Империя бойынша саяхат кітабы

Бір мемлекет

ЖАС ЖІГІТТІҢ САЯХАТЫ

Азия қақпасы. Кіріспе

Бала кезімнен мен Азияны шарладым. Семенов-Тян-Шанский, Пржевальский және... Грум-Гржимайло бар, бұлар өз түйелеріне мініп, қодастарын атып, самумдарының ыстық өтінде шарлап жүрсе де, өздерінің ұлы географиялық жаңалықтарын ашты. Мен өзіме лайықты бүркеншік ат іздедім (менің атым да, фамилиям да маған ұнамады, ұлылардың атақ-даңқына лайығы дұрыс...). Сергей Карамышев! Бұл қазірдің өзінде жаман лақап ат емес. Грум-Гржимайло және Карамышев! Пржевальский қолын менің иығыма қойып, ал өзгесі түу қашық тұсты шолып тұрмақ. Онда Сергей Карамышев жотасы бар. Ұлы саяхатшы Карамышев-Моңғол өзі тапқан жабайы түйенің фонында тұр. «Ғажап жандардың ғұмыры» топтамасындағы кітаптағы суреттерде: саяхатшының анасы, әкесі, ұлы саяхатшының балалық шағы.

Кітапты қолыма алған күйі анама жүгірдім.

— Міне, Пржевальский жазған... Қалай ұлы саяхатшы атануға болады, ол үшін қандай қасиеттер керек... Ал менде мұның барлығы бар: мен саяхатшы болып тудым, құштар көңілмен іздендім, ғылыми тұрғыдан дайындаламын, мінезімді тәрбиелеймін, еңбексүйгіштігімді дамытамын, ал энергия өздігінен келер.., — дедім мен саусақтарымды санамалап.

Мінекей, мен — Тау-кен институтының студентімін. Мен зерттелмеген аймақтар, жоқ шығар деп білемін. Грум-Гржимайлоға (бұл есім-сой емес, нағыз ғажап!) ашылулардың соңғысы бұйыруы мүмкін. Балалық деген не өзі? Мүмкін ұялуға тұрмайтын нәрсе шығар балалық деген, мен әлі білмейді екем.

Мен мінсіз талғам мен мыңдаған жылдар бойғы мәдениеттің ошағы болған Жапония елін армандаймын... Міне, мен осындай әдемі жапон киімін киіп отырмын. Тырналармен бейнеленген есіктің жапқыштары бір-бірінен алшақтайды. Бұл есік менің артымда, бірақ мен артқа бұрылмаймын: мен олардың не үшін ашылғанын және онда кім екенін білемін. Мен оның жаныма келетінін, қалай иілетінін, алдыма шыныаяқты қалай қоятынын және тағы иіліп, тағзым жасаған күйі қалай шығып бара жатқанын, тіпті, есікті қалай сырғытып жапқанына дейін білемін. Мен осы отырған күйімді, мимикамды да өзгертпеймін: мен мұның бәрін білемін. Мұның бәрі баршаға белгілі болғаны мыңжылдықтарды еңсерді. Бұл бөлме де, оның ішіндегісі де бәріне мәлім. Бұл әйел де мәлім. Мұның бәрін білетін адам — мен.

Жапония... Бұл оқиға менің таңқы мұрын, қызыл-қоңыр реңді, атақты жапон қызына үйленуіммен аяқталады. Осылай Жапония туралы ойларым сарқылып, келуі сирей берді.

Ал ұлы ашылулар ше? Менің мамандығым — жерді тану, жиырма үш жасымда мен мұның жұмыс екенін білемін.

Міне, тәжірибе. Мен жаз бойы Орта Азияға саяхаттаймын. Жұмыс істеуге барамын. Мені жер аударылған балалықпен байланыстыратын Азияға барамын.

Тағы бір қақпа

— Кадрлар бөлімі қайда?

— Тіке және солға.

Тіке және солға. Қараңғы дәліз. Дәлізде есік ашылады. Одан еденге жарық сәуле түседі. Есікті жауып жатып: «Кадрлар бөлімі», — деген жазуды оқимын. Керегі де осы. Есікті қайта ашып, кіремін. Шкафтар. Еденде темір сандықша бар. Үстел басында ертегінің батырларындай болған аққұба дәу отыр. Қайшымен бірнәрселерді кескілейді. Мен жақынырақ барып қараймын. Сөйтсем, қызыл қағаздан үлкен Щ деген әріпті кесіп отыр екен. Дәу ісіне мұқият кірісіп кеткен. Ақырында, күшті күрсініспен ол әріптің соңғы құйрықшасын аяқтайды. Қолын жиып қойып, көзін қысып қарап тұр.

— Сонымен... — дейді ол. — Мынау қалай?

— Меніңше, жақсы, — дедім мен.

Дәу тіксініп, едәуір ашуланғандай, үлкен көзімен маған тесіле қарайды.

— Сіз не, оқи алмайсыз ба? — деп айқайлады.

— Оқи аламын, — дедім.

— Онда, сыртқа шығып, есікте не жазылғанын оқыңыз, — деді ол сабырлы және мейірімді кейіппен.

Мен шықтым, оқыдым. Қайтып келдім.

— Ал, сонымен? — деп жымиды Дәу.

— «Кадрлар бөлімі» деп жазылған.

— Ал астында ше? Астында? — деп ол одан сайын күле түсті. Мен қайта шығып, оқыдым. Қайтып келдім.

— «Бөтен кісілерге кіруге болмайды», — дедім мен.

— Көрдіңіз бе? — деп күлді ол, — анау кішкене терезеге барыңыз.

Шынында да, қабырғада торланған кішкентай терезе бар екен. Мен терезе жағынан кірдім.

— Міне, — дедім.

— Ал, не керек? — дейді дәу.

— Маған кадрлар бөлімінің бастығы керек еді...

— Ол менмін.

— Міне, келіп тұрмын...

— Солға және тіке. Бастықтың өтінішіне қол қойыңыз.

— Ал сіз неге темір тордың артындасыз?

— Айналайын-ау, — деп күлді ол, — құжаттар ғой... Солға және тіке.

Есікті қақтым. Ішке ендім.

Үстел басында толық келген сұр адам отыр. Мен оның үстеліне жақындадым. Оның көзі менде. Мен өзімнің кім екенімді, не үшін және неге келгенімді ұзақ түсіндірдім. Ендігәрі олар мені қуыршақ қылмас үшін өзім туралы соншалықты мұқият түсіндіруге бел будым. Ол мені ықыласпен тыңдап, көкшіл көздерімен қарады. Ол маған жақты. Мен өзім туралы бәрін айттым.

— Сонымен... — деді ол. — Сіз енді бастыққа баруыңыз керек. — Ол көрші үстелде отырған кішкентай, тіпті бала секілді қараторы адамды көрсетті.

Қобалжығаннан үстімді тер басып кетті. Екінші үстелге бардым. Бастық басын көтермей, бір қағаздарды оқып отыр. Мен жолдамамды шығарып, оның үстеліне қойдым. Ол бас көтермей, өз қағазын оқып отыр.

— Мен ештеңе түсінбеймін, — деді ол кенеттен маған қарап.

— Әй, бұл сенікі ме? — деді шаршаңқы көздерімен.

— Менікі.

— Бір апта өтпей, мен сізге жұмыс орнын көрсете алмаймын.

Телефон шырылдады.

— Сондықтан бір аптадан кейін келіңіз, сол кезде сөйлесерміз, — деді ол телефонды көтеріп жатып. — Иә, мен. Менмін бастық. Сізге дәл қазір уақытым жоқ деп қанша рет айттым. Менің ұйықтағым келеді, білесіз бе? Жоғалыңызшы әрі, — деп, телефонды лақтырып жіберді. Маған қарап тұрып:

— Сіз әлі осындасыз ба? Бір аптадан кейін келіңіз дедім ғой.

Мен әбден таусылдым.

— А-а-а, түсіндім. Сіздің ақшаңыз жоқ па?

— Жоға, о не дегеніңіз! Менің ақшам бар! — дедім сыр білдірмей.

— Ааа, онда сіздің ұйықтайтын жеріңіз жоқ шығар?

— Күлкілі, — дедім мен, — Азияның тең жартысы менің туыстарым!

— Онда бір аптадан кейін келіңіз. Мен шықтым. Енді қайда барамын?

— Ей! — деп мені біреу шақырды. Бұл кадрлар бөлімінің аққұба дәуі екен. — Сіз мұнда әлі ештеңе білмейтін шығарсыз. Кеттік бірге. Айтпақшы, мен сізге мұндағы ең күшті сыраның қай жерде екенін көрсетемін...

Ол маған қонақ үйді де, сыраны да көрсетті. Үш күннен кейін менің ақшам таусылды.

Мешкейдің жазбалары

Мен қалай тойдым

Мен өз қойын дәптеріме жазған бір мекен-жайға бардым. Бұл бір жолдас болатын, ұлты орыс. Біз онымен пойызда, осында келе жатып таныстық.

«Соның үйінен тамақтанармын», — деп ойладым.

Ол тұратын тұс өте жаңа көше еді, бұл көшеге қалай жетуге болатынын маған ешкім түсіндіріп бере алмады. Бір адам баратын жолды түсіндіргендей болды, ал мен ұзақ уақыт бойы ескі қаланы аралап жүрдім...

Көшелердің ені бір метр, ондағы үйлердің биіктігі екі метр болады. Сол жағым және оң жағымдағы қабырғаларға иығыммен сызат түсіре жаздадым. Көшелердің бүйірлерінде уақыт жасаған тесіктер пайда болып, онда есіктер орнатылыпты. Есік алдында жалаңаяқ, шаштары өрілген, сырғалы, аяқ-қолының тырнақтары боялған, қанық түсті көйлектегі қыздар өздерінің топ-томпақ інілерімен ойнаған болар немесе бұл есіктің алдында ешкім отырмаған, бірақ есік айқара ашылып тұр. Көз қырыңызды салсаңыз, екі қабырға арасындағы дәлізді көретін едіңіз және бұл көше тіптен кішкентай, шап-шағын деп ойлар едіңіз. Мұнда да есік айқара ашылған. Бұл көшенің артында балабақша бар. Осында әлгі қыз өз інісімен ойнаған да шығар. Үшаяқты қазандықта бірнәрсе қайнап жатыр. Ағаштағы жүзім үзіліп кетердей салбырап тұр. Балабақшаға тапшан әкелініп, кілем жайылған. Әлдеқайдан мотоцикл көрінеді...

Мен ескі қаланы аралап шықтым және өзіме керек көшені таба алмадым. Өткен-кеткендерден қайта сұрай бастадым, сөйтсем, мен мүлдем басқа бағытпен жүріп келе жатыр екенмін.

Өзіме дауыстай ұрысып, кері бұрылдым, маған дұрыс емес жол көрсеткен адамның кейпін есіме түсірмекші болдым. Менің есімде ол әсіресе семіз, жайбарақат болып көрінді, мен оның қомағайлығы мен жайбарақаттығына ызаландым. Мен оны ашуым тарқағанша жаңа кемшіліктері мен кейіпсіздігі үшін марапаттап келдім.

Менің асқазаным бос... Ішімде қаңыраған күмбез бар сияқты. Дәл ғибадатханадағыдай. Құдды ішімде гүріл мен жаңғырық өмір сүргендей. Міне, аузым да кеуіп кетті.

Мен магистральға шықтым. Автобустар өтіп бара жатты. Мен әбден шаршағандықтан олардың кез-келгеніне отырып алар едім, бірақ менде билет жоқ. Аптап ыстықта қақиып тұрмын. Квас, балмұздақ, газдалған судың жанынан өтіп бара жатып, қарамауға тырыстым: олар менің жүрегімді жаралады.

Бірақ бәрінің аяғы бар. Осылай мен өз мақсатыма қарай жүре бердім.

Мен көшені де, үйді де таптым.

Мұнда олар мені тамақтандырады.

Мен оны ауласында жүрген жерінде таптым. Ол сол жерде көлігін жөндеп жатыр екен. Ол мені келеді деп ойлаған жоқ. Өзінің таңғалғанын білдірмеу үшін, мені тым салмақты және көңілді кейіпте қарсы алды. Бірақ маған әсері болған жоқ. Оның көлігінің май сүзгісі ағып кетіпті, сондықтан, жүзі мұңды көрінді. Ол істі бастап кеткендіктен менің күте тұруымды кешірім сұрай өтінді. Бір кезде көлігін жөндеуге кірісіп кеткені сонша, менің бар екенімді ұмытып кетті. Кенеттен мені көріп қалып, есіне қайта түсірді де, көңілімді аулауға тырысты. Алайда, оның қойған сұрақтары мен сөйлеген сөздері көліктің жанындағы орындықта отырған мені, тіпті, жайсыз сезінуіме алып келді. Маған ол мені байқамай тұрған кездегіден де ыңғайсыз болды. Егер ол менің «көңілімді көтермесе», мен оны да, тіпті, мына әлемді де ұмытып кеткендей едім. Өйткені, қарнымның ашқаны сонша — тамақтан өзге нәрсені ойлай да алмайсың.

Түстеніп, жүрек жалғап алуға бұл жерден баяғыда кетіп қалуым керек еді. Ол үшін жай ғана кетіп бара жатқаным үшін кешірім сұрап, келесі келгенде соға кетермін деп уәде беріп (анығында, мұнда енді ешқашан келмеспін), ат-тонымды ала қашып кетуіме болар еді. Сөйтіп, мен көліктің жанында ұзақ отырып қалдым. Тұрып кетейін десем тағы ұялып тұрмын. Ал ол болса ішімдегінің бәрін біліп алғандай, менің осы дел-сал күйімді мазақ етіп, масаттанып, жымысқы күлкісін де еш жасырмады. Жүзінен кішкене болсын ұялуға, кешірім сұрауға деген бір белгі байқалмады. Мені барған сайын ашу қысып, кедей туыстың кейпіндегі осы жағдай намысыма тиді.

Ол мүлдем мағынасыз істермен айналысып кетті: саймандарын сүртті, оларды майлады, бұрады, одан қайта шешті, шаңын үрледі. Қысқасы, ол өз демалысы мен көлігінен барынша ләззат алды және әдейі маған назар аудармауға тырысты.

Кейде менен кешірім сұраған кезде, мұнысы да жасанды шықты. Керісінше, мені мұқатып, мазақ қылғысы келгендей болды.

Мен де әдейі орындығымнан тұрмай қойдым, алайда, жайбарақат жағдай жасай алмадым. Мен өзімді кем дегенде, бірдеңе туралы айтуға мәжбүрлей алмадым. Мен отырдым да, құрығанда, газеттен бір оқылмаған ақпаратты іздеуге тырыстым.

Бір адам сенің оны керек ететініңді, оған мұқтаждығыңды білген кезде оның әп-сәтте менсінбейтін, тәкаппар болып кеткенін көру мені қайран қалдырды. Адам осылай да өзгере салады екен. Әлгі адам да жайдың мәнісін түсініп тұр. Егер ол шынымен жағдайды түсінгенде менің жіпсіз байланған хәліме кішкене болсын ұялар еді, мүмкін, ол дастарханды жайып жіберіп, қонақжайлылық танытқан болар еді. Өзінің кедейлігін көрсетпеу үшін де сөйтер еді ғой... Адамдар менің қарным тойып тұрған кезде қанша рет дастархан басына шақырды. Сонда да мен үй иелерінің көңілін қалдырмау үшін қайта дастарханға отыратынмын (Тамақ туралы ойлай беру де біртүрлі екен, мәдениетсіздік сияқты, тіпті). Олардың бұл ұсыныстарынан бас тартқан сайын олар да табанды бола түсетін. Сенімді түрде... Мүмкін, дәл қазіргі менің сенімсіздігім оның маған көңіл аудармауына жағдай жасап берген шығар. Құдай-ау, мен өз өмірімде барлық мерекелерде, үйлену тойларында тауыса алмаған қаншама ас-ауқат болды. Егер соның бәрін бүкіл өмір бойына жететіндей етіп бөліп қойса, шіркін! Бұл не деген әділетсіздік десеңізші...

Ал ол болса — нағыз жексұрын екен.

Ескі қалада адасып жүргендегі ойынымды қайта ойнай бастадым: мына адамның жағымсыз қасиеттерін іздеуге тырыстым, қиялыма ерік беріп, ол істейді-ау деген бүкіл зұлымдықтарды түгелдей ойша сұрыптай бастадым. Зығырданым қайнады.

Мен талай рет жейтін азығымның жоқ екенін білдірмеу үшін өзімнің геологиялық мансабым мен содан алған қалың-қалың рубльдарымды қосып тұрып, өтірік айтатынмын. Пойызда мен сол әуеніме қайта бастым (ол кезде бұл жай ғана балалық еді), сол кезде мен осы өтірігімді айтқан едім: Мәскеуде жүргенде қомақты сомадағы ақшамды құртып алдым. Сол жерде заттарымды «бір танысыма» қалдырып, экспедицияға тек ескі-құсқы шүберекпен бардым. Ендігіде мен, тіпті, ойға сыймайтын өтіріктерді де айтып жүрдім (Құдайға шүкір, бұл да балалықпен болды). Мәселен, «мені кеше жағажайда жүргенімде тонап кетті» дедім. Содан кейін, ол мені пойыздың мейрамханасына алып барды (о, сол кезде мен «тойып тұрмын» деп тағы да бетім бүлк етпестен өтірік айттым). Ол сонда маған кәдімгідей сеніп қалды, тіпті, менің «ертегіме» құрмет көрсетіп, маған тамсанды. Енді ол көлігін шұқылаған күйінде де, итін қуалаған кезінде, ұлына айқайлаған кезінде, есік алдында тұрған кезінде де маған қарап қояды.

«Аш адам өзінің қадір-қасиетін жоғалтқаны сонша, адамдар онымен санасуды тоқтатады ма? Бірақ, ең бастысы, мен неге тұрып кетіп қалмаймын?..»

Ал оның мұңды көзді аурушаң баласы бәрін аяғының астында шатастырып, шелектерді аударып, майды құйып, итінің артынан бұрағыш кілтімен жүгіріп жүріп, мені де құрметтемеді.

Маған осылай көрінді.

Күн қараңғыланып бара жатқанда үй иесі қолын шүберекпен сүртіп жатып:

— Ал, енді енді тамақ ішсек болады, — деді. Ол әйеліне айқайлап, бұйрық берді. Бұл дастарханда не жоқ десеңші! Қызанақ салаты! Лағылдай, алтындай жарқыраған борщ. Ет! Қызарған картоп қосылған ет. Үстелдің ортасында буланған графин. Жемісі бар үлкен тағам.

Дастарханға бар дәм қойылып, қожайын жымысқы күлкісімен менің ойымды әбден оқып алып, мені аяғандай кейіпте дастархан басына отыруға шақырып, мен бірден:

— Рахмет, мен тойып тұрмын, — дедім.

Үнсіз қалдым — ойландым, ойландым — дастарханға отырдым. Қожайын мен оның әйелі қандай жағымды және сүйкімді адамдар еді!

Базария

Ескі қала — жаңа қала. Жаңа базар — ескі базар.

Базардың алдындағы алаңда толған фанера күркелер, дүңгіршектер, науалар, шатырлар мен таразылар. Ұзын әрі биік жабық туннель базарға апарады. Кешқұрым ол жер, әсіресе, қараңғы. Дәл сол дүңгіршектер туннель қабырғаларына жақын орналасқан. Туннельде сізбен қатар және сізге қарама-қарсы әмиян көтерген және бетін орамалмен жапқан қара кемпірлер; велосипедпен жүретін және қоңырауларын қуана-қуана басатын жас өзбектер; базар шәйханасындағы шәйдан бас алмайтын өзбек шапанын киген шермиген қарындар және басқа да көптеген адамдар кездеседі.

Туннельдің соңы еді, жарық маған тағы да түсіп тұр, жарық өткір әрі ыстық екен. Үлкен кеңістік: күнге малынған, безек қаға қаптаған қауын мен қарбыз; жүк тасыған арбалар, қол арбалар; ұзақ ақыратын шаршаңқы есектер; ескірген қолөнерді қолдайтын біртүрлі, егде жасқа жеткен қарттар. Сол қарттардың алдында өңі кеткен және тот басқан төсеніштер — витриналар жайылған. Бірақ оларға ешкім жақындамайды. Олар шәйхананың даяшы жігіті алып келген шәйды ішіп, түсініксіз сөздермен сөйлесіп, бір-біріне бастарын изесіп қана отырады.

Ал бір қарт кісі арабша кітаптарды сататын еді. Әйтпесе, ол кітаптарын төсенішіне неге қойды? Кітаптардың түсі қара, тозығы жеткен және жұмбақ болып көрінетін. Мен барып, қолыма бірінші іліккен кітапты алдым да, білгіш адамдай парақтай бастадым.

Ал ол болса маған өзге ғаламшардан келген құбыжыққа қарағандай қарады. Мен оны қорқытудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Ол жаңадан оянғандай, жан-жағына қарай бастады. Қай жерде екенін түсініп, базарда жүргені есіне түскен шығар деп ойладым.

— Жақсы ақсақал! — деді ол маған қорқыққандай әрі мейірлене қарап. Ол барлық көрші қарттарды саусақтарымен нұсқап, оларды бір нәрсені растауға шақырды. Қарттар бастарын изесіп, әңгімелесе кетті.

Ол маған паспортты көрсетті.

Мен мелшиіп қатып қалдым.

Бір уақытта денелі, үлкендеу келген өзбек — лас шапанның ішіндегі ғажайып қола тектес дене жақындап келе жатты. Ол қарт адамдарға бір нәрсені түсіндіріп жатты. Қария кенеттен шікірейіп, маған саусағын тигізе бастады, ал басқа қарттар сақалдарын мен жаққа көтеріп, саусақтарымен мені көрсетіп жатты.

Мен жасырынғанды жөн көрдім.

Жеміс сататылатын қатарлар... Мен оны көрмегенім жақсы болар еді! Түсініксіз күш мені оларға итермеледі, байлады. Мен мұнда не істеп жүрмін өзі? Мен жай ғана қаланы аралап жүрдім ғой, кенеттен менің базар арқылы бұрышты кесіп өтуім керек болды. Бірақ мен неге кесіп өтуім керек, мен жай ғана қаланы аралап жүрмін ғой және ешқайда асығатын жайым да жоқ.

Мұнда мен сауданың керемет үлгісін көрдім. Олар жемістерді қалай күшті жайып қойған. Бұлардың жүректері құдды суретшінің жүректері сияқты.

Мен шексіз шатырлармен, жүзімнің қара және қызыл, ақ және алтын, дәнекпен және дәнексіз, жаңғақ тәрізді дөңгелек және үлкен түрлерінің жанымен; алма мен алмұрт, інжір мен анар, шабдалы жемістерінің жанымен жүріп өттім. Ағып жатқан шырын секілді шабдалылар. Мұның бәріне менің көзіммен қарау ақылға қонымсыздау болуы мүмкін. Мен шатырлардан қашып бара жатқанда төгіліп жатқан қарбыз теңізіне тап болдым: жасыл толқындар сияқты үлкен қарбыз үйінділері... Немесе шөлге тап болдым, алтын құмға айналып кеткен қауындарды көрдім. Бұл теңізде қолдарын сермеп жүзіп бара жатқан немесе осы шөл далада желбегей шапандарын киген, күннен қуат алған өзбектердің көші өтіп бара жатқандай.

Қарбыздан қашып бара жатып, Мен тағы да шатырларға тап болдым.

Мұның бәрі құдды түске ұқсайды. Уақыт тапшы болғанда әдейі ұзаққа созылып кететін, бәрі де қайталана беретін, қашқың келсе де қаша алмайтын, айқайлағың келсе де, айқайлай алмайтын қорқынышты түске ұқсайды.

Мен қарбыз теңізіне қайтадан тап болдым. Базардан шығуға тырысамын.

Бірақ қай жерде базар аяқталса, сол жерден базар басталады. Базардың соңы жоқ...

Бұл енді мүлдем басқа базар болды. Мені ештеңе де аса алаңдата қоймады. Бірақ мұндағы сауда мүлдем басқаша.

Ондағы қатар шексіз десе болғандай. Түрлі-түсті шүберек қалдықтарына бола шу шығарған әйелдердің дауысы басым, кейде ұқыпты байланған будалар, кейде құлаған бағалы түйдектер көзге түседі.

Мешіттің қасына орныққан саудагердің галошпен жүргені көзге оғаш көрінеді екен.

Адамның ашуын шақырады...

Кенеттен алдыңнан ертегі-кілемдер шығады. Ағаштар арасындағы арқандарға ілінген кілемдер ұшу алаңдары сияқты үлкен, түрлі-түсті және басқа нәрсемен салыстыруға келмейді. Бұл кілемдер дәліздер мен көшелерді құрайды және бұлар бір-бірімен қиылысады; осы көшелер мен дәліздерде құжынаған халық. Мұнда адасып кетуге болады.

Мен кілемдер жақтан шығып, мотоциклдер тұратын жерге жеттім. Бұл дүрбелең орын екен. Талқылаулары айқайға, ишаралары төбелеске ұқсайды. Олар дыбыстық сигналдарын басып, никельді сипалап, дымқыл кеуделеріне ұрғылаған, тұрпаттары қызуқанды, шынымен әлденеге әуесқой адамдар екен.

Содан кейін бұқа, сиыр, есек, ешкі базарлары басталады. Қойлар өздерінің ғажайып құйрықтарын оңды-солды сермейді. Тауықтар біріктірілген түйдектер де бар. Мұның бәрі мөңірейді, маңырайды, қытқылдайды, қысқасы, адамның дауысын құлаққа естіртпейді. Мұнда екі түйе әкелінді. Олардың барлық алақандай бастардың қасында дәрежелері көтеріліп, шерудегі командирлер сияқты кеуделері көтеріңкі болды.

Ал алдыңғы жақтарда базардан шығатын жер бұлдырап көрінді. Шығатын жерде толықша келген, таз адам бар екен. Ол өзінің жай адам емес екендігімен және оның алдына қойылған тауарлардың алуан түрлілігімен таң қалдырады. Мұнда жыртылған әр түрлі тайпалық киімдердің үйінділері, біртүрлі ыдыс-аяқтар, примус, бал шылапшындары, Мозер оятқышы және маузердің қаламы — мұның бәрі маған Базарияның әдемі әлеміндегі ұсқынсыз бейнелер болып көрінді. Осының бәріне ортақ, оның басында хабарландыру жазылып тұрды. Онда былай деп жазылған: «Кез-келген тауар 10 рубльден қымбат емес».

«— Мәссаған! — деп ойландым мен. — Міне, жаңалық!»

Жаңағы тербелмелі кеспелтектің сол жағында күріш сабанынан жасалған мүлдем жаңа әдемі шляпа және ақсүйек формалары болды. Әрине, оның құны он рубль емес еді.

Ішімдегі шайтаным түртті ме, шляпаны алдым да:

— Мынау он рубль тұра ма? — деп сұрадым.

Аяғың түріктердікіндей мықты болса бір сәрі, ал мынау тұрған жерінен бір жарым метрге дейін секірді. Ол қаһарлы, өңменіңнен өтіп кетер өткір көздерімен мені атып түсіре жаздады. Бетінің тыржиғанын көрсеңіз, терісінің астынан тышқан жүгіріп өтті ме екен дерсіз. Ол сөйлерге сөз таппаған сияқты.

Бір кезде қолымдағы шляпаны қағып алды да, айқайға басты:

— Жаныңның барында дүкенімнен табаныңды жалтырат!

Мен шығып кеттім... Айнала тып-тыныш, тірі жан жоқ, көшелер ұйқыға кеткендей. Көшенің ортасындағы ағаштар мен қабырғалар және олардың көлеңкелері де бір сәт тына қалғандай...

Қандай қызық!

Палау, Ленинград

Алғашында көшеден ақша тауып алармын деген ұялшақ ой бірте-бірте сенімге айнала бастады. Қаланы қаншалықты көбірек араласам, соншалықты тәбетім де ашылып, анығырақ әсер ете бастады: дәл қазір, мына бұрылыста, мына қоқыс жәшігінің артында... дәл қазір. Көзге рубль болып елестеген қаншама түкке тұрғысыз лас қағаздар көтерілді.

Дала күңгірт тартып, кеш батты, сонымен бірге кешкі шөл де мені қысып барады. Шөлдегенім соншалық, қарнымның ашқанын да сезбей қалдым. Аяғымның астына қарап, көше кезумен айналаны басқан қараңғылықта бірдеңе табамын деген соңғы үмітім де үзілді. Кенет бірдеңе қадамымды бәсеңдетіп, артқа тартты: көше шамының жарығы өшіп қалған қоршауда әлдене жыпылықтағандай болды, бірақ мен назар аудармадым. Бұндай жағдайлар менің басымнан бұрындары да болған, алайда ақыры ештеңемен аяқталмады. Мен әрі қарай жүрісімді жалғастырғым келді. Бірақ тағы бір нәрсе мені жібермеді, мен қайтып оралдым және бұл кәдімгі үш рубль екен. Көңілімді кернеген қуаныш бұның сондай көп емес екендігін түсінумен басыла бастады. Бірақ бұл да медет...

Темекі сатып алып, шәйханаға жөнелдім, бір шәугім шәй алдым. Алдымен шөлімді қандырып, қарнымның ашқанын сезіне бастадым. Шылымымды қолыма алып тұтаттым. Көрші үстелде отырған тәжік менімен әңгіме айта бастады, содан кейін темекі сұрады. Мен бердім. Тәжік менімен сөйлесіп, анда-санда шәйханадағы асүйде әзірленіп жатқан палауды көріп қайтуға шығып кетті. Ал мен онымен сөйлесіп отырғандағы бар ойым палаудан дәм татуға шақырса екен деген мысықтілеу. Күтіп отырып, шәйға зауқым соқпаса да тағы бір шәйнек шәй іштім, шәйдың орнына бір рубльге нан алсам болар еді-ау деп ойлап қоямын.

Тәжік техникум студенті болып шықты.

— Ал сонда кім боласың? — деп сұрадым.

— Қоғамдық тамақтану жөніндегі нұсқаушы инженер, — деді ол маңғазданып.

— О, өте қызық мамандық. Сонымен саған шәкіртақы төлейді ме? — дедім қатқыл дауыспен.

— Шәкіртақы да, ақша да бар! — деп бас бармағымен тамағын қия өтіп, көптігін ишаралады.

Сосын мен:

— Мен геологпын, институтты бес жыл бұрын бітіргенмін. Үш мың

аламын.

— О-о-о-о! — деді тәжік.

Маған тағы не болды! Мен өзімді ұстадым да, артқа шегінуге тырыстым.

— Бірақ бөтен қалада ақша желдей ұшып жатыр, — дедім мен. — Жексенбі күні келіп, жүз рубль жұмсап үлгердім, енді қарным аш.

— Иә, жат қала, — деп жігіт палауды тағы бір қарауға кетті.

Мен мән-жайды ой елегінен өткіздім де, қайтып келгенде:

— Демек, сіз нұсқаушысыз... Онда, сіз керемет аспаз болуыңыз керек?

— О, иә, — деді ол, — иә, иә.

— Нағыз дәмді палау пісіру өте қиын шығар?

— Ой, күріш, ет, май, пияз, бұрыш, қызанақ, мейіз...

Менің көзім бұлдырап кетті берді. Мен іштегі шашуымды байқатпай:

— Ет ненің еті? Қойдікі ме?

— Қойдікі, қойдікі, — деп, тәжік сөзімді растады.

«Сен өзің...» деп ойладым мен. Сөзге тарта отырып:

— Біздің солтүстікте үй шаруасындағы әйелдер «ең қиыны — күрішті дұрыс қайнату» — дейді.

— Күріш, күріш, — деді ол. — Бірақ сіздің Ленинградта да шәйхана мен палау бар шығар?

— Жоқ, — дедім мен, ол мені аяйтын шығар деген үмітпен.

— Жоқ! Шәйхана да, палау да жоқ па?.. — деп, сөзін қайталады тәжік. — Мен палаудың дәмін алғаш рет осында, асханада таттым.

— О, о, ох, — деп, нұсқаушы көзін қайта-қайта жұмып қойды.

— Бірақ асхананың палауын үйдікімен салыстыруға болмайтын шығар, — дедім.

— Әәә, үй! Сенің үйің — Ленинград, менің үйім — Ұратөбе.

— Бірақ мен жай үйде жасалған тағамды мүлдем жеп көрмедім... — дегенде, нұсқаушы палауды көруге жүгіріп кетті. Шәйім таусылғанын байқадым, осылай отыра берсем, ол мені дәметіп жатыр деп ойлайтын шығар.

Тағы шәйнек алдырдым. Нұсқаушы қайтып келіп, тағы да темекі сұрады. Мен оған темекі мен шәй ұсындым.

— Қалай? — дедім.

— Дайын боп қалды. Мен оны қақпақпен жауып қойдым. Мен майлы булардың қалай ұшып шығып қақпаққа қонатынын елестеттім... Ойлаған бейнем тым әсерлі болды.

— Иә, — дедім мен ақыры алған бетімнен қайтып, — үйдегі палауды қатты жегім келіп еді...

— Иә, — деді тәжік, — иә... мен тағы бір темекі алайын. Сөйтіп, темекіні алды.

«Мен қайдамын өзі, маған не болды?..» — деген ащы ой келді де былай дедім:

— Бізде солтүстікте де дәмді тағамдар жасайды. Бірақ сендердікінен өзгеше. Қара да тұр Ленинградқа келгенде мен саған дастархан жайып тұрып қонақ етемін.

— Ой, иә, келемін, міндетті түрде келемін, — деді. — Палауды барып көру керек, дайын болып қалған шығар.

Мен де шарасыздан орнымнан тұрып:

— Сенің қалай істегеніңді мен де барып көрейін...

Біз, екі еңгезердей ер адам буы бұрқырап жатқан самаурын мен оның жанында тұрған шәйханашының жанынан өте шықтық. Сөйтіп, бір шағын бөлмеге кірдік.

Қауынның төңірегіне жайғасқан он беске жуық әйел бір-бірімен сөйлесіп отыр екен. Тас уатқыш айналып, жұмыс істеп тұрғандай көрінді. Осы кезде әр секунд сайын әрқайсысының тілінен оншақты бейтаныс сөздер шығып жатты.

Мен келгенде, тас уатқыш тоқтады. Барлығы нұсқаушыға қарады.

— Рафикон колонсолон ЛЕНИНГРАД, — деді ол күліп, — канибадам хушт либос палау.

Барлығы күлді. Тас уатқыш жұмыс істеді. «Олар мені келемеждеп жатқан шығар» деп ойлаған күйі барлығына мәнсіз жымидым да:

— Палау, Ленинград, — дедім күлімсіреп.

Ал біз тас соқыр (терезесіз) ас үйге кірдік. Тек аздап сұрланған бір шоқ көмір пештің жанынан қызарып, көрші бөлменің сәл ашық тұрған есігінен жарық байқалады. Қараңғылық осы сәтті экзотикалық етіп тұрғандай. Пештің дәл ортасына үлкен қазан орнатылған екен.

Нұсқаушы қақпақты көтерді.

Сол сәтте жарылғыш толқын сияқты біртүрлі иіс орнымнан құлата жаздады.

Қазан үлкен және толы екен.

Нұсқаушы қақпақты көтерді. Қазандағы шөмішпен араластырып жатып:

— Дайын, — деді.

Қызыл күріш дәндеріне, қазанның майлы қабырғаларына қарап, ойым шатасты.

Нұсқаушы көрші бөлмедегі әйелдерге бірдеңе деп айғайлап жіберді, олардың бірі үлкен ыдыс әкелді. Ал мен болсам, мұндай табақты ешқашан көрген емеспін! Тағы бір кішірек табақша әкелді. Ол бүкіл қазанды үлкен ыдысқа салып, ал әйел болса оны алып, қауынның орнына ортаға қойды.

Ол қазанның шетінде қалған қалдықтарды сыпырып алып, оларды кішірек тәрелкеге салды. Бұл бізге шығар деп ойладым.

— Міне осы, — деді ол. — Ленинградта мұндай тағамдарды көрмейсің.

Біз шықтық. Әйелдер қолдарын ыдысқа малып, палауды дөңгелектеп ауыздарына салды. Нұсқаушы кішірек табақшаны шәйханашыға берді.

— Тағы бір шәйнек шәй алайық, — деді де, ақшасын алып шықты. Мен оның ақшасына өшпенділікпен қарадым да бір сәтте оны барлық егжей-тегжейлерімен ойша жеп қоярдай болдым.

— Ірі ақшаны ұсатудың не керегі бар, менде онсыз да ұсақтары бар, — дедім де шәйхана иесіне соңғы тиындарымды бердім.

Нұсқаушы ақшасын қайтадан артына тығып қойды. Біз шәйімізді ішіп болдық. Біз бір-бірімізге бірдеңелерді айттық.

— Көк шәй — жақсы шәй, — деп, қалған шәйды ыдысқа құйып, маған қарай итерді. Мен бас тарттым: асқазанымда қайнаған екі литр ыстық судан басқа ештеңе жоқ болатын.

Нұсқаушының жүзінен реніш байқалды.

— Міндетті түрде іш. Бізде «артық шәйді тек жақын досыңнан басқа ешкімге берме» деген сөз бар.

Орнымыздан тұрып, бір-біріміздің арқамыздан қағып, бауырлардай күлдік.

Нұсқаушы сағатына қарады.

— Апыр-ай! — деді. — Он екіге он бес минут қалыпты... Менің кетуім керек.

— Жарайды, қайырлы түн, — дедім мен әдейі күлімдеп...

Саябақтағы орындықта жатып, ішімдегі үш литр көк шәйдің гүрілдеп, көпіршіп жатқанын тыңдаған күйімде ұйықтап қалдым.