Бақ-бақ балы
Бақ-бақ тағы гүлдеді. Бірақ қазір жасыл желектер мен түрлі-түсті аула гүлдерінің арасында оның сары табақшалары ұяң ғана бой көрсетіп тұр. Түймедақ гүлдеп, ақ-күлгін шырайгүлдер, күндей қызыл жүзжылдықтар, сары қырмызы жайнап, бақшада — бұршақ, асқабақ, үрмебұршақтар... Жаз келді. Бұндай кезде бақ-бақ көзге түсе бермейді. Одан өз нәсібін жиып жүргендер жомарт алтын себеттерді айналып кетпейді, дұрысы — дәм татпай, ұшып өтпейді.
Дәл қазір де аралар мен көбелектер жағалай қонып, қоректеніп жатыр. Еңкейе үңіліп, қолда болса, үлкейткіш әйнек арқылы қарасаңыз, таңданасыз: алтын күлтелер мен жапырақшалардың ну орманында ас та төк той болып, тіршілік қыз-қыз қайнауда. Кішкентай шыбын-шіркейлер ширақ қимылдап, жомарт сыйды жанталаса жинап жатқанын байқайсыз. Әр себетте олардың қаншасы бар! Екі ондығын санап, санынан жаңылдым. Бақ-бақтың алтын гүлдері өз қонақтарын патшадай күтуде.
Бұл өткен күннің жаңғырығы ғана. Бақ-бақ мерекесі — көктемде, басқа гүлдер әлі оянбай, қалың ұйқының құшағында жатқан шақта.
Кейде, сәуірдің шуақты күндерінде, адам тұрағынан алыс жерлерде сіз бақ-бақтардың тап-таза әлеміне тап болып, қарайсыз — көзіңіз ауырады: алтын шұғыла қарашықты қарықтырып, өзегін қиып жіберердей. Тіпті, ауылда, бау-бақшаларда, әлі де жалаң жатқан жерлерде — бақ-бақ тойы. Биыл аса көп болды, телегей теңізше төгілді.
Бұлтты күндері гүлдер жабылады. Аула да оларсыз күңгірт күйге енеді. Күн ашылса, алтын дастархан жайылады. Онда бәрі бар: бал, жанға шипа тәтті күй, көз дамылдар көркемдік. Ара бастап, шыбын мен көбелек қоштаған ұшқыштың бәрі үстінде... Шүлеңгір той иесінің төңірегі — азан-қазан, у да шу.
Биылғы жыл — бақ-бақ жылы. Біздің аймақта ғана емес.
Мамыр айының басында мен Москваға барып, Переделкинде тұрдым. Бұл — мұхиттай көп бақ-бақтың мекені. Лукино, Солнцево — қайда қарасаңыз да жанарыңызды жасқа толтырады. Гүлдері көлемді, ауыр, құдды, сом алтын секілді.
Сол кезде бақ-бақ нәрінен алынған бал есіме түсіп кетті. Ол жайлы маған біздің хуторда тұратын казактың жасамыс әйелі айтып берген болатын. Біз шәй ішіп отыр едік, ол кісі дастарханға мөлдір сары қою тәтті әкелді. Дәм құйылған ыдысты қойды да: «Мамыр балы ғой», — деп жымиып тұр.
Мамыр балы — саудагерлердің жақсы сатылым үшін ойлап тапқандары. Базарда: «Қандай бал?» — деп сұрайды. «Мамыр балы, адам ағзасына пайдалы, емдік қасиеті бар». Бірақ сол мамыр айында ешкім де бал саумайды. Алғашқы бал қараған мен жидеден алынады, бұлар бірге өседі, бірге өнім береді.
Бұл күні ұмыт болған бұрынғы кездері мамыр балын сығандар сататын. Көше-көше, үй-үйді аралап: «Мамыр балы! Мамыр балы! Денсаулыққа өте пайдалы!» — деп, көшені басына көтеріп, жарнамалап жатқандары...
Маған шәй беріп отырған әйел, бір жылдары сол сығандардың уақытша тұра тұруға үйіне сұранғандары жайлы әңгіме бастады. Бір аптаға өтінген. Қант сатып әкеледі. Бақ-бақтың гүлдерін жинап әкеліп, қант қосып қайната бастайды. Оны дайындап болған соң, қожалықтарды аралап, «Мамыр балын» саудалауға шығыпты. Үй иесіне де дәм татуға беріп, аздап қалдырады. Оған бұл бал ұнайды. Содан бері көктем сайын өздері үшін «бақ-бақ балын» қайнатып алады екен.
Маған да алтын түсті, хош иісті қайнатпа, әлде... бал ұнады. Ал келесі көктемде мен оны өзім дайындадым... Мен алтын қалпақтарды кесіп, оларды жудым, тосап дайындадым, тұндырып, тағы қайнаттым. Жақсы шықты. Содан бері мен жыл сайын болмаса да, әредік бақ-бақ балын дайындаймын.
Қыста құмыраны ашсаң, бірден сәуірдің иісі бұрқ ете қалады. Қамысты қожалығының жанындағы алтын көгалды еске аласың. Сол жерде жатып, аралардың үздіксіз үнін тыңдағаның есіңе түседі. Жаздың тағы бір естелігі...





