Құпия орын
Дін қызметкері рәсімді атқарып жатқанда, күйеуі кішкене маймылға ұқсағангеннен-ақ іші пысып, қамыға бастаған, қазір ол ештеңе түсінгісі келмей палатаға қарай ентелеп тұр. Оған маңайындағылардың назарын аударатын нәрселер жасаған ұнайтын. Қиялы болымсыз, бірақ әйел затына ғана тән қулықтарды ойластыруға қауқарлы еді. Әкесі ұрыссын деп және одан бәрібір қорықпайтынын көрсеткісі келіп, біресе бірдеңені бейнелеген болады, біресе қасақана күледі. Сәлден соң жұмсара қалып, бағынышты кейіп танытты да әкесіне соғылып барып жабық есікке қарай тұра ұмтылды, бірақ әкесі қолын қатты қысып ұстап тұр екен. Бүкіл қулығын пайдаланып, өз дегеніне жетіп, үстем шығу үшін қыз әкесіне мейірімсіз, өгей деп айқайлап, «Анашым! Анашым!» деп жыламсырай бастады. Сол-ақ екен, әкесі аузынан аяусыз салып қалды. Осы кезде ол шын жылады, өксігімен бірге ауаны қоса жұтып, үрейленген күйде аузын ауаға толтырып алды. Көз алдында бәрі шашылып қалғандай. Қорқып кетті... Көз жасымен бірге көзі ағып кететіндей қорықты. Қыз мөлдір тамшыларын сүртіп жатыр, қайғылы түрмен алақанына қарап қояды, былғап алудан қорыққандай, өзінің көрінбейтін ауырсынуын да, қанын да біреулерге көрсеткісі келгендей. Дірілдей, жентек-жентек демін жаншып, хал үстіндегі адамдай сөзін бөліп-бөліп: «Мен жү-ре-гім-ді жұ-тып қой-дым...» — деді.
Әкесіне бәрібір, аурухана қабырғасына қарап мелшиген күйі тұр.
Анасы болса, мұның үнін өшіріп, ашуланатынын біледі.
Олардың енді кішкентай бөпесі бар, ал бұған ешкімнің жаны ашымайды.
Мұндағы барды түгел тартып алып, соған берді.
Қуыршақ сияқты, бірақ жаны бар нәресте оған мүлдем ұнаған жоқ. Егер ол қуыршақ, йа, өзінің ойыншығы болғанда, оны аяусыз сындырып, аяғын, қолын, басын жұлып тастар еді. Өзінің шырылдап жылауы, айқайы бітпейді, үнемі бірдеңе қажетсінеді. Былғаныш кезінде тіпті жиіркенішті. Бірақ ол ата-анасына тән болғандықтан оған рұқсатсыз жақындай алмайтын.
Бүлдіршін қызға оның енді үлкен екенін, бөпесін жақсы көруі керектігін, бұл оның туған бауыры екенін айтатын. Бұл әлсіз, жиіркенішті, басы артық осы бір кішкене тіршілік иесінің өлуін шыдамдылықпен күтті.
Осы ой үнемі еріксіз жадынан шықпады, ол қаласа болды тілегі оп-оңай орындалатынына кәміл сенді.
Тек бұл құпияны үнсіз ішінде сақтады.
Тіпті, бұл өзінің емес, өзге біреудің құпиясы сияқты, өйткені, оның қашан орындалатыны өзіне де беймәлім еді. Бірақ ол осыған, егер құпиясын білетін адам болса, соған сенгендей сенді.
Құпия оны бір мысқал да азаптаған жоқ.
Тек бауырын тезірек ұмытып кеткісі келді: ұйықтап кетіп, қайта оянғанда ол көзден ғайып болса ғой, өзі ғана осы үйдің сүйікті қызы, жалғызы болса ғой.
Өздері үшін өмірге әкеліп, оны бұдан да қатты жақсы көрген ата-анасы өзін ұмытқандай, оны да ұмытып кететініне сенді. Ұмытып кетеді де, оның өліп қалғанына қайғырғандарын қояды.
Жағымсыз қылықтары туралы баяндап, сонысына сый алуға келген ғибадатханада да үндемеді.
Қыз төбеде құдай барын, оның жерді жаратқанын, адамды ойлап тапқанын, оны әр адам тыңдауға тиіс екенін, ол тыңдамағандарды жазалайтынын, ауыртатынын, тіпті, өлтіретінін де білетін.
Әкесі мен анасы мәжбүрлегенде олармен бірге ғибадатханаға барады. Ол өзін ақылды санайды, құдайға сенбейтін, сонысымен күлкілі көрінетін. Анасы оны «Вера әжей жақсы тәрбиелемеген» дейді. Вера әжей ақымақ дейді. Осының бәрін тыңдаған қыз мәз-мейрам боп күлетін, ол анасына өзіне сенгендей сенді. Шешесінің құдайға ғашық болғанын көріп, оның да ғашық болғысы келді. Ертегі екен деп ойлап, құдай туралы кітапты жатарда оқып бер деп қыңқылдайтын, көз ілерде тіке аспанға, онымен кездесуге кетіп барамын деп ойлайтын, Анасы оны «періштем» дейтін.
Оған шіркеу өздері қонаққа барып қайтатын үйдей көрінеді. Құдайға да, шешесіне де ұнау үшін бар үйренгенінше сыйынып, шоқынды, өзін шақырылған мерекенің дәл ортасында жүргендей сезінді, тек енді жүгіріп, шулап, күлуге рұқсат етсе ғой.
Есесіне, туған күнде торт үстіне шаншитындай шырақтарды жағуға, олардың алауымен ғибадатхана ішін әрлеуге болады.
Оған әдемі нәрсенің бәрі ұнайтын, ал шіркеу расында да әдемі еді.
Бірақ оған бәрінен де құдай бейнесі бар суреттерді — иконаларды сүйген ұнайтын. Демін ішке тартып, оған назар салғанда кейде өзі емес, ол өзіне мұқият, қатқыл қарап тұрған сияқтанады да, бұл оған тірі адамға қарағандай мәнсіз, тіпті масайраған жылт еткен шаттық күлкісін жолдағандай болады. Ол әрдайым өз сыйын ала алды, ал анасы қызының сондай жақсы екенін көріп, сүйсініп, мақтан ететін. Ол да өз-өзіне сүйсінетін. Дін қызметкері мейірімді жан еді. Сондықтан да ол одан қорықпайтын. Анасы білетін нәрселерді мұның да дін қызметкерінің алдында мойындауы керектігін ұғынып, өз кінәсін шын пейілмен сезінетін. Дін қызметкері мұны өзінің алтын алжапқышының астына тығып қоятын да төбе тұсында бірдеңелер айтып, ақыры кешіретін. Сосын анасына да осылай етіп, оны да кешіретін. Бірақ шешесі өз күнәлары туралы бұған ешқашан айтқан емес, ал өзі құлақ түріп, бірдеңе тыңдап алайын деп қанша тырысса да ештеңе шықпады. Тек анасының жылап отырғанын ғана көрді. Оны біреу ренжіткендей ащы жасын төкті. Қыздың өзі де дәл бұлай жылай алмас еді, тіпті өтірік жылағанда да, сонда да шешесіне ұқсағысы келді, ол не істесе де дәл анасындай істегісі келді. Анасы, бәлкім, біраз қорыққан шығар. Бірақ қызды қорқытқаны оның көз жасы еді.
Қыз құдайдан кешірім сұрап, өзіне, ата-анасына денсаулық тіледі. Әке-шешесі оның тілегін орындап, ең болмаса мұны күлдірсе екен, құдайдан ата-анасы сатып әпере алатын зат әперсе деп сұрады.
Бірақ бауыры туғанда құдайға ашуланды.
Ол бауыр тілемеп еді, бірақ ол өмірге келді.
Ата-анасына өкпелеп, бәріне ерегескенде жатар алдында сыйынуды қойды.
Қорқуды қойды, тіпті, өлімнен де қорықпайтын болды.
Өлім қорқынышты болып елестейтін.
Ол ішінен ақымақтар ауырады, өледі деп ойлайтын.
Жоқ болып кетеді, болды. Ауаға айналады, сондықтан да олар көрінбейді.
Өзін ақылды санады. Ата-анасы дәрігер болатын. «Өскенде кім болғың келеді?» — дегенде «Дәрігер боламын», — дейтін. Өзін де таңғалдырып, «Оған қоса ер адамды жақсы көріп, көп тіл білгім келеді!» — дейтін күліп.
Әкесі таңертең оны көлігімен гимназияға апарып салатын, ол жақта ағылшын тілін оқып, бай, сымбатты баланың жанында отырады.
Анасы өз көлігімен қызын би үйірмесіне апарып-алып қайтады.
Қыз ересектердей көрініп, пікірін айтқанды жақсы көретін.
Өзін ересек деп ойлап, ересектерше қиялдау оған оп-оңай еді.
Бұл жеңілдік ештеңе сезіндіре қоймады.
Бірақ ыза мен реніш абдыратып, тек өзінің әлсіздігін ғана сезіндірді.
Бәрінен жаманы — өзіңді аяу. Өзіңді ұсқынсыз, кәрі сезіну.
Бауырын шоқындырған күн бұл үшін ең бір түсініксіз, сұмдық күн болды. Бәрі көлікте келе жатқан, ол артқы орындықта аяғын бүрістіріп бұрышта тығылып үнсіз отыр, бірақ оған ешкім назар аударған жоқ. Кішкентай нәресте де осы жерде бесігінде жатыр: артқа бұрылып анасы бір қолымен тербетіп қояды. Сосын әкесі әдеттегі суық жүзінде толқынысты жылу жүгіріп өтіп, сәбиді қолына алды, оны шіркеуге апарды. Кенет бұл ештеңе ойламайтын болды. Көргенінің бәрі түсі сияқты. Бар болғаны ақымақ, ешкімге керегі жоқ Вера әжейдің өз қолынан ұстап тұрғаны ғана есінде. Мүмкін бәрін — анасын, әкесін, бауырын, тіпті, құдайды тастап өлгісі келді. Ұйықтап кетіп, оянбасам деді. Тек сәбиді басымен үлкен ыдысқа сүңгітіп жатқанда ғана қазір бауыры суға батып өлетіндей елестеп кетті, бұл кезде бауыры сүңгіп шығып, бақырып жатқан, оны судан тез-ақ шығарып алды.
Үйге келгенде ол құдай бейнеленген сүйікті иконасын еденге лақтырып жіберді. Бұл иконаны анасы бір кезде шіркеуден сатып әперген еді. Бос бөлмеде жан-жағына қарағыштап, қысыла күліп, ешкім байқамай тұрғанда жерден алып, орнына баппен қайта жайғастырды.
Бірдеңе күткендіктен емес, тек енді ешкімге сенімі қалмағандықтан, кішкене қыз бауырының өздерімен бірге өмір сүретініне, оны бәрі жақсы көретініне көндікті.
Кенет сәбиге емес, анасына бірдеңе болды.
Анасы төсектен тұрмай жата берді.
Үнемі шаршап тұрмын дейді.
Сосын бір жаққа кетіп қалды, олар өздері ғана қалды.
Анасы басқа елге, басқа қалаға бірнеше рет кетті, бірақ бұл қызды қынжылтқан жоқ, әкесімен қалған оған ұнайтын. Енді шешесі аса қашық емес жердегі ауруханада тынығатын болды, қызға мұндағы адамдар ештеңе істемей, тек тамақ ішіп, ұйықтап, дәрігерлердің айтқанын тыңдап қана жататын сияқтанатын. Әкесі жұмысқа баруын қойды. Олар бәрін бірге істеді: қыдырды, тамақ пісірді, ыдыс жуды, теледидар көрді. Әкесі қызына әбден бауыр басып кеткендей, анасын ұмытқандай, олар бір бүтінге айналды, еркіндікпен бар қалағанын жасайтын, анасы болса, бәлкім, бұған тыйым салар ма еді. Қыз бауырын бағуға да көмектесуге тырысты, өзінің жәрдемге жарағанын мақтан көрді. Оңаша қалғанда төсегіне бұқпалап келіп, сәби ұйықтап жатқанда үйден алыс бір жаққа апарып тастағысы келетін. Бірақ бауыры оянып кететін де, әпкесі оның анасындай бола қалатын, ал ол соған сенетін.
Ол тез алданатын.
Ол әлі күнге өзінің анасы кім екенін білмейтін шығар, есінде жоқ, білмейді, оны жақсы көрген жоқ, аяп та көрген жоқ, сондықтан, анасына жаны ашымайды.
Ол өзінің кесірінен анасы ауырып қалғанын білген жоқ.
Анасының ауруы тек оның өзімшіл әуестігіне ғана ауыр тиді.
Кішкене қыз құпия дегенді ұнатпайтын. Тіпті, Вера әжей де бірдеңе білетін, көмектесуге келгенде, өзін үйдің қожайынындай ұстап, өзіне анасына бағынғандай бағынуы керектігін байқататын. Бүгін де әкесі мұны өзімен бірге апарғысы келмеді. Байқаса, бұдан аса маңызды бір нәрсені жасырып жүргені анық. Бірақ тозған киімдегі бұл адам — дін қызметкері ақымақ адамға ұқсап кетті, енді қыз шектен шығып, күліп жіберді, сонда да қысылмай, өзін үлкен адамдай ұстап, оған әдейі бажайлап қарады. Дін қызметкерін көшеден ұстап әкелді десе де болғандай. Оның анасының бар құпиясын біліп алатынына ызасы келді. Қыз бәрі де өз сүйікті құдайына сыйынатын шіркеудегідей болатынын аңғарды: анасының көз жасын көретініне кәміл сенді, мазасыздана тіріліп, ажары қашқан кейпімен бірдеңеге даярлана бастаған анасын бақылап, бір әрекет күтті. Өлі тыныштық орнап, үздік-создық «Шығыңыздар... Не істеп тұрсыздар... Сіздерге кіруге болмайды!» деген жалынышты сөздер естілді. Осы кезде қыз анасына қарай жүгіріп, қолынан сүйіп жатыр, қолына жармаса түсіп, біреу-міреу жұлқымақшы болса, әлгіндегі жалынышты сөздерді іліп ала жөнеліп: «Анашым! Сүйікті анашым! Мен де жаманмын! Сенімен бірге барғым келеді!» деп өтінбек.
Бұл уақытта ауруханаға келуге тыйым салған. Бәрімен келісіп жүрген күйеуі, дін қызметкерін де сол тауып әкелді. Іздеді... Дінге сенетін, православ таныстарына хабарласты, сұрады. Бұрын мұндай жағдайды бастан кешірмеген соң, олар оған қандай да бір ақыл-кеңес беруге қиналды. Бірақ «Ол өлгелі жатыр ма?» деп үрейленіп қалды. Ол қысқа ғана: «Жоға, Өмір сүргісі келеді» деп қысқа жауап беріп,әңгімені тия қойды.
Хирург, жүздеген операция...
Ол өзіне сенімді еді, себебі, ол ештеңеге сенбейтін.
Әлдебіреулердің ішек-қарынын ақтаратын.
Осы істе жағымды бір нәрсе бар ма еді өзі?
Әлде, қорқынышты ма еді?
Өз-өзін үйретті. Дәрігерлер өз пациенттеріне аяушылық жасамайды. Егер аяр болса, жиіркенішті де, қорқынышты да сезіне бастар еді.
Соқырішектер, грыжалар, жаралар... Ол дөкірленіп алды: адамдардың ет пен сүйектен жаралған алмастырушыларына жасалатын ізгілігі төмен тәжірибе жүргізгендегі секілді адамдарды кесті, тікті. Бірсарындылық пен тұйықтық жұмысты әдетке айналдырады. Тіпті, жалақы да сондай. Бар қалауы, ең болмаса, ұйқысын қандыру еді. Әдеттегі тіршілік: отбасы, жұмыс. Басқа ештеңе ойламаған шығар... Не үшін өмір сүрді? Бұл сұрақ өзі өмір берген балалары туралы ойланғанда тым азапты ойға айналады. Ерлерше сүйді, өз туғанындай сүйді. Ұрпақ жалғастырды... Соңында қалатыны... Бірақ бұл махаббатымен ол ешбір сенімді жеткізіп бере алмайды... Сүйектен, қан тамырынан, бұлшық ет пен нервтен құралғанын білді. Өз өлімінен қорықпайтынын да білді. Өзін керек еткен адамдар үшін ғұмыр кешті. Өмір де, өлім де — енжарлықты шексіздікке ұластырған түзу сызық. Онда ештеңені де, ешкімді де іздеудің қажеті шамалы, ал мұнда ше?
Дүрдек ерін, омыраулы, аппақ, жұмсақ, ылғал тері. Бәрі бірдей әсем емес. Мүмкін оның әйелдерінің тұрпаты дөрекілеу болған шығар. Әдетте медицинада бір түнге танысатын. Бір түнді бірге өткізген соң, дос болып кететін. Физиология—патологоанатомия секілді оқу пәні. Барлық мамандықтар — біржынысты. Ал достық — бұл, жыныстар теңдігі. Орта кеңейе беруі мүмкін. Ортада бір-бірімен ауысып жүретіндер де болады. Студенттер арасында «Дәрігерлердің бәрі дос, медбикелердің бәрі жүргіш» деген әзіл бар еді. Дәрігерлер аса кірпияз келеді. Мүмкін олардың махаббатынан гөрі достығы тазалау шығар? Жұптар құрылды: ортопед пен окулист, кардиолог пен уролог, стоматолог пен проктолог... Немесе бұл екеуі сияқты хирург пен дерматолог. Сосын бір-бірінсіз тұра алмайтын халге жеткенде отбасы болды... Кейін бірге оқығандардың көбі отбасылық достарға айналды... Жолдастар, әріптестер, эскулаптар бәрі де бірдей ант айтысты:«Аполлонмен, дәрігер Асклепимен, Гигеямен, Панакеямен, барлыққұдайлар мен әйел құдайлармен ант етемін, оларды кәугерлікке тарта отырып, өз күшіме және өз ақыл-ойыма лайық міндетімді адал атқаруға былайша ант етемін...»
Ауруханада өткізген бір тәуліктен соң аулаға көлікті қалдыра сала, үйге оралды ештеңеге зауқы болмады. Қыз сезді, үндемеді, ол болса өтірік айтудың мәні қалмағандықтан басы артық ештеңе демеді. Бөлісуге тиістің бәрі ортақ. Бұл жердегі ең таңданарлығы — ортақ баланың болғаны. Оның өз ақшасы пайда болған. Аяқ астынан жиналып, белгісіз бір құрбысымен саяхатқа кетіп қалды. Артына қарайламай кетті. Осылайша қашып кетуге тырысты. Қайтып оралмауы да мүмкін еді, оны бұл сезді. Испанияға ұшатынын айтқан... Кейін Тайландқа... Абыржыған кейіпте, құр кеудесін сүйреткен күйде үйіне, оған, қызына оралды. Әйтсе де, сувернирлер, арзан сыйлықтар ала келіпті, бірақ ләм-мим демеді. Бұл ештеңені тықақтап сұрамады. Өзгелердің кезекшілігін алды, үйге қонғанымен күндіз сирек болатын. Осының бәрі, әйтеуір, бір күні бітуге тиіс еді. Жұдырық жұмсағанында, бәрі аяқталуға бірнеше мәрте жақындайтын еді... Бірақ шыдады. Өйткені, мықты, ешкімнің өзін сындыруына жол бермеді. Ал ол болса, соған мәжбүрлеп тұратын, оған аузына келген ең қатқыл сөзді түкірік секілді шығара салу түк емес еді. Өзіне жақындатпады, егер қандай да бір жақындық — дене жақындығы болса, соның өзі жиіркенішті еді.
Тек қана талап етеді... Немесе ол жоқ сияқты кейіп танытып, тіпті, жанында адам бар екенін мойындамай, сосын мұны көргеннен есірігі ұстап, бақырып, айқайлайды... Тек күйеуі өзін мүсәпір сезінсе болғаны. Әйел әр күн сайын өзін осылай бақытсыз ете түсті. Жылады, түсінде жас баладай қыңқылдады. Өз өмірі үшін қорланды. Қорғансыз, жаны жаралы жаратылыс. Ол ауру секілді көрінді... Болған жайттардың бәрін — ол жайындағы шындықты да, ауруды да туыстарынан, жақындарынан жасырды. Тек бұл астыртын үнсіздік өмірдің дәл өзіндей бір жым-жырттықты, жалғыздықты ұзарта түсті.
Әйелі туралы бәрін білемін деп ойлайтын... Ол әкесінің қызы еді, шешесінен гөрі әкесіне көбірек бейім болды. Әкесінің өлімінен кейін шешесін қорсынып, одан бұрынғыдан бетер алыстап кетті. Әкесі қызын өсіргеннен кейін отбасынан кетіп, күш-қайраты тасып тұрған шағында жас қызға, тіпті, өз қызымен шамалас бойжеткенге үйленді. Екі жылдан кейін оны жесір қалдырып, тік ішек обырынан қайтыс болды. Өзі бәрін сатып кеткен, бәрі оны сатып кеткендей кейіпте, селқос көз жұмды. Қызы оған ешкімнің керек емес екенін әкесі жапа-жалғыз крематорий пешіне кетіп жара жатқанында ұғынды. Ата-анасынан айырылу азабын бастан өткеріп көрген басқалар секілді ол да бәрін түсінетіндей кейіп танытты. Өз сезімін байқатпаған, кешірдім деп пайымдаған қалпымен көңілі жайланғанын сезгендей. Бәрі өзін жақсы көрсе, тек өзін ғана, жалғыз өзін жақсы көрсе деді. Былай қарағанда — ақымақтық. Сондықтан, күйеуін анасынан қызғанды, ол әйелдің бар екенін мойындағысы келмеді.
Ал бұл әкесіз өсті. Бәрінің жақсылы-жаманды әкелері болды. Ал мұның туу туралы куәлігінде сызық тұратын. Анасы өткенін жасыратын, ұлдың әкесі жайлы айтуға да, ойлауға да дәті бармайтын. Ол көп қағидалардың шектеуімен өсті, оны бұзса, сатқындық жасаған болар еді. Әлгі адам туралы естеліктерді жойғандықтан да шешесі өзін әлі ұлының анасы санап жүр. Қазір ол кімнің болсын бәрібір, әйтеуір, бөгде адамның құпиясына айналған. Әкесі, бәлкім, тірі, бәлкім, өліп қалған шығар, қалай болғанда да ол жоқ. Бәрібір ол өз әкесіне ұқсамас еді, себебі, оған қандай болу керектігін өгейлігімен өмір үйретті.
Бір күні оны әйелі сүйіп оятты, жып-жылы жүзімен жеңіл жанап өтті. Бір нәзік сезімнің толқынысымен оянды, бейне бір жаңа туғандай. Әйелі мүлде басқа, ғайыптан келгендей, ілтипатты, қамқор, шыдамды, мейірімді. Осылайша оның өз әмірімен, өз қалауымен бір-ақ сәтте өмірлері өзгеріп шыға келді. Сосын әйелі кішкене қызын алып шіркеуге барды... Пәтердің барлық бұрышында шаң жуытпай қарайтын иконалар пайда болды. Құдайға сыйынды. Бұрын... Қазір... Шіркеуден қайтқанда жүзі әрдайым арылу бақытын паш етіп, алаулап тұратын. Ал бұл одан қаншалықты жырақ екенін сезініп, бірдеңе күткендей бар қиналысын ішіне бүгіп, мелшиіп қалатын. Жанұшыра белсенген ол алдағы күндер туралы әрбір жаңа ойымен дегбірсіздік әкелді, аяқ астынан таңдай сала сатып алу, бір шешімге келе сала жасап тастау қажеттей. Бұл мойынсұнды, тіпті, соқыр болғаны соншалық, оның бойындағы елеулі өзгерісті байқамады да. Ол жүктілігін жасырды. Алдап жүргеніне масаттанған да болар. Төзді. Жасырды. Осының бәрі шырақ жаққан қисынсыз кешкі ас ұйымдастырып, жұмбақ жымиып, мұның баласы болатынын, оның ұл болатынын да біліп алғанын айту үшін екен. Жомарт, тамаша көрінді. Күйеуіне ең қымбат сыйлық жасады.
Ұлға нағашы атасының атын қоямыз деп өзі шешіп қойыпты.
Бәрі оп-оңай айтылып жатыр.
Ол оп-оңай келісті.
Бұдан кейінгі әр сәтте бір жеңілдік болды. Ол мереке болғанын қалады, паркте қыдыру, қала сыртына саяхаттау, кешкі асқа достарын шақыру сияқты мерекелерді өзі ойлап табатын. Нәресте анасының құрсағында еш әуреге салмай ұйықтап жатқандай. Еркіндіктегі уақыт көзден ғайып боп жатты. Тек соңына қарай ғана уақыт шыдап болмас баяулықпен созыла түсті. Осы кезде ол үндемейтін болды, шіркеу қызметіне күнде барады, жалғыз қалғысы келетінін айтып, қызын бірге апармайтын болды. Сосын жоқ боп кетті, сол кеткеннен үйіне қайтып оралмады. Оның қайда кеткенін бірнеше күн ешкім білмеді... Бұл оны мәйітханадан басқа жердің бәрінен іздеді.
Сенім — бұл, шынайы күту. Сенсең, күт.
Бұл күтуге тиіс еді.
Ол ештеңе түсінген жоқ... Бұл кенет соны анық ұғынды. Қайтып келгенде бірдебір сұраққа жауап бере алмады. Мол ашылған көзінің жұмсақ, мейірімді қарасына бір үрей тұнып қалғандай. Шадыман күлкі... Іші шыққан... Айы-күні жақын... Ешкімге ештеңе айтпайды... Жарымес емес қой... Тасжүрек те емес... Сұрақ қашан таусылады деп күтіп үнсіз күліп тұр. Оған қарап тұрып өз-өзінен шошып кетті... Оны бостандығынан айыра ма? Қайғыға сала ма? Оның құрсағында мұның баласы жатқан жоқ па?! Бәрін ұмыту керек. Босанғанда, бұл бәрін ұмытып кетті. Кешірді. Ұлы өмірге келді! Мүлгіген бақыт жанын жылытады... Алғашқы қыңқылдағаны... Алғашқы байыпты қарас... Алғашқы күлкісі... Шоқындырғаннан кейін қолына алғанда осы бір кішкене адамға қарағанда өзін ақымақ, қаусаған біреудей сезініп, енді тек осы үшін өмір сүріп, осыған қызмет еткісі келетін құлдық ынтызарлық пайда болды... Көл-көсір қуаныштан кейде «Осының бәрі не үшін болып жатыр?» — деген қорқыныш жылт етті. Пластмасса ваннада ұлын суға түсіріп жатқанда қуаныштарын, купельді есіне түсірді... Кенет қолы қалтырап кетті. Аяқ астынан елестеп кетті: телефон шырылдап, ар жағынан бөгде салмақты дауыс: «Әйеліңіз өлді» — дейді... Бұл өзі де еш ойланбастан осы сөзді мың рет айтпап па еді, неге дәл осылай болуы керек: бітті, ары қарай ештеңе жоқ па?! Бұл өзінің сау адам жасауға қабілетсіздігін мойындап, ешқашан дәл осындай қорғансыз сезініп көрмепті. Мұндай жағдайда Америкада мұны оп-оңай емдейтінін, ал Ресейде өздерінің не істеп жатқанын білмей-ақ, қолда бар препараттардың ішінен сұрыптап беретінін, аурухананың бар тамағын тағайындайтынын кез келген дәрігер жақсы біледі... Бұл кезде гемоглобин төмендеп кетеді. Гипоксия пайда болады. Бұл мұны білді. Сол себепті де өзіне емес, басқа жерге жатқызды, оның қорқатынын сезді... Өмірдің мәңгілік емес екенін... өмір — өлім екен аңғарған сәби... Басын жастыққа салып, дірілдеткен ауру тасқыны кенет бәсеңсіген шақта қарапайым тыныштықты әр жүйке талшығымен сезінгенде ғана жартылай есінен танған қан-сөлсіз бет-жүзін болымсыз күлкі жылытып сала береді.
Қорқынышын жеңу үшін аурухана алдында қоштасу рәсімін жасады... Таңертең белгісіз уақытқа ауруханаға апарып тастайтынын ол сырттай салмақты, салқынқанды қабылдады. Осының бәрі оған тек өзі өте байыппен ойнап шыққан рөл секілді. Таң арайланып тұрды. Олар қызды оятпай-ақ қойғанды жөн көріп, арбаны сүйретіп аулаға шықты. Сәби ұйықтап жатыр, осынау аптап ыстыққа тұншыққан қаланың қолаңса иісін тазарта келген таңның салқын саф ауасын танауы желбіреп, сіміре түседі. Олар кемпірқосақтың бар түсіне боялған қызық орындықта отыр, балалар ойын алаңының түкпірінде қаңырап қалған ойын қалашығы секілді, минералды су қосылған ақ шарапты хрусталь бокалмен Жаңа жылдағыдай тілек тілеп там-тұмдап ішіп отыр. Тек тілек бір бокалға ғана емес, үсті-үстіне, әр жұтқан сайын, бөтелке босағанша тіленеді. Ол тілектің көп болғанын және бір-біріне ұқсамайтын сан түрлі тілек болғанын, бірақ бір-біріне дауыстап ештеңе айтпағанын қалаы...
Бұл оның ығына жығылуға барынша тырысты. Шарап бәрін жеңілдетті, тіпті ауруын да. Тамақ жей алмай қалған кезде де жай суды, тек суды, суық, мұзды суды ішудің өзі соншалық жиіркенішті көрінді. Екеуі балалар туралы айтты... Жалғыз өзі балалардың жанында болатыны жайлы айтты... Үйден, отбасынан, балалардан әлден қол үзген әйел неге екенін, ең соңғы жалғыз қуанышы — нәрестені көруден бас тартты... Олай жасамауын қиыла өтінді, дәл бір әңгіме өмір мен өлім туралы айтылғандай қорықты. Біртүрлі сөйледі: «Ұлым ештеңе білмесінші. Үйге оралам, оны көремін», — деді. Бұл әйелінің алдында сап-сау, еркіндікте отырғанына қысылды.
Ауру оны осал, сезімтал етіпті... Оның палатасында жанына жайсыз бірдеңе болғанын білетін күйеуі палата есігінде тұрып, қазір де тәттілеу тән сырқатын сезініп, оны әйел ретінде есіне алды. Оны көруге келді...
Ол еш қиындықсыз өзіне ғашық қыла білетін... Процедурныйда немесе аурухана асханасындағы көппен бірге кезекте тұрған біреуге күлімдей салады. Санитаркаға немесе медбикеге тәтті, жеміс сыйлайды. Жиіркеншектігін жеңе алмаса да, душына түсуге басқаларға рұқсат ететін де, өзі дымқыл ыстық сүлгімен сүртініп жүретін. Біреулер оның қазіргі заманғы керемет косметология, тері күтімі туралы лекциясын тыңдауға келеді. Ал кешкілік ортақ палатадан оның жеке боксына құлшылықты бірге жасауға көндірген діндар әйелдер сыйынуға келетін: дұғаларын кезекпен оқып, тыңдайтын. Ол бәрінен: «Мен үшін дұға етіңіздерші», — деп сұрайтын. Ол мұны өтініші таңғажайып, киелі секілді кейіппен айтатын.
«Мен үшін көп әйел дұға жасайды». Ол мұны дуа сияқты айтты.
«Біреуді әлдеқашан тірілтуге болатыдай екен», — деді бұл естігеніне сенбейгендей қалжыңға сүйеп.
Кенет ол Дивеев туралы айта бастады, өзін Дивеевқа әлдебір әйелдер монастырына апарып келуі керектігін, сонда жазылатынын айтты. Бірақ бұл мүмкін емес еді. Дін қызметкерін шақыруын өтінгенде, бұл оның тым құрығанда бір орындай алатын тілегі бар болғанына біршама жеңілдеп қалды. Оны мұндай жағдайда арыбері алып жүруге дәл өзі секілді рұсқат етпейтінін біліп тұрып, әйелінің емдеуші дәрігерімен сөйлесті. Ол мұның әйеліне психиатрдың консультациясы әлдеқайда пайдалы болатынын астарлап жеткізді, бірақ қолқаламады... Ол ашуға булығып: «Әрине, біреу сенің ауруханаңда бүрісіп жатады, бірақ саған ол жөн... Өзіңнің ешкімге көмектесуге қауқарың жоқ, бірақ антидепрессантты өзің ішпейсің... Сенің ақыл-есің орнында... Саусың... Сондықтан, бәрін білесің, шешесің... Аурулардың өміріне билігіңді жүргізесің...», — деп ойлады.
Тағы қанша күн, апта, ай шыдауға болатынын білместен ұзақ шыдады...
Ауру, суық жабысқақ тер, құсу, қан...
Қайраты да, күші де қалмаған қалпында күресті.
Ештеңе түсінбеді.
Әкесі жылаған қызын жанына шақырып алып, қызына қарады... Анасына қатты ұқсайды, қыз ашуланып көзін бұрып әкетті... «Не? Мені жақсы көретініңді айтқың келіп тұр ма?» — деді күңкілдеп. Бұл үнсіз бауырына басқанда қызы мұныкешіргісі келмесе де сабасына түсіп: «Міне, тағы біреу мені жақсы көріп қалды», — деп бұрқылдады.
Аурухана дәлізінде үй халаттарын киген әйелдер арлы-берлі сабылып жүрді... Ақыры, палатадан терге малшынып дін қызметкері шықты. Басын изеді ме, әлде, сәлемдесті ме, әйтеуір, тез көзден таса болуға асықты.
Ол бетін жастыққа беріп, төсекте жатыр. Қызы оны бас салып құшақтап: «Анашым, бір жерің ауыра ма? Ауыра ма?», — деді үрейленіп.
Бір талып, қайта есін жиған сырқат көзін ашты, маңайындағы көп адамның жүзін түсінде көргендей...
Мына пациенттен әбден шаршаған дәрігер болған жайтты талқыламай, әдептілік танытты.
Медбике тамырына ине екті, бейне бір қаны шыққанға жеңілдеп қалғандай, жеңіл, үлпілдек бір нәрсені сезініп, талықсып кетті.
«Әке, анам өлді ме?» — деді дірілдеген әлсіз дауыс.
Олар стирильді, көнерген иіс сіңген жалаңаш қабырғалы бөлмеде оңаша қалды. Тоңазытқышымен, телевизорымен, үстелімен, тағы бір бос төсегімен мына жер, шынында да, біреудің баспанасы еді.
«Ұйықтап қалды. Оятпайық, кеттік».
Бұл кетіп бара жатып, өз-өзіне мәнсіз сөйлеп: «Ал, Құдайың қайда?» — деді.
Шешесі жүрген өз үйінде бұл өзін бөтен сезінді, анасының сұрақтарына енжар, дөрекі жауап беріп, онымен ашылып сөйлеспейтінін ұқтырды. Анасы осы жолы да қорланып, кетіп қалды: бұған бәрібір еді.
Қыз өзінің шағын бөлмесінен шықпады, бірақ жалғыз қорқа бастады. Неге екенін, бауырын ойлады, тұншықтырған тыныштық баланың бесігі тұрған ата-анасының бөлмесіне қарай тартты. Бауыры киелі жұмсақ тұңғиықта жатыр, демалмайтындай елестеді. Баяу ғана шақырды...
Кенет көзін таңырқай ашып, қозғалды.
Қыз оны соңғы рет көріп тұрғандай жылап жіберді.
Сәби оған қарап, қолын созды, күлді.
Оның жылтыраған жанарында қуаныш та, сәуле де, өмір де тұнып тұр еді.




