Дауыл алдындағы тыныштық

ДОСҚА ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН

Біздің алдымыздағы өмірімізде не күтіп тұрғанын білсек, егер Жаратқан Ие бақытсыздықтар мен басқа да апаттар туралы ескертсе, біз берілген жақсылықты бағалайтын болар едік, құштар көңілмен өмір сүруге әлі де уақытымыз болар еді, біз жеңген ештеңе жоқ... Кейінірек қалың тобырда жоғалып кетпеу үшін, көпшіліктің бірі болып қалмау үшін де биіктікке ұмтылып, қол жетпегенді алам деп талпыну керек еді. Әй, әйтеуір...

Өткен өмірде, дұрысы, қадірі болмаған дәуренде көп нәрсе уысымызға оңай түсіп, бағасын да білмедік, жат жерде жүрсек те жалғанды жалпағынан басып, тар кезде де тапшылық танымадық.

Енді өкініп отырмыз.

Мен ештеңеге асықпадым, туыстарым мені қуана қарсы алатын атамекеніме де бармадым, араламадым...

Әкемнің інісі Тимофей Федорович Ташкентте тұратын, оған Новосібірде тұратын ағалары Степан мен Петр бір рет те бармаған; соғысқа дейін де, соғыстан кейін де. Орта Азияға жолға шығудың өзі бір әңгіме, дегенмен, Кривощеководағы біздің «елизаветалық хохолдар» Ташкент пен Ашхабадқа барған туристердің жолбасшы бригадасына бірнеше рет түсіп, дәмді өрік әкелгені есімде. Әке жағынан туған-туыстарым соншалық қамқор, бауырмал емес-ті, ал анамның ағайындары мейірімді, жомарт, туыстарының ешқайсысын ұмытпайтын текті тұқым болатын. Мен немере ағаларым мен әпкелерімді жиі көретінмін, ал әкем жағынан әпкелерімнің үшеуімен араластым, олар «Таня апаны», йағни, менің анамды жақсы көретін және аяйтын. Егер Тимофей ағай менің институтқа түсіп, олардың отбасына таршылық әкеледі деп қорықпағанда, менің өмірбаяным Ташкентте қалуы мүмкін еді, ол менің жалынышты өтінішіме сол себеппен жауап бермеді. Бұл, мүмкін, дұрыс болған да шығар. Онда менің өмірімде Тамань мен Пересыпь болмас еді, Екатеринодар жайлы роман жазбас едім және өзімнің құтқарушыларым Терентий Кузьмич пен Мария Матвеевнаны Псебебс өзенінің жанындағы фермада кездестірмес едім. Олар туралы мен алғашқы әңгімем «Брянскіліктерде» біршама жаздым. Ал анашым қандай жағдай болған күннің өзінде Сібірден Ташкентке де, Үргенішке де көшіп кетпес еді.

Ашхабад, Душанбе, Алматы мен үшін тек ауызекі әңгімеде немесе әдебиетте ғана жарқ еткені болмаса, білмеймін де...

Иә, мен Тбилисиде болып, патшаның мұндағы әміршісінің қорындағы мұрағаттарды қараудан бас тартқан жоқпын. Сосын мен Симферополь — Баку пойызымен Әзірбайжан жазушыларына да барған жоқпын. Тағы айтайын, Махачкалада, Расул Ғамзатовтың керемет кешінде де отырған жоқпын және князь Барятинский тұтқынға түскен Шәмілмен кездескен жерге де жеткен емеспін.

Мен оны кейінге қалдырып, алдағы күндерден үміттендім. Барша жер ортақ, үлгеремін деп ойладым.

Ал сосын, Ельцин төңкерісінен кейін вокзалдарда бір стақан шәй жүз сом болып және барлық жерде қарақшылық белең алған кезде көп нәрсеге қол жеткізе алмай қалдым.

Бірақ тым кеш, менің уақытым өтіп кеткен еді.

Пересыпь пен Таманьға апаратын жол — ең қысқа жол.

Ахтанизов сағасынан бөлініп шығып, теңізге құятын тармақта мен шағалалардың арасында жайғасып алып, бақалшақтар теріп, бөтен біреумен сөйлесіп жатырмын. Маған біреуді өзіме Побудаға шақыра салу оңай, біреумен алыстан араласып сөйлессем, екіншіні де шақырғанмен, енді сіз менің жанымдасыз. Толқынның қалай тербеліп, шулағанын тыңдаңыз, айғұлақтарды жағаға қалай лақтыратынын тамашалаңыз, олар бір күнде бір төбе шығарып тастайды. Мен жалғызбын, тек судың үстінде де, құмда да шағалалар ғана менімен бірге. Алда, шығысқа қарай, Голубицкаяның дөңес жиегінде шамшырақ менмұндалайды, дәл сол жердегі шамшыраққа жақындаған кезде мен Пересыпь пен теңіз жағалауына сәлем бере кетемін. Ал батыстағы бұлттардың астында Кучугурский жағалауы орақтай иіліп, мүйістің артындағы тік жағада тұрсаңыз, Керчьді көруге болады. Күншығысқа бұрылсам, Тобылдың бойындағы қарағайлы ауылдағы момын оралдық жазушыны көремін де, Сібірге, туған өлкем Обь өзенінің жағасына қарай жылжимын.

Енді сіз, менің желаяқ вяттық жылнамашым, менімен бірге дымқыл айғұлақтарды сұрыптап жатырсыз.

Сіз бұл әппақ әлемге жастайыңыздан жүгіріп келе жатырсыз, он екінші рет Қасиетті қабірге тізе бүгіп отырсыз және сіз маған жердің кеңдігі мен «өмір теңізі» туралы кітаптар бересіз. Ал мен қолымдағы таяғымды тастамай, суды жағалап, табанымның астында сықырлаған бақалшықтардың дыбысына құлақ түремін.

Мен алысқа бармаймын, ең ұзын жолым — қырық миль, Таманьға дейін. Кеше сонда болдым. Бұл жерде, қымбаттым, діндар Никон шіркеу салған Таманьда (тағы да еске сала кетейін) гректер, татарлар, черкестер, генуялықтар, түріктер ғасырдан-ғасырға ығыстырылған, Суворов Запорожьелік Захарий Чепигамен шәй ішкен, қағілез ғана жас Пушкин бір кездері қысқа мерзім мекен еткен, мұңды Лермонтов соқыр баланы жақсы көрмей, Александр II Екатеринодарға бара жатып жағаға қонып, түнді, бәлкім, әлдебір саяжайда, сол Таманьда өткізген. Ондаған жылдар өткеннен кейін, кездейсоқ, бірақ жалғыз сіз үшін қыз Надя тұрып, бір рет сізді Лыска мен Керчь тауларына сүйсінсін деп қолыңыздан сүйреп апарды. Бұл жерде, о, Тәңірім, Таманьның жағасына ширек ғасырдан бері қайық тоқтаған жоқ, өзің арбап алып шығып, Мәскеуге мәңгілікке байлаған бойжеткен де балықшылардың толқында тербелмеген қайықтарындай қайғыға батып, тап сол жартастың басында жылап тұрған болар.

Сіз маған өзіңіздің атақты Камергерлік сапарыңыздан үзінді жазбайсыз, мені және мен сүйген Пересыпь бұрыштарын еске алмайсыз.

Ал мен кей-кейде тығылып, сіздің парақшаларыңызды ақтарамын.

Бүгін күні бойы жалқаулығым ұстап, аулада анаммен сөйлесіп, Топкиден, Запорожье мен Петрозаводскіден келген хаттарды оқып, кітаптарды сұрыптап, жинадым.

«Вифлеемде, — деп жазғансыз ғой! — мен толық он күн тұрдым. Мен оны қалай сүйдім, солай сүйем де! Олар бізді Вифлеемге екінші рет екі сағатқа әкелген кезде, мен қандай қимастық, азапты сезімде болдым. Оның үстіне: «Бол, бол!» — деп, асықтырды емес пе?»

Мен сол Вифлеемде болғанымда бір сәтке Иса Мәсіхтің жерленген орнына түстім.

«Бақытымызға орай, — деп жазасыз, — мен ұзақ уақыт бойы Вифлеем жұлдызының жанында, қолдауында жападан-жалғыз болдым».

Мен жазушылардың шағын тобында болдым, сол кезде маған біздің атақты адамдар ұнамады, олар туристер сияқты келіп-кетіп, бәріне жеңіл қарады, жұлдызға тізе бүкпеді, табынбады. Олардың жүздерінде үйреншікті ілім, қажыған даналық болды, олардың өздері бір ескіліктің қалдығындай көрінді. Аспандағы жұлдызды бұрын шопандар бірінші көретін, сол сәттен бастап-ақ олар өздеріне құрмет жасағанды қалайтын. Константинополь мен Иерусалимге барған сапары жайлы жазған ХІІ ғасырдағы пірәдар Даниил өздерін ұлық санайтын «қайырсыз ақылгөйлерден» надан болды ма екен? Ерінбедім, мен оның томын іздеп таптым.

Вифлеемнен екі шақырым жерде, періште — інжілдік «зәйтүн орманында қараусыз қалған шіркеуді» көрдіңіз бе? Бұл туралы Фаррар жазды, оның «Иса Мәсіхтің өмірі» атты ауыр томын адамдар қасиетті мерекелер қарсаңында ашады... Неліктен? Фаррардың еңбектерінде де, ескі жазбаларда да киелі жердің суреттері, қашалған мүсіндер, алғашқы фотосуреттер қасиетті салт-дәстүрлердің бояуын айқындайды. Олар небір керемет ләззатқа бөлейді және Құдайға дұғаға жасаудың соншалықты қажет екенін, оған тез мойынұсынатыңды сездіреді. Сондықтан, бәріңіз, әйтеуір, бір кездері өздеріңізді бақытсыз санап, мұңға батып, тағзым етесіздер. Галилея мен Иерихон жазықтары шіркеу терезелерінен көрініс тауып жататын, ол жерде Құдайдың қойлары жайылатын төбешіктер мен ойпаңдар бар еді.

Қазір, өрекпіген өркениет тұсында баяғы кездегідей сезімге беріле алмайсың.

Тек, күз соңындағы сағыныш аяқ-қол тимеген құмды аймақтай (қазір Голубицкая мен Пересыпь жатыр), ежелден жалғыздық күйін кешкенін, гректер Меотида бойымен және Ахтанизов бұғазынан қазіргі қыздың кеңірдегіндей арнамен жүзіп өткенін мегзейді.

Мен сол қыз-арнаға барған сайын, сізді есіме аламын, «Нұры жоқ Күн» қажылық кітабыңыз қашан да өзіммен. Топ шағалалар кеуделері жарқырап артымнан келе жатқандай. Бірақ олай емес! Теңіздегі де, аспандағы да кеңістіктер босап, биік қабақтың аржағындағы ауылдағының бәрі өліп қалғанға ұқсайды. Осы маңайлардағы мың жылдық бос кеңістіктің әуені маған естіліп тұр.

Бірақ, мен сізге өзімнің күрсінгенімді жолдағанмен, сіз менен алыстасыз және ештеңені сезбейсіз, менің қызғанғанымды да білмейсіз. Сіз бәрін көрдіңіз, бәріне тағзым еттіңіз, дұғаларыңызды бағыштадыңыз, тастар теріп алдыңыз және Ольга ханшаны шомылдыру рәсімі өткен жерден (Айя-Софияда) сіз өзіңізге қажет-ау деген бұрышты таңдадыңыз, мен байғұс тек шағалаларға сіздің «Қош бол, Стамбұл! Византияның астанасы Царьград біздің жүрегімізде қалады! Бұл — Византия астанасы, Күнәсіз София періштенің ғибадатханасы, Влахерналық Құдай Анасының иконасы біздің жадымызда мәңгілікке сақталады» дегеніңіз...

Сондай-ақ, мен сіздің монахтарыңызбен бірге Әулие Пантелеймон шіркеуінде тоғыз сағат ғибадатқа тұрғаныңызды, Қасиетті қабірге он екі рет тізе бүгіп, Иерихонға жалаң аяқ барғаныңызды ұмытпаймын. Мен қыздың арнасында жазушылардың Солтүстікке сапары туралы дәптерге жаза бастаған ем, бірінші беттен кейін әрі қарай жаза алмай қалдым. Тиісті сөз қоры жоқ. Бәрі жасырын — қымбат дүниенің бәрі нәзік қылдай сіздің қолда қалып, ұзақ әуенмен үйлеседі. Не айтарымды білмеймін.

Енді, ғасыр соңында біздің елде болған оқиғадан кейін менде басқа өмір көрініс тапты, біздің сапарымыз — қоштасу, йаки, сол сияқты көрінеді, өйткені, бұл Ельцин төңкерісінен кейін тағы он жыл өткенімен, қайталанбады. Талай рет қар жауып із басылды, сол серіктестердің көп бөлігіне Құдайдың нұры жауғаны сонша, енді мен үшін ертеңімді таңдау қиындап, осылай ендігі уақытта өмір сүре алмайтыныма өкінішім көбейді. Міне, Ленинград вокзалында «ауыл жазушылары» бір бірін туыс-бауырдай көріп, қуануда: Сергей Павлович Залыгин, Виктор Петрович Астафьев Мария Семёновнамен, Василий Белов, Валентин Распутин, Владимир Крупин, Виктор Потанин, Анатолий Ким, Владимир Личутин, Владимир Гусев, Владимир Коробов, Борис Романов, қайырымды қамқоршымыз Валерий Ганичев және тағы басқалар. Оларға Д. Балашов, В. Бондаренко, В. Масловтар Петрозаводск пен Мурмансктен қосылады.

Ал мен, құмды Анапаның жанындағы ауылдың бұрынғы мектеп мұғалімі, осы адал серіктестіктемін бе?!

Енді мен жан-жағыма айқайласам да болады: О, қандай бақыттымын!

«Брянскіліктер» атты әңгімем мен «Мен сені жарықтай сүйемін» хикаятым мені жазушы ретінде танытты. Әйтпесе, мектептегі «оқушы дәптерін тексер» деп, мұғалімдер кеңесі мені жұмысқа таңып тастаған еді. Мен Распутинге, Астафьевке, Беловке, Балашовқа, Олег Михайловқа ешқашан жақын болмас едім, түскі ас үстінде, серуендеу кезінде оларды тыңдамас едім. Ал Оралдың арғы жағындағы Утятка ауылынан келген жазушы туралы, жақын араласып шоқыну рәсімінен өткен досым Виктор Потанин туралы, «Молодая гвардия» баспасында бірдеңе сұрап бастап, он жыл бойы сұрақ қоюын тоқтатпаған жазушы туралы не айтуға болады? Ол екеуміз Астафьевтермен бір жайға орналастық. Марья Семёновна: «Ендеше, қазір менде үш Витя бар, ол біреу еді, тіпті, ол маған ұнамай бар жатыр еді», — деді. Ал біз бірауыздан бір отбасы сияқты күлдік. Дәл бір отбасы сияқты тамақ ішуге отырдық, бізге тағы бес адам қосылып, қатарымыз көбейе бастады. Ол күндер қайталануы мүмкін емес! Ешқандай артық сөз, жалған күлкі, сызданған жан болған жоқ. Ал дәптерге, кітапқа, блокнотқа ешкім бір жол да құпия жасырмады. Қайталанбас құнды сәтті бағалай алдық па? Бірге уақытша өмір сүрдік. Ал қазір есімде қалғаны алтынның құм түйіршіктері сияқты. Тіпті, бұл түнде мен екінші сөреден түсіп, есіктің ілгегін аша алмадым. Астафьев естіп, орнынан тұрып, тұтқаны тартып, мені шығарды. Мен «қартты ояттым-ау» деп қатты ұялдым. Ал ол небәрі елу жетіде еді. Жақында сексенді жеңдім. Ал Виктор Петровичке бір рет қолайсыздық танытып оятқаным есіме түссе... Иә, мен оны көрмеген сайын, бір сәт көңілсіз күйге түсемін.

Жылдар зымырап өте берді. Әркім өз өмірін сүрді. Солтүстікке сапарымыз қоштасу сапары болған сияқты, өйткені, ешқандай түбегейлі өзгерістер мен қайғы ешкімнің ойында жоқ еді.

Сол біздің кездесуіміз достар жиналған жер бетіндегі ең бақытты сәтіміз болды. Жуырда қоштаса қоймаспыз. Мұндай сәт Мурманскте, Апатитыда, Североморскіде, Кандалакшада қайталанды, оның алдында Петрозаводскте Дмитрий Балашовты көргеніме қуанып қалдым. Әдеби ортадан гөрі Кіші театрда жақсы танымал Володя Бондаренко ата-анасының үйіне кешкі асқа шақырды. Мен Балашовты күттім. Ол тарих кітаптарындағы орыс князіне ұқсайтын, қысқа етікпен босағадан көрінді. Қалың романдарын бір қыста жазды, ауылда тұрды, сиыр бақты, жылқы өсірді, өзі шөп шапты, саятшылықпен де айналысты. Мен одан қорқатын едім. Бірақ Астафьев Балашовты жақтырмай жүрді, әйтеуір, оған қай жері жақпағанын түсінбедім, бәлкім, мына жұмсақ етікпен, жейде белбеуімен, Виктор Петровичтің әдеби бекзадасына немқұрайды қарады деп ойлады ма екен? Кітап сөрелері бар бөлмеде біраз томды шығарып, орнына қойды да, асықпай қарап, қыртысын шапалақтады, ақыры Балашовтың очеркін суырып алды, терезенің жанына тығылып, парақтап, күдікпен оқыды. Сонда Балашовтың өзі қатты дауыстап, ішке кірді.

— Князь Димитрий бәрін біледі, — деді Астафьев. Көзіне ақыл нұры тұнған Балашов өзі туралы айтпағандай мән бермеді. «Ол үшін Царьград та өзіміздікі сияқты, Айя-Софияның барлық бұрыштарын тексеріп, Патриарх Филофейдің қолын шебер сүйетіні сонша, біз чалдондар бес ғасырдан кейін де қызғанатын боламыз. Бұл қайдан? — Астафьев әдейі таңданған кейіп танытты, ал Балашов еденге қараған күйі тапжылмады. — Қарашы, Мамайдың өзі оған екінші Бату болатынын айтты. Ол бәрін біледі және сіз жазғанының бәріне тамсанасыз. Сіз оны ғасырлар бұрын болжап, жүз жылдан кейін де тыңдай аласыз ба? «Князь Дмитрий Дуняның қасында жатын бөлмесінде отырды, ол жұмсақ омырауын оның тізесіне сүйеп, үздіксіз жылады». Бірақ автордың өзінде дәл осындай Дуня болған жоқ па?

— Болды, жалғыз да емес, — деді Балашов қатал түрде.

— «Ол...» — тыңдаңыз, — «мұрны бырқырап, жұлқынып, өзіне тартып, кеудесіне басып, маңдайынан аялай сүйді». Сіз осылай кімді және қай жерде құшырлана сүйдіңіз? Мен барып, Мариямды сүйіп алайын, — деді Астафьев мысқылдап, қарсыласқанына қарамай Балашовты құшақтап, үстелге алып келді.

Мен сәл кідірдім де, дәл сол кітапты қолыма алып ашып қалсам... «Бұл адамдардың барлығы қайтыс болды, олардың көпшілігінің бейіттері де қалмады. Қаланың жалындаған жігіттері, беттері қызарған қыздары да қартайып, баяғыда шіріп үлгерді. Олар талай рет өртеніп, талай төмпешік пайда болды. Ауылдар да жоғалып кетті. Олардың бәрі қазір жерде және біз жылнамада жазылғаннан артық нәрсені білмейміз, біз айтылған сөздерді білмейміз және ханзада, жауынгер, қыз не туралы сөйлескенін ғана болжай аламыз...»

Мен енді ғана Екатеринодар туралы роман бастап жатыр едім, сол бір өкініш әуені жаныма кеулей кірді. Мен Балашовтың басқа бөлмеде үстел басында Бірінші Петрдің дымын қоймай, ұрысып жатқанын естідім, ал кейінірек кіргенімде мен мынаны естідім: «Ал қазір бұл Солтүстікте де жоқ... Кеше мен түрмедегі қамалған қыздар жайлы, олардың жасырын құмарлықтары туралы жаздым. Моншаның бұрышында бір рет айтылған сөзге бола, ойнақы көз қиығы үшін бар өмірін сарп етіп, әзіл астарын ұқпаған қыз мәңгілік өзінікі деп санаған адамын (тіптен, бір жыл да емес) күтуге қалай дайындалды?»

— Ендеше біз түрмедегілердің қайтып келуі үшін ішеміз! — деп едім, бәрі қолдай кетті.

Әлде, мен осы қазірдің өзінде барлығын ойдан шығарып тұрған болармын?! Сол сауық сәті де түтінге оранып, ғайып болды; Маған отыз жыл бұрынғы Петрозаводсктегі думанды жазудан гөрі, Балашовқа татарлардың тұсындағы жіп иіруші әйелдерді суреттеу оңайырақ болды.

Мен бір Балашовты ғана қадағаладым. Ол өз ауылында тығылды, мен оны Мәскеуде көрмеймін, бірақ мен оны тыңдағым келеді, соншалық сирек кездесетін көне русичтердің көзі ғой, ол ежелгі және қазіргі уақытта қатар өмір сүріп, бізден бір нәрсесімен жоғары тұрғаны анық. Біз Владимир Мономахты да, Иван Калита мен Сергий Радонежскийді де білмейміз. Тек он тоғыз жылдан кейін ол Новгород маңында қастықпен өлтірілді, мен оны Юрьев монастырындағы қойылымда тағы бір рет көрдім, елмен бірге оның үйіндегі дастархан басында көңіл көтеріп жатқанын... Ресейдің шоқыну рәсімінің 1000 жылдық мерекесін даңқты тойлау күндері болатын. Анам қайтыс болғаннан кейін, 1999 жылы желтоқсанда мен онымен Мәскеудегі Жазушылар одағының жертөлесінде шәй ішкенмін, ол келесі көктемде Таманьға келуге уәде берді, ал қаңтарда мен оған ескерту жаза бастадым, бірақ көп ұзамай, ол қаза тапты. Сол кезде ол шәй үстінде соншалық керемет және күтпеген нәрселер айтты, бірақ мен бұл қайталанбайтын сөздердің бәрін жазып алмаған едім, кейін оның ғұлама сөздерін қалпына келтіруге шамам жетпеді. Мен Дмитрий Михайловичтің Пушкин Керчь (Корчев) көрген тік жерде тұрмағанына күні бүгінге дейін өкінемін.

Иә, барлық жылдар талай дауылды кезеңдерінде онсыз бос өтті. Оны аяп, оның тағдырын Василько Теребовльскийдің, князь Борис пен Глебтің тағдырымен теңестіремін, оны мүмкін сол Святопольк сияқты біреу өлтіргеніне сенімдімін; «Таманьның күздерінде» Василек жайлы айтқанымда балаша күйінетінім есімде. Сонда Жаратқан мені қолымнан жетектеп, бақытсыз кубаньдық казактарға жанашырлық жолына салып, момын Попсуйшапканы маған жіберген жоқ па?

Мен Балашовқа Пересыпь жағалауының алқабын көрсетіп, Борис пен Глебті Ахтанизов бұғазының арғы жағындағы Борис пен Глеб тауына апарар едім. Оны маған енді ешкім айтпайтынын біле тұра, Никонның қай жерде шіркеу негізін салғанын өзім сезіп, оны біздің жертөлеге түсірер едім. Салқын шараптан алғызып, анам бізді тамақтандыруға тырысатын еді, содан кейін біраз уақыт өткеннен кейін менен: «Ол да жазушы ма? Маңдайы кең екен», — деп сұрар ма еді?!. Бұл болған жоқ, әрине.

Біз Солтүстікті араладық, анам күнде «мені ертіп», Паша апаймен қалай кездескенімді сезінді, тіпті, алыстан әңгімемізге қосылды, оның ауылдағы сүйіктісімен қалай сөйлесетініне қуанды. Бір-бірін көрмегеніне қырық жыл болды. Паша апай қызының артынан Кривощеководан Карелияға кетті, олар бұл дүниеде енді бірін-бірі көрмейді, мен өз туыстарымды Елизаветиноға баруға көндіруді ойламағанымды мойындаймын. Барлығын бір сәтке жинасам ғой! Паша апайдың әкесі Григорий менің әкем — Иоанның шомылдыру рәсімі өткен кездегі шіркеудің метрикалық кітабында жазылған.

Ал мен басқа ештеңе білмеймін. Кеткен жылдар бойы анамның Паша апайдың батпақта жоқ екенін естіп, Карелиядан келген хаттағы «Сібірден кейін бөтен елге көшіп кету қандай қиын» деп жазған мұңын оқыдым.

«Мен сізге хабарлайын», — деймін мен бүгін кеште жазу үстелімнің басында әндетіп, мен саусағымды әр жазылған жолдың бойымен жүргізе отырып — біз сіздің көптен күткен хатыңызды алдық. Таня, мені ұмытпағаныңызға қуаныштымын. Біз жақын достар едік. Сізбен, міне, сонша жылдан бері бір-бірімізді көрмедік. Мен қазірдің өзінде 73 жастамын. Бір жылдары есіңізде ме, біздер Кривощековода тұрғанда, әр ұсақ-түйекке күлетін едік, бірақ қазір бәрі көзден бұл-бұл ұшты, асыға кешті күтесің, сосын төсекке құлайсың. Кривощековода қалай өмір сүргеніміз жадыңызда қалса, сиырларды қуалап, базарда сүт, қайнатылған қаймақ сатып, сауда сөресінің артында тұрғанымызды, сонымен қатар, бір-бірімізге барып, қонақтарды қабылдауға уақыт табатынымызды еске түсіріңізші. Сіз Сібірді ұмыта алмайтыныңызды жазасыз, әрине, қымбаттым, ұмыту қиын, ол жерде бар өмір өтті, ең алдымен, сіздің анаңыз сонда жерленген, ал енді сіздің көшесіз және төмендегі батпақсыз басқа жерге қалай үйренуге болады? Бір ұлыңыз бар, ол да қасыңызда емес. Демек, оны Құдай солай шешті. Тышко ағай біздің Воронеждің бір ауылында қайтыс болды. Олар бізге осы қыста сол жерден көшіп келді, маған көп адамдар жайлы айтып еді, мен көбін ұмытып қалдым. Барғым келеді... Мен Витяны күтіп отырмын, ол жазушылармен келуі тиіс, бізге келсін. Құрметпен, Парасковья Григоровна».

Қызы Марусяны вокзалға шығарып сап тұрып, тағы да «Таня құрбысына» сәлем айтуды қайта-қайта тапсырды. Кемпір тап-таза киінген, пальтосы нәзік жасамыс денесіне жабысып, арық, басында қалың орамалы бар, мұрны жұқалтаң, бір көзінде кішкентай ақ дағы бар екен. Мен оған жазушыларды ертіп бардым.

«Анам олардың алдында патшайым сияқты тік тұрды, — деп жазды Маруся бізге Пересыпьке, — ол қолдарын таяқтың үстіне айқастырды, олар бір-бірлеп жылы сәлемдесті, әрқайсысы сыпайы сөздер айтты, ал Витя бәрін шақырды, Брежневті анасымен таныстырғандай, сосын біз оларға үйде күлдік: «Апа, бұл сізге ұқсамайды, сіз олардың алдында патшайым Екатерина сияқтысыз, сіз ақсүйек тұқымынан немесе сондай бір қатал бастық емес едіңіз ғой...» — «Ал мен қандай екенмін? — анамның жауабы, — өздері кеп жатыр ғой, рахмет айтамын, мен кітап оқымаймын, бірақ Витяның жолдастары бірдеңе жазады, жарайды, мен амандасып ем, бір үлкені: «Мен де сібірлікпін», — деді. Мен Воронежденмін, жер аударылғанмын, ал Витяның анасы мен әкесі — Лихоносовтар Сібірге өздері барған». — «Тектілік», — деді Астафьев. — «Біздің ру ауылға танымал болды. Осыкиндер. Осыкин тоғаны да болды. Гайворонскийлер де бар. Лихоносовтар одан нашар, оларды көшеде Голычевтер деп атайтын». Мен, апай, кітап оқығанды жақсы көремін, Астафьевті, Беловты көргеніме қуаныштымын. Белов ашулы, бірден түнеріп: «Жер аударылғанға дейін қанша сиыр болды?» — деп сұрады шешейден. Распутин Валентин — ұзын бойлы, тұйық, бірақ мейірімді. Потанин, оның «Тұрақсыздық үстінде» әңгімесін оқып, жылап жібергенмін. Личутин бойы тапал болса да әңгімеге араласып, пойыздан қалып кете жаздады. Балашов, біздің Петрозаводск жақтың жігіті, көзіме сонша ұзақ қарап тұрды. Ал Крупин анамызға Иерусалимнен әкелген иконканы берді. Шешей риза болды. «Мен Таняға хат жазамын, — деді ол, — Витяның қандай жақсы достары бар екенін айтамын. Витя біздің тұқымнан жазушы болуды меңгерген жалғыз өзі ғана. Құдайға шүкір. Ол сондай момын болды, бір сөз сұрап, жауап ала алмайтынбыз».

Шешей Петрозаводсктен келген хатты бірнеше рет қайталап оқып, бақшаға барды, сонда ол Паша апаймен әңгімесін жалғастырып, өз тағдырына аздап шағымданды. Күнделігімде Попсуйшапканың кейінгі жылдары Толстопятқа әпкесі Манечканың өлімі туралы айтқан тарауды аяқтап жатқаным айтылады. Лермонтовтың туған күнінде мен Таманьға бардым, ол жерден Витязево грек ауылына Благовещенская ауылының атақты атаманының қызы Константин Юхномен жолықтым, тағы бір рет сұрап, тағы бір рет керемет нәрсе естуге үміттеніп, тағы бір рет әлдеқашан кеткендердің барлығын еске алуға.

Мені Қыз арнасында дәйім топталған шағалалар күтіп тұратын.

Мен бүгін олармен біргемін. Бақалшақтарды сұрыптап, кітап оқимын, жазу жазамын және «менің мәскеулік вятич досым қазір Вифлеемде жалаңаяқ теңіз жағасында жүрсе ғой» деп аңсаймын.

Алыстан онымен қалай сөйлесетінімді ол енді естімейді, бірақ бір күні көз жасым толы парақтарымды аяқтасам, оқиды. Біз де қартаямыз. Бірақ Мәскеулік Вятич мені өз ауылының бір жерінде, Пересыпь жақтағы Қыз арнасында отырғандай оқыр ма екен? Міне, оның жазған жолдары: «Дүниеде менің жаным мекен етер және мен әрқашан әжі қайырып, кешкі дұғаларды оқитын төрт жер бар: Лавра, оқыту орны. Никольское. Великорецкое. Кильмез. Әрине, Мәскеудегі пәтер».

Ал менде Қыз арнасынан басқа не бар? Жаныма жақын, аса қымбатты бұрыштарда мен барлық жазба беттерінен табыламын. Әумин.