Голландиялық
(«МӘСКЕУ ЕРТЕГІЛЕРІ» КІТАБЫНАН)
Оны сағат кешкі он бірлерде (хаттамада былай деп жазылған: «23:00 шамасында...») Кутузов даңғылынан байқаған.
Қаңтар. Күннің дәл осы мезетінде үскірік жер қарды әбжыландай ирелеңдетіп, онсыз да бос тұрған үкімет жолының бойымен үрлеп тұрды. Трафик — кешіріңіз, оны орысша сөзбен ауыстырудың өзі тым қиын, бірақ бұл әлі орыс тілінде жоқ па? — дегенімнің өзі қайда кетті?.. Тек анда-санда ғана ең қымбат маркалар мен модельдегі көліктер әйгілі қала маңындағы бағытқа қарай ұшып бара жатқанын байқадым. Солармен жағаласып, әртүрлі заттар тиеген қисық шатырлы жалғыз төрт жүз он екінші «Москвич» мына аязда барлық қанаттарымен дірілдеп, жартылай жылтыраған лас шамдары жыпылықтап шыға келді. Ал орталыққа қарай ешкім мүлде бара жатқан жоқ, тек қорқақ «Газель» оң жақ жолақ үстінде екенін аңдамай, бар екпінімен сырғып барып, қараңғы көшеге, өзінің шағын көтерме сауда бизнесіндегі шаруасын тындыра қоймақ болып бұрыла берді.
Барлығы осыдан басталды...
Біраз уақыттан кейін болған оқиғаның қайғылы кейіпкері — әлде, болатын оқиға ма? — осы жол кесіндісінде сол жақ жолақпен облысқа жаққа қарай шектен тыс қатты қозғалып, жылдамдықты шектеу және бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзды, атап айтқанда, ол сол жақ жолақпен емес, резервтік жолақпен жүріп келе жатқан, жыпылықтайтын белгішамы қосылмаған, оны орнату үшін құжаттағы ережелерін дұрыс сақтамаған, алкогольдік және есірткіге мас күйінде болған әрі барлығын көзі тұманданып, дұрыс көре алмай қалған. Ары қарай көп айтатын несі бар, бәрі алақандағыдай... Жүргізушінің аты-жөні Абстулханов Руслан Иванович болатын, оның үлкен жапондық жол талғамайтын көлігін (джип) неліктен қате айдап жүргенін құдіреті күшті бір Алла ғана білді, бірақ сол кезін, сірә, біраз уақыт өтіп кеткен соң қазір ұмытып қалған да шығар, өйткені, баяғыда мұндай ақпарат жоғарыға жете бермейтін... Неліктен Руслан Иванович, өзінің депутат, прогрессивті жас танысы Володичка Трофимерге тиесілі түнгі клубта болғанын. Жарайды, Володичка туралы басқа жолы айтармыз... Достары мен құқық қорғау органдары Руслан Абстулхановты көбіне қысқартып, жәй ғана Абстул деп атайды. Оның түнгі клубта ішіп, иіскеп, ал соңында шампан шарабы буынын алғанша ішетінін білесіз бе? Жарайды, бәрін бір Алла біледі. Абстул вискиге де кет әрі емес-ті, бұл жолы кокаин өте жоғары сапалы болды, ал шампан шарабы нағыз француздық еді, тіпті, супермаркетте жүзге тартатын болса, клубтағыны өзің мөлшерлей бер... Бірақ неге жол жүрер алдында ішуі керек еді?! Білмеймін. Дәлірек айтсам, мен білетін де сияқтымын, бірақ мен оны сізге түсіндіре алмаймын. Байқайсыз ба, оған бәрі — рұқсат. Сол Абстулға айналма жолақ арқылы мас күйінде көлік жүргізуге рұқсат, тіпті, сол кезде жол бос болса да айналмамен және сағатына жүз алпыс километр жылдамдықпен, тағы жыпылықтаған белгішаммен, өйткені, ол үшін өмір осылай дұрыс саналатын. Оған және оның достарына сондай өмір рұқсат етілген, бірақ сіздер мен біздер үшін ондай емес, шындығына келгенде! Ал бұл жерде Алланың — барлығымызға ортақ Құдайдың бұған еш қатысы жоқ. Абстул ішкісі келсе ішіп, иіскегісі келсе иіскеп, Володя сыйлаған аруларды құшақтап, жол жүрем десе, отырады да кете барады. Егер сіз ешқашан мас күйінде рөлге отырмасаңыз және есірткіні кинолардан ғана көрсеңіз, еш уайымдамаңыз. Сіз дұрыс жолдасыз және сізге бұл қажет емес! Аулақ болыңыз.
Иә, солай.
Ендеше, жалғастырайық.
Джип орта сызық бойымен зулап келеді. Мәскеудің түнгі шамдары жолдың екі жағынан және төбесінен жарқырап тұр. Ал Руслан пақыр өзіне сенімді түрде (тиісті бағасын бергеніміз жөн болар) жолдың ортасында келе жатып біресе қалғып, біресе оянып, қайда бара жатқанын есіне түсіріп... әңкі-тәңкі күйде келе жатты. Үлкен көлік өз бетімен зулай берді. Бір кезде Абстул өзінің жалғыз емес екенін, оны біреу аңдып тұрғанын сезді. Камера есігінің көзі ақырын ашылғандай болды. Алдымен Абстул оң жағына көз жүгіртті, онда жолаушы отыратын былғары орындық тұрды. Оның үстінде сыртты көрсетпейтін жылтыр жапсырылған қап-қара бүйірдегі терезенің әйнегі, ал әйнек артында бос даңғыл жатқанын көрді. Сосын Абстул сол жаққа бұрылып, «оны» көрді. Ол әдетте біздің автокөлік жүргізушілеріміз «сарай» деп атайтын және Еуропада көп балалы отбасылар жақсы көретін, пойыз вагонындай үлкен еді. Оны біздің елде көбіне заңды тұлға құрмайтын кәсіпкерлер мінетін, өйткені, көтерме-бөлшек базарларында кез келген керек-керексіз заттарды сататын сатармандар үшін мұндай көліктер тауар тасымалдауға өте ыңғайлы еді. Абстулханов Руслан сол жағынан байқаған бұл халық көлігінің үлгісі Германияда шығарылмағанына он жылдай уақыт өткенде... Ресейде ең көп тараған көліктердің бірі еді.
«Жаман емес, — деп ойлады Абстул, — мен жүз алпыспен келемін, ол жүз алпыспен келеді, мен бөлу сызығынан аспай, өз жолыммен жүрсем, ол қарсы бағытта келе жатыр. Неге мына лохтардың «сарайы» жүз алпыспен жүреді, неге ол менттерден қорықпайды және ол тоқылдақ бір километрден кейін болатын аркадан қалай өтпекші, тіпті, бір километрден азырақ қалды ғой. Қарғыс атқыр-ай!»
Әрине, ол әуелде ештеңе ойлай қойған жоқ, ол тек: «Мәссаған!» — деп қалды, дәлірек айтсақ, шындығы олай емес, бірақ... Сөзбен айтып нақтылауға уақыт аз, өйткені, Триумфальный доғалының қағани көлеңкесі жақындап қалған еді.
Абстул рульді мықтап ұстап, оңға, заңды жолаққа түседі де, ескерткіштен өтіп, сол айнаға қарап, америкалық фильмдегідей «сальтоны» көремін деп күте бастады. Құлағын түріп тың тыңдады. Рәзеңке шиқылы мен темір соққысын естімек болған, бірақ ол ештеңе көрмеді де, естімеді де. Артында қап-қараңғы бос жол жатты. Жартылай жарықпен қара аспанда тек жарнамалар жарқырап, джиптегі үнқаққыштан жанды баурайтын, ол жақсы көретін әуен құлағына жетіп жатты. Ал Абстул көңілін көтеру үшін басын шайқап қойып, жылдамдығын сәл бәсеңдетті, көп ұзамай, ол Рублевкаға бұрылуы, ал жарты сағаттан соң үйінің немесе олар атағандай «коттедждің» алдында болуы керек. Бұл үйдің дәл қазір бірінші қабаты дерлік дайын, сол жерде Абстулхановтар отбасы тұрып жатқан-ды, ал жаз шыққан соң құрылысшылар барлық жұмысты аяқтамақ. Руслан Ивановичтің үйі де көршілерінікінен кем болмайды, тіпті, осы тас жолдың бойында тұратын құрметті адамдармен шамалас та шығар. Сол кезде еш алаңсыз бауырларын әкеліп, оларға бір «точка» ашып беруіне болады, бірақ аса мазаны алмайтын тынышырақ бизнес ашқаны жөн. Мысалы, Володичка сияқты клуб ашса болады ғой.
Ол енді басын бұрмай-ақ, бірден манағы қарғыс атқыр «сарайды» көрді. Енді тот басқан темірлер жиынтығы оң жағында ұшыртып келе жатты, біресе қатарласып бүйіріне таяса, біресе екінші жағынан алдын орай шығып, дәл бұрылыс алдында жолақты ауыстыруын қиындатты. «Мынаны қара! — деп ойлады Абстул тағы да, — мен жүз қырықпен келемін, ол да жүз қырықпен жүріп келеді, қарғыс атқыр, оң жағыма қашан, қалай шығып алған бұл?!»
Ол бұл сұрағына да, бұрынғы сауалдарға да жауап таппады, өйткені, келесі секундта төменде егжей-тегжейлі сипатталатын жайтқа тап болып, есінен танды да қалды.
Жылдамдығын бәсеңдетпей, джиптің оң жағына қарай ұшып бара жатқан «вагонның» іші кәдімгі жартылай сөнген төбе шамымен емес, жарқыраған көгілдір зениттік прожектор ілгендей жарқырап кетті. Осы жарықпен қараң қалғыр вагонның жүргізушісі мен жолаушылары анық көрінді. Олардың барлығы қарапайым, қара былғары күртешелер мен тоқылған қара бас киім киген екен. Бірақ күртеше мен бас киімнің жағасының арасынан, онсыз да психикалық ауруға шалдыққан азамат Абстулханов Р. И. сәнді және этникалық табиғи сақалдары бар қара торы жүздерді (бұл адамдардан барлығын күтуге болатын еді) байқады. Екі беттері қып-қызыл, домаланған азиат кескінді ауыр атлеттердің жуан мойындары, сүйкімсіздеу (айтпаса да, түсінікті), жиіркенішті жанарлары, әйнекке ұқсап жылтырағанша шеккен жасөспірімдердің мағынасыз, мас бейнелері емес, азаматтық киім киген полицейлердің жүзінен де ресми тәкаппарлық пен ашкөздік байқалған бұлардан аз ақшамен құтыла алмайсың— ау! Жо-жоқ, бұл байғұс бас ондай нәрсенің қандайын көрмеді дейсің?!
Көгілдір оттары жарқыраған көлікте ұзын, қисық тістері ақсиған қоңыр бас сүйегі айбат шегіп, былғары жеңдерден шығып, рөлде жұп-жұқа боп жатқан теп-тегіс, жып-жылтыр, жалаң сары саусақтарды сақиналар көмкеріп тұр.
«Қазір мен оларға көрсетемін!» — деп ойлады Абстул ақымақтықпен. Сүйрік тұмсықты италиялық етігінің табанымен педальды басып, аса ептілікпен мына тозақты кесіп өтіп кеткісі келді, оған демде, жылдам шешім қабылдау қажет еді. Кино кадрындағы тәжірибелі моторикасы жолды кесіп тастады — бірден, нық алға шықты. Айналарда — оң жақта, сол жақта және жоғарғы жағында — қара бос орын пайда болды. «Олар өлі аймақта қалды, ақымақтар», — деп Абстул бұл жолы қисынды түрде шешті және қатты күлді, ал оның күлкісі көліктегі терезелер тығыз жабылғанына қарамастан, бүкіл даңғылда естілді.
1
Жаңадан берілген құрылыс нысанының көгінен жын қаққан есуастың дарақы күлкісі естіліп тұрды. Жақтаулары жаңа, ақ терезелі, оған жапсылылған тақтайшалардағы теледидардың домалақ тәрелкелері қоғамда элиталар өзгерісі орын алғанын анық аңғартып тұрды. Жапон-италия дәстүрлеріндегі мейрамханасы мен қымбат дүкендері бар сондай үйдің бірінде Абстул бір кездері, автоматтан атылған оқтың құрбаны бола жаздаған еді, бағына қарай зулаған оқ ұшырған бар үстелінің шетінің ағаш шырпысы, оның маңдайын ғана сүріп өткен. Биік элиталық тұрғын үй кеңістігінде, қол жетпес Мәскеу аспанына көтеріліп, менмұндалаған бұлттар қаздай тізіліп, ары-бері ұшады. Түнде көрінбейтін қара, күндіз күмістелген түтіндей, ал таң мен кеште сарыала-алтын түске еніп кейде көшіп, кейде қалғып, ұйқыға кетеді. Сол бұлттардың арғы жағында біздің жандарымыз отыр. Олар төменге жіті көз салып, біздің әр қимылымызды қалт жібермей бақылайды, сүлдеміздің соншалық әбігерге түсіп, тыпырлаған тіршілігін көрген сайын бәріне түкіріп, қол сілтеп, бізден қашып жоғары, көз жетпес қабаттарға мәңгілікке ұшып кеткісі келеді. Кутузовканың көптеген тұрғындары әлі ұйықтай қоймағанға ұқсайды. Базбіреуі шарап ішіп, тамақтанып, теледидар бағдарламаларын құныға көріп отырса, кейбірі достарының ортасында әңгіме дүкен құруда, әлдебірі махаббаттың ләззатына батып, бұл жабайы күлкіні естісе де мұны кәдімгі жан жарылысының жаңғырығы деп санады, кейбіреулері ди-джейдің айқайы клубтың қабырғасымен жаңғырығып тұр деп түсінді, ал қазірдің өзінде ұйықтап жатқандар мұны «түсім шығар» деп ойлады.
Руслан болса, бұл кезде Рублёвкаға бұрылып, Мәскеу айналма жолына тура шығып, сол көзін қысып, түтіннен қорғаштап, темекісін тартты. Ол ақыл-есін жинай алмай біресе дірілдеп-қалшылдады, біресе шып-шып етіп сұп-суық тер басып, бейшараның шақшадай басын шарадай қылды. Егер бәрі осымен бітіп, таңертеңге ештеңе қалмаса болды ғой, әдеттегі бас жазудан басқа.
Алайда, «шайтан арба» бұл күткендей, қайта пайда болды. Біз сонда болғанымызды қалай жеткізсек, жойылатын джипте... Қасиеттім, қасиеттім, қасиеттім-ау, кресттің күші бізбен бірге, құтқарып, сақтай көр!
Шайтан алғыр көлік тоқсаныншы жылдардағы «Passat-вариант» алда кетіп бара жатқан жаңа: «Land Cruiser»-ді жүз елумен басып озды. Тағы да, ұзақ найзағайдай шамдарын жарқылдатып естері шықты. «Тірі өліктер» отырған салон жарқырап, артқы орындықтағы екі адам екі жақтағы терезелерден басын шығарып, бұған бас сүйектерін айналмалы шарнирде тұрғандай, жүз сексен градусқа бұрып, жағымсыз күлімсіреп, өткір қара суық жанарын Абстулхановқа қадап, сұқтанып қарады да, олардың бірі, қалжыңдаған боп, қол бұлғады: «Мықты болсаң, озып көр, — деп айқайлады олар, — Озып кет, балақай, неменеге артта тепеңдеп келесің!»
Аяқ астындағы газ тежегіші еденге жабысты да, джип көлігі атылып, «ажал көлігінің» тұсынан табылды. Нальчик қаласының тумасы, 1978 жылы туған Абстулханов Р. И. қатарласып өтіп бара жатқанда байқап қалған бір нәрсесі — екі шетелдік әрпі бар сопақша жапсырма еді. Өзі аса жақсы білмейтін, бірақ көпшілікке мәлім болған жау тіліндегі NL «Нидерланды», йағни, «Голландия» деп жазылған белгіні байқап үлгерді.
Ары қарай не болды дейсіз бе? Бұл белгілі жағдай ғой. Джип көлігі жылдамдығын бәсеңдетпестен, аспалы жаяу жүргіншілер өткелінің бағанасына соғылып, бағананы жартылай қиратып, өзі қоқыс жәшігіне, түн қараңғысында жапырылған металл кесегіне айналды. Бәріңізге белгілі Абстулхановтан басқа құрбан болған жан жоқ. Мас күйінде Рублевка тас жолының осы бөлігінде жылдамдықты шектен асырып, көлікті басқара алмай, сол жерде жан тапсырған. Құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен марқұмның денесін оның көлігінен бөлді, бірақ олар да, жол полициясы да «Land Cruiser» жол талғамайтын көлігінің қай бөлшегі зардап шегушінің кеудесін тесіп өткенін, жүрегін арқа тұсына дейін тесіп ұшып кеткен заттың не екенін анықтай алмады. Сол жақ иығының астынан өтіп артқы былғары орындыққа терең кіріп кеткен екен. Осылайша, өлген адам қатыгез жас натуралист ұстап алып, жапсырған көбелектей көлікке қадалып, жабысты да қалды. Бұл зат белгілі ағаш түрінен тегістеп жасалған ұзындығы бір метрге жуық түзу таяқ болды, оның бір ұшында үшбұрышты металл кесіндісі, екінші жағында бірнеше қысқа ғана құс қауырсындары бекітілген екен. Жол-көлік оқиғасының болуы қылмыстық құқық бұзушылық бабына жатуы да мүмкін еді, егер мұның себебін ашу үшін арнайы мамандар шақырылғанда. Жол-көлік полициясының бір өкілі осы адамның жазатайым оқиғаға дейін жасалған тапсырмамен, кісі өлтірілгендігін топшылады. Бірақ полиция басшысы: — Сен, бұл жерде артық былшылды доғар! Сонда оны сырттан келген біреулер өлтіргенге ұқсай ма, қалай? Андағы жебені бері бер, ақымақ, басқа іспен айналыс, эвакуатор шақырып телефон шал, әйтпесе, мына жерде таң атқанға дейін қалып кетерміз, ал таңертең кортеждер қалаға қарай шығады, олар мына «Формула 1-ді» көрсе, қай-қайсымызға да жақсы болмас, түсіндің бе?
Сөйтіп, ол түнектен жеткен жебені алып, ол ешбір құжатта көрсетілмеді. Рублевка тас жолы мен Мәскеу айналма жолының қиылысында сол күні кезекшілікте болған Жол қозғалысы қауіпсіздігі меминспекциясының қызметкері, милиция аға лейтенанты Н. П. Профосов шамамен жиырма үш сағат он бес минутта жоғары жылдамдықпен кетіп бара жатқан «Фольксваген Пассатты» байқаған. Инспектор көліктің ішінен шыққан ашық көкшіл жарық көзіне шағылысып, мемлекеттік нөмірді де жазып ала алмады, бірақ ол осы сәтте салонның іші толығымен бос екенін, тіпті, жүргізушінің де жоқ екенін байқаған. Аға лейтенант үкімет тас жолында қалыптасқан ереже бойынша ерекше көлікке сәлем берді, бірақ кейін ол есін жиып, қысқы күртешесінің қалың жеңіндегі қолының қозғалысын әрең өзгертіп, шоқынып алды. Бос машина у-шуы, қалтарысы мен қатпары көп жаққа қарай асыға жөнеліп, бес минут өткен соң көгілдір сәуле жымыңдаған жерден тез ауысып, тұрғаны сол еді, үлкендігі кәдімгі қауындай кішкентай дөңгелек нәрсе Николай Петрович Профосовтың аяғының астына домалап түсті. Коля бұл нәрсенің не екенін жақынырақ қарау үшін еңкейіп, басының төбесінде сирек кездесетін сирек шашы бар, тістері ырсиған бас сүйекті көрді, оның бірінде алтын жалатылған ескі пломба болу керек, жұмбақ саңылау мен мұрынның бос үшбұрышының арасынан жылт-жылт етіп жатты. Біраз уақыт жол сақшысы есеңгіреп тұрып, теңселіп, есін жоғалта бастады. Дәл сол кезде солтүстік-батыстан адам қолының жұлынған қаңқа сүйегі ұшып келіп, оның басының артқы жағынан құлақшаның тура түбінен қатты соққы берді. Осыдан есінен танған ол қарға мұрнымен шаншылды, сәлден соң төрт тағандап, тәлтіректеп жарты минуттай тұрды да, аяқ-қолын ана құрсағында жатқан шақалақтай қарнына жинақтай қысып, ақырын оң жағына қарай жантая берді. Бас сүйегі мен қаңқасы әп-сәтте күлге айналып кетті.
Бұл адамның тағдыры кейіннен қалай болғаны белгісіз. Әрине, оның қызметтен кеткені анық, өйткені, ол өз әңгімесіне жолдастарының сенбей қарағанына шыдай алмады, кейін қай жерде жұмысқа орналасып, қазір қалай өмір сүріп жатқанын ешкім білмейді. Кей айлы түндерде Профосовтың жаны ұшқан, жерде көгілдір болып жанып тұратын жол сақшысы пайда болады екен, оның қолында жолақты таяқтың орнына қолдың жілігі бар деген қауесет тараған, бірақ, әрине, бұл аңыз ғой. Мұндай жол сақшыларына аса қауіпті тас жолда тұруға кім рұқсат берген?
Ал жүріс — тұрысы жұмбақ «пассат» көлігін кейін көптеген адамдар әр жерде көрді, бұған күмән жоқ. Кейбіреулері, тіпті, қалыс қалды, сондықтан, олардың марқұм Руслан Абстулхановтың өліп бара жатқан ойлары мен сезімдерін суреттеген біздің көркем қиялымыз арқылы емес, өз бетімен талай нәрсені түйсінгендері анық.
Мысалы, шілденің бір таңында, түнгі жаңбырдан кейін кеуіп бара жатқан Ленинград даңғылының бойымен «қорқынышты» көлік өте баяу жүріп келе жатқаны белгілі болды.
Дәл осы кезде сол жолда өзінің кішкентай «Peugeot 206» көлігімен сұлу жас келіншек кептелісімен әйгілі және таң атқанда ғана бос болатын Мәскеу тас жолымен келе жатты. Оның сол кездегі есімі және бүгінгі күнге дейін оның аты — Олеся Грунт, бірақ оның бірінші күйеуі Грунт болғандықтан ғана, ал оның қыз кезіндегі тегі, әрине, Теребилко. Шамамен алты жыл бұрын ол Ресей астанасына Феодосия курорттық қаласынан келді, біраз уақыт тіркеусіз, баспанасыз және жұмыссыз жоқшылықта өмір сүрді, әйтеуір, өлдім дегенде түнгі клубтардан тамақтанды (айтпақшы, ол Володичка Трофимерге де барды. Мұны айтып отырғаным, әлемнің қаншалықты домалақ екенін және атақты адамдардың ортасы қаншалықты тар екенін еске түсіру үшін) және киім базарларынан киінді. Бірақ ол көп ұзамай, жас қаржыгер Борис Матвеевич Грунтпен кездесті, ол институт комсомол комитетінің хатшылығы қызметінен кетіп, миллионер болған шағында, оған үйленді. Құдайдың құдыретімен араларында сәби болмады, сондықтан, Грунт Ольгамен бір жарым жылдан кейін ажырасып, оған фамилиясымен қоса Усиевичтегі жөндеуден өткен және жиһаздалған, бұрынғы мәдениет қайраткерлерінің екі пәтерін қосып жасаған төрт бөлмелі пәтер, талғампаз есім (бұрынғы Ольга Митрофановнаның орнына «Олеся») және біраз ақша қалдырды. Боряның өзі ұзақ уақыт тергеуде және сотта жүрді, теледидар экранында жиі көрінетін, кейін Испанияның Каталония провинциясына қоныстанды, бұл жерде климат шынымен өте жақсы. Олеся тағы да клубтарға жиі баратын болды, енді тамақ үшін емес, өз рахаты үшін. Ер достарымен үлкен және лайықты табысқа жету үшін... Оларды «жігіт» деп атау бізге жиіркенішті. Бұл достар жиі және жеңіл өзгерді, әрқайсысы Олесяға жақсы естеліктер қалдырды. Біреу сақина сыйлады (мәселе каратында да емес), біреуі қымбат тон алып берді (ең бастысы, өте жылы және жеңіл шиншилла болуы шарт). Тіптен, ол қанық қызғылт түске боялған болса да және біреулер танымал төлем жүйелерінің бірінің платина картасымен есептесіп жатса да маңызды емес. Өмірдің осылай өрбуі барысында қысқа мерзімді джентльмен де пайда болды, ол жоғарыда аталған ашық салат түсті, соңғы үлгідегі «Peugeot-206» автокөлігімен өмірбаянына із қалдырды. Сол бір тағдырлы таң мезетінде Олеся Грунт осы көлікпен бос жолды пайдаланып, бұрыннан жиған көлік жүргізудегі тәжірибесін пайдаланып, беймарал жол үстінде келе жатқан болатын.
2
Дәл сол кезде ол тозақтың төрт доңғалақты хабаршысы пайда болды.
Олеся жылдамдықты арттырмай, басқарудан жаңылмай, йағни, сағатына жиырма шақырым жылдамдықпен жүріп, буындары ағарғанша рөлге жабысып, сол жағына қарады. Жақын жерде үлкен сұр көлік келе жатты, оның қандай маркалы көлік екенін анықтай алмады, біріншіден, оның Қырымдағы отанында осындай көліктерді «пикап» деп атаған үлгідегі көлік екенін байқады. Қалталы көршісінің бүкіл отбасын тауықтарымен бірге тасу үшін орындықтардың артындағы торларға отырғызатын. Екіншіден, көліктің толығымен сырты тот басқандығы, шанақтың барлық асты мен жиектері шіріп кеткені, үшіншіден, терезелері оған түсініксіз қап-қара болды, табиғи емес, бұрын-соңды көрмеген бояумен боялған.
«Мм, — деп ойлады Олеся, — бұл қандай көлік?»
Әп-сәтте біреу мұның ойын оқып қойғандай, «шайтан пассаттың» оң жақ алдыңғы терезесі төмен сырғып түсе бастады.
Мұны көзінің қиығымен байқаған Олеся тағы да сол жаққа қисайды, содан кейін бір мезгілде әйелге тән бірнеше әрекеттерді орындады, олардың әрқайсысы оның шынында әйел екенін көрсетті, тіпті, оны Мәскеу өмірі қанша қаталдыққа үйретсе де, оны достары суық және ішкі есебі мол деп ойласа да (қазір де солай санайды). Ең алдымен, бар болғаны ең жіңішке дауысымен «ой-й-ййй» деп айқайлады. Бұл кезде ол бірінші кездескен педальға аяғын бар күшімен баса берді, баса берді. Байғұс француз көлігі шырылдап, шіңкілдеп қоя берді, кенгуру сияқты алға секірді, бірақ бірден орнынан тұрды, өйткені, мотор өшіп қалды, ал жүргізуші екінші педальды аяғымен баса қойды, бұл тежегіш болатын. Ары қарай, әрине, ол көзін жұмды.
Оның көргені мынау болатын: төмен түсірілген әйнек артында таңның сұрбөрте сәулесімен көмкерілген кәдімгі көліктің іші емес, мәңгілік әлемінің бүкіл қарасы қонып алған сияқты, шексіз қараңғылық кеңістігі ашылды. Әйнек әдеттегіден еш айырмасы жоқ болғанмен, шексіз қара жер асты әлемі сонда, кабинада болды. Міне, осы жылжымалы тозақтан мұрынсыз бас сүйек бейбақ Оля Теребилкоға жымиып қарап тұрды, мәнсіз көзқарасымен алдамақ болды.
Сорлы, бейбақ әйел! Мына сұмдықты елестетіп көріңізші: таң кәдімгі таң сияқты, тіпті, әп-әдемі. Мәскеудің орталығының «Әуежай» ауданында, бәрі де тек алда еді, әлі де біраз жыл өмір сүруі керек еді ғой, жаңа ғана отызға толды емес пе? Аяқ астынан пайда болған бұл қандай қараңғылық пен қайдағы өлім?.. О, Тәңірім, менің өлуіме жол бере көрме!
Олеся Грунт біраздан соң көзін ашқанда, Ленинград даңғылы қаңырап бос қалыпты, таза болды, «елес-көліктің» ізі де қалмапты. Олесяның көлігі жол жиегін көмкерген тасқа тіреліп, қиғаш тұрды, неге екені белгісіз, дабыл шулап, рөлді ұстаған қолдары аздап дірілдеп тұрды, жан-жағында ешкім жоқ еді.
Енді қайтпек керек? Қорқынышқа салыну бір бөлек, дәл қазір сөмкенің қоқысынан телефонын тауып, ең адал достың нөмірін теруге біраз күш жұмсады. Олар да бір алғыс жауғырлар екен, бүкілі бірінің артынан бірі асығыс әрі құдыретті «Ауди» және күзеттің «Гелендвагені» мен «Peugeot» керуен түзеп, автотұраққа бет алды. Ал бір-екі сағаттан кейін оның иесін ең қымбат емханада тәжірибелі психотерапевт тексерді, оған жақсы антидепрессанттар, массаж, жалпы иммунитет күшейту кестесі тағайындалды. Содан кейін ол Швейцария тауларына, сол жерден тыныш Ибица аралына кетті, онда ол басынан кешкен қорқынышты оқиғаны ұмытып кетті және тек күзде қайтып оралды. Күз мезгілінде ештеңе болмағандай, тек стилист-визажист ағарған шашпен алысып, аздаған қиындыққа тап болды. Бастапқыда ол ұзақ уақыт бойы осыған байланысты бет-бейнесі мен өмір салтын өзгерту керек пе, жоқ па деп ойланды, ақырында ол кәдімгі бояуға тоқтады. Осы шешімі, әрине, ең тиімдісі әрі бағалысы болды.
Сын сағатта көмекке келген досы өз арналары арқылы көрсетілген, таңертең болған барлық жол-көлік оқиғаларын, тіпті, болмашы оқиғаларды да біліп алды. Бағана Олеся есін жиып, телефон арқылы көмек сұрағаннан кейін жеті минуттай уақыт өткенде, ешқашан ұйықтамайтын жол сақшыларының кезекші көліктерінің бірінің экипажы Ленинградскийдің дәл ортасында баяу сырғанап бара жатқан сұр «Фольксваген Пассат» көлігін байқап қалады. «Сокол» метро стансасының жанындағы Волоколамск даңғылы мен Ленинград тас жолдарының қиылысына жеткенге дейін қарапайым болып көрінетін бұл ескі көлік қырағы полицейлердің назарын аударады, оларға оны қуып жету қиынға соқпады, өйткені, ауыр «вагон» ұйықтап келе жатқандай, сағатына қырық шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жолдың сол жағымен қозғалып бара жатты. Бұлар көліктің барлық терезелерінің әйнектері түсірулі екенін және көлік іші бос екенін байқады. Салмақты әрі тәжірибелі ер адамдар мистикалық байбалам салмады, әлдебір «шәйнек» көлігінің қол тежегішін қоюды ұмытып кеткен болар, содан ол еңіске қарай жылдамдықты арттырып сырғып кеткен шығар деп топшылады. Жолдың әлі бос болғаны қандай жақсы болды, жүргізушісі жоқ көлік кез келген адамға қауіп төндіретін еді ғой! Олар бірден техникалық жүк көлігін шақырып, оны көлік қозғалысына қарсы қойып, «қашқынды» тоқтатуға тырысты, ал өздері артынан ере жүріп, сирек өтіп бара жатқан көліктерден оңға бұрылуды талап етті. Олар уақытты босқа өткізбеу үшін мемлекеттік белгі саны бойынша иесін іздеп көрмек еді, нөмір жоғын байқады, бірақ NL әріптері бар сопақ жапсырма ғана бар екен, бұл да ештеңені түсіндіре алмады, бір кездері автокөліктің Нидерланды Корольдігінде, йағни, Голландияда тіркелгенінің дәлелі болмаса.
Сосын сұмдық жеребе тартқан ең мәдениетті қызметкерлердің бірі, ол кешкі заң факультетінің студенті болса керек, сәуегейлік сөз айтты:
— «Бұл боққа жарамсыз голландиялық!» — ол солай деді.
Сиқырлы «пассат» лезде ғайып болды, оның орнында тек бір үйінді сұр құм ғана қалды, оны бір сәтте жел ұшырып алып кетті.
Патрульдік машина да жоғалып кетті, ол әлі іздестіріліп жатыр, сонымен қатар, оның бүкіл экипажын да таппады.
Ал Олеся Грунттың досы да кетіп, жоқ болды, ол Англияға барған сияқты, Лондонда, Хайгейт ауданында лайықты үй сатып алып, отбасымен және достарымен бірге тұрады деген сыбыс бар, бірақ ол жерде де жоқ болуы мүмкін.
Ал Олеся Грунттың өзі ұзақ уақыт бойы еш жерде бас көрсетпеді, тіпті, «High Fashion Week» сән шоуларында да болған жоқ. Өткен жылдары ол жерге қалмай келетін еді. Жоқ, оның достары оның тағдыры үшін ешқандай алаңдамады, оларға бәрі дұрыс сияқты көрінгенмен, бірақ оның қайда жүргенін ешкім білмеді?
Бұл қарғыс атқыр «Фольксваген» де, әрине, ол біз айтпасақ та қарғыс атқан, енді жоқ.
Әлде бар ма?
Шайтан ғана білетін болар.
Бір рет белгілі саясаткер N өз саяжайына бара жатқан еді (оның аты-жөнін айтпаймыз, ол қазірдің өзінде онсыз да бүкіл елге танымал)... Ірі саясаткер, оны танитын да шығарсыз, теледидардан көрген де, естіген де болуыңыз мүмкін. Сөйтіп, ол Минск тас жолының бойындағы саяжайына бара жатады. Оның саяжайы жақсы еді, жарты гектар жері, үш қабат үйі, құдық, камин, бассейн, тағы нелер бар? Жалғыз факт, бәрі батыс университеттерінде дәріс оқығаны үшін алынған ақшаға салынған, бұл да декларацияда көрсетілген. Жарайды, ол саяжайға бара жатты, бірақ жетпеді. Бавариялық автомобиль зауыттарында шыққан мемлекеттік номері көрінбейтін, тозған ескі сұр «вагон» басып озып, оның жолын қаға-маға кесіп өткенін біреулер көрген дейді, содан бері саясаткердің ізі де көрінбей жоғалған.
Тот басқан көлікке ештеме болмаған, ал су жаңа «BMW»көлігі қоқысқа кеткені анық.
Қандай да бір таңғажайып жолмен, ұшып кеткен жүк салғыштың қақпағының шеті осы N-ның басын шауып тастады, мұны елестете аласыз ба?
Ал бандит «пассат» көлігінен бірыңғай қаңқалар шығып, дәл тас жолдың үстінде, Ресейдегі ең жақсы футбол ойынын өткізген. Футбол, өкініштісі!
Дегенмен, мен бұлай болғанына сенбеймін. Ал, бұл түстен кейін ел ағылып-сабылып жатқан сенбі күні Минск тас жолында болуы мүмкін бе?
Ал екінші жағынан, N қайда жоғалып кетті? Ол жақсы, саясаттан кетті, ал қазір қайда, не істеп жүр — белгісіз. Директорлар кеңесінің бірде-бір жиналысына бас сұқпады, тіпті, Висконсин университетінде студенттерге демократия негіздері курсында лекция да оқымайды. Кейбіреулер оны Израильде саяси қызметте пайда болған иммун тапшылығы синдромынан емделуде және қазірдің өзінде қалпына келе бастады деп жүр... Сіз бұл жерде ештеңе түсіне алмайсыз, ең сорақысы, ол жоғалып кетті.
Содан кейін Мәскеуде Тимофей Болконский есімді жан-жақты қабілеті бар, танымал жас жігіт болды. Оның қай Болконскийлерден шыққанын кім білсін, тікелей Л. Толстойдың кітабынан шығар, бәлкім, өз заманында дүркіреп тұрған, партиялық және үкіметтік наградалар мен марапаттарға ие болған әкесінен шығар... Соған қарағанда, әкесі Балконский болған сияқты, «балконнан»... Тимофей клипмейкер, саяси стратег, мейрамхана иесі және экстремалды спорт шебері ретінде танымал болды. Ол Альпі тауларының шатқалдарын кесіп, шыңға шықты, Үнді мұхитына басымен сүңгіді және күнделікті қарапайым мотоциклмен үйден студияға, кешке мейрамханадан үйге баратын. Оның тамаша, көп балалы отбасы болды, олармен бірге тұрмыстық журналдарға суретке түсті, сонымен қатар, ол нағыз еркектік қарым-қатынаста болған нәзік және мейірімді досы болды. Тимофей досымен басқа журналдарға да суретке түсті.
3
Жалпы, бәрі жақсы болатын.
Бірақ уақыт келіп, ғайыптан тайып, Тимофей де сол бір тылсым, жолдағы елестен жапа шекті.
Ол мотоциклмен келе жатты. Қазіргі кезде сәнді саналатын, шашы тақырланып алынған басына салқын еркіндік лебі соқты, қырылған басында жаңа, патриоттық әрі заманауи өмірге тәуелді, тіпті, таза бағынышты мейрамханалардың мәзірі тұрды: бекіреден суши, балық жұлынынан пісірілген пицца, тәулік болған щи ботқа-сорпасы... Кенеттен — жанында машина, бас сүйектері, скелет терезеден шығып, бейқам жүргіншіге тарамыс сүйектерін созып, Тимофейді серпе сілкіп, тоқымнан жұлып алып, трансформаторлық будкалардағы портреттердің арқасында баршаға таныс болған жиіркенішті аузына қарай тартады, кішкентай шоқша сақалына, күтімнен үлбіреген беттеріне, соңғы сәтте жауып үлгерген ақылды көздеріне түкіреді! Жеккөрінішті сары тістерін ашпастан, нақұрыс сілекей де емес, өлімге әкелетін ірің шашады және бұл сұмдық сақалға да, кірпіктерге де ілінеді... Мұндайдан қалай аман қалуға болады? Айтыңызшы, қалай?
Ал Тимофей аман қалды. Дүлей күш лақтырып жібергенде жолдың жиегіне ұшып түсті де, сол жерде жатты... Тірі сияқты, сынық та жоқ тәрізді. Орнынан көтеріліп, Мәскеудің түкті көгалына отырды, жай ғана жеңімен сүртінді. Мотоцикл әлі де асфальттан ұшқын шығарып, бүйірлеп сырғып бара жатты, кенет зор қоқыс таситын жүк көлігі басты да кетті, сөйтіп, мотоцикл жоқ болды. Тимофей Болконский орнынан тұрып, көз көрген жаққа бет алды, бетін біресе былғары жеңімен, біресе қымбат жейдесінің етегімен, біресе құр алақанымен сүртіп келеді, содан кейін алақанын шалбарына сүйкесе де, құрғатып сүрте алар емес, иіс те мазасын алды.
Тимофей осылай жүре берді, жүре берді, бірақ ешқайда жетпеді. Мәскеудегілердің бәрі оны Исландияға кетті және онда зороастризммен айналысып жүр деп отыр, бірақ бұл сенімділікті ешқандай факт растай алар емес. Болконский ұялы телефондарын өшірді, Тимофеймен қалай хабарласу керектігін досы ғана біледі: Гамбургтегі бір мекемеге қоңырау шалса, олар оны қосып береді.
Мәскеу көшелері һәм даңғылдарымен, сондай-ақ, Мәскеу облысындағы тас жолдармен әр уақытта әртүрлі адамдар жүріп жатты, бірақ жоғарыдағы дөрекі, бірақ әділ сөзді голландиялық адамды кездестірді, кездестірді де ғайып болды. Олардың арасында кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері, муниципалдық, тіпті, федералдық мекемелердің қызметкерлері, қылмыстық және күштік құрылымдардың өкілдері, құқық қорғаушылар, әскерилер, әкімшілікті де, белсенді оппозицияны да қолдайтын қоғам қайраткерлері, шетелдік бақылаушылар, әскери және жалпы азаматтық зейнеткерлер, уақытша жұмыс істемейтін мәскеуліктер, заңды және заңсыз мигранттар, ерлер, әйелдер және басқалар, сау, мас, есірткі тұтынған, АИТВ жұқтырған, жас, қарт және орта жастағы адамдар бар... Болды, жалғастыратын хәл жоқ және орын да жеткіліксіз. Тағы екі жағдайды бөлек атап өткен жөн: таяу жердегі Мәскеу түбінде орналасқан дивизиялардың бірінде тіркелген жаяу әскердің жауынгерлік машинасының жоғалуы және маршруттық такси жүргізушісімен болған оқиға. Алайда, бірден ескерте кеткен жөн — тылсым күштің екі жағдайға қатысы күмән тудырады. Бронемашинаға келетін болсақ, оны жауынгерлік оқу кезінде өткелде суға батырып жіберген немесе бір әуесқойға сатып жіберген болуы мүмкін, өйткені, бүкіл экипаж аман қалып, қызмет орнына тірі, бірақ ес-түсін білмейтіндей мас күйінде келген. Ал маршруттық такси жүргізушісі он төрт сағат қатарынан табыс табу мен шаруашылық пайдасы үшін әбден тер төгіп, рөлде ұйықтап, жол жиегіне шығып кетіп, сол жерде аударылып қалуы мүмкін. Құдайға шүкір, ол кезде жолаушылардың болмағаны абырой болды, аялдамада да ешкім жоқ еді. Есін жиған соң шығарып алған, қолында ұстап отырған алтын дукатқа келетін болсақ, әрине, бұл жайт белгілі бір ой салады, бірақ екінші жағынан — біздің жолаушылар кассаларға не көрінгеннің бәрін тықпаламай ма!
Хош делік, жарайды.
Әлдеқашан ұмытылған ортанқол суретшінің картинасындағыдай, көкжиектен көрінген жұқалтаң сұрғылт бұлт төмен сырғи жөнелді, оны күннің шұғыласы тесіп өтіп, алтын түсті сәулелер аспаннан жерге төгілді, ал енді жел де көтеріліп, айнала соғып, ұсақ қоқыстарды аспанға көтерді, бірінші жаңбыр тамшысы құлады ма, әлде, алғашқы қар себеледі ме немесе мүлдем ештеңе де болмаған шығар, бұлттар жайлап сейілді, асыл металдай болып аспан жарқ ете қалды...
Біз, әрине, қаламызда орын алған зұлым күштерден қорқамыз ба? Міне, сұр түсті әмбебап машина бізді қуып келеді, біресе сол жақ, біресе оң жақ айна жарқ-жұрқ ете қалады, ескі «пассат» сияқты...
Құрысыншы, не болса да, мейлі.
Бұл не, бұл не болды екен, ә?!



