Енисей, жібер!

(кітаптің бір көрінісі)

Енисейді мен алғаш рет 1974 жылы маусым айының басында өзен таудан аққан Каа-Хема мен Бий-Хема салаларынан қосылып, дірілдеген лай денеге жиналатын Тува астанасы Қызыл қаласында болғанда көрдім. Сол жерде мен ендігі қалған өмірім осы суды кешумен өтетінін білмей тұрып, оның сарғыш суығында жуынған едім.

Таулар көне тас жанарымен екі Енисейдің қосылғанына қарайды. Дала беткейлері шоқ бұталары кірпі құсап төңіректі теңбіл қылып жауып кеткен жусанның кермек, тымырсық исімен аңқып тұр, бұл иіс Тува деген сөздің өзіне сіңіп кеткендей. Шыжыған жазғы аңызақтан, апшыны қуыратын қысқы аязды желден қажыған өсімдік бұрын-соңды болмағандай күшті, өткір жұпарын шашып тұр. Дәл өстіп өмір қатып-семдірген адам өзінің табандылығымен, мағынасыздықтың күйігін татқандығымен таң қалдыратын кездері болады.

Алыста қалған сол бір сәулелі шақта қиырлар тығыз жататын, бір-бірімен бекем иықтасып тұратын. Мұғалімдер де біздің дамуымыз, қозғалуымыз үшін, таңғажайып жеріміздің иісін сіңіруіміз үшін бәрін жасайтын. Сібірге деген құлай берілген кітаптық, карталық құмарлығымды білген биологиядан сабақ беретін мұғалімім Галина Анатольевна мені өзінің таныстарымен Туваның оңтүстік-батысына Мұғұр-Ақсы аулына обаға қарсы экспедицияға жіберген.

Біз Қызылға Абаканнан асулардың бұрынғы бедері бар әлі ескі кезіндегі Ус тас жолымен автобуспен жеттік. Аялдайтын аулалар, КрАЗдар, жартылай тіркемелі «Колхидалар», борщ, қаймақ пен қырлы стақандардағы компот, табақ тасыған шопырлар... Кешке таман шықтық, әлі есімде, оң қапталымызда әріректе, жазық алқаптың ар жағында Шуша ағып жатты, Танзыбейден ары қарай ымырт қоюлана түскен сайын таулық тайга ну жынысы ұйысып, бой көтере бастады. Ымыртпен тылсым сипатта байланысып жатқан ол тік шоқылардың жылжуымен, тайганың қою қойнауымен, балқарағай, шырша, самырсынның тұтасқан түнгі сұлбасымен таңң-тамаша етті. Мен қалада Сібірдің картасына сағаттап қарайтынмын. Таулар қою қоңыр, күйген қошқыл түсті болатын, мен ол жерлерді өзі де дәл солай елестететінмін — кейде кітаптағы суреттердегідей жетім ағаштары бар жалаңаш, қоп-қоңыр бейнесінде менмұндалаушы еді... Орманды аймақ оқыс басталып, бірыңғай болатын, тайга басталған жерінде-ақ әр шоқыны ойға сыймайтын қою жыныспен қымтап, ығыстыра жылжитын, жол жиегінің әрбір метріне дейін қаулай
беретін.

Бірінші, Құлұмыс асуы басталған тұста жылдамдықтың ауыстырылғаны, кенет өрге тартуға қиналып кеткен қозғалтқыштың дыбыстары жақсы естіле бастады. Автобус бірінші беріліспен баяу, күшеніп келе жатты, ілмекке келіп кері бұрылған кезде шамының жарығымен балқарағай тамырлары шығып тұрған қия жартасқа тірелді. Жылдамдық ауыстырды, кері бұрылды, ұзынша «Икарус-66» алаңқайға әрең сыйды, тағы кері бұрылыс — сосын ілмекті бойлап тағы өрледі. Сосын тағы жаяуға тән бірінші беріліспен ілбіген жүріс, ілмекке өрмелеу. Қараңғы қоюлана түсті, таулар қарайған тік жартастарымен жақынырақ, биігірек ентеледі және түн түнегімен қаттырақ араласа түсті. Ұйқы меңдеді, суреттердің әлдебір үзіктері, ұйқымен де, Саянға кірердегі бұрын-соңды болмаған, тамаша бейнелермен де азапты күрес бойымды биледі.

Сосын мен қалғып кеттім. Өткір таңғы шапақпен бірге кенет жасақ басшысы Эдуард Леонидовичтің: «Ұйықтап жатыр, ақымақ!» (баяғы, табиғатты тамашалаудың орнына дегендегісі) деген ақырын даусы тараған кездегі сол бір қажытқан өң мен түстің арасы есімде. Ақымақ болғым келмеді де, ештеңе болмағандай: «А?!» деп міңгірледім.

Одан ары алдымыздан Арадан шықты. Эдуард Леонидыч бұл атауды құдды бір бұлаққа тән осы сөз шағын үйлері бар ауылды емес, осы сәттерде болып жатқан барлық нәрсемен байланысты маңызды һәм орасан бірдеңені білдіретіндей үнмен айтты, сосын біз баяғы «иә, түсінеміз, қалайша енді, бұл Арадан ғой!» дегендей қайталай бердік. Арадан. Эдуард Леонидыч екеумізден басқа бізбен бірге кешкі оқу бөлімінің студенті әрі институт қызметкері Люда келе жатты. Тағы екеу, студенттер, иті бар үйленген жұп, жолай көлікпен Саян арқылы асқалы келе жатқандар: автобусқа оларды алмаған.

Құбатал, қайың, балқарағайдың жасыл реңімен араласқан балғын шық нұры автобус терезесінен құйылып, себездеді... Бусанған, жан-жақтан анталай қысқан, жолды, ауылды және адамды жұтып алуға дайын таулы тайганың реңімен...

Тағы да өткен таңнан: майда тасты, қайраңдары мен таяз тұстары көп Ус. Мен тау өзенінің көбікті жалдарын тұңғыш рет көрдім де, Қиыр Шығыс пен Сібірді шатастырып, ақымақтықпен бәлкім бұл уылдырық шашуға келе жатқан балық шығар деп қалдым. Устан өтетін ағаш көпірлер мен өзеннің үстінен төніп тұрған биік жартастар әлі есімде. Бірақ маған ең керемет әсер қалдырған — мен жөндеп ажырата да білмейтін, бірақ демде сұлбаларының қайталанбас сібірлік қатарын сезіп қойған шыршалар мен самырсындардың ұштары сүйір майшам тәрізді кескіні болды. Бала күнімнен менің мекенді түйсіну сезімім айрықша жетілген — мен қас-қағым сәтте көргенімнің сипаттарын түртіп алып, өн бойымнан өткізіп, жадыма сақтап алатынмын. Сосын тағы тайганың бір орының бойында жолдың бөлігі бар еді, сол баяғы шоқ-шоқ шырша мен самырсын және түу төменде тат басқан белдіктері жоғары қарап жатқан жүк көлігі.

Қызылға жақын маңда жұмсақ жасыл сағызқарағай қаулап кеткен шет-шегі жоқ үйілме шоқылар сарылтқан ұзақтығымен, өзіне тән таңғажайып бейнесімен таңдай қақтырды. Оған қарап тұрып, мен тайга теңізі деп нақ осының аталатынын күллі жан дүниеммен түсіндім. Сосын әлбетте тайганың құрлықтағыдай ашық реңді қылқанжапырақты тоғайға ауысқандығын, сосын, тіпті, таулы далаға көшкенін бақылап отырдым. Шамамен осы тұста, жартылай далалы еңісте қоршаудың ар жағында маралдар жүрген қашаның жанынан өттік. Содан соң сансыз үштағандарымен, бүктемелерімен, көлеңкелерімен, өзектерімен, тасты тізбектерімен, белдеулерімен атшаптырым тасты аумақ қоршап жатқан дала қазаншұңқырында Қызыл көрінді. Қайда қарасаң да — буалдыр сағым оранған алыс шоқылар, мұнартқан кеңістік... Сағымның құпия мен тылсым үнге толы болғаны соншалықты — балқығыш жаныңды қалшылдатып, ішінде көк тұман бой көтерді.

Қызылда біз Алексей мен Маринамен жолықтық. Олар Саянды «Колхидамен» асып өтіп келген екен — ерткен екі иті бар, батыссібірлік және карелиялық лайка Бұл кәсіпорынды әзіл араластырып әрі құдды бір эвенкілік акцентпен айтқандай: «Шапёр, шапёр, перефеси через Саяны» сипаттайтын. Алексей, үлкен келген беті аздап зілді еске түсіретін қапсағай мығым жігіт еді. Ол шын берілген аңшы, қару-жарақ білгірі және жекпе-жек өнерінің шебері болатын.

Мұғұрға біз Ан-2-мен ұштық, ал мұның алдында бір аптаға күткен едік — Цаган-Шибэтудан өтетін асуды бұлт жауып қалған-ды. Күнде таңертең буалдыр сағым мен аптап ыстық демі айрықша сезіліп тұрған және Тора-Хем, Қызыл-Мажалық, Сыстык-Хем, Тээли деген ауыл атаулары репродукторда өзіне баурай самбырлап тұрған әуежайға бардық. Сол жерде үстеріне оңған жасыл энцефалит киім киген, қарғыбаумен қонжық жетектеген екі еркек рейс күтіп тұрды. Аяқтарын қапаш-құпаш сермеп, ол қарғыбауды тартқылап айналды да, қарғы қысқан кезде мойны жіп-жіңішке боп көрінді. Кейде ол ырылдай бастаушы еді, сол кезде оған бөтелкемен сүт беретін. Ол шалқасынан жатып алып, оқыстан мотордың дарылдап-барылдаған, біркелкі нотада дыр-дыр-дыр еткен даусын шығара бөтелкені құшақтап, еметін.

Біз телеорталықтың артындағы бес қабатты үйде обаға қарсы және жоюшы жасақтың бастығы, Эдуард Леонидычтың досы Игорь Крюковтың пәтерінде тұрдық. Крюковтың өзі алаңда болатын.

Қолайлы ауа райын күтудеміз. Қызылдың бойымен қыдырамыз, жас тал-теректерді бойлай асфальт жолмен сенделеміз. Алдымызда басына сән-тұрпаты бөлек әлдене, крахмалды бетперде таққан, биік өкшелі, шашы ұқыпты арықша орыс әйел келе жатты. Люда мен Марина бұл меңіреу түкпірге тән болмысқа мырс етті, ал Эдуард Леонидович оларды қатты әрі, меніңше, біржола тыйып тастады: «Сендер өз Мәскеулеріңде емес, бөтен қаладасыңдар, сондықтан, адамдарды сыйлауды үйреніңдер».

Содан соң таулардың үстімен Ан-2-мен ұштық, мен тағы да етене жақын һәм сарыла күткен дүниеме куә болдым — түстік жағы, солтүстік еңісі сағызқарағай орманымен көмкерілген үшбұрышты шоқылар. «Түстіктер» неғұрлым ылғалдылау, ал Орта Азиялық құрлықта әрбір тамшы маңызды. Үш жүз шақырымдай ұштық, осы бір орманды шоқылардан өзге сонау Цаган-Шибэтуге дейін ештеңе есінде жоқ.

Жас кезіңдегі жадың таңқаларлық: бүгін ұшсам ғой — әлдеқайда көп нәрсені көріп, есте тұтар едім... Тоғызыншы сынып оқушысының көзі мұндай шамадағы жер қатпарларына үйрене қойған жоқ, кірлемеген ой-санасы енді ғана өмір өткелдерін қайталап, зерттеуді үйреніп келе жатты.

Жоталар биіктеген үстіне биіктей түсті, міне, біз Цаган-Шибэту арқылы шатқалды бойлап ұшып келеміз, енді бізбен қатарласып қырлы алқызыл шыңдар көрінеді, қалтыратып жіберердей сұсты әрі ғаламат бірдеңе, әлдебір шешім, бұзып-жарар тәуекел бас көтеріп келеді... Мұны біз де, ұшақ та сезініп келеміз. Ұшқыштарға өтетін есік ашық... Міне ақыры... Бұранданың мөлдір, түтіндеген дискісінің арасынан көз қарықтырар және қар басқан — астында тізесін сәл көтеріп, алып бірдеңе жатқан ақ күмбез көрпені көрдім. Ал жарқыраған осы күмбездің етегін қара қабырға-аяқтар ұстап тұр. Бұл — Мөңгүн-Тайга. Оның биіктігі отызы жетпейтін төрт мың метр. Жарықтық, сол күні қалай жарқырап тұрды десеңші!

Мұғұр осы ғажайып тау мен Цаган-Шибэтудың ортасында жатыр. Таулы жазық. Белестер. Бәрі күнмен нұрланған сап-сары. Биіктеу, сүйірлеу шыңдар алқызыл түске оранған, біреуіне құдды бор жұлдыз кигізілгендей, шашыраған қос сәуле бізге қарап тұрғандай. Оның аты — Жұлдызша. Ақ-Баштыг. Онда бесбұрышты ұсақ ақ тастың шөгіндісі бар (Бұл жұлдыз туралы қандай жорамалдар естімедім десеңші — бұл мұздық дегеннен бастап жұлдыздың әдейі суретін салып қойған дегенге дейін). Мұғұр. Ағаш үйлер, қойлар... Ауылды бойлап келеміз, артынша обаға қарсы стансаға. О жақта адам өріп жүр, күн қақтаған, өмір қатып-семдірген бейнеткеш жұрт. Обаға қарсы үркіттіктер. Тәжірибеде жүрген — күн күйдіріп, тотыққан терісі адамға тән емес боп көрінетін, энцефалиттен сақтыққа ақ киім киген Мәскеуден келген Сунцов деген біреу. Бәрі қатты күйген, күн қақтаған.

Ақыры ГАЗ-53-ке тиеліп ап, жүріп кеттік... Лагерь Мұғұрдан ағыс бойымен жиырма бес шақырымдай төмен жатқан Қарғы өзенінің жағасында тұруы тиіс болатын. Моңғол шекарасына он шақырым жетпей. Шоқылардың арасымен даламен жүріп отырдық. Шоқылар қатар-қатар, ар жағында және үстінде Мөңгүн-Тайга. Қарғыға ойыншық тәріздес ұсақ шоқылардың арасымен керемет тастақты шатқалды бойлап өттік. Жақтары мен қырлары кергілермен орақ тәрізді иілдіре тартылған оңып кеткен шатырдың жанына аялдадық. Ішінен жылпың епті қимылмен басы домалақ, қырынған, сымбатты жігіт, Валя Рыльников шықты. Дәл сондай күйіп-тотыққан және дәл сондай тұз секілді аппақ боп оңып кеткен энцефалиттік костюмде. Жатын жабдығын лақтырып жіберіп, бұрандасын бұрап алып, шатырдың кергісін ағытып, босатып, оны орады да, көліктің артына ытқытып, өзі де қарғып мінді.

Шатқал құрғап қалған тастақ маңаймен тұтастай үндестік тудырып жатқан жасыл белдеуге Қарғы алқабына алып шықты. Желегі аумақты қалың өскен құбаталдар мен сирек өсетін алып сағызқарағайлар. Өзен — жіп-жіңішке, көкшіл дымқыл жартастардың сынықтарының арасымен көкшіл сүтті боп ағып жатыр. Жартастың беті шымырлаған ұсақ толқынның қатып қалған бейнесін елестетеді...

Шатырларды құрып жаттық. Кергілерді шештік, кім не істейтінін ақылдастық. Әбігер, қарбалас... Өзімше айтып қоям: мұнда, былай деп — дұрыс боп шығады. Үшінші курс студенті Лёха Миронов: арамыздағы ең жас жеткіншектің «көзі қырағы, бәрін байқап қойды» деп білгір сөз айтты. Лёха үнемі мені ынталандыратын сөз табатын.

Қосының төбесі және терезелерінің мата мұқабасы бар тікбұрышты әскери шатырда жиналатынбыз, ас әзірлеп, ауқаттанатынбыз. Ішінде пеш те тұратын. Қалған шатырлар сол уақыт үшін сирек — оңған жасыл емес, ерекше синтетикалық матадан жасалған, сары әрі жаппалары бар. Кешке қарай әрқайсысының ішінде майшам жанып тұратын, олар нұрға малынып, бұл жерге тән емес ғажап бір түрге енуші еді. Менің Қарғының бойындағы жайымды оның суының байсал шуы, кештердегі Валяның гитарасының даусы (ол ылғи да бірнеше салтанатты аккордты қайталап теріп тарта беретін — шамасы, пысықтайтын болуы керек) көктей өтіп жататын.

Өзен жіңішке, жаз кезінде суы таяз, жүк көлігі жалпақ жерінен өтеді. Теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте. Өзеннің ар жағында тау жазығы биікке көтеріледі — бір сызық бойына, бірдей бұрышпен бағытталып, көлбеу тақта болып Цаган-Шибэтудің етегіне қарай бастайды. Жота сарғыш тартып, жұмсақ тері секілденіп, дөңгелене, өн бойы қатпарланып, әжімдене қарайды. Жақында мен Цаган-Шибэтудің дәл осы жиектегі тізбегі Буршбан-умун-саланы-нуру деген күрделі моңғол атауымен аталатынын білдім. Ал Цаган-Шибэту деген моңғолшадан аударғанда «ақ дуал» дегенді білдіреді.

Алғашқы күндердің бірінде-ақ мен осы көкке шаншылған дуалға шығып кетіп, шет-шегі жоқ әрі тым алыстағы тау тізбектерінен құралған қиырлар, кеңістік менмұндалаған биікте есеңгіреген қалпымда ұзақ тұрып қалыппын. Менің аяғымның астынан түу сонау көкжиекке дейін жайбарақат қана, ап-анық көрініп жүздеген шақырым жатты. Батыста Таулы Алтайдың оңтүстік-шығыс бөлігі, Чихачёв жотасы, түстікке қарай оңтүстік-батыста Моңғолияда Түрген-Уул және тағы бір төрт мың метрлік шың — әрдайым жансарайымның бір бөлігі болып тұратын ақ үштаған көз тартатын. Сосын, әрине, жап-жақын жерде батыс-солтүстік-батыста жарқыраған көрпенің астынан Мөңгүн-Тайга мұнарланады.

Жақынырақ тұрғанның бәрі шоқылардың бөлшектенген үштағандарына айналып, көбейетін. Әрқайсысында — қолапайсыз қайнаса біткен тас жымы сияқты жал бар. Оның арасынан қоңыр қозы секілдене қатып, бейне бір әлі де тас балқымасы құйылып жатқандай. Үштағандардың қатары көлеңкелермен, қырлармен кезектесіп, ортақ әуезбен, қатып қалған соқпа толқындай бір деммен тыныстап жатқандай... Бірақ бұл дүрбімен қарағанда осылай... Ал былайша — ондаған шақырым бел-белестер. Сары, қоңыр, алқызыл жайма және оның бетімен сырғыған бұлт көлеңкелерінің үздіксіз қозғалысы... Сол кезде — біздің табиғатымыз осындай болуға да тиіс боп көрінді, менің жазықтың үстінен қарап тұрған тұрысым бұдан да өткен көркіне көз тоймас қиырлардың бастауы секілденді. Ең орасан, әуелеген және теңбіл суреттер әлі алда екенін сездім.

Қазір Сібірдің көптеген тауын шарлап шықсам да, еш жерден бұған ұқсайтын ештеңе көргем жоқ деп айта аламын.

Көзінде Мөңгүннің отты жасыл жарқылы ойнап, жусанның жұпарын жұтып, ұсақ тау жыныстарының бойымен құлдилап, біресе рауғаштың қалыңдау сабағын, біресе тау жуасын жұла жүріп, Цаган-Шибэтудің беткейін бойлап төмен түстім. Лагерь қарапайым өмір сүріп жатты. Эдуард Леонидыч жүк артатын жәшікте мылтығын тазалап отырды. Ол шапшаң әрі іскер адамның қалпында менің қайда болғанымды, қайда бара жатқанымды неге айтпағанымды сұрады, содан соң мылтығын қоя тұрды да, көзіме қарады: «Осындай тағы бір қылығыңды көрейін — кері қайтасың. Мәскеуге».

Жер бетіндегі бірде-бір адамға дәл Эдуард Леонидович Седыхқа айтылғандай «шын берілген аңшы» деген сөз сай келмейтіндей еді. Оның жасы көп болса 35-те болатын. Қара көзді, ақшыл сары, жағы ұзыншақ, суалыңқы, келісті, қушық бет, аузын біркелкі жапқан мұрты, сақалы да кебір... Оның үстіне шымыр денелі, арықша, әдеттен тыс үлкен ойнап тұрған бұлшықеттері бар. Жалынды, саңғырап, шайыры шығып тұрған жаңқадай. Жұмыскер қала шетінде туған. Ит бағатын, стендке барып тұратын, Мәскеудің аңшыларының қазанында қайнап өскен. Карачаровта тұрды, иттерінің аты Кара мен Чара болатын. Қызба иттер деген сөзді алғаш рет осы кісіден естідім. Эдик деген — осы. Егер адамның биік мәртебесін түсірмей, иттермен адамның бейнесін салыстырса, Эдик аңшы итті еске түсірер еді.

Ол Туваға дейін Оралда, Вишерде жұмыс істеген және ылғи да оларды моторлы ағаш-қайықпен тасып жүретін Май Ата туралы, бір күні Майдың қалайша аударылып, экспедиция жүгін төңкеріп тастағанын айтып жүретін. «Май аударылған» деген тіркесті Эдуард Леонидович жиі қайталаушы еді және онысы Майдың тәжірибелілігі мен білікті де мықты жанның кешкен ауыртпашылығын сездірген айрықша қайғылы жағдайды одан сайын айқындай түскендей.

Институт обаның ошақтарымен айналысты. Ол бүргелерде болатын, ал оны тасымалдайтындар — суырлар мен шақылдақтар, әсіресе, біз зерттеген моңғол шақылдағы. Шақылдақтар індерінде үйірлерімен өмір сүретін. Мен Валяның бас жағына түсіп, шоқының қырына отырған күйде қарама-қарсы беттегі жартастағы шақылдақтар үйірін бақылауға тиіс болатынмын. Жазда екі рет күшіктейтін тұқым жалғастыруға байланысты барлық жайтқа ерекше назар аудардым. Екінші толқын көзін ашқанда алғашқы туған күшіктер оларға орын босатқандай үйірден жоғалып кететініне мән бердім. Осы байқағанымды мен Валяға айттым, ол мені тексеріп, шақылдақтанушылар қатарына қосу үшін осы жаңалықты күтіп тұрғандай ыстық бір қарымта қимылмен: «Дұрыс!» — деп саңқ етті.

Валя мығым, көк көзді, келісті. Оңған энцефалиттік костюм кигендегі кейпі солдатқа ұқсайды. Қырынған қалпымен, домалақ басымен... Валяны бәрі жақсы көретін. Оның өз мұңы да бар болатын. «Міне, бір жылдан кейін оқуды бітірем... Сосын не болмақ... Бүтін белгісіздік...» — деп ойлана айтушы еді. Бірақ белгісіздіктен қорықпай, тас шоқылардың арасына бүгінгі келісін бағалай айтатын. Құдды бір өзінің жиырма жасында уақыт ағымын айрықша өткір сезінгендей бір мұң даусында қабыздап тұратын. Шымыр денелі, мығым ол опынды: «Шіркін-ай, күшім қандай еді... Күшім қандай...» — бұл қайдағы бір 9-сынып жайлы. Жай, мәнерлеп сөйлеген. «Жас жанарлар» туралы айтқандағы Лёханікіндей оның да даусында өтіп бара жатқан өмірдің бозбала сезімінің сазы естілетін.

Көп ұзамай, жолдасын ертіп Крюков келді де, Эдуард Леонидыч бұлармен бір күн қыдырыстап қайтты. Сол жолы ма екен, әлде, басқа жолы ма, қой әкелген-ді. Қалай пісіргендері есімде емес — қанды шұжық есімде қалыпты. Және жіліктеп жатқан кездегі Лёханың бір саптаяқ қан құйып алып, пайдалы нәрсе дегендей жұрт көзінше тартып жібергені. Оттың жанында отырғанда Крюковтің жолдасы көліктері аударылып қалғанын айтты. Мен, неге екенін, «Рас па?» деппін. Ол «неге қайталап сұрайсың, сенбейсің бе?» дегендей дүңк етті. Содан бері мәнсіз сұрақтар қоймауға тырысам.

Крюков аузын ашса жүрегі көрінетін жан еді. Орта бойлы, жасөспірім сияқты арық, жаттығуға арналған қайырылған шалбары баланікіндей дерлік, балтырларын жалаңаштап тұратын. Мысалға, Енисейде салдың үстінде шоңғал тастың тұсында, қай жерде екенін со беті білмей кеттім, (Хутинскіде ме екен) аударылып түскенін жиі әрі қызу әңгіме ететін. Аралға жүзіп шығып, малта тастардың үстінде ұзағынан жатқанын да. Жоғары жағында құдды пірадар тұратын ағаш үй орналасқан алаңқайы бар өзеннің ортасындағы жартас туралы да. Крюков пен Эдик екі жарылып, дау үстінде ұстасып қалды, Эдик: «Жоқ, ұсақталып кетіпсің-ау! Саған айтам: ұсақталып кеттің» деп бастырмалата берді. Крюковтің Санька дейтін ұлы бар-ды, екеуміз екі жылдай хат жазысып тұрдық. Ортақ әңгімеміз азая берді, хат алмасуымыз сирей түсті, көбінесе міндет көріп; ақыры, тіптен тыйылды.

Эдуард Леонидыч «Иммануилді ұстап алдым» деп бәрін күлкіге батырған бір еркек туралы аңыз деуге келетін әңгімені айтып отырған — ол сабаншы ұстап алыпты. Мен сабаншы туралы естуін естігем, бірақ мүлде кезіктірмеппін. Бірде, шоқының қырында отырып, қарама-қарсы беттегі еңістен көзінің маңайын да қара жолағы бар тығыз денелі мысық тұқымдасын көрдім. Ол сұмдық маңызды түрмен көлбеу бойымен түсіп бара жатты, осы бір маңыздылық пен ұмтылыс — оның өз мекеніндегі еркіндігі сонша, мені көзге де ілмеуі мүмкін екенінен хабар беріп тұрғандай. Аз уақыт мен оны дүрбімен бақыладым.

Керемет жарқын әсерге бөлендім, сол жазда ол тағы да көптеген баға жетпес кездесулермен толықты: мысалы, Қарғының Моңғолияға таяу алқабынан сағызқарағай орманындағы қара дегелек ұясына кез болдым. Онда жетіліп қалған балапандар жатыр еді. Бұл жерде құстың түр-түрі бар-ды — ең ғажаптары да: әр түрлі тасшыбжықтар, шұбар ала тас сайрақтары (көк аралас ашық жирен), мен со беті көрмей кеткен ұлар құстар, жыртылып-айырылатын бәбісек. Сосын әрине жыртқыштар — біз ОАЖ-лар деп атайтын орталық азиялық жамансарылар және біз ерекше құрметтейтін ителгілер мен бүркіттер. Құстың тірліктері менен талап етілмесе де, мен қанаттыларды қуана-қуана зерттеп, таныдым.

Осылайша мен сағызқарағайлардың, жіңішке, сылдырлаған ақық өзеннің жағасындағы құбатал жамылғысының астында тұрып жаттым. Бос уақытымда төңіректі шарлап қайтатынмын. Шегіртке мен шыбынға балық ауладым. Ал таңмен қаланың қирандыларын еске түсіретін ойыншық секілді тас шоқылардың арасымен сай бойлап жүрдім, — олардың мүжілген тастары соншалық ұқыптылықпен қаланғандай көрінетін. Күллі жерде жусанның ащы да жұпар исі аңқып тұрды, жусан шашақтары мен сабақтарынан алтын бояу шашыраған қараған бұталар өсіп тұр...

Далалық Сібірде — барлық жердегідей қаптаған көкқасқа шегіртке. Мен басында мына жуан, төзімді шегіртке астықты жоятын және аспанда қара бұлттай қаптаған көкқасқа шегірткенің нақ өзі екенін түсінбедім. Бұжыр сұр ұрғашылары тікұшақтың сатырлағанындай дыбысымен ұшады, олардың артқы қанаттары желпуіш құсап, алқызыл не көк буалдырмен түрленеді. Міне, ол шырылдап, сирек өскен далалық қылтан-шөпке соғылып, ауаға сіңіп жоғалды, сен болсаң, ол қайтадан шырылдай ұшып, даладағы бір шөпке соғылғанша, қаңғып, іздеп, аңдисың.

Міне, енді мен көздеген еңісіме келе жатып, шақылдақтарды сағаттап бақыладым, оларды санадым, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жазып алдым, үйірлерінің карталарын сыздым... Өзім де күнге қақталып, шынығып алдым... Өн бойымнан қалаға, астанаға тән, кірпияз дүниелер буланып ұшып жатты. Енді рухымның тіні қарағаш діңіндей берік бола бастады.

Ал кештерде жағуға қиын түсетін сағызқарағайдың бүртік бұтақтарын сатырлатып от жақтым. Валяның гитарасынан теріп тартқан әуендер шалқыды, Қарғы шулады, майшамдары жарқыраған сары шатырлар мөлдір балауыздан жасалған қанатты шамдарға ұқсап тұрды. Сайдан үкінің даусы жаңғырып естілді. Ал Валя: «Тасты өзенде тастар соғылады» деп әндетіп отырды. Ән: «Маған созған қолдарыңмен, тасты өлкені мекендеп, тасқа өзім де айналармын, тағзым етсең екен деп» деген жолдармен аяқталды. «Не деген нәзік, сұлу еді!» — деді Валя жәй ғана. Жұмсақтық пен шешімталдықтың үйлесімі оның жалғыздық күйзелткен жанын тебірентті, өз толқыныстарымен бөлісе отырып, ол сөзге де, әнге де ой жіберуді, барлық жерден адамның тереңдігін көруді үйретті. Бәлкім, Валя болмағанда, мен мына шын поэтикалық тармақтарға ешқашан назар аудармас едім...

Әрине, мен осынау дала мен таудың ғажайып дүниесінде жүріп, өз арманым — тайганы аңсап тұруды ұмытпайтынмын. Міне енді мені жұмыс бабымен Цаган-Шибэту жотасындағы Барлық өзеніне жіберетін болды. Жота жылтыраған қырларымен, әжімдерімен, қатпарларымен Қарғыға қарап тұр, ал мына алдыңғы дөңгеленген қатарды (Буршбан-умун-саланы-нуру) төңкеріп жіберсең, ары қарай өткір қызғылт шыңдар менмұндалап, асқақтайды, ішіндегі біреуі маған айрықша ұнайтын — ұзын, тәжге ұқсайтын тау. Біз оны Тәж деп атайтынбыз да.

Шаруа жайымен бе, қызығушылықпен бе, есімде емес, Барлықтың ар жағында атқан алқызыл шыңдар, Урэг-Нур көлі мен оның үстінен мұнартқан ұшбұрышты шыңы бар Моңғолия көрініп тұратын, сүйікті жеріме айналған Цаган-Шибэту жотасының маңдай тұсында тұрдым. Тізесін сәл бүгіп, өзінің көз шағылыстырар көрпесін жамылып ұйықтап жатқан Мөңгүн-Тайга да көрінеді. Осы сәттерде менен төмен сексен метрдей ғана жерден, мен басқа да құстар мен аңдар секілді суретінен ғана білетін ең көрнекті тау жыртқыштарының бірі сақалтай (қозықұмай) еркін қалықтап ұшып өтті... Түрлі түсті, төбесі қара, төсі жирен және көзінен тұмсығына қарай тартылған қара жолағы бар. Тіпті жолағына дейін есімде... Оның ауа ағынында тербеліп, желпуіш қанаттарының дірілдегеніне дейін де. Ол мені көрген жоқ. Мен таудың бір бөлшегіне айналып, құпия түрде бақылап тұрдым.

Сосын мен Барлық жаққа ауысып, аласа қайың шоғыры қаулап өскен таулы тундраның еңісінен бір-ақ шықтым. Аласа қайыңдарда отқа жағуға өте жақсы, ілмектенген құрғақ қабық та кездесетін. Қоңырқай, бүртік қабықтар, тиіп кетсең, шоғырлана серпіліп, дір ете қалатын. Мен иыққабымда сым тұтқасы бар бұршақтан қалған ысталған банканы алып жүрдім. Көз қарықтырар қиыршық қарды соған толтырып салдым — олар жаз ортасында жота беткейлерінің ойыстарында теңбілденіп жататын. Бәрі қолымда екеніне қуанып, ақ бетіне күйе жағып, қарды күреп алдым. Ыстық әрі көзге көрінбес от жағып, тау суын қайнаттым. Менің шәйнегім күміс бумен сақырлады...

Күміс бауырын жарқыратып ақ мамық бұлт нәзік қана таяғанда, мен жамбастап жатып шай сімірдім. Құрғақ қиыршық қар жауды, таулы аспан күркірей тіл қатты, бақыт нұры өн бойыма тегіс тарады. Бәрі өздігінен болып жатты. Тауларға да, өз жаныңа да ештеңе түсіндіріп қажеті жоқ еді. Ол бәрін білетін. Егер мен қазір тура сол жерде болып, осындай қар жауса, онда мен таулы тундраға тіземді матырар едім және шәй банкасының күйесін бетіме жағып, көзім жасқа толып, Тәңіріге оның шексіз мейірімін тілеп сыйынар едім...

Барлық біз әр түрлі жолдармен асып жүрген шатқалды бойлай Цаган-Шибэту жотасынан басталатын. Жәй ғана жаяу, атпен, тіпті, көлікпен айналма жолмен Барлықты сонау бастауынан дерлік қаусырып. Тау биігінде даланың аңызақ желі еспейді, ауа таза болды, аңғар жиектері мен асуларды бойлаған шағын тоғайлар жапжасыл болып тұрды. Барлық көп жерлерінде тастардың астымен ағатын, аңғардың бір тұсында арқарлардың мүйізі қатып қалған мұз жатыр. Біз бұл мұзды алаңды арқарлардың қорымы деп атап кеттік. Мұздықтан төмен шалшық су да бар екен. Лёха екеуміз шалшыққа таяп келіп, бетінде жүрген үйректерді көрдікке түсіріп алайын, сосын ата бер» дегендей бәйек болып, өтіндім. Лёха келіскен сыңаймен рұқсат берді. Мен үйректерге тұра ұмтылып, үркітіп жібердім. Өзімнің ұялғаным мен Лёханың мейірімі әлі есімде: ол ләм деп үндемеді.

Бір күні мен атпен Барлық бойлап келе жатып, тувалықты жолықтырдым — от жағылып тұр, ат жайылып жүр. Ол оттың жанында отыр, қасында ТОЗ-8 бен ауланған тарбаған (моңғол суыры) жатыр. «Суырдың етін жейміз бе?» — деп сұрады тувалық өз сөйлеу мәнерімен. Сосын «пышыру керек» дегендей... Мен оның түскі асына ортақтасуға ұялдым да, ары қарай жүре бердім.

Біз алғашында Барлыққа айналма жолмен ГАЗ-66-мен келгенбіз. Қой қорада — ағаштан қиылған алты бұрышты жайда түнедік. Таңертең мен тауқарғалардың азан-қазан қарқылынан оянып кеттім. Тауқарғалар, әлде, әлем-жәлем мұздықтарды тоқылдатты ма, әлде, ызыңдаған баған сымдарына қонды ма. Әлде, бір мұз сүңгісі сым бойымен сырғып, ал сым болса, көктен тартылды ма екен. Тауқарғаның тұмсығы жіңішке, хирургиялық ине сияқты иілген және қанқызыл... Қарқылы да ащы, жарықшақ, созылыңқы... Осы бір қарқыл да, тау ауасының тазалығы да айтып жеткізгісіз. Тек ине ғана жаныңды түйреп өтеді.

Жұмыс бабымен біз Барлықты бойлай бірнеше шақырымға төмен түстік, және бұл мереке болды: өзен бойын құлдап Цаган-Шибэтуге неғұрлым бойлай енген сайын, беткейлерді сағызқарағай орманы соғұрлым тығыз көмкере түсті. Мөлдір әрі сиректеу сағызқарағай түстікке қарай ғана өсетін. Лёха екеуміз сағызқарағайлардың арасында шатырымызды тіккен Куве-Даба сайы да болған... Мұнда тайганың шайырының исі аңқып тұрған, боршатышқандар, қара тиіндер жүрді, ал орманның биік бір тұсында бүркіттің алып ұясын таптым да, неге екенін, самырсынның басына салынғандай есіме сақтап қалыппын.

Мен бірде Барлық бойымен келе жатып, жартастағы шағын алаңқайға тап болдым. Оған өрмелеп мініп, кішкентай үңгірді және оның алдында жатқан еліктің аяғын көрдім. Үңгірге қарай жылжи бергенім сол-ақ еді, тұмсығын шақылдатып, үлкен сары көздерінен ұшқын шашып, дәу үкі атып шықты. Заматта ол жай ғана жарыққа қарай жалт беріп, арғы жақтағы көлеңкеге айналып, ғайып болды. Барлықтың құпиясы одан сайын қалыңдай түсті, ары қарай Цаган-Шибэтуге, түстікке қарай әр шақырым сайын орманы қоюлана беретін, сайлар бірінен кейін бірі құшақ аша түсетін, ондағы сағызқарағай орманы алжасыл түске мөлдірей оранған мекенге кетіп қалғым келді. Жыралардың бірін бойлай Хемчичрейлык аталатын бұлақтың ағып жатқаны да есімде.

Ірі ошағы Монғолияның терістігінде орналасқан обаның қаупі менен алыс, оқшау және біз бақылап жүрген жан-жануарға қатысы жоқ еді — шақылдақтарға да, саршұнақтарға да, тарбағандарға да өздігімнен қызықтым. Бірақ «бубон обасы» деген сөздер ойнайтындай емес-ті, сондықтан да, алдымызда ауыр міндет тұрды: саршұнақтар мен шақылдақтарға удың әсерін тексеру. Сол үшін де адам тұрмайтын Барлық керек болды. Өлексе жегіш жыртқыштардың, басқа да тіршілік иелерінің бойында жиналып, оларға қауіп төндірмейтін улар қажет еді. Ешкім онша талқыға сала қойған жоқ: онсыз да бәрі түсінікті еді. Валя екеуміз зерттеген саршұнақтардың да, шақылдақтардың да халі аянышты еді, бірақ обаның аты — оба. Атаулары — ратиндан, дефинацин, севин — және оларды адамның тектеріне балап, келекеге айналдырғанымыз есімде. «Жолдас Дефиноцин, сізге қасық керек емес пе?»

Белбеуіме қаңылтыр цилиндр тағып ап Барлық бойымен келе жаттым. Цилиндрде у араласқан майлы сұлы. Оны үлкен қасықпен індерге тастаймын. Сосын Барлыққа қайтып келіп, аспанға қарау керек: егер онда кезқұйрықтар, бүркіттер, тазқаралар айналсоқтап ұшып жүрсе — у әсер етті деген сөз.

Тазқаралар айналып ұша бастады.

Асуда еңлікгүлдер алаңқай боп өсіп тұрған — өзінің әсерлі атауымен салыстырғанда тым қарапайым шағын ақшыл жұлдыздар. Бірде еңлікгүл алаңқайынан Барлыққа қарай түсіп келе жатып, Барлықтың ар жағындағы қарама-қарсы беткейден қашып бара жатқан түлкіні көрдім. Ол Барлықты кесіп өтті де, маған қарсы қозғалды. Мен сақтықпен жерден құрғақ таяқ алдым. Түлкі жүгіріп келіп, аузын арандай ашып, тұра ұмтылды. Таяғым болмағанда құритын едім — түлкі құтырған боп шықты.

Біз Моңғолиядан он шақырымдай жерде тұрдық. Шекарашыларды ұшырата қоймадық. Бір оқиға болған-ды: алқызыл таулардың арасымен Барлық шыңымен ешқандай сымсыз бірнеше аласа бағаналармен белгіленген сонау шекараға дейін тақап келдік. Бізден жоғарыда жасырын орында отырған шекарашыны байқадық — тау жалынан қылтиып тұрған дөңгелек фуражкасының үлкендігі және оның жасырын орында жұрттың бәріне көрініп отырғаны, неге екенін, бәріміздің миығымызға күлкі үйірген.

Бірде біздің лагерьдің үстімен Моңғолиядан келе жатқан түйелердің тұтас келесі өтті. Ежелгі дәуірлердің елесіндей — жанымыздан, арамыздан, шатырдың кергілерін сирақтарымен ішекше, дұрысын айтқанда, арқанша қозғай, тербеле, құдды бір иілген мойындары тәннен бөлек, жүріске әрең ілесіп келе жатқандай ырғалып келе жатты. Олардың қыстан кейін өркештері салбырап, жүн қатпарларына ұйысып тұрды, көздері айрықша үлкен, бұлтиған бұтақ сияқты дөңес, қою боп көрінді. Артынша оларды іздеп моңғолдар келді. Баптылығымен, ұқыптылығымен таң қалдырды. Тувалықтар қашан көрсең бейнетке тән сұр, қара, майсіңді бірдеңе киіп жүретін. Пиджак, фуфайка киіп. Ап-арық, алба-жұлба. Моңғолдар болса, алқызылдана құлпырған халатпен, былғары етікпен келді. Өздері қырық жас шамасында, қапсағай, жалпақ бет, бапты. Тіпті, тотыққан реңдері де өзгеше — біркелкі, затты көрінді. Аттары да кішкене, майлы және ағының үстінен қара дақтары бар ала екен.

Эдуард Леонидыч оларды шатыр ас үйге шақырды, нан турап, үстелге құмшекер салынған эмальданған үлкен тегешті қойды, оған екі ас қасығын тығып қойды. Моңғолдар шәй ішті және құдды бір рәсім атқарғандай нанға қантты молынан әрі өте баяу септі. Олар кеткен соң Эдуард Леонидыч қанттың олар үшін жеңсік дәм екенін айтты.

Көп ұзамай, біздің лагерьдің үстімен үлкен торы ат мінген екі шекарашы өтті — біреуінің белінде радиостанция, бұлғаңдаған солқылдақ антеннасы бар шаршы блок — антенна бейне бір таспиықтың ұсақ тастарынан жиналғандай. Аттар да, офицерлер де моңғолдардың жанында алып әрі ескерткіш сияқты еңселі көрінді. Мен оларға төменнен жоғары қарадым.

Бір күні менің ас үйдегі кезекшілігімнің кезінде бір көлікті толтырған обаға қарсы топ сау ете қалды. Ас үй мен асхана пеші бар үлкен әскери шатырдың ішінде болды. Эдуард Леонидыч өзінің әдетте обаға қарсы жолдастарымен отырыстарында бой көтеретін салдырлаған күйіне түсті. Менімен тілдескендегі көңіл-күйінің өзгерісінен мен бұл күйді жақсы аңғаратынмын. Ол менен оқшауланып, қатал бастықтың кейпіне енетін, бәлкім, менің әлі бозөкпе екендігімнен ұялған болар.

Міне осы тұста ол шатырға кіре бере: «Ие, Михайло, ас үйіңнің бытқырауын-ай... Бытқырауын...» деді. Қонақтардың ішінде орнитолог, бурят Юрий Дашеевич те болды. Салмақты, сырбаз және ұқыпты киінген адам. Көкшіл түсті, жауырынында үстеме қабаты бар сирек кездесетін берік күләпаралы күрте киген. Басында, неге екенін, орта азиялық қалпақ — киізден, ақ, қара жиекті және қағаз кемеге ұқсайтын — дәл сондай екі жағы қысыңқы. Мен көрген сақалтайым туралы айттым, бірақ Юрий Дашеевич мені тойтарып тастады: «Мен ауланған құсты қолыма ұстамайынша, ештеңе деп нақты айта алмаймын». Дәлел үшін осындай сұлу дүниеге қиянат жасау маған қожайынға тән дүние емес боп көрінген. Егер оған сенуге болмайтын болса, онда орнитологтың қажеті қанша.

Мұндай тәлім менің тувалық болмысыма кір келтіре қойған жоқ, оның үстіне оны Эдуард Леонидычтың өзі қуаттады. Валя менің жұмысқа қабілеттілігімді мақтаған кезде Эдуард Леонидыч мейірленіп, күлген дауыспен «Мишка осал болмады» дегендей қылды да: «Әйтпесе, ол да басында... өзінше бірдеңе істемек боп...» деп қосып қойды. Нақты немене «істемек болғанымның» артын жұтып қойды, «бағамды түсірем» деп іліп өтті. Бәлкім, ол менің Цаган-Шибэтуге заңсыз шығып кеткенімді меңзеген болар.

Есімде қалғандай, обаға қарсы топ Мұғұрдың төңірегінде ұзақтау аялдады. Бізге «Обухов жасағы», «Феоктистов жасағы», «Равданикас жасағы» дегендер көңіл дуалайтындай естілетін. Обуховтың жасағына біз қонаққа барған ек. Кешқұрым шақ еді, алау жағылған... Жас үркіттік студенттер. Бір жұп айрықша есімде қалды — қыз және бет-әлпеті аумақты біткен, ақ денесі болбырлау, сол уақыттағы эстрада мәнерімен сән қойғандай жалбыраған ұзын шашты жігіт. Ол ажары алаумен алабұртып гитарамен отырды. Қызды осы уақытқа дейін жадыма жақсы сақтаппын — үлкен түсіңкі көзі мен дөңестеу қабағын. Кішкене жүзді, екі беті де томпиған, алмадай дөңгелек. Шатырдан кешкі серуенге шығу үшін ептеп боянған — қасы-кірпігінде көкшіл бояу бар. Шашы жайнай төгілген, қызғылт қоңыр түсті, иығы мен кеудесіне сақиналар таққан. Біреу бұлар жақында үйленеді деп сыбырлаған.

Ол сол қалпы жігітінің қасында отыра берді. Төменшік көзқарас, қимылсыз болар-болмас жымиыс. Мен қазірдің өзінде жайбарақат тыңдай алмай, байқатпай келіп жон арқамды түршіктіре осатындай, сол дәуірдің рухы мен албырт тағдырлардың үнін соншалықты нәзік жеткізген жалғыз-ақ ән шырқады.

Мақпал түнге телміреді

Шоқы кезген марал ұдай.

Неге өзгенің жақтың отын,

Айтшы, неге, қарағым-ай?..

Ол ән салды, алау қыздың көкшілденген қабағында ойнап тұрды, және сол бір алауда осы күнге дейін Эдуара Леонидычтен сұранып, Цаган-Шибэтудің қақ маңдайына өрмелеп шығып, күллі Сібірге: «Қайдасыңдар қазір, достар?» деп айқай салғың келетін үміт, сондай бір келешек күннің сезімі бар еді.