Жел князі
(романнан үзінді)
Бойында жел табиғаты бар адам құныс, арықтау, түсі — жасыл. Бітімі жұқалтаң,
тым көп сөйлейді, суыққа, тұманға және суық пен тұман тудырған күллі нәрсеге
төзімсіз. Тумысынан дәулеті азғантай, өмірі қысқа, ұйқысы сергек. Елес тудырушы,
әнді, күлкіні, ұрыс-керіс пен атуды жаны сүйеді. Бойында тазқараның, гиенаның,
иттің және түлкінің белгілері бар. Атуға айрықша шебер адамның бойында жел
табиғаты болмайды. Елес тудыруға айрықша шебер адам желді оның — бойында
арыстанның белгілері бар әміршісі әрі князі сияқты билейді.
Вайду-Онбо, тибеттік медициналық трактат
Міне осындай ғажайып сәйкестіктер мен осындай епті тәсілдер қоғамға
қызметтің осынау төтенше маңызды түрінің ерекшелігін айқындайды.
Чарлз Диккенс, «Тыңшы полиция».
1-бөлім. Көлеңкелер театры
1-тарау. Үкім
1
1893 жылы астаналық тыңшы полицияның аңызға айналған бастығы Иван Дмитриевич Путилин қызметін доғарып, Новгород губерниясына Волхов жағасындағы алма бағы бар үйге қоныс тепкені белгілі. Көп ұзамай, бір салмақты баспагер ұсынған алғытөлемге қызығып, мемуар жазуды қолға алып, екі аптадай болашақ жазбаларының жоспарын құлшыныспен құрастырып, тарауларының аттарын ойластырып, оларға эпиграф таңдап жүргені сол еді — мұны өз бетімен ауқымды бірдеңеге айналдыра алуы екіталай екенін түйсінді.
Біреу оған петерборлық әдебиетші Сафроновты ұсынды. Әлгі болса, шыны керек, зор дәмемен хатта баспагер уәде еткен қаламақының жартысын сұрады, бірақ оңаша кездесуде — болмаған жағдайда арзандау қол табылады дегенді естіп, үштен біріне келісті. Қол алысты, Сафронов Иван Дмитриевичті пойызға шығарып салу үшін қоса жүрді. Жартысын сұрағанда ол ширегін алсам деп көздеген, желпініп қалды, өз болмысымен мемуаршының болмысын көлегейлеп қалмау үшін, одан бетері — алмастырып жібермеу үшін стилін орташа етуге, даралығын кемдеу қылуға тырысатынын айтты.
Олар вокзалда қоштасты, екі күннен соң Сафронов тура сол пойызбен Волховтың жағасына келді. Мұнда, Иван Дмитриевичтің үйінде ол үй иесінің естеліктерін жазып, бір айдай жатты. Содан кейін алда бұл жазбаларды өңдеп, кітапты басуға дайындау күтіп тұрды. Бас бетінде жалғыз есім тұруы керек болды, сондықтан, Сафроновтың өзіне бұл жоба ешқандай абырой әпергелі тұрған жоқ еді, ақша ғана, әйтсе де, ол үшін де біраз бейнеттенуге тұрады.
Иван Дмитриевичтің өміріне күнделікті саяхат жасаған бір ай ішінде әдебиетші үш қарындаш тоздырды, ортаңғы саусағында сарысуы аққан сүйел пайда болды. Қырлы қарындаш жұмырына алмасты, бірақ ол да азап құралы секілденді. Бақтан соңғы алмалар жинап алынды, жапырақтар сарғайды, Сафронов бірнеше дәптерді жазып бітіріп, кететін кез келді деп ұйғарған шақта таңдарда өзен тұман қымтана бастады. Материал жеткілікті болды, Петерборға қайтып келісімен оны стилистикалық өңдеуден өткізу, барлық оқиғаларды хронологиялық ретпен орналастыру, жер-жерде тарихи фон беріп, азырақ ауа райы мен психология қосу қалды.
Сафронов өз үйінде, тыныштықта, халат киіп, креслода мүлгіген сүйікті мысығы мен сүймейтін әйелінің жанында отырып, осы бір қарапайым жұмыспен шұғылданудың ләззатын әлден-ақ сезіне бастағандай. Әйелі ары-беріден соң неғұрлым төсі сиықсызданып, белі жалпиған сайын күйеуінің кабинетіне алып келген кофесі соғұрлым хош иісті, шайға ұсынған тоқашы жұмсақ болуы керек екенін мойындауға батылы жететін.
Алдын-ала айтсақ, көктемге салым жұмысы тәмам болды делік. Иван Дмитриевичтің мемуарлары баспадан шыққан бетте Сафронов мұрағатында сақталған біреуінен басқа жазбалары бар бүкіл дәптерлерінің көзін жойды. Ондағы оқиға кітапқа енген жоқ. Бәлкім, Сафронов оны өз романына сюжет ретінде алдағы уақытқа сақтап қойып, бірақ оны қағазға түсіруге со беті кіріспеген шығар.
Бұл — жасыл коленкор тысты ауқымды дәптер. Өңірбетіне Иван Дмитриевичтің кітабына жазылған журнал пікірі бар екі парақша желімделген. Әлдекім рецензия мәтініндегі бір сөйлемнің астын сызып қойыпты: «Оның талантының сиқырлы ұршығы екі жіпті бірдей шеберлікпен қоса өреді: сюжеттік және психологиялық». Жанында белгі бар: «Ұршық өре алмайды!» Сәл төменде бұны басқа қолтаңба даулаған: «Әңгіме сиқырлы ұршық турасында. Сиқырлы болса, бәрін де істей алады!»
Дәптер беттерінің арасындағы кей жерлерде 1913—1914 жылғы «Азия» газетінің қиындылары жабыстырылған. Бұдан шығатыны — сол уақытта, Сафронов осы оқиғаны естігеніне жиырма жыл өткен соң, сол оқиға оның қызығушылығын қайта оятты. Неге олай екені аяғына таман түсінікті болады. Сол сияқты бұл жапсырмалардың мағынасы да ақырына жетпейінше, мүлде жұмбақ боп қала береді. Алайда, олардың бәрі Моңғолиямен байланысты екенін және 1913 жылы әскери нұсқаушы ретінде моңғол көтерілісшілер қолында қызмет еткен орыс офицері Солодовниковтің естеліктеріндегі таңдаулы орындар екенін бірден байқайсың. Бір жарым жыл бұрын Сыртқы Моңғолия (Халха) өзінің Бейжіңнен тәуелсіздігін жариялаған, Солодовников моңғолдарға қытайлармен күреске соғысқа жарамды бөлімдерді жасақтауға көмектесуі тиіс болатын.
Бір қарағанда оның ескертпе белгілері дәптер беттерінде онда жазылған дүниелерге еш байланыссыз шашырап жатты. Мәселен, Сафроновтың Иван Дмитриевичпен таныстығы жайлы әңгіме келесі үзіндімен бөлініп кетеді:
«Шыңғыс хан жайлы ойлап отырып, асқан жауынгер халық ретінде моңғолдар ұрысқа көзсіз қойып кетеді деп, олар су жаңа еуропалық қарулар мен заманауи соғыстың әдіс-тәсілін меңгермейінше, арынын баса тұруыма тура келеді деп болжадым. Қазіргі моңғолдардың өз бабаларынан алшақтығы сияқты менің де олар туралы түсінігім шындықтан алшақ екеніне өте таяу арада көзім жетті.
Олардың бәрі енді будда дінінде, «сары дін» саналарына сіңірген пасифизм маразмы бұл бейшара тайпаның нағыз қасіретіне айналды. Ұрыс маневрі кезінде тұтас эскадрондар позицияларын тастап, көрші монастырға «сыйынуға» кететін, пулеметтеріне хорза бүркетін, бірақ майламайтын, бригада штабы жанында тұрып жатқан ламалар үнемі менің бұйрықтарыма қыстырылысып, тіпті, біздің бөлімдердің орнын ауыстыру немесе артилерияны қолдану мәселелерінде діни көзқарастарын жандарын сала тықпалағаны сонша — мен оларды қытай тыңшылары деп күдіктене бастадым.
Оқтар сақталған жерде, неге екенін, ылғи да су көп болатын, ал пулемет қаптамаларында мүлде болмайтын. Зеңбіректерді сүйреуге жегілген өгіздер арасынан тұрақты түрде оба табылатын, оларды екпе егуге айдап әкететін, содан соң олар табыншылармен бірге із-түссіз жоғалатын. Майданнан қашқандар көп болатын, бірақ ұрылар одан да көп, бәрі бірінен-бірі бірдеңе ұрлап, бір уақытта сыйлық алмасатын. Барлығының ниеті ізгі еді де, ешкім ештеңе істемейтін.
Ең маңызды құжаттар апталап менің қарамағымдағы моңғол басшыларында жататын және мүлдем жоғалмаса жақсы ғой, есесіне, бақсы-балгерлер әдеттен тыс пысық болатын. Ұрыс операцияларының жоспарлары көктегі жұлдыздардың орналасуы мен отқа тасталған қойдың жауырынының сызаттарындағы өрнектеріне қарап болжанатын, ал мына қисықаяқ пифиялар бақытсыз деп есептейтін қандай да бір санмен белгіленген бұйрық, бұл сан күнтізбеден қараптан-қарап алынып тасталатын болғандықтан, таза ниетпен орындалмайтын.
Екінші күннен кейін қашан да, мысалы, Айдың үшінші күнінен кейін төртінші жүретін, олардан кейін — екі бесінші. Әр айда барлық күндердің үштен біріне дейін жоқ деп жарияланатын, ал сәрсенбі, бейсенбі және жұма бір күн боп саналуы мүмкін еді, мен бұл жайлы сенбі күні таңертең хабардар болатын едім.
Менің моңғолдарым жаудың қанына сусап, ертедегі даңқтың буына мас боп, бір кездері Бейжіңнен Иерусалимге дейінгі өріп жүрген барлық тірі мақұлықты тітіреткен сұрапыл айқаймен шабуылға ұмтылды, бірақ зеңбіректің алғашқы оғынан-ақ тым-тырақай шашырайтын еді. Тәртіпті сақтаудың жалғыз құралы таяқ болатын. Азат етуші әскерде дүре соғуды мен оғаш дүние көретінмін және әскери министрлікте менің пікірлерім толық, сондай шынайы әрі терең түсіністікпен қабылданғаны сондай — бұдан былай біржола шешілген деп саналатын мәселені өздігінен жоқ қылды.
Ақыр аяғында мен қолымды бір сілтедім де, бригада сот орындаушылары қатардың алдымен әлдебір мәдениетке тиесілі адамдар құсап ішінде бамбук таяғы бар лакталған қара пеналды сән-салтанатпен һәм қастерлей көтеріп бара жатқан кезде ештеңе байқап тұрмағандай кейіп таныттым. Бұл таяқ ұлы Абатай ханның өзінікі болды деп; байғұс жесірі жас, нәзік өскіндеріне қарап, көңілі тоғайып отыруы үшін әлдебір ғажайыптың күшімен бір түнде қасиетті ламаның төбесінен өсіп шыққан бамбуктан жасалған деп айтылушы еді.
Қан ағуы үшін арналған тілінген атызы бар осы өскіндердің бірі енді ақша жәшігімен және бригада туымен бірге штабта сақталып тұрды. Әйтсе де, одан келіп-кетіп жатқан сондай ештеңе жоқ, қайсыбір теріс қылықтың ауырлығы туралы моңғолдардың өз түсініктері бар еді. Ат арқасын сәл терлетіп үлгерген салт аттының өзін өлімші етіп сабауға дейін баратын, өткелден өткенде асай-мүсейі бар қашықтық өлшеуішті батырып алған біреу болса, кінәлі өзіне бағытталған таңдай тақылдатқан кешіріммен құтылатын.
Оған қоса, мен эскадрондар мен командаларды қандай негізде құрған ләзім екенін шеше алмай қойдым. Тектік белгілері бойынша құрылғандарында тәртіп жақсырақ болды, есесіне, ауытқулары да қауіптірек еді; аралас әскери бөлімшелерде бейберекеттік салатанат құрды, бірақ жаппай тәртіп бұзушылықтың ықтималдығы жоғары емес-ті. Олардың ессіз күнтізбесімен бірге осының бәрі мені шарасыздыққа жеткізді, желкемді құрыстырардай, қайталана берген жаман түс құсап қажытып, қалжыратты.
Киплингтің үнді теміржолдарындағы жолаушылар пойызының аса ерекше кестесіне қатысты айтылған «Шығыстың адамдары үшін тәуліктің барлық сағаты бірдей» дейтін сөзі бар. Бұл ақиқаттың әмбебап екендігі маған қала сыртындағы моңғол көшпелі ордасының дінбасы, сонымен қатар, қазіргі монарх Сегізінші Богдо-гэгэннің сарайына келгенімде ашылды. Біз, демек, басында әскери министр тұрған бригада басшылығы қабылдауға кіру үшін қырық минуттай күттік, одан кейін тағы аудиенция тура осынша уақыт созылды және осы уақыт бойы, үзіліссіз деуге де болады, менің құлағыма қабырға, үстел және еден сағаттарының сыңғыры не тықылы естіліп тұрды. Олардың көпшілігі сарай өтпежолдарында, анфиладаларда, кіреберістер мен тұрғынжайларда тұратын.
Маған Богдо-гэгэн өзінің қайта туған үш өмірінде басым көпшілігі тықылдайтын және әуені бар сағаттардың коллекциясын жинайды деп түсіндірді. Оған сағаттарды көпестер, сыйынушылар, циньдік шенеуніктер, шетелдік дипломаттар сыйлапты, бірақ бір жарым жыл бұрынғы сол уақыттан бері трахоманың өткір түрімен ауырып шығып, оның көзі толықтай дерлік көрмей қалыпты және бар күшін өзінің соқырлығын пайдаланып қалғысы келген қастандық ұйымдастырушылармен күреске жұмсап, сағат тегершігімен байланысып тұрған сарай өмірінің өз механизмінде бірдеңе іри бастады.
Сағаттарды не мүлдем жүргізген жоқ, не жүргізіп, бірақ тілін орнына келтіруді ұмытып кететін. Кейбіреулері тоқтап қалды, ал жүріп тұрғандардың ішіндегі көпшілігі енді әр түрлі уақытты көрсететін болды. Сәйкесінше біреулері тиісті мерзімінен бұрын қоңыраулатып, тықылдайтын, енді біреулері — кешігетін. Тәуліктер бойы біресе онда, біресе мұнда, біресе баспалдақта, біресе тақ тұрған залда серіппелер айналып, балғашықтардың үні жаңғырып, опера увертюраларының бөлшектері, енді тіршілігін тоқтатқан империялардың әнұрандары немесе молада сүйегі әлдеқашан қурап кеткен полктар сүйемелімен ұрысқа аттанған әлдебір марштың екі-үш тактісі ойнап тұратын.
Мәңгіліктің үйі, әуен ойнап тұратын кірпіштен жасалған қобдиша, темір шатырдың астында, жасыл көзілдірік таққан асқақ будданың резиденциясы, бұл сарай кейіннен, егер моңғолдар мұны өздерінің басты киелі орындарының бірі санаса, менің олардан тым көп нәрсе талап етуге қақым жоқ екенін есіме салып тұратын».
Сафроновтың әңгімесіне қайтып келелік.
Сонымен, ертесіне ол Петерборға қайтқалы жатқан-ды. Күн әлі жылы болатын, Иван Дмитриевич екеуі қос қапталын алма бағы қоршаған верандада түскі ас ішіп отырды. Үшінші қапталдан Волховтың, жарқабақты бойлай қарама-қарсы жатқан жайылма жағалаудағы қалың тал шоғырына бастайтын орылған егіндіктердің көрінісі көз тартады.
Үстел басында екеуінен бөлек пейзажшы Мжельский де отыр, шешімтал келбетті, оңтүстікке тән мұңды көздері бар жас жігіт. Екі аптадай бұрын ол осында этюд салуға келген және деревняда жергілікті жалғыз басты шаруаның үйінде тұрып жатқан.
— Қызық жағдай, — деді оған Иван Дмитриевич өзінің әдепкі шіңкілдеген мәнерімен. — Қыркүйек айы қазір тамылжып тұр, бізде небір сұлу жерлер бар, ал сіздің суреттеріңізге қараса, барлық жерде жаңбыр, жел, ағаштар майысып, шатырлардан сабан ұшып жатады.
— Кеше жаңбыр жауған, — деп ақталды Мжельский. — Жұма күні де сіркіреген.
— Жұма күні? Мен байқамаппын.
— Жауды, жауды, Иван Дмитриевич, — деп қостады Сафронов.
— Сонда да бір рет болсын ашық таңның, тымық кештің суретін салсаңыз етті. Жо-оқ, не тұманды таңдарды, не болмаса қанды іңірді, ымыртты, бұлттардың ар жағынан бой көрсеткен әлдебір алапат жарқылды. Бұлттар алба-жұлба, бейне бір топ мысық талағандай.
— Міне ғой! — деп қабырғаға сүйеген жаңа, әлі бояуы кеппеген этюдті нұсқады Мжельский. — Бәрі тып-тыныш, бірде-бір жапырақ сыбдыр етпейді.
— Бірақ сізде қалай? Егер жел болмаса, демек, күн күркірегелі тұр. Күн ептеп сығаласа, демек — күн күркірегеннен кейін. Өзінен-өзі жақсы ештеңе болмайды. Әлі лайық емессіз! Ал дәм айдап Италияға келе қалсаңыз, бірден күнмен жарқыраған теңізді, көкшіл тұнық аспанды сала бастар едіңіз. Италия қарағайлары, палаццолар, жалтыл, жарық. Қыздар жүзім жеп, суға шомылады. Балалар билеп жүреді. Бұл жерде сізге әйел баласы кезіккен күннің өзінде не жесір, не болмаса сарбаз әйел, немесе шыбықпен ешкі қуып жүреді. Ал жас балалар болса, аязды күнде қауға тасып не найзағайдан басын сауғалап жүргендер. Италияда жаңбыр жаумайды деп ойлайсыз ба? Е-е, апта бойы шелектеп бір жауса, қонақүйден аттап басар ма екенсің.
— Италияда болған ба едіңіз? — деп сұрады Мжельский.
— Болғам.
Иван Дмитриевич таң қалған пішінге енген Сафроновқа көз тастады да, кітапқа бұның қажет болмайтынын, өзінің ол жаққа жеке шаруасымен барғанын қосып қойды.
— Тек жеке шаруамен ғана ма? — деді Сафронов сенбей, Иван Дмитриевичтің өміріндегі барлық жеке шаруа қалай да болса қызметтік істерімен араласып жататынын білгендіктен.
— Иә, жеке тұлға ретінде. Бұл сапардың, шыны керек, сол кезде мен зерттеп жүрген бір қылмыспен жанама қатысы бар болды.
— Міне тамаша, айта беріңіз. Алдымызда әлі тұтас бір кеш бар.
— Әрине, айтыңыз, — деп қостады Мжельский, бір жағынан кешкі асты да ішіп кетейін деген есеппен.
— Менің оқиғам бұдан былай Италияға емес, Моңғолияға қатысты болғандығынан-ақ көңілдеріңізді қалдыра ма деймін, — деп жауап қатты Иван Дмитриевич.
— Сіз ол жерде де болған ба едіңіз?
— Жоқ, бірақ қашан да барғым келетін. Сіздердің өлшеммен өлшеген күнде де ғажайып әдемі ел дейді. Моңғолдардың қасиетті қаласы Урга орналасқан Толы өзенінің аңғары Ломбардияның аңғарларын еске түсіреді дегенді оқығаным бар-тын.
— Ал енді көп созбай, бастаңыз. Мен дайынмын, — деді Сафронов, жасыл коленкор тысы бар таза дәптерді өзіне қарай жылжытып.
Бұл төменде баяндалғанның бәрі оның жазбаларының тікелей көшірмесі дегенді білдірмейді. Әйтсе де, олар өздері де Иван Дмитриевичтің әңгімесін қағазға сөзбе-сөз түсіріп алған жоқ-ау, өз кезегінде ол да шындықтың айна қатесіз нақты бедері емес еді әрі бола да алмайтын. Барлық үш жағдайда айырмашылық жер мен көктей, және біріншісінде ол, бәлкім, басқа екеуіне қарағанда соншалықты үлкен емес шығар. Есесіне, Солодовниковтің дәптерге жапсырылған жазбаларының мәтіні ешкімнің қолы тиместен сол қалпы тұр.
2
Майдың сол бір таңында Иван Дмитриевич сәби кезінде шетінеп кетпеген жалғыз баласы, он үш жастағы ұлы Ванечкамен бірге таңғы асын ішіп отырған. Әйелі үстел басына отырмады. Еркектерді тамақтандырып, біреуін қызметіне, екіншісін гимназияға аттандырып, тағы азырақ ұйықтап алсам деп есептеп еді. Бұрын мұндай жоспарларын жасырушы еді, бірақ жақында көрші әйел оны әйелдің ағзасы ерлердікіне қарағанда әлдеқайда ұзақ ұйқыға зәру екенін дәлелдейтін әйелдер журналындағы мақаламен желпіндіріп қойды. Енді әйелі өзінің дұрыстығына толық сенімді қалпы көрпесіне қайта сүңгитін.
— Жарайды, мен сені жалықтырып жіберген екем, ұлыңмен сөйлескің келмейді екен, — деді ол Иван Дмитриевичтің оқып отырған газетін алып жатып, — бірақ егер асқорытуыңды түбегейлі құртуға бет алсаң, тым құрыса кітап ал. Кітап ұстағаныңды көрмегеніме біраз болыпты.
Шынымен, Иван Дмитриевич тыңшы полицияның бастығы болғасын үнемі жұмысбасты еді, аз оқитын, ал кейінгі беллетристерді тіпті де білмейтін. Екі сағаттан кейін оған «жазушы Николай Каменский Караванная көшесінің нөмірі сегізінші үйінде өз пәтерінде өлтіріліпті» дегенді жеткізген кезде ол бұл есімді тұңғыш рет естіген.
Бұл хабармен Студент дейтін лақап аты бар, оқуын бітірмей кеткен студенттің бірі агент Гайпель келген болатын. Каменскийдің соңғы кітапшасын керек бола қалса деп сатып әкелген де сол еді. Иван Дмитриевич оны қалтасына сүңгіте салды да, Гайпельді көшірге жұмсады. Экипаж бес минутта жетіп келді. Отыра бергендері сол еді, үстіне жақсы пәлте киген, қолында таяғы бар орта жастағы ер адам таяп келді.
— Есімде, есімде, — деді Иван Дмитриевич оның аузын аштырмай, — Сіздің тегіңіз — Печеницын, сіз ақыл-есі ауысқандарға арналған Обухов ауруханасының директорысыз және менің үйімде бір апта бұрын болғансыз. Сіздерден бір жынды қашып кетіпті ғой.
— Сіздер оны тапқан жоқсыздар ма?
— Іздемедік те. Айтылды ғой, біз мұндай шаруалармен айналыспаймыз.
Экипаж қозғалды, бірақ Печеницын арбаның жиегінен ұстап ап, қатар жүрді.
— Мен оның ерекше белгілерінің тізімін құрастырдым, — деді ол. — Алыңызшы, қиылып сұрайын. Бәлкім қажеті боп қалар?
Иван Дмитриевич оны аяғаннан осы тізімді алды, сәлден соң қарап өтті де, мұндай белгілер бойынша көшедегі екінің бірін ұстауға болады ғой деп ойлады. Әлбетте, кеңсірігі ісіп кеткен дейтін айрықша белгісі бар-ды, бірақ оны айқынырақ сипаттауға да болатын еді.
— Енді жындыларды ұстау қалып еді бізге, өзіміз алжасып кетерміз, — деді ол Гайпельге.
Әлгі болса басын изеді. Иван Дмитриевич қағазды умаждап, тастай салды, Каменскийдің кітапшасын алып, атауын оқыды: «Жолайрық». Кіріспесінен мұның роман емес, әңгімелер жинағы екені түсінікті болды. Иван Дмитриевич осындай жағдайларда қашан да оған мейірі түсетін тағдырға иек артты да, бал ашқандағыдай долбарлап аша салды. «Көлеңкелер театры» әңгімесінде ашылды. Оны Караваннаяға бара жатқан жолда оқып үлгерді.
Сюжеті мынадай.
Моңғол князі Намсарай-гун, «тулы әскердің» полковнигі, бас киіміне тауыстың үш сақиналы екі қауырсынын тағуға құқылы Шыңғыс тұқымы қытай елшілігінің құрамында Петерборға келеді. Ол елшімен бірге астананың көрнекі орындарын аралайды, балдарға қатысады, операға барады. Көргенінің бәрі оған қатты әсер қалдырады. Бір айдан кейін Намсарай-гун өзінің христиан дініне өтіп, грек рәсімі бойынша шоқынғысы келетінін жариялайды.
Осы жайларды баяндап отырған Драгоман Н. оның Сібір келімсектері ішіндегі әлдебір князь үшін қатардағы, бірақ будда дініндегілер үшін тосын ниеті жайлы алғашқы боп біледі. Бірегей жағдай, баламасы жоқ, алайда, көптеген күмәннан соң, діни тұлғалармен кеңестен, әңгімеге ең басынан-ақ Салтыков-Щедрин мақамындағы қияли реңк үстеп тұрған бюрократиялық сорақылықтардан соң, Намсарай-гунның қалауын қанағаттандыру ұйғарылды.
Шоқындыру рәсімі өзі сұрағандай жасырын түрде өткізіледі. Оның нөкерлері, елшіліктің басқа мүшелері, елшінің өзі ештеңеден күдіктенбейді. Бұл дипломатиялық келеңсіздіктерге ұласпайды, князьдің орыс бодандығына өткені туралы әңгіме де жоқ, бірақ министрлік шенеуніктері бұдан былай Намсарай-гунның Бейжіңге дәл бұрынғыдай қызмет ететініне сенбейді. Оларға наным-сенімді ауыстырудың әлдебір саяси астары бар боп көрінеді. Олар оның мәнін князьдің Орталық Азиядағы орыс ықпалының күшеюіне септесуге символикалық көрініс берген дайындығынан көреді. Солай ма, емес пе, тексеріп білу сол баяғы Н.-ға тапсырылды.
Шоқындырылған соң Намсарай-гун ресми тұлғалардың құттықтауы мен олардың әйелдерінің берген сыйлықтарын қабыл алады, содан соң Н.-мен бірге өз үйіне қайтады, міне осы тұста, шәй үстінде моңғол князіне артылған үміттің бекер екеніне көз жетеді. Сөйтсе, екі аптадай бұрын Мариинск театрында Гуноның «Фауст» операсын тамашалап отырып, Намсарай-гун дүниеде адам өзінің жанын сата алатын, дұрысы, оны кез келген қалауының орындалуына айырбастай алатын әзәзілдің бар екенін білді. Елшілікке тағайындалған тілмаштардың ішіндегі әлдебіреу князьге мұндай мәмілелер ерекше келісімшартпен бекітілетінін де түсіндірді. Сия мен бояудың орнына мұнда сатушының қаны пайдаланылады, бірақ әзәзілге тек шоқынғандардың жаны ғана керек. Басқаларды ол мойындамайды және олардың иелерімен ешқандай қарым-қатынасқа түспейді.
Намсарай-гунды еліктірген осы мүмкіндік еді. Н. үшін князьдің адамзаттың жауынан нақты не алғысы келгені құпия күйі қалды, бірақ оны шіркеу купеліне алып келген ойлау пайымын қалпына келтіру қолдан келді.
Ононның жағасында, далада өткізген бала күнінен бері Намсарай-гун әр адамның үш жаны: сайн-сунс — жақсы жан, дунд-сунс — орта, және му-сунс — жаман немесе зұлым жаны бар екенін мықтап игерген. Соңғысы әзәзілмен арадағы сауданың нысаны болуға тиіс еді. Князь дін қызметшісіне үш жанының біреуін — му-сунсты ғана шоқындыруға рұқсат беретінін жасырмай ескерткен, бірақ тілмаш оны қате түсініп, бұл ұғымды «жаман» не «зұлым жан» деп емес, «күнәлі жан» деп аударды. Намсарай-гунның жалған «сары дінді», йағни, буддизмді ұстанып, бұрын күнәға батқанын, есесіне, енді шоқыну арқылы тазарғысы келетінін мойындауы өздігінен-ақ қарастырылған. Дін қызметшісі мұны осылай бағалады да, князьдің көңілін жайландырып, рәсімді еш уайымсыз, зәредей секемсіз атқарды.
Сонымен, істің мән-жайы Н. мен оның бастықтарына белгілі болады. Аса қолайсыз күйге түсіп, олар үндемеуді құп көреді, ал князьдің өзі болса, қажетті сападағы тауарға ие болғанына және сатып алушы өзін көп күттірмейтініне сенімді. Әлгі болса, елшілік Петербордан кетуге сайланып, қызметшілер заттарын жинап жатса да, асығар емес. Бірнеше күн ғана қалды, бірақ Намсарай-гун үмітін үзбейді. Н. оның өзінің шоқынған му-сунсы үшін қандай құн сұрағалы жүргенін білем деп текке әуре боп жүр. Князь жақ ашпайды. Ылғи түн жарымы енді ауатын кезде ол дәліздегі есікті ашады не терезеге жақындап келіп, құлақ түреді, түн қараңғылығына көз жіберіп, күтеді. Ешкім жоқ, сондай-ақ, бүрсігүні елшілік отанына аттанады.
Кетер алдындағы соңғы түні Н. князьдің сәулетті үйінде көпке дейін отырып алды. Әлдеқашан үйге қайту қажет болса да, оны бірдеңе ұстап тұр. Намсарай-гунның жайы бос, күтушілер ұйқыда, князь шоқындыру рәсімінен кейін өзіне сыйға тартылған самауырдан өзі шай құйып отыр. Терезе сыртында Питердің сызды қыркүйегі, жауын-шашын, жапырақ шуылы, жақтау қаңылтырының бітеу салдыры. Өтпе желден үстел үстіндегі шамның жалыны безек қағады, көлеңкелер қабырғалардың бетімен жүгіріп, бұрыштарға ығысады, қалың перделердің ар жағына жасырынады және желдің жаңа екпінімен тұсқағаздар бетінде ойнақтай бастайды. Түн жарымы неғұрлым таяған сайын олардың мың құбылған ойыны соғұрлым әлдебір мәнді бірдеңе боп елестей түседі, біртіндеп ұйқы-тұйқының ішінен көмескі, тоқтаусыз салаланып жатқан, бірақ сонда да мазмұны бар бірдеңе бой көрсетеді. Тілсіз актерлер алданған үміттер, қанағаттандырылған және бақыт әкелмеген қалаулар, орындалғанда өзінің қарама-қарсы кейпіне түсетін ғажап арман тақырыбына вариацияларын ойнатып жатыр.
Н.-нің бойында құдды бір тынымсыз сырғып, түсі мен пішінін құбылтып жатқан мына қара дақтардың ағынды өрнегі перделердің желбіреуімен де, терезе сыртындағы ағаштардың дірілімен де, тіпті, айдың, көше шамының, майшамның жарығымен де еш байланысы жоқ секілденген бір түрлі сезім пайда болды. Бөлмеде байқаусызда кескіндері дәл сондай дерексіз жарықты бедерлейтін әлдебір тәнсіз болмыстар қабырғаға түсірген қытай көлеңкелер театрына айналады. Тәрізі, бұл қойылымға бірін-бірі түсінуге қабілетсіздігі қасіретке душар қылған әр түрлі өркениеттер тоғысқан орындарды ежелден мекендеп келе жатқан елестер қатысып жатқандай.
Екі университетті тәмамдаған Н. осылай ойлайды, ал Намсарай-гун түтікшесін сорып отырып, көптен күткен мейманы қандай бейнеде келетініне ой жүгіртеді. Ол операдағыдай түн құсының қара қауырсынын таққан күлгін беретпен, жанына семсер асынып келе ме екен, әлде, өзінің шын бейнесіне енер ме екен? Күлдіргі әңгіме, бірақ енді ол авторына күлкілі емес.
Бұлттың арасын жарып шыққан ай улы көк тұманмен әйнектерді қаптайды, ағаштар қаттырақ әрі мазасы қашқан үстіне қаша түсіп шулайды. Сымбатты, басында, тіпті, қылымсыған көлеңкелер биі ібілістің ойнағына айналады және Н. ырымшыл, мистикаға бейім болмағанымен, оның бойын жайсыз секем жайлап алады. Ол князьді райынан қайтарғысы келеді, бірақ әлгінің мызғитын түрі жоқ. Қабырғалардағы актерлердің өзара түсінісетін ым тілі оған түк те ұғынықсыз. Артынан есікті жауып, қоштасып кетіп бара жатқан Н. қабырғадағы қойылым енді жазықтықтан шығып, көлем алып, барлық сағымдардың, қан мен ажалдың күйреуін болжау қиынға соқпайтын ақырғы шешіміне қарай ұстатпай тіке тартып бара жатқанын көреді. Христиан мен будда өркениеттерінің екеуінің де қойнауында сұсты, бейхабарлардан жасырын апаттар бұғып жатыр. Мезгілі соғады, сол кезде олар лава құсап жұқа қабықты жарып шығып, жолындағының бәрін күл қылады.
«Тағдырды өзің белгілеп алған карталармен ойнап жеңу мүмкін емес», — деп ойлайды Н. Бұл қарабайыр ой оған ұйықтап жатқандағыдай не қызу көтерілгендегі сандырақ кезіндегідей әдеттен тыс елеулі секілденеді. Ол дәліз бойымен жүреді, ал Намсарай-гун шәй ішіп, туған даласын, үйірлерді, көк шалғынның үстіне тігілген ақшаңқан киіз үйлерді, көк аспандағы жыл құстарының топтарын есіне алады. Сары күз, ұлыстардағы әйелдер түстікке қарай шұбалған құс керуендерінің соңынан осы бір құтты «ақ жолмен» бұлар көктемде атамекеніне қайтып келсін деп сүт шашады. «Намсарай-гун ол жаққа қайтып барар ма екен?» — деп ойлайды Н. шығаберіс қанатқа шығып жатып.
Мұнда князь нөкерлерінің қатарындағы кәрі лама жүресінен отыр. Ол ұйықтай алмай қойыпты, тас үйде тынысы тарылады екен. Н. оған табак ұсынып, одан үш жан туралы сұрайды: олардың біреуін жоғалтқан адамның жайы не болмақ? Лама сайн-сунс, жақсы жансыз — адамның айуанға айналатынын, бірақ ұзақ жасауы мүмкін екенін; дунд-сунс, орта жаны болмаса, ештеңенің де өлшемін білмей, көп ұзамай өлетінін; му-сунстан айырылса, дереу өлетінін, өйткені, зәредей зұлымдықсыз жер бетіндегі тіршіліктің мүмкін емес екенін айтып жауап қатты.
Кенет Намсарай-гунның жайынан жан түршігерлік айқай жетеді. Н. қайта жүгіріп барып, есікті айқарады. Ешкім жоқ, князь еденде жатыр. Ол өліп жатты. Өлі, бірақ денесінде ешқандай жарақат жоқ, тек сол қолының бір саусағының жұмсақ ұшы ептеп тілінген. Осы жерде қаздың қауырсыны да жатыр. Оны көтерген Н. қауырсынның ұшы жаңа түскен, әлі кеппеген қанға боялғанын көреді.
Сюжет бір түрлі боп көрінді, бірақ одан да ғажабы цензураның мұндай әңгімені баспаға өткізгені болды. Цензордың мына моңғол князі шоқынам деп ұйғарған жерге дейін ғана оқып, алдында жатқан дүниені тәп-тәуір дұрыс ниетпен жазылған туынды деп ойлап, ары қарай оқуға ерінгені анық.




