Тіл мұғалімі

1-бөлім. Таң

Якоб Иванович Бах әр таң сайын жұлдыздардың жарығы сөне қоймаған шақта оянып, мамық төсекте тербетіле жатып, әлемді тыңдайды. Оған таңсәрідегі дыбыстар ерекше әсер етіп, жүрегіне тыныштық сыйлайтын. Ол үшін бұл шақтағы әр көрініс, әр құбылыс қымбат. Шатырдың үстінен қыста — қатты, қар мен мұз түйіршіктері араласқан, көктемде — ылғалды әрі салқын, жазда — құрғақ, шаң араласқан жел соғады. Иттер ұйқылы-ояу қожайындарын жаңа көргендей, үріп қарсы алады. Тылсым жаратылысқа толы ғажайып дүние дем алады, сықырлайды, ысқырады, күңіренеді, әр түрлі дауыста ән салады.

Өз өміріндегі дыбыстарды ескермей, елеусіз қалдырғандықтан, Бах оларды естуді де мүлдем ұмытқан. Бөлмедегі жалғыз терезенің әйнегі желдің екпінімен дірілдеп, көптен бері тазаланбаған мұржа сықырлап, анда-санда пештің астынан әлдебір сұр тышқан ысқырып жіберді.

Бах үшін ұлы өмірді тыңдау әлдеқайда қызықты болды. Оның тыңдармандықтың тереңдігіне сүңгіп кеткені сонша, тіпті, өз басының осы әлемнің бір бөлігі екенін ұмытып кететін. Ол ән айту немесе есікті қатты тарсылдату, йаки, жоқ дегенде, жай түшкіру арқылы дыбыс шығара алатынын естен шығарды. Бах тек үнсіз тыңдауды жөн көрді.

Ол таңертеңгі сағат алтыда ұқыпты киініп, сәнденген қалпында, қалта сағатымен қоса мектеп қоңырау мұнарасының жанында тұрды. Ол сағаттың екі жебесінің бір бағытта бірігуін күтті. Кейіннен бар күшімен арқанды тартқанда қола қоңырау сыңғыр қақты. Көп жылдық тәжірибе барысында Бах бұл істе кәсіби шеберлікке қол жеткізгені сонша, соққының дыбысы минуттық қол тергіштің зенитіне тиген сәтте естілді. Тіпті, бір секундқа да кешіккен емес. Сәлден соң ауылдағылардың бәрі дыбыс шыққан жаққа бұрылып, күбірлеп қана, қысқа дұға айтты. Міне, жаңа күн туып келеді...

2-бөлім. Күн

...Әрқайсысы алдыңғысына ұқсап, ешбір ерекшелігімен көзге түспейтін ұстаздық жылдарында Якоб Иванович бір мәліметті айтып, бір тапсырмаларды беруге дағдыланғаны сонша, іс-әрекеті алма-кезек өзімен-өзі орындала береді: оның тілі кезекті грамматикалық ереженің мәтінін айтса, қолы даяр тұрған сызғышпен тым көп сөйлейтін оқушының арқасын білінер-білінбес дірілмен ұрды, аяқтары сынып ішінде арлы-берлі жүрді. Ал ойы ұйықтап кеткен.

Бахтың бойын қалыпқа келтіріп, сергектік сыйлаған жалғыз пән — неміс тілі болды. Сабақты ауызша жаттығулардан бастады. Ол студенттерден қандай да бір тақырыпта сөйлесулерін сұрады. Ал Бах болса, оларды тыңдап, аударды. Жай ғана аударған жоқ, қысқа диалект қолданыстарды әдеби неміс тілінің талғампаз сөз тіркестеріне айналдырды. Олар қыс күнінің қалың қарында бірінің артынан бірі аяңдап қозғалып келе жатқан жандардай асықпай, сөзден сөзге, сөйлемнен сөйлемге жылжып отырды. Якоб Иванович әліпбиге қадалып, тек жазумен айналысуды онша ұната қоймайтын. Керісінше, сабақтың басым бөлігін ауызша өткізуге, әсіресе, бұлақтың суындай сылдыр қаққан таза, мөлдір, ырғақты жырлармен көркемдеуге тырысатын.

Бахтың поэзияға деген сүйіспеншілігі жас кезінен басталған. Ол картоп сорпасы мен ашытылған қырыққабатпен емес, тек балладалар мен өлеңмен азықтанатын секілді болып көрінетін. Бах айналасындағылардың да сөз өнеріне ғашық болып, ардақтағанын қалады, бәлкім, сол үшін де мұғалім болған шығар. Бұл кездері де сабақта өзінің сүйікті шумақтарын бар жанымен оқитын Бахтың әлі де ұлы өнерге деген асқан құрметінің бәз баяғы қалпында екенін аңғару қиын емес.

Балалар ұстаздарының талғамын қолдай бермейтін: әдетте улап-шулап немесе бар ықыласын сабаққа арнайтын оқушылар, өлең жолдарының алғашқы дыбыстарын естіген бетте естерінен танып, түк түсінбей отырғандары аңырған жүздерінен аңғарылар еді. Сыныптағыларға неміс романтизмі ұйықтататын дәріге қарағанда әлдеқайда қатты әсер ететін. Бәлкім, өлең оқуды әдеттегі айқай мен сызғышпен соғудың орнына тентек аудиторияны тыныштандыру үшін қолдануға болар ма еді...

3-бөлім. Кеш

...Бах мектептің кіреберісінен түсіп, алаңға, өрнекті терезелеріне шілтері тартқан кең намазханасы мен өткір қарындашқа ұқсайтын алып қоңырау мұнарасы бар зәулім шіркеудің етегіне келді. Көк, қызыл және сары түсті ұқыпты ағаш үйлердің жанынан өтті. Жылдамдығына көз ілеспейді. Бахтың қыста қарды қытырлатып немесе көктемгі лайда етігін шылпылдатып жылдам жүргеніне қарап, оның бүгін шешілуі керек оншақты шұғыл ісі бар деп ойлауыңыз мүмкін...

Кейде ұстазды байқап немесе жолай көріп қалған жандар оны шақырып алып, балаларының мектептегі жетістіктерін әңгімелейтін. Алайда, тез жүріп келе жатқандықтан Бахтың демі тарылып, өзіне қойылған сауалдарға қысқа әрі тез жауап беретін. Уақытының мүлде аз екендігін түсіндіру үшін сағат тілін көрсетіп, ары қарай жүруге асығатын. Ол жүріп емес, қашып бара жатқандай болатын. Бірақ кімнен, неге қашатынын оның өзі де түсіне алмайтын.

Якоб Ивановичтің асығыстық жасауының тағы бір себебі — оның адамдармен сөйлескенде кекештенуі еді. Дегенмен, сабақ кезінде оның сан жылғы тәжірибе негізінде әбден жаттыққан тілі көпбуынды сөздердің өзін еш кедергісіз, мүлтіксіз айтатын. Тіпті, кейбір білімгерлер ұстаз сөйлемін аяқтағанға дейін басындағысын ұмытып қалып жататын. Бірақ Бах ауылдастарымен сөйлескенде, ауызекі диалектіге ауысқанда, оның әуезді де көркем тілі бірден ұмыт болатын.

Бахқа оның бойындағы кекештену секілді кінәрат жылдар өткен сайын күшейе түскендей көрінді. Өз ойының дұрыс-бұрысын тексеру оған аса қиынға соқты. Бах керісінше, соның салдарынан барған сайын адамдармен сөйлесуін азайта берді.

Осылайша тыныштыққа, қуаныш пен қайғыға, тіпті, бақытқа да толы өмір зулап өте берді. Бахта өмірдің өзінен басқаның бәрі бар.