Ешкілер мен Шекспир
Әлі есімде, ол кезде Шегемде тауықтар қораның не екенін білмей, түнде ағаштың бұтақтарына қонақтайтын. Қай ағашқа қону керектігін барлық тауықтар ұшып шыққанша, ұшу-қону жолағында тұратын қоқиған қораз анықтайтын сияқты. Әрине, бір үйдің тауықтары әрқашан бір ағашты паналайтын. Бұдан олар бұтақта отырып жұмыртқалайды екен деген ой тумаса керек.
Мұны айтып отырған себебім, өзім атын атаудан шаршаған Шегемнің жаулары мынадай қауесет таратып жіберіпті: бұлардың тауықтары бұтақта отырып жұмыртқалайды екен, ал шегемдік әйелдер жұмыртқалар сынбай, еппен түсу үшін ағаштың астында сейсепті төзімділікпен керіп тұрады-мыс.
Жоқ, тауықтың ұялары сол кезде-ақ ойлап табылды, алайда, олар көбінесе үй маңындағы бұталардың түбінде туғанды жөн көретін. Себебі, олар адамның жұмыртқаны тауық тұқымын жалғау үшін емес, өз тұқымын сақтау үшін жиі қолданатынын байқап қойса керек. Бұл тауықтарға мүлдем ұнамады.
Сондықтан, әйелдер кешке төңіректегі бұталардың түбін тырмалап, етегіне саңырауқұлақ тергендей жұмыртқа жинады. Негізі бізде саңырауқұлақ термейді. Жұмыртқа табылатын жерде саңырауқұлақты қайтсін. Саңырауқұлаққа құмарлық — көп жұрттың аш қалу үрейінің салдары.
...Он екі жасымда мен Шегемде ешкі бағып, Шекспирді оқыдым. Мұның бір пайдасы — шындықты екі қырынан қамтыдым.
Мені ешкінің соңына салғаны бекерден бекер емес. Масылдықпен ауыра бастағанымнан шошыған туыстарым менің құзырыма ешкілерді берді.
Алайда, қалада оқитын немере әпкемнің үйінен Шекспирдің кірпіш кітабын кездейсоқ кездестірдім. Оны жаз бойы әлденеше қайтара оқыдым. Жаз да Шекспирдің томы сияқты ұзақ болды. Шегемдіктер менің осы кітапты мықшыңдап әрең көтеріп жүргенімді көріп:
— Кітабы өзінен ауыр! — деп күлетін.
Бұған қарап, олар кітапқа қарсы екен деп қалмаңыз, кітаптың салмағының өз салмағыңмен сәйкеспеуіне қарсы. Үй жануарларына жүк артып дағдыланған олар кез-келген тепе-теңдіктің бұзылуын дереу байқайды.
— Еңістегі жайылымға түскенше, кітапты арқанмен шандып, арқаңа асып ал, — деп, кейбіреулер мені тоқтатып, жаны аши ақыл үйрететін. — Сонда ол сені артқа тартады. Әйтпесе, тік қиядан танауыңмен шаншылып, төменге допша домалайсың. Мұқабасы қалың кітапқа түк болмайды. Ал сен мертіксең, бізді масқаралайсың. Жұрт неге айтпаған демей ме?!
— Кім айтады? — деп сұрадым мен алғашқыда тәжірибесіздіктен, шегемдік көзқарас тұрғысынан бұл әдепсіздікке жататын.
— Шегемнің жауларын білмейтін кісіше бәлсіне қалма! Ес білмейтін боқмұрын емессің! — деп мені сөгіп тастады.
Кей-кейде күтпеген кітапқұмарлар да кездеседі. Солардың бірі Шекспирдің томын ұстап көріп, былай ескертті:
— Сенің кітапты қоя салып, ағашқа өрмелеп жүргеніңді көрдім. Мұның қате. Ешкілер оны кеміре қоймас, бірақ былғай алады. Ал буйволдың шайнап тастауы әбден мүмкін.
Менің сол кездегі шидей денем мен бір қарыс бойым зілдей кітап мұны салмағымен жаншып, шелпек қылар деген ауылдастарымның алаңдаушылығын туғызған сияқты. Бірақ мен оларға еш ренжіген жоқпын. Мен сол кезде жазушы болам деп қиялдамасам да, бірақ арғы бір аңғарыммен бұлардың бәрінің түбі бір кәдеге жарарын сезсем керек.
Алайда, сол кезде-ақ сөздердің төркіні туралы терең ойланатынмын. Дәл осы кезде айва (тырнақшаны жек көремін!) деген сөздің шығу тегін аштым.
Баяғыда бір орыс әйелі мен кавказдық еркек біздің мүлгіген орманда серуендепті. Кенет олар беймәлім күшті жемістермен көмкерілген бейтаныс ағашты көреді.
— Ай! — деп айқайлады орыс әйелі.
— Ва! — деп таңырқады шығыс адамы.
Сондықтан, беймәлім жеміс айва деп аталды. Орыс әйелін біздің мүлгіген орманға қай күш әкелді, сонда олар айваны інжілдегідей мағынада жеді ме, жоқ па, ол кезде мені бұл қызықтырмайтын.
Мен Шекспирді оқыдым. Джон Фальстаф мырза мен корольдің сайқымазақтары менің сүйікті кейіпкерлеріме айналды. Бір әзілкеш өзіне бақыр тиын берген сарай қызметкеріне былай депті:
— Мырза, егер сіз өзіңіздің жомарттығыңызды екі есе арттырсаңыз, ол екіленуге жатпайды!
Маған бұл сөз тіркесі адам тапқырлығының ең биік шыңы сияқты көрінді. Мен тек бір нәрсеге алаңдадым: қаладағы сыныптас жолдастарымның санасына бұл әзіл еш түсіндірмесіз жете ме, жоқ па?! Өйткені, түсіндірмелер әзіл деңгейін төмендететінін білетінмін.
Мен қушыкештердің қалжыңына қарқылдап, басымды көтеріп, ешкілердің айлакерлігіне күлетінмін. Оларды жайылымға айдап әкеліп, кітабымды құшақтап бұтаның түбіне жайғасқанда, өздері төңіректегі жүгері алқабына жүгіру үшін мен кітаптың қызығына сүңгідім бе, жоқ па соны білуге маған әлсін-әлсін жалтақтайды. Ешкіге ештеңе бөгет бола алмайтын.
Кейде мен олардың Шекспирді танымайтынын ескеріп, Фальстафтың ең күлкілі монологтарын айқайлап айтамын. Дауыс күшімен өз сүйсінісімді оларға жұқтыруға тырыстым.
Жайылым төбенің етегінде еді, ал анау өрде әйелдер темекі даярлайтын кең қора бар болатын. Менің дауысым соларға да жететін.
— Ища, — дейтін солардың біреуі, — әлгі кітаптың салмағынан да ауыр адам айқайлайтын сияқты!
Кейде ең әуесқой да шыдамсызы ерінбей қорадан шығып, маған дауыстайды:
— Әй, сен кіммен қауқылдасып, күлісіп жүрсің?!
— Ешкілермен! — оларды қуанту үшін осылай айқайладым. Өйткені, пенделерді ешкімге залалсыз ақымақтығыңды көрсеткеннен артық ештеңе құлшындырмайды. Соңыра естігенімдей, менің жауабым әйелдерді әпенді ағамның оғаш қылықтары туралы ұзақ та тәбетті әңгімелерге жетелепті.
Шегемдіктердің өте нәзік сыпайылығы мынада — олар ақылсыз ағамның оғаш қылықтарын мұқият термелей отырып, маған еш соқтықпайды. Рас, бұл сипаттамаларда кейде орынсыз қызбалыққа салынатындар да кездесіп қалады, өйткені, ағамның әпенділігі оған туғаннан бастап, қазіргі егде шағына дейін жармасып қалмай келеді.
Бұдан менің ағамның өмірі кейінірек байсалды, салиқалы кәрілікке ұласқан екен деп ойлап қалмаңыз. Өкінішке қарай, олай емес. Алайда, дәлдікке ұмтылыстың өкше ізіме түскені сонша, мен ағамнан қаншалық қашқан сайын, жер шарының арғы жағынан оған жақындай түсемін.
Сонымен, ешкілерге Фальстафтың монологын оқып жаттым. Көпшілігі басын көтеріп, тыңдап тұрды. Кейде, тіпті, ең күлкілі жерлерде пысқырып жібереді, бірақ олардың өз қажеттілігіне қарай пысқыруы да жоққа шығарылмайды. Көріп отырғаныңыздай, болып жатқан оқиғаның дәлдігін бақылауды тоқтатар емеспін.
Бірақ, әрине, төңіректегінің бәрін ұмытып, кітапқа алданар сәттерім де аз емес, осы кезде ешкілер қоршаудан қарғып өтіп, жүгері жапырақтарын жасыл бұршақтың бүршіктерімен қоса күйсей жөнелетін. Шегемде бұршақ көбінесе жүгерінің қасына отырғызылып, соның сабағына шырмалып алатын.
Есіме түскенде тұра жүгіріп, жалмаңдауды тоқтату үшін сиқырлы сөзді ышқына айқайлаймын.
— Ийо! Ийо! — деп қышқырам, бұл ешкі тілінде: «Кейін кет! Артқа!» — деген сөз.
Ащы дауысымды естіген сайын, ешкілер жалмаңдауын тоқтатудың орнына соңғы сәттерді пайдаланып, жүгері сабақтарын жыртып, әлдеқайда асығыс шайнай бастайды. Шамасы, сананың алғашқы көрінісі — жегізбей қуаласа, тезірек жалма!
Бұл ғана ма, олардың кейбірі шайналмаған жүгері жапырақтары мен сабақтарын қоршаудың бергі бетімен тістей қашып, құдды бар мәселе тыйым салған аумақта тұрғандай, жайылымға жеткенде асықпай жеп бітіреді. Келесілері бұршақтың желісіне шырмалған күйі қоршаудан қарғып өтіп, тек осы қарғыс атқыр шырмауықтан құтылу үшін үстіндегі желіні қарш-қарш шайнайды.
Бригадир әлдеқайдағы алыс егіс алқабынан менің дауысымды естіп, бәрін түсініп, ащы айқайлы қарғыс жолдайды. Бір таңқаларлығы даусы жаңғырығып, ән ырғағындай қалықтап жетті.
— Тағы да жалмады ма?! — деп күркіреді ол. — Неге кітаптың астында қалмайсың?! Кітабыңды өртеп, ең ашкөз ешкіңді отқа қақтаймын деп, әкемнің күлімен ант етемін, бұл ешкіге сол керек! Кітабыңның жалынына ешкіні қуырып жеп, қоламтасына темекі тұтатып үлгеремін! Үлгеремін, көр де тұр, әкемнің күлімен ант етемін!
Шынында да, үлгереді деп үрейлене ойладым да, ешкілерді қуып әкеп, өзіне қандай қауіп төніп тұрғанынан бейхабар Шекспирге қайта оралдым.
Ешкілермен үш қой бірге жайылады. Олар иіскемей тұрып бір тал шөп жемеуге ант бергендей бір секундқа да басын көтермей жайылатын! Қойлар бастарын көтермей жайылып жүргендіктен, кейде ешкілермен соқтығысып қалатын, ондайда ешкілер оларды мүйіздеп қуып жібереді. Алайда, қойлар соқтығыспаса да ешкілер мүйіздеп қуалауын қоймайтын.
Олар қойларды өте жек көреді. Өйтуге ешқандай себеп жоқ, тек мына біреуі болмаса: қойлар жүгері алқабының қоршауынан қарғи алмады және қарғуға тырыспады да. Ешкілер осыны кешіре алмады.
Ешкінің қойдан айырмашылығы — көбінесе жайылымға қарау немесе терең қолбасшылық пайыммен төңіректегіні бағамдау үшін әлсін-әлсін басын көтеріп, қарап қойып жайылатын. Бұл үшін олар жақын маңдағы жартасқа қарғып шығудан ерінбей, сол биіктен шайнаңдап тұрып, айналасын барлайды.
Шамасы, олар стратегиялық ойлаумен ерекшеленді. Сондай-ақ, олардың стратегиялық ойлауы практикамен ұштасатын. Олар келесі жартастан жаңғақ бұтасын сәтті майдалап, шырынды жапырақты қылғытып тұрған туысқанын көріп, дереу сонда тартатын, бірақ өзіндік болмысын жоғалтпауға және жүгірмеуге тырысып, тұқымдасымен бірге тойлауға асығатын. Қызғаныш олардың топталып бірге жүруіне көмектесті.
Әйтсе де, егер кез-келген ешкі шатқалдағы сиыр бүлдіргеннің бұтасына жалғыз қамалып қалса, басқалары жақын маңда жайылып жүргенімен көзге көрінбесе, ол ерсілі-қарсылы жүгіріп, өзінің қиын жағдайға түскенін сездіруге тырысып, жанұшыра маңырайды. Шамасы, шөпқоректілерде тұқымдастарын ізінен иіскеп табу қабілеті жоқ.
Бір қызығы, оған ешкілер әдетте жауап бермейді. Шамасы, олар оны топтан бөлінудің қалай болатынын білсін деп жазалайды. Осылайша оны недәуір азаптап алып, біреуі немқұрайды жауап қатады.
Мұндайда тұқымдасының мойнындағы қоңырау анық естілуі мүмкін. Алайда ерсілі-қарсылы шапқылап жүрген, музыкалық қабылдау қабілеті нашар ешкі бұл дыбысқа қапысыз сенбейді. Өйткені, үлкенді-кішілі әр түрлі қоңыраулар сиыр, өгіз, есек сынды басқа жануарлардың да мойнына ілінуі мүмкін.
Жауап естімеген ешкі барған сайын қатты қобалжып, аласұрады, мүмкін ол табын дәл қазір жұмақ көгалға бас қойды деп ойлаған шығар. Табын жауап бермейді, бірақ егер осы уақытта дәл өзіндей адасқан ешкі болса, ол оның маңырауына бірден үн қатады.
Олардың әрқайсысы өзіне отар өкілі жауап беруде деп ойлайды және екеуі кезектесе маңырасып, кездесуге ұмтылып, мені біржола шатастырды.
Мұндайда жалғыз ешкіні топқа қарай айдау мүмкін емес. Ол жолындағы тікенек пен бұтадан қарғып, екінші ешкінің дауысына ұмтылады. Тамақтары қарлыққанша маңырасып, бір-біріне жанұшыра жүгіреді.
Ешкілердің дауыстарында ерекше жетімдік сарыны болғаны сонша, олар кездескенде бір-біріне жабысып, жұбын жазбастай көрінеді. Кенет ел естімеген адасудан кейінгі кездесу! Екеуі дереу тынышталып, бір-біріне бұрылып та қарамайды.
Мен отарға қарай айдауға тырысқан, ал ол үстіндегі тікенге қарамастан тұқымдасының даусына ұмтылған ешкі манадан бері соны іздегендей, шоқ бұтаның күлтесін жұлып жей бастады.
Олар бір-біріне назар аудармай жайылып жүр. Олардың әрқайсысы екінші ешкінің арғы жағында бүкіл отар бар деп ойлайды. Міне, ақыры, екеуін бірге қажет жерге айдап апаруға болады. Ешкілер жалғыздыққа төзе алмайды, бірақ немқұрайдылық жайлаған табынды тәуір көреді.
Мен күні бойы гүлдеген жасыл шөпте жататынмын. Жоғарыда көзге көрінбес бозторғайлар шыр-шыр етіп, аспан музыканың негізгі көзі екенін үздіксіз дәлелдеуде.
Бұйра қойлар бұйра жоңышқаға жайылып жүр, олар Дарвин заңдары бойынша одан сайын бұйралана түсуі мүмкін.
Аралар сүңгуірлердің ебедейсіз табандылығымен гүлдерге сүңгуде.
Шегірткелердің серіппелі секірісі.
Гүлдердің үстінде қалбаң қаққан көбелектер.
Беймәлім бір үлкен жәндік гүлге ұшып барды, бірақ ол ешқашан қонбайтын. Гүлдің үстіндегі ауада асылып тұрған сайын оның сонда қонуын төзіммен күтетінмін. Қонса, дұрыстап көрсем деймін. Бірақ ол сол орнында аянышты түрде ызыңдап, бір минуттай тұрып, мұнда қажетті шырын жоқ екеніне көз жеткізіп, басқа гүлге ұшып барды. Тағы да аянышты ызыңдап, оның үстінде де тұрып-тұрып, бірақ мұның да пайдасыз екеніне көз жеткізгендей, үшіншіге ұшып кетті.
Бірақ мен оның қандай да бір гүлге қонғанын сол күйі көрген емеспін. Оның талғампаздығы мені таң қалдырды және жаным ашыды. Оның үстіне әлгі толассыз ызың. Мұндай кінәмшіл жәндік немен қоректенеді екен? Қандай гүлді таңдамақшы?
Бірде екінді ауа ол таяу маңдағы тағы бір гүлдің үстінде ызың қағып, асылып тұрды. Кенет батар күннің қиғаштау түскен сәулесімен оның ұзын да жіп-жіңішке инедей тұмсығы жарқ етті. Сөйтсем, ол гүлдің қауызына қонбай-ақ инесін сұғып, шырынын сорады екен. Мен Шекспирдің кейбір мұңды кейіпкерлері арқылы оған алдын ала дайын болғаныммен, айлакерліктен арқам шымырлап, түршігіп кеттім.
...Жайылым бойымен сонау Сәбид шұңқырына дейін алша, қара өрік, алма, алмұрт, інжір, грек жаңғағы сияқты жабайы жеміс ағаштары өсетін.
Пісіп-жетіле сала, әйтпесе көбінесе оған да жеткізбей, жемістерді жеп қоятынмын. Жей жүріп, ботаникалық жаңалық аштым, неге екенін қайдам, оны әлемге хабарлауды ұмытып кетіппін. Бірақ ештен кеш жақсы.
Мен мынадай заңдылықты байқадым: жеміс неғұрлым дәмсіз әрі қорексіз болса, оның ағашы соғұрлым мәуелі болады.
Ең мәуелісі алша еді. Онда жапырақтардан гөрі жемістер көп болды. Алайда, жемісі онша дәмді емес, сулы болғанмен, қышқылтым.
Өрік әлдеқайда дәмді, бірақ оның жемістері недәуір аз.
Жабайы алмұрт пен алма өрікке қарағанда дәмдірек, бірақ олардың жемістері ағаштың көлемімен салыстырғанда өріктен де аз.
Інжір алма мен алмұрттан да дәмді, бірақ жемісі әлдеқайда аз.
Ақырында, ең дәмді және қорегі молы — грек жаңғағы, бірақ ағаштың көлемі мен бір ауданға шаққандағы жемістің санын салыстырсақ, жемісі інжірден де аз.
Мен жемістерді жей отырып, тәбеттің арқасында табиғаттың керемет заңдылығын таптым. Жеміс неғұрлым дәмді болса, оның құрамындағы зат соғұрлым пайдалы болады, бірақ жемістерді қоректендіретін сирек шырындарды топырақтан алу қиынға соғады. Сондықтан жемістер неғұрлым дәмді болса, ағаштың мәуесі соғұрлым аз болады.
Ағаш неғұрлым мол жеміс берсе, соғұрлым ол жемістерін сілкіп түсіруге бейім тұрады. Сондықтан, доңыздар үнемі алшаның астына жиналып, тас үгітер тістерімен алшаның сүйектерін күтірлете шайнап, жұтып жатады.
Шошқалар алшаны шайнап тұрып, бастарын көтеріп, аузының шылпылын елти тыңдайды. Олар тамақты шылпылдата жеу арқылы дыбыстан қосымша рахат алады. Көптеген шошқалар қосыла шылпылдатқанда, жалмау симфониясы пайда болады. Алша таусылғанда, олар басқа да дәмді жемістерге көшеді, бірақ шылпылдау күшеймейді, бұдан доңыздар дәм айырмашылығын сезбейді деген қорытынды жасауға болады. Мұнда ендігі мүлдем ботаникалық емес заңдар сұранып тұрғандай.
Басқа жаңалықтар да тапқан шығармын, бірақ олар ендігі есімде жоқ. Егер есіме түссе, айтамын.
...Кешке, тәтем ешкілерді сауғанда, түсініспеушіліктер жиі болады. Шегемде (гуманизмнің соңғы тірегі) ешкілер мен сиырлар сауыларда, әрқашан алдымен төлдеріне емуге рұқсат етіледі. Сауғаннан кейін де төлдеріне сүт қалдырылады.
Төлдер бір-бірден босатылады. Лақ қуана маңырап, топтала маңырап тұрған отарға жүгіреді, бірақ көбінесе енесін танымай, мүлдем бөтен ешкінің емшегін сора бастайды. Ең таңқаларлығы, лақпен салыстырғанда әлдеқайда тәжірибелі ешкі де оны танымай, өзінің желінін жомарттықпен тоса береді.
Бірақ осы кезде тәтем лақты желкесінен шап беріп, өзінің заңды сүтін ему үшін өз енесінің желініне апарады, осылайша ешкіні идіріп, содан кейін ғана сауады.
Осы уақытта өз сүтін басқа бір лақ еміп кеткен ешкі қателігін түсінеді. Бірақ қандай да бір себептермен өзіне емес, тәтеме ренжігендей сыңай танытып, өз лағыма көбірек қалсын дегендей тәтеме сүтін қимайды.
Иесі мен ешкі арасындағы ең күрделі психологиялық күрес енді басталады. Лақты аздап емізген соң иесі оны шыбықпен қуып жіберіп, енесін сауа бастайды. Әлгінде қателесіп біреудің лағын емізіп қойған ешкі осы кезде кемшілігін жоюға тырысқандай, өз төлін жанұшыра жалай бастайды.
Алайда, ешкі желіні босағандай түр көрсетіп, сүтін шығармай қояды. Бірақ үй иесі бұл қулықты біледі. Барлығы есепте: басқа лақтың еміп үлгергені мен өз төлінің идіргені.
Үй иесі лақты тағы да жібереді, сонда таусылған сүт қайтадан құйылады, ал лақ құйрығы шолтаңдап, енесінің емшегін рахаттана сорады. Сәлден соң тәтем лақтың аузын еппен итеріп, ешкіні сауа бастайды.
Он минут өтті ме, жоқ па, кенет ешкі артына үнсіз қарайды да (қызық, ол осы уақыт ішінде не ойлады екен?), емшегін тартып жатқан лақ емес, тәтем екенін көреді. Сөйтіп, сүтін қайта тияды. Тәтем лақты тағы да желінге жібереді, сүт қайтадан құйылады, осылай бірнеше рет қайталанады.
Өте сирек кездессе де, кейбір ешкілердің бөтен лақты бірден ажырататынын әділдік үшін айта кеткен жөн. Бәлкім, олар бөтен төлдің басқаша тістегенін сезіп, оны бірден қуып жіберетін шығар. Бірақ мұндай сезімталдық екінің бірінде кезіге бермес ерекше құбылыс.
Менің байқауымша, лақтың өзі төл емізіктің ерекшелігіне онша мән бере бермейді: сүт шықса, болды емес пе!? Айтпақшы, бұл тұрғыда адам баласының, меніңше, ешкі төлінен еш айырмашылығы жоқ.
Жеке естеліктерімнен ең соңғы ойды ұсынып отыр екен деп ойлап қалмаңыз. Бір қызығы, өзімнің емшектегі нәресте кезім есімде жоқ. Бұл енді недәуір уақытқа созылды ғой.
Міне, ақыры қораға қамалған ешкілер тынышталды. Түн. Тыныштық. Ұйқыдағы ешкінің қоңырауы сыңғыр етіп, қайта үнсіздік орнайды. Біз де тынығамыз.
Міне, менің ең алғашқы есімдегілер. Төрт жасымда әкем маған патшаның жоқ екенін түсіндірді. Ал басқа мәліметтер есімде қалмапты.
Әрине, әкемнің сөзіне сендім де, қатты қайғырдым. Сыртқа шыққанда патша жоқ, сондықтан мен жүрген жер ешкімге тиесілі емес, оған ешкім жауап бермейді деп ойладым. Өзімді аядым, бірақ иесіз жерді ерекше аяғаным есімде. Анамның шаруалық тегі іске қосылды ма, кім білсін?
Көрші бала ойнауға қасыма келді. Мұндайда қандай ойын болсын!
— Патша жоқ, — дедім мен оған әлемдік тәртіптің бұзылғанын сездіріп. Бірақ менің айтқаныма ол селт еткен жоқ.
— Ол қайда кетті? — деп сұрады бала.
— Жоқ, — дедім мен оның үмітін үзіп. Бұл оған тағы да әсер еткен жоқ.
Қорланған басым жалғыз қайғыру үшін қасынан кетіп қалдым. Шамасы, бұл ертегішіл сананың дағдарысы болса керек. Әрине, Кеңес өкіметі туралы бірдеңелер естігем, бірақ патша осының бәрінен үстем тұр деп ойладым.
...Алайда, Шекспирге деген педантикалық сүйіспеншілігімді әсірелемей-ақ қояйық. Кейде Шекспир кітабінсіз-ақ мал бағатынмын. Мұндайда ешкілердің іші пысатын. Өйткені, мен үнемі сергек жүріп, уағында қайырып үлгерген соң, олардың жүгері алқабына жүгіруге мұршасы болмайтын. Жаз бойы ешкілер кітап оқымағандағы қырағылығыма үйреніп, қолымнан Шекспир томын көрмесе, жүгері сабақтарының түсіне де кірмесін түсіне бастайды.
Таңертең ешкілерді қорадан Шекспирмен бірге өргізсем, олар дереу көңілденіп, ойнақтап сала беретін. Олардың ойнақылығы мерзімінен тыс жұптасуды көрсетуге дейін баратын. Ешкілер бір жынысты махаббатқа пародия жасап, бір-біріне лып етіп артыла жөнелетін. Бұл маған Шекспир кейіпкерлерінің ер адамның әйелше және әйелдің еркекше шатасып киінуін еске түсіретін.
Бұл жерде бұзылған деп күмәндану мүлдем қисынсыз, баяу жүріп бара жатқан тұқымдастарын сергітіп, жылдамдатуға тырысқаны деп санаған дұрыс. Бұл бекершіліктен жалыққан кәнизәктар ереуілінің жеңіл түрі деп болжауға да болады. Бірақ текелер мұндайды жаратпайтынын үнсіз ғана сездіреді. Бұл олардың демалуға деген заңды құқықтарын үнсіз қорғауы.
Оларды да түсінуге болады. Текелер тек төртеу еді, ал ешкі қырыққа жуықтайтын. Шекспирдің томын көрген ешкілер кәдімгідей қуанып қалады. Менің кітапты құныға оқығанымды олардың қалайтыны айдан анық. Одан арғысын өздері біледі. Шекспирді оқығанымды текелер де қалайды, әрине, бірақ ешкілер емексіген қымбат бағаға емес. Айта кету керек, қойлар Шекспирге мүлдем немқұрайды қарайды.
Шекспирдегі сарай қызметкерлерінің интригалары мен ешкілердің айла-амалдары арасында көптеген ұқсастық барын таптым. Бұл мені қызықтырды және төл дүниетанымымды оңтайландыруға қызмет етті.
Сол кезде мен адам ешкі мен Шекспирдің ортасындағы аралық жаратылыс екенін түсіндім. Бұл тақырыптағы соңғы математикалық зерттеулер менің болжамымды растап қана қоймай, орнықтыра түсіпті дейді. Енді ғана нақтыланды дейді: Шекспирді ешкіге бөлсең, тап-таза адам шығады. Қалдық жоқ.
Осы Ережені тексеру үшін өзімнің Мәскеудегі өміріме шолу ұсынамын. Мұнда оқуға келген алғашқы күндері-ақ қарама-қарсы екі оқиғаға таң қалдым.
Бірде қала орталығында мен милицияға барып, осындай көшеге қалай бару керектігін сұрадым.
Милиционер кенеттен аппақ қолғабы бар қолын көтеріп, маған құрмет танытып, бейілдене жол көрсетті. Мендей балақайға құрмет көрсетеді, тіпті, қардай аппақ қолғабымен!
Мен бұл құрметке қайран қалдым. Мүмкін қолғап Шегем ешкілерінің жүнінен тоқылған шығар деп шаттана ойладым, бірақ ол менің шегемдік екенімді қайдан білді?
Ал бірнеше күннен кейін мен мүлдем түсініксіз және тіпті қорқынышты көріністің куәсі болдым. Милиционерлер үлкен көшеде дөрекілікпен және ешқандай қолғапсыз барлық көліктерді жол жиегіне қуып шығарып жатты.
Бір минуттан кейін үкіметтік көліктердің соңынан пулеметшілер оқ жаудырып, қуып келе жатқандай жанұшыра жарысып өткенін көрдім. Бірақ соңынан ешқандай қуғыншылардың қумағанын өз көзіммен көрдім.
Мәскеуде болған жылдары мен мұндай көрініске бірнеше рет куә болдым және бұл барлық билеушілерге тән қалыпты қудалау маниясы екеніне көз жеткіздім. Мұны алғаш рет Сталин заманында көрген едім. Содан кейін уақыт өзгерді, бірақ қудалау құштарлығы тоқтамады.
Мәскеу түбіндегі гүлденген алқаптарда мен кейде жалғыз кемпірлердің жалғыз ешкіні бағып жүргенін көрдім. Бір кемпірге — бір ешкі. Шегемнің әдет-ғұрпынша кемпірдің ешкі бағуы шалдың легенге шалпылдатып кір жуғанымен парапар. Алғашында кемпірлерден: «Отарларыңыз қайда?» — деп сұрағым келетін.
Бірақ шегемдік ұстамдылық мені осы шегемдік сұрақты қоюдан аулақтатты.
Мені бәрінен қатты таңырқатқан бұл емес. Жалғыз ешкі табынның жоқтығына еш қайғырмастан, жайбарақат жайылып жүр. Бұл мен үшін миға симас нәрсе. Ішім жылағаннан дірілдеп, ешкіден көз айырмай, большевиктер ешкілерге не істеген, олар туыстық атаулыны тарс ұмытыпты деп ойладым. Тәкаппар ешкі көндігіпті, жыла, Ресей!
Мәскеуде ұзақ тұрғанымда мен жазушылық өмірден көптеген жаңалықтар аштым. Әрине, бұған қарап қазір жазушыларды бағып жүр екен деп ойлап қалмаңыз. Керісінше, менің өзімді бағып, отардан қасақана оқшауланатын қаңғыбас ешкі ретінде жазалады.
Фальстафқа деген сүйіспеншілік менің жазушылық тағдырымда жалған бастама болған жоқ деп үміттенемін.
Шабыт — жазушы бақыты. Бірақ адамды бақыттан артық ештеңе тоздырмайды. Табиғат бізді сирек бақытқа бөлейді. Сондықтан, адамдар бақыттың сирек кездесетін қонақ екеніне хош-риза болыңыз.
Оқырман менен сұрауы мүмкін: жақсы жазушының жаманнан айырмашылығы неде?
Оқырман бұл туралы сұрамаса да, жауап беруге асығамын.
Мәселен, талантсыз және талантты жазушы бір нәрсе туралы жазады.
Талантсыз жазушы жазады:
— Мейрамханаға кіргенде досымды (атын атайды) көрдім, ол әдеттегідей үстелде арақ ішіп отырды.
Талантты жазушы жазады:
— Мейрамханаға кіргенде досымды (атын атайды) көрдім, ол әдеттегідей үстелде арақ ішіп отырды, әдеттегідей мен де оған қосыла кеттім.
Бір сөйлем бәрін өзгертеді. Өзін келемеждеу суретті қоюлата түседі және ішетін досты қорламайды.
Жалпы, өз-өзіне күле білмейтін жазушы ерте ме, кеш пе оқырманның күлкі нысанасына ілігеді және қай деңгейде ирониядан айырылса, дәл сол дәрежеде іліп-қағытылады.
Сонымен, «Шекспирді ешкіге бөлсек, адам шығады» дедік. Мен осыны күлкі үшін бір сүйкімді ғалымға айттым, ол екеуміз Шекспирдің әзіл-қалжыңына деген сүйіспеншілікпен достасып кеттік. Біз бір-бірімізге әзілдесуге уақыт табардай өмір сүруге көмектестік. Бірде көңіл-күйім нашар болғандықтан, мен мынадай өлең жаздым:
Ауырладым жалқау болып ерініп,
Жаным-дағы қозғалмайды беріліп.
Суалуда жанарым да біртіндеп,
Дос пен қасты айыра алмай, іркілмек.
Сөнгендейін құштарлығым өмірге,
Ештеңе де жылу бермес көңілге.
Жағалауға лақтырғандай шаянды,
Теңізде өмір бақ бұйыртпас баянды.
Ауырладым жалқау болып ерініп,
Жаным-дағы қозғалмайды беріліп.
Бірнеше күннен кейін ол маған келді, оған осы өлеңді оқуға бердім. Бұл кезде мен сабама түскен едім. Ол шылымын үздіксіз сорғыштап, өлеңді әдеттен тыс ұзақ оқыды, содан кейін басын көтеріп, былай деді:
— Егер бұл өлеңді басқа қалада оқысам, дереу саған көмекке асығар едім.
Мен ұялып, әңгімені тоқтаттым. Өйткені, космополитизммен күрестің ең қиын жылдарында оның өзін қандай батылдықпен әрі мінсіз ұстағанын білуші едім.
Біз онымен жиі дауласып, әйтпесе, жай ғана өзімізді алаңдататын тақырыптар туралы сөйлестік. Көбінесе пікірлеріміз сәйкес келді, бірақ кейде қайшы шығатын, алайда, бұл біздің достығымызға салқынын тигізбеді.
Міне, бізді біріктірген кейбір тұжырымдар.
Қатыгездік — ақымақтықты іс-әрекетпен жеңудің ақымақ әрекеті.
Алдау-арбау — қараңғыдағы қорқақтың соққысы.
Талдау кез-келген ләззатты өлтіреді, бірақ талдаудан ләззат алуды ұзартады...
Міне, мен оған күле отырып, қазіргі ғылым Шекспирді ешкіге бөлсе, адам шығатынын анықтады дедім. Ол ойнақы емеурінмен қасын керіп, іліп әкетті! Ол іліп әкетуге шебер болатын:
— Мәс-саған безгелдек! Бұл жаңалыққа жиырма жыл болды! Тіпті, керісінше, қисын шығып кетті: Шекспирді адамға бөлсе, ешкі шығады.
— Неге бұл туралы айтылмайды? — мен таң тамашамын.
— Өйткені, бұл мемлекеттік құпия болып саналады, — деп жауап берді ол, — ұлттық ойлаудың құпиясы. Бірақ америкалық барлаушылар біздің ұлттық ойлауымыздың құпиясын ұрлап, ал біздің барлаушыларымыз олардың ұлттық ойлауының құпиясын ұрлағанда, екі құпия да бір-біріне сәйкес келді, сөйтіп, оларды құпиясыздандыруға мүмкіндік туды. Соғыс қаупі жойылды, бізде демократия ешкі бақшасы тәрізді гүлденіп келеді және әр ел төл азығына көшті. Рас, әр елдің өз тамағы бар, бірақ бұл басқа тақырып.
Айтпақшы, менің ғалым досым толық жалғыздық жағдайында ғылыми тәжірибелер жүргізу үшін адам аяғы баспаған аралда қалды. Үш жылдан кейін, келісім бойынша, отандастар оның соңынан жүзіп барды.
— Үш жылдық жалғыздық туралы ең күшті әсеріңіз қандай? — деп сұрады олар ғалымнан.
— Ар-ұждан демалды, — деп ол күтпеген жауап қатты, бірақ сәл жұмсарып, былай қосты, — сондай-ақ, бұл жер жабайы ешкілерге толы.
— Адамдар мағынасында? — біреу оның жұмсару бағытын дұрыс байқап, үстемелеп қойды.
— Иә, адамдар мағынасында, сонымен қатар, жас ет мағынасында, — деп түсіндірді ол, менімен сырттай дауласуды доғармастан.
Отандастары оған өздері мен адамзатқа жасаған мәмілесі үшін ренжіді.
— Сонымен, сізді осында тағы үш жыл қалдыру керек шығар? — деп, кекете сұрады келгендердің бірі.
— Ал адамзат үш жыл ішінде түзеледі деп ойлайсыз ба? — досым баспалдақпен көтеріліп бара жатып, ол да мысқылдай жауап қатты. — Меніңше, бұл Шекспирден бері еш өзгерген жоқ, бірақ әзілдің сапасы айтарлықтай төмендеді.
...Жоқ, деп сыбырлаймын өз-өзіме, әйтсе де, ілгерілеу бар. Шегем тауықтары енді ағаштарға ұшып шықпайды, көнбіс күйде тауыққораға түнейді. Бәлкім, әлі де ұшса, жақсы болар ма еді? Құдай-ау, неге бәрі сонша қиын? Ал қазір тауыққораларды паналайтындарға қарағанда ағаштарға әлдеқайда көп тауықтар ұшып шыққаны анықталды.
...Алайда, мен қайдамын? Шегем қайда? Әйтеуір, ешкі баққаным әлдеқайда жақсы еді.




