Шырпы жанып тұрған уақыт

ШІРКЕУ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР

Ананың мінәжаты

«Ананың дұғасы теңіз түбінен де шығарады» деген мақалды бәрі білетіні анық. Бірақ бұл қанатты тіркестің жәй әшейін ғана қызыл сөз емес, сан ғасырлар бойы мыңдаған мысалдармен дәлелденген айқын ақиқат екеніне қанша адам сенер екен?

Монах Павел әкей маған жақында өз басынан өткен бір оқиғаны баяндап берді. Ол бұл әңгімені құдды осылай болуы керек болғандай жеткізді. Бұл оқиғаға таң қалғаным соншалық, қайталап сіздерге ұсынуды жөн көрдім. Себебі, бұл оқиға тек мені ғана таң қалдырмасы анық деп ойлаймын.

Көшеде Павел әкейге бір әйел келіп, одан ұлына баруын өтініпті. Ағынан жарылып ақтарылған әңгімесін тыңдап, дұға жасау үшін өтінген. Мекенжайды айтты.

— Мен сол күні асығыс едім, — деп баяндады Павел әкей. Сондықтан, ол күні баруға қолым босамады. Иә, мойындаймын. Негізі әлгі айтқан мекенжай да есімнен шығып кеткен болатын.

Ал бір күннен кейін таң азанымен сол әйелді тағы кездестірдім. Қатты абыржулы болатын. Менен ұлына баруымды өтініп сұрады. Ал мен одан неге менімен бірге өзі бармайтынын сұрамаппын. Баспалдақпен көтеріліп, есіктің қоңыраушасын бастым. Есікті бір ер кісі ашты. Бір қарағаннан-ақ жас болса да жағымсыз түрімен ішімдікке қатты берілгені аңғарылады. Жақтырмай қарады. Себебі, үстімде шіркеуде киетін мінәжат киімім бар болатын. Амандастым да, «Анаңыз менен сізге жолығып кетуімді өтінді» деп айттым. «Қайдағыны айтпашы. Анам бес жыл бұрын қайтыс болған» деді маған атыла қарап. Үйдің қабырғасында басқалармен түскен суреті тұр екен. «Міне, сізге келуімді осы әйел өтінді» деп суретті нұсқадым. Ол маған таңырқай қарап: «Онда сіз арғы дүниеден келіп тұрсыз ба?» — «Жоқ, әзірге осы өмірден», — дедім. — «Ал қазір менің айтқандарымды орында, ертең таңертең шіркеуге кел» — дедім. — «Ал егер келмесем ше?». — «Анаң айтқан соң, келуің керек. Ата-ананы тыңдамау — күнә», — дедім.

Ол келді. Анасын үйден қуып жібергенін айтып, еңкілдеп жылап, ағынан жарылды. Ол бөтен біреулермен тұрған екен, көп ұзамай, қайтыс болыпты. Ұлы анасының дүниеден өтіп кеткенін кейін біліпті. Тіпті, жерлеуге де қатыспаған.

— Ал кешке әлгі әйелді мен соңғы рет кездестірдім. Қатты қуанышты болатын. Осыған дейін қою түсті орамал тағып жүретін. Бүгін ақ орамал тағыпты. Рақметін жаудырып, ұлы бәрін мойындап, өкінетінін білдіргені үшін оны кешіргенін, ұлымен кездескенін айтты. Ал мен келесі күні таңертең сол мекенжайға өзім бардым. Көршілер ол жігіттің кеше қайтыс болғанын, мүрдені мәйітханаға алып кеткенін хабарлады.

Павел әкейдің әңгімесі осы болатын. Мен күнәһар пенде ретінде былай деп ойлаймын: демек, ол кісіге өзі дүниеден өткен соң баласының жағдайы белгілі болған, тіпті, оның өлетін сәті де білдірілген болуы керек. Ол жақтағы мінәжатының терең болғаны соншалық, оған бұл өмірде шіркеудегі әкейге жолығып, Құдайдың бақытсыз құлы болған баласын тәубеге келтіруге мүмкіндік берілген. Тәубеге келмей, кешірілмей дүниеден өту деген сондай қорқынышты жағдай емес пе?! Ең бастысы, ол баласын жақсы көрді, баласы ішкіш, анасын үйден қуған арсыз болса да оны жақсы көрді. Демек, біз оның бұған ашуланбай, керісінше, өкініш білдіргенін, күнәһарлардың тағдырынан бәрімізден де артық хабардар болғанын, қолынан келген барлық мүмкіндікті жасап, ұлын құтқарғанын көре аламыз. Ол ұлын күнәлардың батпағынан аршып алды. Өзінің шексіз терең, пәк мінәжатының күшімен ол ғана осыны жасай алды. Ол ғана!

Мені шіркеуге кіргізбеді

Иә, шынымен. Кіргізген жоқ. Кім дейсіз бе? Орыс әскерлері. Қашан? Жеңіс күні. Тоғызыншы мамыр күні литургияға ертерек соғып кетпекші болған едім. Оянып, жуынып, әйелімнің денсаулық пен тыныштық сұрап жазған дұғасын, «барлық Отан соғысында қаза болғандарға» деп жазылған қағазды алып шықтым. Ал біз Орталық телеграфқа қарама-қарсы Тверская көшесінің басында тұрамыз. Ол үшін көшені кесіп өту керек. Ол кезде сағат жеті жарым болып қалған. Бүкіл көше қоршау тақташаларына толып қалыпты. Қоршаудың артында әскери техника, қазіргі және соғыс кезіндегі танкілер тұрды. Біз олардың дайындық шеруінің гүрілдеген даусын соңғы аптада күнде еститінбіз. Мен қоршаудағы бір саңылауға жақындадым. Бірақ олар мені ол жерден жер асты өткеліне жібермеді. «Мен шіркеуге бара жатырмын». — «Болмайды!» — «Мен енді шіркеуге бара жатырмын ғой. Анау үйде тұрамын. Паспортым міне». — «Шеруден кейін ғана ашылады». — «Алтындарым, әлі шеруге дейін төрт сағат бар ғой». — «Барыңыз» деді.

Осылай болды. Мәскеудің қалалық кеңсесіне соғып едім, жабық екен. Пушкинскаяға барудың да қажеті жоқ. Жағдай осы болып тұр. Ал мына жауынгерлік шеруді тамашалауға менің зауқым болған жоқ. Мен мінәжат жасауға барған едім. Өткізбеді. Оның ішінде дүниеден өткендерге дұға тілегім келген еді.

— Сіздер сонда православ емессіздер ме? — деймін.

— Бұл бұйрық. Өткізуге болмайды!

Осы енді. Мен, әрине, қайта оралдым. Бірақ жан-дүнием күйіп-жанып тұрды. Мен өзімнің жаман, күнәһар адам екенімді білемін. Бірақ ойлап көріңізші. Ресей армиясына сол кезде менің дұғам керек болып тұрған шығар?

Жағдай осы. Ал шеруді теледидардан көрдім. Қорғаныс министрі деп шақырған бас киімсіз ер адам сап түзеген әскердің жанынан басын бір иместен жүріп өтті де, олардың үш дүркін «Ура» деген ұранын тыңдап, мінбеге көтерілді. Шерудің рапорт беруші қолбасшысы да ортаға шықты. Бізді әскерде «жалаңбасқа қол көтерілмейді» деп үйретіп еді, бұл да басын бір иместен шықты-ау.

Шеру басталды. Дикторлар шеруге шыққан шетелдіктер туралы пікірді мақтанышпен хабарлады. Содан кейін техникамен өнер көрсетілді. Тура қақ төбеден ұшақтар ұшты. Кейбіреуі, тіпті, сөз жетпейтін алып ұшақтар. Диктор егер ұшақтар тағы бір он метр төмен ұшса, әйнек, терезе, шатырдың бәрі ұшып кетер еді деп хабарлады.

Сөйтіп, ренішім тарқады. Гүлдер, медальдар, балалар, әуен. Демек, менің шіркеуде бүгінгі тірілер мен кешегі өлгендерге дұға тілеуге лайық болмағаным. Әйелім екеуміз үйдегі иконаның алдына тұрып, әлгі қағазда жазылған дұғамызды оқыдық. Артынан көшеге шығып, 1945-жылдың жеңісі бізге де жеткеніне шүкір дедік.

Мен онда болған жоқпын

Бәрі де болды: азиялық көздер, жазық маңдай... Кенет ол асығыс жүрісті байқап қалды. Бәрі жазылған, қайта жазылған.

Эскалатормен жылдамдығымды арттыру үшін алға қарай ентелей көтерілдім. Бір кезде еш қимылсыз тоқтай қалдым. Бәрібір көтеріліп келемін. Көз алдымда... Біршама биіктіктегі көрші эскалаторда бір әйелдің сұлбасының жартысынан көбі көрінеді. Жарықтың алқызыл түсінен жұқалтаң жүз, еуропалық бет-әлпетке ұқсамайтын жақ-сүйек пен қысыңқы көздер құдды жапон гравюрасын еске түсіреді.

Дәл осы сәтте сипаттауға келмейтін ащы ойлар келді. Салыстыра суреттеу оңай жұмыс емес. Әрі мұндай салыстыруға бару үшін немен салыстырып жатқаныңды да жақсырақ білуің керек. Бұл менің жолым емес. Дегенмен, Буниннің «Таза дүйсенбісіндегі» әйел шаштары таралған, жөкеден жасалған қағазға салған шығыс сұлуларының бейнесіне келеді. Қалай дегенмен, ол Бунин ғой.

Мен бәрін бірінен соң бірін сынап көрсем, ажал құшар едім.

Сонда бар болғаны осы ма? Мен онда болмағандаймын. Сонымен, мен бармын ба, әлде, бұрынғымның жинақтық бейнесі ғанамын ба?

Құдайым, бәрі Сенің қалауыңмен! Пушкиннің прозасын оқитын елге бірдеңе жазу бізге жарамас. Менің жазған жолдарым ақыры оқырманның назарын басқаға бұрса, Пушкинді-ақ оқи берсін. Ал мен биік парасатпен ұмыта саламын. Ал ұмыту бізді ренжітпеуі керек. Ұмытқан нәрсеміз — біздің қалыптасуымызға әсер етеді.

Эскалатор мені төлем жасаған жерге дейін әкелді. Ары қарай өзім жүруім керек болды.

Тұмар

...баяғыда, мен мектепте оқымай тұрғанда, бір мылқау удмурт қыз болатын. Ол қыз бізде екі қыс тұрып, оқу оқыды. Сол кездері көп ауылдарда мектеп деген болмайтын.

Ол өте қарапайым тұрды, күніне жалғыз түйір картопты қорек етуші еді.

Бір күні екі-үш картопты жуып, жанып тұрған пешке қойдым. Картоп көп ұзамай пісті, бірақ отқа қойғандай күйіп піспеді. Жарылған жері нәзік сұр түске еніпті. Ып-ыстық.

Бірде мен оған бір тілім нан бердім. Ол менен қорқып, нанды жемей қойды. Нанды бір кедей балаға берді. Анам да ол удмурт қызды аяйтын.

— Тұрмыстары ауыр.

— Нанды да алмай қойды, — деймін мен.

— Алмаса, біздің сенімде емес.

— Сонда қандай сенімде?

— Тіпті, білмедім. Біз иконамен шоқынамыз. Ал олар мінәжат ету үшін тоғайға барады.

— Ал менің сенімім қандай?

— Ал сен православсың.

...есімде, удмурт қыздың анасы аязды күні бізге келетін. Сықырлаған аяқ дыбысы үшін кешірім сұрап, қараңғыда анасы екеуі алаудың қасында отыратын. Олардың тілін түсінбесем де, қызының мен туралы айтып жатқанын сезіп қоятынмын.

Ал таңертең ол маған жасырын түрде қара ағаштың діңінен жасалған, өз сенімдерінің тұмарын берді. Ол қандай дін екенін білмедім. Бірақ бұл тұмар бір үзім нанға айырбастауға арналған болатын.

...күндіз, мен аязға тоңып, еденге жылынып отыратын едім. Күн дастарханға алтын сәулесін түсіріп тұрғанда удмурт қыз үстелдің шетіне отырып, «Жасыл емен теңіз жағасында...» деп, өлең жаттап отыратын. Мен одан бірінші жаттап алып, оны түзететінмін. Ол болса, жымиып қойып, маған үлкен ыстық картобын сыйлайтын.

Ақ жолақты алтын

Өмірімде есте қалған ерекше естеліктердің бірі — көліктің артқы жүк салғышында тұрып, дымқыл шырша бұтақтарынан бұғып, қорғанғаным еді. Жердегі балшықта жалаңаяқ адамның тайғаны сияқты көлік те ары-бері шайқалады.

Ал көлік бір кезде алтын түспен аралас ақ гүлдері бар қарақұмық өсірілген кең егіс алқабына кіріп кетті. Сол кездегі балдың жып-жылы, жағымды исі ешқашан менің есімнен кетпейтін шығар.

Ақ мамыққа оранған кең алқап жалғызаяқ қоңыр жолдың бойында қараңғы орманға жеткенше артта қала беретін.

Тұңғиық жапырағы

Мен талапшыл адам емесін, сондықтан, әртүрлі қытай тағамдарын немесе грузин асын, жапондық тағамдарды, араб тағамдарын, тойымды орыс асы болса да жей беремін, тіпті, жалғыз түйір картоп жеп те отыра бере аламын. Бірнеше жыл болды, байқаймын, мен қандай ыдыстан тамақтанып немесе қай шанышқымен жеп жатқаныма мән береді екенмін. Ұшақтағы пластмасса ыдыстарды ұнатпасам да олардың тазалық үшін керек екенін ойлап, өзімді тыныштандырамын.

Жас келді ме, әлде, бұл ақыл-ой толысқандықтан ба, білмеймін? Бірақ қалай, немен қарныңды тойдырғаныңның қандай маңызы бар? Ақыры қарның қатты ашып тұрса, қандай сусын, қандай тамақ екеніне қарамайсың ғой.

Бірақ неге күтпеген жерде ыдыс-аяққа осылай мән беріп қалғанымды түсінбедім. Әдемі фарфор ыдыс па, сыңғырлаған хрусталь ма, мықты күміс пе, жарқыраған алтын ба, маған бәрібір. Себебі, санамда сол баяғы балалар үйінің алыстан көрмейтін, ақылды тәрбиеленушісі, кітапханашы Валяны және су ішеміз деп өзеннің жоғары жағына барған сол күнімізді ерекше жақсы көремін. Бұлақтар әне, аяқ астында жатыр. Мұздай суға алақанымды жайып, сүйіктіме ұсынамын.

— Жоқ, — дейді Валя. — Мен олай іше алмаймын. Маған бірдеңемен алып ішу керек. Әлгі іздеген «бірдеңеміз» табыла кетті. Жан-жағыма қарасам, жақын маңда тұңғиықтар өсіп тұр екен. Шалбарыма да, аяқ киіміме де қарамай, суға секіріп түстім де, ірілеу келген тұңғиық жапырағын алып, жағаға шықтым. Жапырақты айналдырып, ыдыс жасадым да, сүйіктіме су құйып ұсындым.

Ол суды қанып ішті. Соңынан бір-бірімізді сүйдік.

Ішерге, жерге ыдыс қандай болуы керек? Білмеймін-ау, рас, білмеймін. Мені қинамаңдаршы. Өмірім өтті, бірақ сол күн санамнан еш өшпеді. Бұлақ. Қолда тұңғиық жапырағы. Ал біз аспан астында...

Телекөрермен

Сол кездері орыс жазушыларын түрлі бағдарламаларға шақыратын, маған да шақырту келді. Келдім, он минуттық рухани әңгіме жазылды. Маған эфирге қашан жол тартатынын айтты. Ал мен эфирге шығатын күні ауылда болдым. Өз үйімде теледидар болмағасын, көрші Настя ханымның үйіне бардым. Экранның алдында отырмыз. Настя ханым шыны қораптың ішінде сөйлегеніме, онымен бір үстелде отырып шәй ішкеніме тіпті де таңқалмады.

— Ал Анастасия Димитриевна, — дедім он минут өткен соң, — қалай, бәрін дұрыс айтыппын ба?

— Дұрыс. Бірақ ең маңыздысын айтқан жоқсың.

— Нені айтасыз?

— Біздің сатушыларды айтам. Қатты жейді. Бәрі залым. Прәндіктер алуға барып едім, мені алдап, ішіне үгілтілгендерін салып, артық өлшепті. Оларды орнына қою керек.

Менің ойымша, Настя дұрыс айтады. Біз мына жақта рухани әңгіме айтып жатқанда, ұрлайтын адамдар ұрлап жатыр. Ал кейін бізді тыңдап, таңданып, демек, ұрлау дұрыс емес екен ғой дер. Қане, оларды экраннан алып тастаңдар деп, алып тастады. Түбінде Остап Бендер сияқты алаяқтарды мақтайтындар пайда болды.

Жақында Настя ханымға қолыма прәндіктерімді алып, кіріп шықтым. Ол төбелес пен азғындық туралы айтылған бағдарламаны көріп отыр екен. Түкірініп қояды. Басқа ештеңе де жоқ қой қарайтын. Жаңалық тыңдауға да жүйке керек. Көрсететіндері өңшең жол апаты, өліктер, қан мен ақша ғана. Әдейі істейді... Немесе баяғыда өркендеп кеткен Американы көрсетеді.

— Сені тағы көрсете ме? — деп сұрады Настя апай.

— Жоқ, енді көрсетпейді.

— Неге?

— Білесіз бе, өткен жолы шыққанда саудагерлер туралы айтпап едім ғой. Сол үшін сөйлеу құқығымнан айрылдым. Енді құқығым бар ғой, бірақ дауыс жоқ. Мен сіздің алдыңызда-ақ өнер көрсете берейін. Шәй ішіп отырып... Міне, бүтін прәндіктер де бар.

— Тоқта, қазір теледидарды өшірейін.

Ауылда ешқайда асықпай, шәй ішіп отырғанға не жетсін. Тып-тыныш. Үйде. Терезенің түбінде торғайлар ғана секіріп, әйнекті тоқылдатады. Оларға да қиқымдар шашып қойсақ, тіпті, керемет болып кетер еді.