Өз-өзіме ұқсамаймын көптен мен...

* * *

Өз-өзіме ұқсамаймын көптен мен,
Деп айтып ем,
     үн келді жел, көктерден.
Жапырақтың сыбдыры да артылмас,
Келгендей ме бұл өңірге салқын жаз.
Өзгеруде өңім, көзім, қабағым,
Күннен-күнге
     шау тартып мен барамын...

Ішке қарай кіргісі кеп көбелек,
Сұрануда бұл өмірге керемет.
Мүмкін сүңгіп ой деген бір тереңге,
Барлығын да айналдырсам өлеңге.
Періште кеп «ояншы» деп тұрғандай,
Жел де маған игілікті бұрғандай.
Салқын жазда көбеюде сырларым,
Тыныштықта өсіп жатыр жырларым...