Юрий Гагарин
(кітаптан үзінді)
Гагарин және жасырын баспалдақ
Томскіге депортациядан аман-есен құтылған Юрий Гагарин 1955 жылы 27 қазанда Саратов қаласының Октябрь аудандық әскери комиссариаты тарапынан Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, К. Е. Ворошилов атындағы бірінші Чкалов әскери-авиациялық ұшқыштар училищесіне оқуға жіберілді. Йағни, ол оқуға түскен болып тұр ғой, әлде 21 жастағы жас жігітті техникум бітіре салысымен әскерге әкетті ме екен? Керісінше, емтихансыз болса да ол арнайы оқуға түсті және ол өзі бастама көтеріп, офицер ретінде қызмет етуді қалады, ол әскери қызметті өткеретін жерді өзі таңдай алды; негізінде, училищедегі оқу әскери қызметті өткерумен теңестірілді. Солай бола тұра, ол Саратов аэроклубында ұшқыш атанған болса, неге екінші рет ұшқыштың оқуына барды? Аэроклубтарда әуесқой ұшқыштарды дайындаса, кәсіби ұшқыштарды училищеде оқытатын.
Шатасу мұнымен аяқталмайды: Гагарин Чкалов училищесіне түсіп, Орынборды бітірді. Қалайша? Мұның себебі мынадай: 1938 жылдан 1957 жылға дейін Орынбор қаласы ұшқыш Чкаловтың есімімен аталған, содан кейін беймәлім себептермен (мүмкін, біреуге қаланы онда ешқашан болмаған адамның атымен атау тым түсініксіздеу көрінген болар) қайта аталды; тиісінше, училищенің де атын өзгерту керек болды.
Орынбор ұшқыштар училищесін екі жүзден астам білікті ұшқыштар, Кеңес Одағының Батырлары бітіреді, олардың арасында Чкалов (училище Серпуховта болған кезде; Подмосковьеге қарағанда Орынборда күн шуағы молырақ болғандықтан, оны Серпуховтан мұнда ауыстырды, өйткені, күн ұшқыштар үшін өте маңызды), Бахчиванджи, Полбин, Грицевец, Юмашевтар бар еді, бұл — көк аспанның романтикасына ұмтылған әр жас жігіттің арманы бола алатын кеңестік офицерлік оқу орны және Виктор Пелевиннің «Омон Ра» хикаятында жазылғандай, курсанттардың аяқтарын мәжбүрлеп кесетін Маресьев атындағы Зарайск Қызыл Тулы училищесінің прототипі болатын.
«Біз келген әскери училищенің ғимараты Жайықтың биік жағасында орналасқан еді, пейзажбен үйлесіп, шексіз кеңістікке ұласып жататын». Революцияға дейін монументалды құрылымда әсем қасбеті бар (кіреберісте орналасқан субұрқақ та ғажап!) кадет корпусы ерекше әсер қалдыратын. Осы архитектуралық құрылымға сүйсіне қарап, Гагариннің екі жыл бойы манеж бен қаланың ең керемет салондарының арасында қатынаған тамаша гвардиялық прапорщик ретінде өмір сүргенін елестету еш қиын емес.
Шындығында, қалада жылқылардан гөрі түйелер көп болды, би алаңдары сән-салтанатты салондардың орнына жайғасты, ал курсанттар училищенің ғимаратында көп уақыт болмайтын. Советская көшесіндегі 48-ші үй тек әскери өмірдің өзгелер біле бермейтін бергі жағы ғана болатын; курсанттар оқу уақытының көп бөлігін гарнизонда және ұшу лагерьлерінде өткізетін, ондағы жағдай тым жұпыны еді (мәселен, Гагариннің командирлерінің бірі «Юрий Алексеевич Гагарин тәрбиеленген бөлімше ұжымы өмір сүрген және жұмыс істеген күндер мен жағдайларды еске түсіруге» тырысып, өзінің естелігінде құжынаған шыбындардың көптігіне, тіпті, лагерьді тексеруге келген генералдың табағына түскен жәндікті бірнеше үлкен абзацтар арқылы суреттейді: «Біздің асхана үлкен көң үйіндісінің жанында орналасқандықтан, шыбындар бізге көз аштырмайтын. Фельдшер М. Павлюк тыным таппай, шыбындармен түбегейлі күрес жүргізетін, ол түнде үстелдерге шыбынның уын шашатын да, даяшылар үстелдерден шыбынның үйінділерін сыпырып алатын, ал кешке қарай асхана іші қайта толып, құжынаған шыбыннан көрінбей кететін».
1955 жылдың қазанынан 1956 жылдың 8 қаңтарына дейін (ант қабылдаған күн) Гагарин жас жауынгер курсынан өтеді — бұл оның сарбаз ретінде қызметке кіріскенін білдіреді: ол саптық дайындықтың негіздерімен танысып, атуды үйреніп, әскер дағдыларын игеріп, жарғыны жаттауы керек еді — бір сөзбен айтқанда, әскерге жаңа келгендерді әбден «жонып», жауынгерлік өмірдің дәмін татуға мүмкіндік береді. Оқырманға осы айлар туралы көбірек түсінік беру үшін біз белгілі екі дереккөзді келтіре кетейік.
Біріншісі — Гагарин мен оның үзеңгілесінің саратовтық авианұсқаушысына жазған хаты: «Толян екеумізде бәрі жақсы. Оқу жаман емес. Біз бір сынып бөлімшесінде оқимыз, бір-бірімізден бірнеше төсек қашықтықта жатамыз. Еркін серуенге әлі шыққан жоқпыз. Әзірге ант қабылдамадық, бірақ жақын арада қабылдайтын сияқтымыз. Күнде оқумен айналысамыз. Мұндағы оқытушылар жақсы, бірақ қатал, командирлер де сондай. Біз сабақта Зауралье тоғайына барамыз. Мұнда аяз тым жиі болады. Бүгін, мысалы — 29 градус аяз. Оған қоса, қатты жел соғады. Бірақ үйреніп қалдық. Біз сарбаздық өмірге де үйреніп келеміз. Бұл біз үшін сондай қиын емес. <...> Біздің тілімізде, рөлге жиі тұруға, йағни, еден жууға тура келеді. <...> Бос уақытты жақсы өткіземіз. Клубта аптасына екі рет кино көреміз. Сонымен бірге, апта сайын клубта би болады. Биде қалалық қыздар көп. Толян екеуміз әбден билейміз...». Таңқаларлығы, би алаңы училищенің аумағында болатын, ал қыздар курсанттармен танысуға өздері келетін, тіпті, қызметтен сұранудың да қажеті жоқ еді.
Екінші — А. Дихтярьдің анекдоты:
«1955 жылы қазанда Гагарин ұшу мектебінің 1 курсына қабылданды. Жас капитан күлімсіреп, қалай болса солай киінген жас жігіттердің қатарын көзбен шолып шықты.
— Сендер өздеріңді курсантпыз деп ойлайсыңдар ма? Қателесесіңдер! Курсант — адам, ал сендер ше?.. Тіпті, адам тәрізді де емессіңдер. Сендердегі азаматтық шаң-тозаңды қағып алып, содан кейін тоқетерін айтамыз — кімнің ұшатынын, ал кімнің төртаяқтап жүретінін білетін боласыңдар. Қысқасын айтқанда, сабалақ басты қарақтарым, кезекке тұрып, шаштаааа-раз-ға тартыңдар!
Гагаринмен аттас Юрий Дергунов қастерлеп өсірген бұйра шашынан бірінші болып айырылды. Бір-екі минуттан кейін Дергунов айнадағы өзінің адам танымастай бейнесіне зерттей қарады. Сосын әндете жөнелді:
— Таңқаларлық сұрақ, шын:
Неліктен мен шашсыз қалдым?
— Әрбір диверсант білсін
алды екенімді курсанттардың! —
деп, сол сәтінде бірден жалғап әкеткен Гагарин жолдасының тап-тақыр басын алақанымен сипады».
Содан кейін, ант қабылдаған соң, тақырбас сарбаз маман курсантқа және тиісті құрылымның (экипаж, буын, эскадрилья) элементіне айналады; ұшу теориясы, тарихы мен тактикасын оқу басталады (Кеңес Қарулы Күштерінің ғана емес, сонымен бірге болжалды жаулар — АҚШ, Ұлыбритания, Франция армияларының тактикасы), радиохабар алмасу оқылады (күн сайын Морзе әліппесін қабылдауға және беруге арналған 30-минуттық жаттығу). Курсанттарға шетелдік әскери ұшақтардың маркаларын кескіндерінен тану өнері үйретілді —маркалар ғана емес, сонымен қатар «тактикалық-техникалық деректері, әлсіз және күшті тұстары, осындай ұшақтар орналасқан авиабазалар, осы авиабазалардағы әуе қорғанысы құралдары және т. б.». Содан кейін нақты ұшу дайындығы басталды — газ динамикасының негіздері, ұшақтың материалдық бөлігі, қозғалтқыштың құрылысы, ұшу, қону, тасымалдау ұшулары, әкету ұшулары, бақылау ұшулары, маршрут бойынша ұшулар, сапта ұшулар, жоғары пилотаж; нәтижелер, барлығы ұшу кітапшасына енгізілді және осы мәліметтер негізінде белгілі бір сыныптағы әскери ұшқыш атағы берілді.
Мектепті, қолөнер мектебін және техникумды үздік бітірген, көпті көрген «ақсақалдар» сияқты қомақты тәжірибесі бар, курстастарының беделіне ие, ересек болып қалған 21 жастағы Гагаринді взвод командирінің көмекшісі етіп, сержант шенін береді. Бастықтар Гагариннің өмірбаянын жоғары бағалап, оны әу бастан-ақ болашақ командир ретінде қабылдады. Ол өзінің экипажында аға маман болады (сегіз адамның ішінде). Алайда, басшылардың оған деген жылы көзқарасы бір уақытта оның өзіне қарсы «ойнап», зиянын тигізе жаздаған тұстары да бар екен.
Гагарин өзінің училищелік өмірінің екінші жылын Орынбордың өзінде емес, Меновой двор станциясынан 9 шақырымдағы, облыс орталығынан 18 шақырым жердегі Ветелка разъезіндегі гарнизонда өткізеді. Ол мұнда 1956 жылдың қазан айының соңында келді. Бұл курсанттар да, мерзімді сарбаздар да қызмет еткен оқу-жаттығу полкі болды. Қыста казармада тұрды (екі қабатты ғимарат; бірінші қабатта — екі деңгейлі төсектері бар сарбаздар казармасы, екіншісінде — бір деңгейлі төсектер мен курсанттар жатақханасы; қысы қарлы, ал қардың көп болғаны соншалықты, курсанттар екінші қабаттың терезесінен сырғанап түсетін), жазда үлкен алты орындық шатырлары бар лагерьде тұратын.
Оқудың бірінші жылында курсанттар Гагарин Саратов аэроклубында танысқан Як-18 ұшағын (дегенмен, модификацияланған, артқы дөңгелегіне емес, алдыңғы дөңгелегіне қонады, тиісінше бойы аласа ұшқышқа қону кезіндегі қозғалысты бақылау оңайырақ болды, ал ұшақ жоғарыға шапшымайды) меңгерсе, екінші жылы МиГ-15 реактивті ұшағын үйренді: ол жылдамырақ, жеңілірек, епті және теориялық тұрғыдан басқаруға да қолайлы. МиГ-тер жоғары пилотаж фигураларын орындауға жақсы келетін, бірақ бұл су жаңа техника болғандықтан, оны игерудің тәуекелі де аз емес еді. Тағдыр тәлкегімен дәл осындай МиГ-те 11 жылдан кейін Гагарин қаза табады; 1960 жылдар үшін бұл ерекше жағдай, төтенше оқиға болды. Алайда, Миг-15-те әлі де шешілмеген құрылымдық ақаулар көп болды (атап айтқанда, ол штопорға тым оңай кіріп кететін — йағни, ол бойлық ось айналасында бір мезгілде төмендей отырып, айнала бастайтын және одан шығуы да аса қиынға соғатын) және сол кездері МиГ-те қайтыс болған ұшқыштардың мәйіттері салынған сөмкелерге құятын «Шипр» одеколонының иісі сонау 1950 жылдардағы көптеген ұшқыштардың есінде қалды.
Гагариннің оқытушысы Акбулатовтың егжей-тегжейлі және шым-шытырық әңгімесіне қарағанда, Гагариннің нұсқаушыларынан ғана тұтас эскадрилья құруға болатын. МиГ-15 болса, Гагаринді біраз әуреге салып, әбден жүйкесін тоздырғанға ұқсайды. Оның экипаждағы әріптестері баяғыдан бері өздігінен ұшып жүрсе, ал ол әкететін бағдарламада қалып қойды. Гагарин ұшу техникасында үнемі бір қателікті қайталай берді, йағни, қону профилін жоғарыдан теңестіру алдырмады.
«Оны Иван Михеевич Полшков тексеріп, Гагаринді алдағы тәуелсіз ұшудан шеттетеді. Рұқсат етпейді. Әрине, мұндай соққыны нұсқаушылар, әсіресе, Анатолий Григорьевич Колосов сияқты жас нұсқаушы көтере алмайды. Гагарин өзін ұшуға жібермегенін көріп, кемшіліктердің әлі де көп екенін біліп, әбден салы суға кетіп, ұнжырғасы түсіп қалады. Әрине, бұл еш қуанатын жағдай емес. Гагаринді тексеруге бірнеше рет мамандарды жібереді және олардың бәрінде «қанағаттанарлық» деп бағаланады. Өз бетінше ұшу үшін төрт немесе бес деген баға болуы керек. Юрий Гагаринмен ұзақ жеке жұмыс жасалды. Иван Михеич хатта былай деп жазады: «Юрий Гагариннің теориялық пәндер бойынша тек бестікке оқығандығы туралы айтылды, МиГ-15Бис-пен ұшуға қатысты үлкен қиындықтар болды. Оны жеке ұшыру үшін менің онымен үш рет ұшуыма тура келді. Үш рет те дайын болмағандықтан, жеке ұшырудан бас тарттым. Юрийдің бойының 1 метр 62 сантиметр, йағни, қысқа болуы да ұшудағы үлгеріміне әсер етті, бұл қону кезінде жерге дейінгі қашықтықты анықтауды едәуір қиындатты. Оның қабілетіне байланысты басқа да себептер бар болды. Ұшу сапасы және негізгі тапсырманы аяқтағаннан кейінгі өз бетімен ұшуы орташа болды. Оны училищеден шығару туралы мәселе қойылды. Шығару туралы материал ережелерге сәйкес рәсімделді. Бірақ нұсқаушы Колосов далалық аэродромнан ұшып келіп, Гагариннің ұшуына рұқсат беруін сұрап, Гагариннің оқуын жалғастыруымды өтінгенде, жанашырының өтінішін құп көріп, мен оны оқуды жалғастыру үшін қалдырдым».
Мен жазғанымның мән-жайын ашып, барынша тарқатып айтайын. Өйткені, Юрий Гагаринге ұшу қиынға соқты. Оқу ұшағында да, Колосовтағы жауынгерлік ұшақта да ұшу қиын болды. Ең қорқыныштысы — қону профилінің жоғарылығы болатын. Ал қону — ұшқыш үшін негізгі элемент. Дәл осы жерде Иван Михеич оның себебі Юрийдің бойының қысқалығы деп жазады. Білесіз бе, мен олай демес едім. Мен Юрий Гагариннен екі-үш сантиметрге аласамын, мүмкін, менде қандай да бір тәжірибе болған шығар: менің ұшуларымның сапасы жақсы, өте тамаша болатын, әсіресе, қонуым. Бұның себебі басқада деп ойлаймын. Гагарин басқа курсанттармен салыстырғанда оқу ұшақтарында екі есе аз ұшқан. Сондықтан, тәжірибесі аз және ұшу, әсіресе, негізгі элементтер: ұшып шығу, есептеу, қону қиынырақ болды. Уақыт өте келе, ол ұшуды жалғастыра берсе, тәжірибе жинақтай келе сәттілікке жетеді. Екіншіден, Иван Михеич оны үш рет тексергенін және оны оқудан шығаруға материал берілгенін атап өтті. Мен жақында Орынборда болған кезде полк командирімен, бұрынғы полк командирінің орынбасарымен сөйлестім. Енді міне барлық деректерді жалпылап, қорыта аламын... Гагарин жарты айдан астам уақыт бойы күн сайын стартқа барып жүрді, әр жолы өздігінен ұшқысы келді. Орасан зор ниеті болғанымен, ешқандай нәтиже жоқ. Колосов та сол үшін жанталасып жүр. Ол кезде буын (звено) командирі болмаған. Уақытша майор Пикулев өз экипажымен ұшып, біразға дейін буын командирі лауазымын атқарды. Осылайша, бәрі де Колосовтың қолында еді. Содан кейін майор Беликов өз бетінше аймаққа өздігінен ұшып жүрген басқа курсанттардан Гагариннің артта қалғанын, ал оның әлі де ұшпағанын көріп, Колосовқа Юрий Гагаринді ұшу бағдарламасын орындай алмағандықтан, йағни, ұшу үлгерімінің нашар болуына қарай одан әрі оқудан шығару туралы ұсыным жазуды бұйырады. Колосов бұл материалды жазып, Беликовқа ұсынады, ол қол қояды және материалды полк командиріне береді. Полк командирінің жұмысы көп болғандықтан, ұмытылып қалып, командир бұл құжатқа бірден қол қоймайды, оған уақыты болмайды. Ал Гагарин оқудан шығару туралы ұсыным жазылғандықтан, бірден ұшудан шеттетіліп тасталды. Әрине, ол өте қиын жағдайда жүреді: басы салбырап, еңсесін көтере алмайды. Ол нұсқаушы Колосовқа, Беликовқа өзін қалдыруды сұрап барады. «Мен ұшқыш болғым келеді, болуым керек», — дейді. Бірақ материалды жоғарыға жіберіп қойған...
Колосов ұшақты басты ұшу алаңына алып келгенде полк командирі Иван Михеич Полшковты кездестіріп, құжатқа қол қоймауға, курсант Гагаринді әрі қарай оқуға қалдыруға өтініш жасаған... бұл жас жігіттің ұшқыш боламын деген ниеті тым жоғары екенін айтқан. Ол бұл жас жігіттің ұшқыш болуына қолдан келгенінше көмектесеміз деп мәселені төтесінен қойған. Сол кезде Полшков келісімін беріп, қосымша бірнеше рет ұшуына және Гагаринді үйретуін жалғастыруына рұқсат беріпті. Оған қоса, лейтенант Колосовқа көмектесу үшін және артта қалушы курсант Гагаринді оқытып шығару үшін өзінің орынбасары Григорий Константинович Серковты шақырған. Осыдан кейін подполковник Серков Колосовпен бірге іске кіріскен. Ол Гагаринмен бірге өзі бірнеше рет айнала ұшып, бақылау үшін бірге жұп құрап та ұшып, әр жолы нені қалай істеу керек, бастысы — ұшақты дұрыс қондыру керектігі туралы түсіндіріп, бірнеше рет ескерту жасаған. Гагарин оған қарап, кемшілігін түзетіп, кейіннен ұшақты дұрыс қондыруды үйренген. Өзі ұшуды армандағаны соншалық, тіпті, дербес ұшқаннан кейін дәстүр бойынша барлығына ұшудың папиростарын ұсыну керек екеніне дейін білген. Планшетінде жүрген папиростың алты дана қорабы сол уақыт ішінде әбден қажалып, ескірген. Әрине, бұл жағдай жас жігіттің көңіл-күйін түсіріп жіберген. Бір рет, екі-үш рет Гагаринмен бірге ұшқаннан кейін, ол өзінің қателігін көріп, түзете алатынына және ұшақты дұрыс қондыра алатынына көзі жеткеннен кейін подполковник Серков Гагариннің өзінің ұшуына рұқсат беруге шешім қабылдайды. Гагаринмен алдын ала әңгімелеседі: «Қателігіңді сезесің бе?» — «Сеземін». — «Мен қазір сенімен бірге ұшамын, бірақ барлығын өзің істейсің, ұшақтың қалыптан ауытқығанын байқасаң, өзің қателікті түзетіп, бастысы — дұрыс қондырасың». Гагарин айтқандарды орындап шықты. Осыдан кейін Серков: «Әскери ұшақты көріп тұрсың ғой, соған отыр да өзің ұш», — дейді. Гагарин қуанып, ұшаққа қарай жүгіреді, бірақ Серков оны қайтарып алып: «Жоқ, сен алдымен демал. Содан кейін ғана ұшаққа асықпай бар. Жүгірудің қажеті жоқ, онсыз да толқып тұрсың, жүгіретін болсаң — жүрек соғысың тіпті 200 болып кетеді. Барлығын асықпай, дұрыс жасау керек». Серков оны ұшаққа жаяу жібереді. Гагарин алдымен ұшақты техниктен қабылдап, кабинаға отырады. Серков, лейтенант Колосов қасына келіп, қалай отырғанын, барлығын іске қосып-қоспағанын тексереді. Сол кезде Гагарин: «Мен 210-ші ұшып шығушымын ба?» — деп сұрайды. Беликов: «210-шы, іске қос!» — деп жауап береді. Ол Гагаринді дербес ұшырып жатқанын білмеген де еді. Гагарин қозғалтқышты іске қосқанда, Беликов 210-шыға жол сілтеп, Серковтан: «Сіз 210-шыны ұшырып шығарып жатырсыз ба?» — дегенде, — «Иә, ұшсын, барлығы ойдағыдай», — дейді. Тамаша ұшып шығып, ұшу бағдарын жолға қояды, қонуға қарай келеді, жерге жақындайды, кішкене жерден жоғары алады, бірақ оны түзетеді және ойдағыдай қонады. Бірінші ұшуын орындады, демек, дербес ұшты деген сөз. Өзі дербес ұшты деген сөз — ұшқыш болды деген сөз».
Гагариннің өзі әуе шайқасы жөніндегі нұсқаушы Акбулатовтың орындыққа жастық төсеніш қоюға — осылайша, орнынан тұрып жатпай, көру кеңістігін ұлғайтуға рұқсат бергенін еске алады. Бұл жастық төсеніштің қаншалықты тиімді болғанын айту қиын; өйткені, көптеген курстанттар бойларының аласа болғанына қарамай, осылай «жоғары отырудың» нәтижесінде өртеніп, аяушылықсыз оқудан шығарылған болатын. Ал Гагариннің жолы болды.
Гагариннің бұдан да басқа мәселеде де жолы болды: қандай да бір себептермен (мүмкін көптеген курсанттар үлгермегені ме, тәртіпті бұзғаны үшін және денсаулығына байланысты оқудан шығарылғандары ма; мүмкін Хрущевке зымыран әскерлері болған кезде қазіргі соғыстағы авиацияның рөлі азайып бара жатқандай көрінген шығар, сондықтан, бюджетті курсанттарды оқытудың қосымша жылына жұмсағаннан гөрі, зымыран жасауға жұмсаған дұрысырақ көрінді ме) «мектеп басшылығына мерзімінен бұрын қосымша ұшқыштар эскадрильясын даярлап шығару туралы тапсырылды», қандай жолмен болғанда да ол ұшуды білетін және аэроклуб ұшқышының куәлігі бар үш курсанттың бірі ретінде екінші курстан үшінші курсқа мерзімінен бұрын ауыстырылды. Бұл, әрине, оған қолайлы болды: ол тұтастай бір жылды ұтты — оның казармалық өмірі қысқарды, ол офицерлік шенге ие болды, мансап құруға, ақша табуға мүмкіндік алды; оған қоса, тездетіп ұшқыш болып шығарылуының арқасында Гагарин түптеп келгенде ғарышкерлерді іріктеу бағдарламасына ілінді. Сәттіліктің екінші жағы — курстастарын қуып жету қажеттілігі болды — теория жүзінде оны табандылықпен еңсеруге болатын еді; бірақ ұшу тәжірибесінен өтуді жеделдету қиын еді. Сонымен қатар, ол «бозбала жігіт» ретінде «егде жігіттердің» ұжымына тап болды, бұл да психикалық жағынан жайлы бола қоймады.
Гагариннің курсанттық өмірі өзі сипаттағандай жеңіл бола қоймағанын Лидия Обухованың «Ғарышқа барар жол» («Дорога в космос») атты кітабында меңзеген ойлардан түсінуге болады. «Екі қабатты кереуеттері бар ұзын казарма — олардың жаңа үйі — белгілі бір қатаң қағидалармен өмір сүрді. Чкалов жоғары авиациялық ұшқыштар училищесінің (ЧВАУЛ) бастығы бекіткен күн тәртібінен басқа, жаңадан келгендер мен «егде жігіттер» арасындағы қарым-қатынастың күрделі әлемінің пайда болуы, жақсаруы және орнығуы міндетті түрде орын алатын жағдай еді. Басшылық пен беделді адамдар арасындағы көзге көрінбейтін баспалдақтар — өзін-өзі жақсы көру ойыны кейде қатыгез түрде көрініс табатын. Түнде жалаң аяқтардың ақырын басқан сыбдыры, сіріңке қораптарының шағылғаны естілетін. Балмұздақ жігіттердің ежелгі қулықтарды қайта жандандырып, ұйықтап жатқан адам — взвод командирінің жаңа тағайындалған көмекшісі Гагариннің жалаң аяқ табанына жағылған қағаздың бір бөлігі өртене кетті. Ашулы көңіл басынан-ақ үзіліп қалды. Түнгі жазалағыштар найзағайдай қимылды болжай алмаған еді. Газет кесегінің тек жоғарғы жағы отты көгершіндей ұшты да кетті, Гагарин екі аяғымен еденде тұрды. Үнсіз төбелес басталды. Юра Гундарев — жаңадан келгендердің ішіндегі взвод командирінің екінші көмекшісі — бірнеше секундтан кейін ұйқыдан секіріп тұрып, бірден, күшті балықтарға тән қозғалыспен түнгі тірлікке кірді де кетті».
Арада ондаған жылдар өтіп кеткен соң жазушы Татьяна Копылова (Анна Тимофеевна Гагаринамен бірге «Ұлым туралы сөз» кітабын жазған автор) баспасөзде әлдеқайда ашық жайттарды жариялап, үлкен сілкініс жасағаны бар. «1984 жылы Орынбордан Анна Тимофеевна екеумізді қызықтырған хат келді. Бұл хат отставкадағы полковник, Чкалов ұшқыштар училищесіне берілген әскери қолдану полкінің (реактивті истребительдер полкі) бұрынғы командирі Иван Михеевич Полшковтан еді. Бұл полкте болашақ әскери ұшқыштар бітіріп шыққанға дейін соңғы тәжірибеден өтуші еді. Иван Михеевич өзінде еш жерде жарияланбаған және тіпті аталмаған құжат бар екенін жазды. Біз кездескен кезде ол сарғайған парақтарды маған қарай ысырып қойды. 1957 жылғы 4 наурыз деген дата, қалың қаріппен жазылған аты-жөндер және мынадай фраза көзіме түсті: «Взвод командирінің көмекшісі сержант Гагаринді оның қызметке деген талапшылдығы үшін ұрып-соққаны үшін 1-ші ЧЖӘҰУ (ЧВАУЛ) курсанттары И. Л. Бушневты, Б. Г. Шпаньконы, Е. Н. Ошурковты соттау туралы Оңтүстік Орал әскери округі әскери трибуналының 1957 жылғы 28 ақпандағы үкімі жарияланады. Айыпталушы Бушнев взвод командирінің көмекшісі сержант Гагариннің қызметке деген талапшылдығына наразылық білдіре отырып, сотталушылар Шпанько мен Ошурковты Гагаринді ұрып-соғуға көндірген, олар оған келісім берген. Осы пиғылды жүзеге асыру үшін Шпаньконың белсенді қатысуымен 1957 жылы 30 қаңтарға қараған түні, бүкіл жеке құрамға, оның ішінде Гагаринге де жайғасуға бұйрық беріліп, барлығы ұйқыға жатқан кезде Ошурков және басқа курсанттар Гагаринге шабуыл жасап, оны ұрып-соққан, Шпанько мен Ошурков өздерін танымасын деп бастарын сүлгімен байлап алған, ал Бушнев осы уақытта басшылардың қайсыбірі келіп қалған жағдайда Гагаринді ұрып-соғушыларға белгі беру мақсатында казарманың кіреберісінде тұрды. Бушневтың, Шпанько мен Ошурковтың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан сержант Гагарин соққыға жығылды».
Бетке сүлгі орап, ойларына келгенін істеген айлакер маневрге қарамастан (Шпанько мен Ошурковтың кімге ұқсағандарын ойлаудың өзі қорқынышты), қаскөйлердің кім екені анықталды; олармен салғыласып тұрар шама жоқ: оларды сотқа берді. «Сот отырысында сотталушылар баяндалған қылмыстық әрекеттерде өздерін кінәлі деп мойындады және егжей-тегжейлі түсініктеме берді... Жазылғандардың негізінде Әскери трибунал Бушневты, Шпанько мен Ошурковты бір топ адамды әскери қызмет міндеттерін бұзуға мәжбүрлегені үшін, йағни, РСФСР Қылмыстық кодексінің 193-4 бабы „б“ тармағы қарастыратын қылмыс үшін кінәлі деп таныды»... Бұдан әрі үкімде жазалау шаралары көрсетілген: Бушнев пен Шпанько әрқайсысы жазасын еңбекпен түзеу лагерінде өтеумен 3 жылға, ал Ошурков осы жазаны тәртіптік батальонда өтеумен 2 жылға, үшеуі де құқықтары шектеусіз сотталды... Содан кейін Иван Михеевич 1957 жылғы оқиғаларға түсініктеме берді. Взвод командирлерінің көмекшілеріне сүйкімділігі шамалы міндет жүктелді — бөлімшенің ішкі тәртібін қамтамасыз ету: жеке құрамды ояту, дене шынықтыру жасату, сабаққа қатыстыру... Гагарин әрқашан бұл міндетті өзіне де, басқаларға да жеңілдік жасамай орындады. Оның талапшылдығы үш досына ұнамады. Олар, әсіресе, таңертеңгі жаттығуларға ерте тұрғызғанда ашуланды. Сондықтан, сержантқа оған бағынбайтынын ескертті. Бірақ ол да үзілді-кесілді жауап берді: «Казармадағы тәртіпті бәрі ұстанатын болады». Үштік ескертуді тағы қайталады. Взвод командирінің көмекшісі тағы да растады: «Ерекшелік болмайды!» Содан кейін қауіпті пиғыл орындалды. Гагаринді есінен тандыра қатыгез түрде ұрып-жықты, ол бірнеше күнге ауруханада жатқызылды. Қалған курсанттар бұзақылардың қолбасшылыққа баруын талап етті. Трибуналдың отырысы бір айдан кейін өтті. Бұл уақытта Гагарин сауығып шығып, кіші командир ретінде өз міндеттерін атқарып жатты».
Оқиғаның таңғы жаттығуға оятуға байланысты жанжалдан гөрі өзгеше әрі шындыққа саятын нұсқасын Гагариннің курстасы былайша баяндайды: «Гагарин ісіне берілген қызметкер болатын. <...> Ол эскадрилья старшинасы болды және курсанттардың барлық тәртіп бұзушылықтары, жұмыстан кешігіп келгендер туралы басшыларға баяндап отыратын. Өздеріңіз білесіздер, жастар, қызбен қоштасқысы келмейді, кейде кешігіп келетін. Ал Гагарин мұны баяндап беретін. Бірде жігіттер оған «тұзақ» ұйымдастырып, Гагаринге бұлай істеуге болмайтынын түсіндірді».
Гагарин бәріне араласып, «кіріспеске кірісетіндердің» қатарынан болғанын мұғалімдердің бірі И. Скутин де есіне алады — оның айтуынша, заманына қарай санасы аса биік болған Гагарин бір кездері КПСС тарихының емтиханын тапсыра алмаған сыныптасына тым қатты кетіп: «Сен не Кеңес Армиясының ұшқыш-офицері емес, әуе жүк тасымалдаушысы болмақсың ба?» — деп жазғырған.
Гагаринге ұйымдастырылған тосын «тұзақ» туралы оқиғаны осы кітаптың авторына берген жеке сұхбатында 1957 жылы Гагарин қызмет атқарған әскери авиация полкі аға инженерінің орынбасары В. С. Кислов та растады.
Алайда, бұл «арнайы сабақ» Гагариннің әскер қатарында қызмет етуді жалғастыру ниетін өзгерткен жоқ; жауынгерлік жол оның мінез-құлқына сан түрлі жағынан сәйкес келетін құрылым болды және ол өмірінің соңына дейін тек сонда қызмет атқарды. «Мен бала кезімнен әскери өмірді жақсы көрдім», — дейтін ол. «Ғарышқа барар жолда» азаматтық қоғамдағы адамның сағын сындыратын бірнеше абзацтар бар — онда Гагарин жауынгер-роботқа ұқсайды.
«Маған шұлғау мен етікке, шинель мен гимнастеркеге үйренудің қажеті жоқ еді. Казарма әрқашан таза, жарық, жылы және әдемі болды, су құйылған ыдыстан бастап орындыққа дейін бәрі жылтырап, орнында тұратын.
Мен де сарбазға айналдым, маған взводтың артельдік жайлылығы, құрылымы, тәртібі және «тік тұрып», мойынсұну жағдайындағы баянаттары, сарбаз әндері және кезекшінің өткір де созылыңқы дауысы ұнайтын:
— Тұр-ың-дар!
Маған дене шынықтыру, суық сумен жуыну, төсек жинау және таңғы асқа казармадан асханаға шығу ұнайтын. Әскерде қызмет ету кезінде менде бірде-бір жаза болған жоқ, ішкі тәртіпті қатаң сақтадым. Бөлімдегі барлық нәрсе: жұмыс, тамақ, демалыс және ұйықтау кесте бойынша, дәл белгіленген уақытта болатыны мені қуантатын. Мұның барлығы күн сайын қайталанып отыратыны мені ешбір қынжылтқан емес. Әскерде жарғы бойынша өмір сүруді және сабақ оқуды әдетке айналдырдым. Жарғылар өмір сүруге, сабақ оқуға және қызмет өткеруге қатысты барлық сұрақтарға жауап берді, қалай қызмет ету керектігін, әскери істі үйренуді, қару-жарақ пен жауынгерлік техниканы меңгеруді, күнделікті саяси сананы арттыруды анық көрсетіп отырды. Бос уақытым бола қалған жағдайда мен жарғыны қолыма алатынмын. Ол менің өмірімнің заңына айналды».




