сияқты болдың.

Семен әйелдер туралы бірдеңе деп жауап берді — жөнді ести алмадым.

Алайда, тастар барлық жерде болған жоқ. Мәселен, теңіз түбінде тастар болмады. Су жағасында адамдар жасаған тегіс платформа болды: бетон, тақыр жер, ал анау жақта жоғары-орта топтағы еуропалықтар күнге қыздырынып жатты.

Мен тыр жалаңаш шешіндім. Теңіз қапырық. Ішімдікке тойып алғандай, бойым қызып кетті. Екі қолыммен жартасқа жабысып алдым.

Су жандырып жіберді. Шынымен-ақ, спіртке шомылып, тереңіне сүңгіп шыққандай күйге түстім. Иісі мүңкіп, қара спірт қолқамды қапқандай, әбден есеңгіреп қалдым. Мына түріммен буырқанып, мас тамшыларын жан-жаққа атқылап, ауырлап кеткен теңіз суы мені біржола бағындырып, қос қолымды тірегінен айырардай... Терісі сыпырылған қолдарым ырқына көнсе, мені жұлқи жөнеліп, жағалаудан аулақ апарып, аударып-төңкеріп, төмпештеп, тіпті, өлтіре салуға бар.

Әндеттім:

Мен құстардай жылы жаққа ұшамын,

Теңіздерге құшағымды ашамын.

Демалатын орын құдды мен үшін...

Жаралғандай, сол уақытты тосамын.

Толқынның спіртке бергісіз, буырқанған қуаты қатты. Табытты артқа тартып, майлы, қара кеңістіктен рифтердің төбесі көрінген сәт бұл. Үш минут бұрын жағадан алыстап, толқынмен жүзіп кетуді жоспарладым. Сондағы ойым: Семенге, әбден миын түтін тескен міскінге мүмкін емес нәрсенің мүмкін екенін дәлелдеу. Алайда, досым дұрыс айтқан екен. Мұнда тек алып тастарға алақаныңды сүйеп отырып, тұмса табиғаттың бейжай болмысына тамсана қарау керек.

Ұтымды сәтті пайдаланып, сыртқа шыққаным сол еді, толқын тағы артымнан қуып жеткендей болды. Басымды иығыма салып қорғанғандай болып едім, шынтағымның терісін тағы да сыпырылып қалды.

Бұл кезде Семен киініп, темекісін тұтатып, алқызыл ұшқындарды желге ұшырып отырды. Ол:

— Мен де бұл әнді есіме түсірдім, — деді. — «Мен солтүстікте тұрамын! Сейнерде жұмыс істеймін!»

— Қайта сүңгі!

— Жоқ, қатты салқындап кетті. Тоңдым. Гидрокостюм алу керек еді.

— Тағы не керек?! Бұл туберкулезбен ауыратындар, астматиктер мен бай қарттардың аралы. Мұнда барлығы ақ шалбар киеді, гидрокостюмдар қолданылмайды.

— Онда ақ шалбар алу керек еді.

— Жоқ, — деп жауап бердім. — «Барымен — базар» болған негізгі ой.

— Сен өте дұрыс істедің. Мен ризамын. Бұл шынымен жұмақтың өзі ме екен деп қалдым...

— Солай жазылған, — дедім мен. Денемді суық алғанын сездім. Дірілдей бастадым. Бірақ сыр бермедім.

— Егер бұл жер жұмақ болса, онда мен темекінің тұқылын қайда тастауым керек?

— Ораманың целлофан қабына орап, қалтаңа салып қой.

— Жарайды, — деді Семен. — Біле жүрермін.

Теңізден жарты шақырым жерде, он қабатты ғимарат бар. Оң жағында ай сәулесі түсетін тамаша теңіз жолы бар. Сол жақтан Гибралталға дейін, тіпті, Кариб аралдары мен Бразилияға да жүзіп баруға болады. Кедергілер, шекаралар, жол қиылысы, кептеліс дегеннің онда бірі де жоқ. Иә, тек судан басқа ештеңе жоқ. Тіпті, өз айтқандарымды енді өзім іске асырмақшы болдым. Бірақ бұл ойымнан тез айныдым.

Жас елуге жақындағанда көп санаға сенбеу де қажет секілді. Түйсікке, сезімге, бастысы, жүрекке сену керек. Қалауыңа қарайлау қажет, сірә. Жүзгің келсе, жүзіп, ниетің болса, билет ал да, теңізге тартып кет. Балықшылар мен суретшілердің баталы өлкесі күтіп алады.

— Жарайды, — деді Макаров. Сенің желбезектерің риза ма?

— Иә.

— Олай болса, кеттік.

Жоғарыда жылынғандай болдым.

Иезуиттердің монастырын артқа тастап, жолай бірде-бір тірі жанды кездестірмей, теннис кортынан сәл үлкенірек болатын ауылдың бас алаңына шықтық. Ескі кварталдың түкпіріне өтіп ек, көшелері енсіз екен, ары кетсе бір жарым метрлік қуыстар мен қалтарыстар ғана. Жол бастап, алда келе жатқан Семён тоқтады.

— Тыныштық, — деді ол. — Мен мұндайды құрметтеймін.

Салқын қабырғаларға арқамызды сүйеп біраз тұрдық.

— Бұл кинотеатрға ұқсайды, — деді Макаров. — Тыныштық... Барлығы орындарына жайғасты. Билет тексеруші шымылдықты түсіріп тастаған. Шамдар сөніп тұр. Экран әлі қосылмаған. Тыныш, қараңғы. Бәрі де өз орындарында... Күтіп отыр. Мен жеті жастамын. Тістерім сықырлап, уақыттың тез өткенін қалайтын секілдімін. Қазір маған «Амфибия адамды» көрсетеді. Ихтиандр дәл осындай көшеге жүгіріп шығады. Соңында зұлым бар. Педро Зурита. Әй, бір иттің баласы ғой. Сол сұм Ихтиандрға енді жете бергенде... Тарс! Теңіз, жартас! Суға сүңгіді, бітті... Ұстау жоқ!

Таудың ұшар басына шыққанда, біз аралдың екі баурайын бірден көрдік: жергілікті тұрғындар шығыс жағында тұрады, батыс бөлігі түгелдей бір-біріне қабырғаларын тіреп салған отельдер еді — жарық оттардың отаны.

Соқпақ кеңейіп, торлы қақпаға апарды. Семен аспа құлыпты тартып қалып еді, жетім темір үні жабырқау шықты.

Макаров мұрнын тартып қойып, биікке батыл беттеді. Мен одан:

— Осында күзетші болса ше? — деп сұрадым.

— Ақша береміз.

— Ол алмаса ше? Полиция шақырса не болады?

— Шындықты айтамыз. Біз ресейлік туристерміз. Шындықты айтайық. Біз ресейлік туристерміз. Кенет жұмыс аптасының ортасында теңізде жүзгіміз келді. Тек теңізде емес, Еуропадағы ең мәдени орында. Жүзуден кейін, әрине, император Тиберийдің вилласын көрмей кете алмаймыз. Бұлай етсек, бізге зор өкініш болар еді. Итальяндық қирандылар — әлемдік бренд! Итальяндық футбол сияқты! Итальяндық қоқыс сияқты! Келсек жабық екен. Біз қатты қынжылдық. Міне, осылай айтамыз.

— Өтінеміз, кешіріңіздер, ағатайлар, енді бұндай жағдай қайталанбайды, — дейміз бе?

Семен секіріп түсті де, шалбарына қолын сүртіп, қалың тордың арасынан күлді:

— Керісінше, кешірімді олар бізден сұрау керек. Қирандыларды көру үшін сонау жақтан арнайы ұшып келдік. Ал біз оны көрмейінше кетпейміз. Өйткені, біз туристпіз. Біз тәртіп пен мәдениетті сақтап жүрміз. Темекінің қалдығын да тастамаймыз, қалташаға орап аламыз. Одан басқа не керек? Тіпті, олардың бізге тағар бір де бір міні жоқ. Мен оның соңынан ере бастадым, Макаров жан-жағына қарап:

— Қаһарлы қыста мен Қызыл алаңның қақ ортасында қар құрсауында тоңып, ашулы аю шабуыл жасап, кәрі сүйектерімді кеміре бастағанда мынадай озық ой түйер едім-ау:

«Өмір бекер болған жоқ! Мен Капри аралын көрдім! Мен Тиберийдің елесімен сөйлестім! Мен орыспын, бірақ менің желбезектерім итальяндық теңізде дем алды! Менің ата-бабам бірін-бірі ағаш сойылмен өлтіргенде, демократия да, пошта да, су құбыры да болмаған!» — деймін. Қамауда да тек соны айтамын.

Үйінділерде үн жоқ. Олар жарықтың түрін де көрмеген. Күзет те жоқ мұнда. Жерорта теңізінің түгел теріскейіндегідей, бұл жерде де кепкен ешкі қиының иісі бұрқырап тұр.

— Мен ештеңе сезбеймін, — дедім.

— Екі мың жыл, — деді Семен, — мұнда оның молекуласының бір де бірі қалмаған.

— Мүмкін емес. Тиберий әлемді басқарды. Ол Понти Пилатқа бұйырды. Калигула оның асырап алған ұлы болды. Іздеу керек.

— Біз оны іздейміз, — деді Семен.

— Тек темекі шекпе. Рухтар темекі түтінін ұнатпайды.

— Айтқаның болсын. Бірақ таң атуға таяу, мұны есіңнен шығарма.

— Таң рауандап атар тұс — ең ерекше, тылсымға толы уақыт. Көкжал қасқыр мен төбет иттің арасы...

Семен қарабайыр сезімталдыққа бой алдыра бермейді. Ол көріпкелдік, көлеңкелер әлемі дегендерге сенбей, тұрмыстық ертегідей ғана қабылдайтын. Бірақ тап қазір біршама ойланып, күбірлеп қоя берсін:

— Рух жертөледе тұруы керек шығар. Төменгі қабат.

— Әй, қайдам... Төменгі қабатта атқора, қойма секілді қызмет жайлары болған. Мен болсам жоғарыда тұратын едім.

Жағамызды көтеріп, тас лабиринтті тағы бір рет айналып өттік. Түнек көмкерген түкпірлерді, үшбұрышты қамақтарды да қарап бақтық. Бәлкім, императордың осал тұсы болған жасөспірімдер мерзім-мезетін күткен болар осы бір қалтарыс, көзден таса тұстарда. Мен барлық бұрыштарды қарап шықтым. Бірақ ештеңе сезбедім. Тербеліс, әлсіз іздер ғана, тіпті, іздердің іздері де бар — Тиберийдің емес, оған қызмет қылып, осы қабырғаларды көтерген, хауыздарға су толтырып, қорқордың жұпарын әзірлеген көнедегі құлдардың... Билікқұмардың аты өшер, шебердің төккен тері тегін кетпейді, із-түзсіз жоғалмайды.

Мен Семенді ең жоғарыдан, бақылау алаңынан таптым. Ол қатты тоңып қалған екен. Еңкейіп, бүрісіп, жылынуға тырысты.

— Террмос алу керек еді.

— Біз тек қажетті заттарды ғана аламыз деген келісім болды ғой. Не болса да кешке дейін шыдауымыз керек.

Шығыста Неаполь ұзыннан ұзақ созылған оттарымен менмұндалап тұр.

Кеше біз Санта-Лючия жағалауларын түгел кездік, толқымадық, түк те сезінбедік. Неаполь ескі мотороллер сияқты қаңғыбас иттер мен қаңғыбас иттерден айнымайтын мотороллерге толы қала болып шықты. Капри аралы Неапольге қарағанда әдемі әрі таза еді. Арал тұрғындары да Неаполитандықтарға қарағанда сабырлы және сыпайы екен. Тиберий сарайының үйінділері — қабарыпп, жұмбақ жасырған Сан-Эльмо қамалы.

Император сарайының алтыншы қабатына өздеріне адал католиктер ғибадатхана тұрғызып, Бибі Мәриамның мүсінін орнатқан. Мемориалдық тақта Иоанн Павел Екінші бата беріп, содан пайда болған ізгіліктер екенін әйгілеп тұр.

— Таппадың ба? — деп сұрады Семен.

— Жоқ.

— Ештеңе етпейді. Егер мен Тиберийдің рухы болсам, мұнда мүлде қалмас едім. Өзің ойлашы: менің Исаны өлтіргеніме екі мың жыл өтті, ал адамдар менің үйімнің төбесіне ескерткіш орнатып жатыр! Исаның өзіне де емес, анасына!

— Ол Исаны өлтірмеген.

— Жоқ, — деді Семен. — Оның тікелей кінәсі бар. Ол Исаны өлтірген жүйені басқарды. Тиберийдің тұсында Рим империясы шексіз гүлденгені жайлы өзің айттың. Сондықтан, қараң қалсын ол! Рухы да тентіреп кетсін! Тарих ол туралының бәрін өшірді. Қара, таң атып келеді.

Айналамызда құстар оянып, ән салып жатыр.

Көкжиек сызығын бұлт басып, Семен екеуміз бірінші сәулені көрмедік.

Әуелі жұлдыздар бірінен соң бірі, тап бір аялдағанына ұялғандай, ғайып болды. «Бұл жерден кететін кез келді, әйтпесе, иесіне ұсталуымыз мүмкін» дегендей. Ақыры Иесі төменнен төңкеріп, бар бұлтты қызғылт алтынға бояп, баршасын тоқтатты да, тас төбедегі тағына қонжиды. Осы сәтте шағалалар құрлықтағы туыстарымен бірге бір ауыздан айғайға басты. Теңіз құстары материктіктерге қарағанда күштірек, өрескел. Бозғылт ай сахна артына асықты. Әрине, дәл осы сәтте өтіп кеткен Тиберийді ұмытып кеттім. Өлген тирандардың аруақтары тірілердің әбігерлері мен әурелерін қайтсін?!.

Солтүстіктен жаңа сұр бұлт ауып, көкті күміс түске бояды. Бұл бұлт мырыштай ауыр, алтын шапақты күміс нұрға айналдыра алар, аса мінезді еді. Саңылаулардан қымбат сәуле құйылып, асыл арай жарылқап жатты.

— Олар мұны күнде көреді, — деді Семен үнсіз.

— Қызғанып тұрмысың?

Макаров мақтанышпен күлді.

— Жоқ. Жұмақ тұрғындарына қызғанышпен қарау ақымақтық. Олардың желбезектері жап-жақсы. Ал біз — құрлықтағы тіршілік иелеріміз. Біздің желбезек үнемі қабынып тұрады. Дәйім теңізді сағынып жүреміз. Санамызда жүрген де сол арман ғой. Қаланы кезіп, қарлыққанша зиянды газдарды жұтқанымызға мәзбіз... Қабырғаға пальмалар салынған суреттерді ілеміз... Теңізге жетсек — желбезектеріміз тәнті... Йағни, бұл тозақтық ләззат бізде бар, оларда жоқ.

— Біз тозақтан келдік деп ойлайсың ба?

Семен бұл сауалыма сәлден соң, қайтып бара жатқан уақытта ғана жауап берді.

Қақпадан секіріп әуре болған жоқ, қоршаудың бүйірінен тесік тауып алды.

— Мәскеу тозақ емес, — деді Семен. — Ол бұл санаттардан тыс.

Енді бұлттар көгілдір күмбездің бүкіл шығыс жартысын жауып, бір саңылау қалдырды — ол жерден су бетіне алтын жалқынның мінсіз түзу бағанасы түсті.

— Мен камерамды алуым керек еді, — дедім.

— Жоқ, — деп жауап берді Макаров. — Келісім мынадай болды: тек ең қажетті заттар...

Қала оянды. Қоршаулардың ар жағынан тұрмыстық дыбыстар шықты. Аналары балаларын мектепке асықтырып жатыр. Жастар мотороллерге мініп, жүйткіп жүр.

Алаң жанданды, екі дәмхана ашылды, бармен екі қосар эспрессо дайындап, бізге лақтырды. Біз сәл күлімдеп, жымиыспен жауап қаттық. Кофе мен оттегі басымды айналдырды. Орындыққа отырып, ақ дастарханға шынтағымды тіредім. Досыма қарадым да былай дедім:

— Тек осы ғана ма?

— Иә, — деді Макаров. Мен бірден түсіндім.

— Бәрі осы, бауырым. Ұшып келдік, дымқыл тастар терімізді сыпырды, қирандыларды араладық. Енді үйге қайтатын уақыт келді.

— Тым оңай! Мен бұл сапарды шытырман оқиғаларға толы болар деп ойладым. Капри аралына қарағанда, Богород ауданындағы менің саяжайыма жету қиынырақ.

— Әлем шағын ғой, бізге тарлық етті, — деді Семен. —Немесе біз үлкен болдық.

— Көңілің толмай тұр ма?

— Мен бақыттымын.

— Мен де солай, — деп жауап берді Семен іркілместен. — Әйелдерге бәрінің керемет өткенін айтайық. Теңіз жылы... Тиберийдің рухы орнында. Ол қабырғадағы тесіктен шығып, жағдайын айтты. Ол Исаны өлтірмепті, жас балаларға тиіспеген, тіпті, мазаламаған да... Тарихшылар өтірік айтады...

— Әйелдерге бәрібір ме деп те ойлап қоямын.

— Мүлде олай емес, — деп жауап берді Макаров. — Бұл бір таңқаларлық жайт болды. Мен өзімнің жарыма бірден жолға шығатынымды және сапарға ең керектіні ғана алатынымды айттым. Йағни, сені және ақшаны ғана... Ол бар болғаны жиырма минутта жиналды.

— Ал менікі он бес минутта, — дедім.

Бөлмеге келсем ол әлі ұйықтап жатыр екен.

Оянбады. Мен де оны оятпадым. Себебі, әйелін ұйқыдан оятатын еркектерке тозақтан орын сайланады екен.

Ол ұйықтап жатқанда ерекше сұлу. Тіпті, оның сұлулығына мен лайық емеспін деп ойлаймын.

Ол мәскеудегі пәтеріндегі асүйге ұзақ уақыт бойы көздерін жұмып, көкейіндегі аяулы арманын сақтаған үлкен фотосуретті іліп қойды. Суретті маған дейінгі қатарластардың бірі түсірген, нақты кім екені есімде жоқ.

Кейіннен ол қабырғадан ол суретті алып тастады. Неге екенін сұрамадым. Себебі: маған оңай олжа маңызды емес. Одан да жауабын өзім тапқаным әлдеқайда қызықтырақ болады емес пе?!

Душтан қайтып келгенім сол еді, ол екі жастықты арқасының астына қойып, қойын дәптеріне қаламсаппен аяулы да нәзік армандарын жазып жатты.

— Шомыла алдың ба? — деп сұрады ол басын көтермей.

— Жоқ, Теңіз жаман. Суық. Барлық жерде тастар бар.

Жағаға отырып, қирандыларға бардық.

— Тиберийдің рухын аулауға ма?

Балконға шығатын есікті қайырып қойып, теңіз жұпары мен лимон ағашының жапырақтарына тұнған шық тамшыларына жол аштым.

— Мүмкін сол жерде түнеу керек шығар. Күннің батуын, түннің ортасын, қараңғылықты және күннің шығуын өз көзімізбен көруіміз қажет еді. Рухтар сабырлыларды жақсы көреді.

— Ол жауап берген жоқ. Қайта жазбаларына тереңдеп кетті.

Мен көп жылдар бойы мұндай әйелдермен өмір сүру мүмкін емес екен деп ойлайтынмын. Қателескен екенмін.

Ол кенет қолындағы кітабын тарс жауып, қос жанарын маған қадады:

— Сен мені «бұл қандай жан еді, әлі ұйықтап жатыр» деп ойлайтын шығарсың. «Ал мен бүкіл аралды араладым... Таңның өзін тиран сарайының қирандыларында атырдым» дейсің ғой!?

— Мүмкін — дедім. Егер мен адамдарды солайша бөлетін болсам, менің санасыз мақұлықтардан қай жерім кем?! Әлде, артық па...

Ол күліп, толқынға айналғандай төсекке қайта сүңгіп кетті. Шамасы, тағы да ұйықтағысы келіп тұр-ау:

— Бұл сенің қателігің. Сен тым сараң адамсың. Ескі мектеп адамысың.

Ол отырып алып өзін мақтай жөнелді: міне, мен жақсымын, мен күштімін! Мен қаладым және қалауымды жасадым.

— Білесің бе, Тиберийдің жас кезінде император Август оған ажырасуды бұйырады және одан екінші рет қызы Юлиямен некелесуді талап етеді. Әлбетте, кейінірек ол екінші әйелімен ажырасып кетті. Айтпақшы, Тиберий Армения мен Польшаны жаулап алды, бірақ кейін мансабын тастап, Римнен Грекияға кетті. Юлияны өзімен алып кеткен жоқ.

— Ол оны сүймеді ме?

— Ол Агриппинаны аңсады. Бірде кездейсоқ жолығып қап, оған үздіге қараған екен. Сондықтан, Август ол әйелге Римнен кетуді бұйырды...

— Ал оның несі айып?

— Август әлемнің жартысын басқарды, сөйте тұра, басқалардың көзқарастарын да қадағалап, түгел назарында ұстаған! Адамзат тарихындағы ер азаматтың әйел затына ең танымал көз тігуі, ең ғажайып үзіле қарауы осы болар.

— Таңданарлық түгі де жоқ, мұны әлдебір тарихшы жазған ба?

— Светоний.

— Бұл оқиғаны қызықты баяндауы керек еді. Кітапты кеуіп қалған ғалымдар ғана емес, қарапайым адамдар да оқитындай. Әйелдер де... Сондықтан, ол даңқты істер туралы әңгімелердің арасына асқақ сезімдерді арқау еткен аңызды да енгізді...

— Тиберий, даңқты істер атқарған жоқ. Ол түнерген тұрпатты, бірақ, парасатты тұлға еді. Өте шаруақор адамболған, — деп қарсылық білдірдім.

— Сондықтан, оны ұнатасың. Сен де сондайсың. Айтпақшы, саған тамақтану керек.

Бір сағаттан соң бөлмені босатып, төрт сағаттан кейін ұшаққа отыруымыз керек.

Мен өкпеммен, желбезектеріммен, бүкіл теріммен тыныстадым. Тіпті, жанарым да таза ауа жатқандай... Мәскеуде бұлай тыныстау мүмкін емес.