Наурыз

Қалыпқа түспейтін дақтарды ақ түстің
шетінде даттанған, бейнелер салдырған,
қызғылтым сызықтар, ақыры ақ қыстың
етіне өкшемен қолтаңба қалдырған.

Жарықсыз келеміз, бір адым шегініп,
зерттедім айнала ғаламды, өзімді,
көзіме түскенді, етігім езіліп,
аппақ қар үстінде кешіп тұр сезімді.

Үйінді аппақ қар, езілген, жаншылған,
бір кезгі мақтадай қалпынан айырған.
Шөгінді әк сынды суменен малшынған,
құмырсқа илеуі секілді ойылған.

Тіпті, ол суырған шегенің орнындай,
үстінде мың түстер жылтылдап ойнаған.
Жаңарып, құлдырап, сол жерге қам қылмай,
соңғы сәт ернеуге өз-өзін байлаған.

Қабырға жақтаудан бар күшпен ұстанып,
содан соң кетті ол үреймен, құлама
құздармен, сырғанап әйнекте, күш салып
апарар жолдармен жыраға.

Қаңылтыр бөшкелер, бүйірі тесілген,
олардан басталған сулардың сапары әр,
жылғамен, ойпатпен, сайлармен, есімде,
қиыршық құм бөксе тастарға апарар.

Еріген, лайлы қар суы, болашақ
естелік өмірді қазбалап отырып.
Мен сонда өкіндім артыма қарай сап,
өткен күн тым алыс қайғыға батырып.

Арыда, қателік жасауда оп оңай,
тағдыр-ай қалыпқа сыймаған.
Бір сәуле жалтылдап, жылайды ботадай,
бір сәттік ғұмырым санама жинаған.

Бұл екі көрініс қайсысы шынайы?!
Бүгінің — бұлдырдай, ертеңің — ертегі.
Көзіңнің кіре ме бояқпен шырайы?
Қар үсті. Кәмпиттің қабығы, орамал...
Шаш қыстырғыш сыңайы.