Света, немесе Мен нағыз еркек атанған күн
(қиынды)
Нәрестенің жан шошытарлық салмағын, әдеп үшін коммунист-әкесінен сегіз жүз шақырым жерде өткізілген шоқындыру рәсімін, Донның бастау жағында тұрған панельмен қапталған туған үйінің сипаттамаларын (міне, үйдің кіреберіс оң жағында беті жырым-жырым ет шабатын жаңғырық, барактардың жанындағы домино ойнайтын үстелдер және ішінде өзіне мұрт салып алған милиция ерекше дараланып тұрған — тойға жасанып келгендер) айтпай қалдырып кетсек, өткен жазда менің қызымның (аты «жауылша гүлі» дегенді білдіретін Алисс болсын делік; Аверилл «азбан шошқалар шайқасы» дегенді білдірер еді) өз шешесінің репетиторларға берген бірнеше мың фунтын «ЕГЭ қорытындысы бойынша» деген бағандағы әркім қызығар екі таңбалы санға айырбастап, менің табанды түрде айтқан ақылдарымның ешбіріне құлақ аспай, бес университеттің қабылдау комиссиясына лотерея билеттерінің кезегіне тұрды.
Солардың ішіндегі қайсысын бітірсе де, Алиссті қатты гуманитарлық тапшылық күтіп тұр деп сендірді оны әкесі — әке-шешеден қалған мұраны оңды-солды жұмсап қою, күйеуіне деген пұшайман бағыныштылық (ажырасудан да бетер жаманшылықтар бар, балам!), мейрамханалардың арт жақтарында нан қыртыстарын сұрап, тілену, өз кезінде ата-анасының пікірін сыйлаған бай сыныптас қыздардың үйлеріндегі жайларды тазалау.
Қарт әкесіне не қалып еді енді? Онсыз да жаттығу залында шамадан асырып жібергендіктің тозақы салдары — омыртқа арасындағы жарық бүгілткен әкесіне.
Жанында бірге жүру. Қосарлы эспрессоның босап қалған стақанының картон жиектерін тістелеп, қақпалардың, «бөгесіндер» мен «жақтаулардың» түбінде күту. Алисс қалай боп шығады екен? Бәлкім — мұңайып? Барлық сұраққа жауап беріп үлгерді ме екен? Шпаргалкасы бүтін бе екен? Тезірек тамақтандырсам екен! О бәлкім, дүниенің әділетсіз екеніне, бәрінің де төленіп, сатылып қойғанына, ең жақсы орындарға барлығы үйде жатып-ақ тіркеуден өтіп алғанына дәл осы сәтте көзі ашылды ма екен?!
Азапқа толы сол күндері мен өзіме ұқсас жұрттың арасында, бейне бір өліктің шығарылғанын күтіп тұрғанға ұқсайтын үнсіз көпшіліктің ішінде тұрдым. Анықтамаларын көрсеткен талапкерлерді кіргізіп жатты, дипломдарын қойындарына қысып түлектер шығып жатты. Бес жылды есікті бір серпіп, пайдасыз, салдарсыз таблетка құсатып жұта салған, Білім Ордасына («әлі» мен «енді» дегенді өзара бөліп алған) бірдей жат еш айырмасы жоқ адамдар боп көрінді; айырма бар-жоғы — бойларының екі сантиметрінде, сосын еңселерінде — кіріп бара жатқандардың толқынысы, кетіп бара жатқандардың немқұрайдылығы; және алған бағыттарында — екі жаққа тарап жатты.
Алиссті осыған дейін өмір бойы бағалардың, конкурстың, емтихан алушының жаман көңіл-күйінің не кеңпейілділігінің, оқуға қабылдану мен оқу орнының атауының Тағдырға зәредей қатысы жоқ деп сендіріп келген менің бойымды аяқ астынан естеліктер жадылады, ізінше хайуани үрей билеп алды (иә, солай, міне, осымен қазір өмір мен тағдыр шешілетіндей көрінді), мен сыбырлап, абитуриент болмағаныма Тәңіріге тәуба айттым!
Бірінші боп үздік оқитын — көріксіз немесе көрікті, бірақ білінер-білінбес сылтып басатын қыздар «оп-оңай, тіпті, жалығып кетесің!» деген көзбен жаратпаған сыңайда алара қарап, шығып жатты — үздік оқитын қыздарды ешкім қарсы алып жатқан жоқ, еркіндікке шыққандағы алғашқы қимылы — құлағына қарай телефон көтерді және: Не? Қай тақырып? Аудиторияда неше адамнан отыр? деген жалынышты сұраулы үндердің арасынан жауапсыз сытылып шыға берді. Ізінше мықтылардың балалары көрінді — әдеттен тыс шаршаңқы әрі әдеттегідей жайбарақат, оларды «мерседестердің» ішінен шығып, бері қарай келе жатып-ақ: «Ендігі әрекетіміз? Қай подъезге? Күлгін қаламмен жазды!» деп қоңырау шалып, қызғылт жейде киген жуан бөкселі нөкерлер қарсы алып жатты, ал содан кейін — «негізгі көпшілік».
Мен провинциалдарды — өзім сияқтыларды аядым: шалбары үтіктелген бозбалалар, пысынатқан тап-таза туфлилер, жейделерінің үстіңгі түймесі тағылған, беттері таза, әкелері ауыр сөмке ұстаған, банкадағы котлеттер, қиярдың ұялтатын қытыры мен қоршау бағанасының басына жұмыртқаның қабығын тықылдатқан дыбыс. Провинциалдар ары-бері өтіп жатқан жұртпен әсіресыпайы сөйлесті, шеткеріректе ұзақ сыбырласып, күзетшіні «қайда барайық?» деп құрметпен мазаламас бұрын жауапкершілік үлесіп жатты. Ол паң түрмен «мына жолақ» (жергіліктілер ешқандай сұраусыз-ақ өтіп жатқан) деп немкетті нұсқаған кезде провинциалдар алғашқы емтихан тапсырылғандай, шешуші қадамдардың алғашқысы жасалғандай — зор жетістіктей, алғыстарын жаудырып, шаттанды.
Провинциалдар — пулеметке қарсы жүгірген жаяу әскер, тек керсінше: күллі жаяу әскер ұрыс алаңында қалады — провинциалдардан біреуі де қалмайды; Курск вокзалына кірген бойда, бұларды аңдыған, «бізге ақылы оқуға келіңіздер» деп үнпарақ ұсынған құзғындар орындарға жайғастырып қойған олар жиектастарда, тамбурларда, ата-анасының иығына бас сүйеп жылайды: жарты-ақ ұпай — бар-жоғы жетпегені!
Сақтандым, теріс бұрылдым: журфакқа жонымды, Азия мен Африка елдерінің институтына бетімді бердім — ағарып кеткен көне кірпішті жалаңаштап, институттың сылағын қағып түсіріп жатқан-ды, ал шатырдағы көпжылдық бұтаны жел тербеп тұрған, — бірақ бәрібір есіме алдым... Адамдарды шын мәнінде билейтін — міне осы, күздің сол бір апталары таяз толқын боп шайқалып, тұрақтап қалған жер — міне осы: есік алды және табалдырықты аттай бергендегі тұс; менің жаным ашыды. Бұны басқаша қалай атаса болады? Толқыныс пен аздаған күйініш кештім. Иә, тұраққа қойылған көліктер көбейген. Жоқ, көліктер есімде емес. Көлік болмады да ғой! Шығып жатқандардан мен жиырма жылдық есеп алдым: қыз ба? Жігіт пе? Мен білетін біреу болса, осы жерде. Сен неге кірмейсің? Тек бір күні мен Алисстің ізін ала ішке кіргенде бойымды от шарпыды, шамадан артылған қанның ауырлығы басты. Талапкерлер мен оларды қолдап келгендер баспалдақтың сол жағындағы бұрынғы кітапханада отырды, факультет тозып кеткен, еден сықырлауық. Мен баспалдақты арт жағынан айналып өттім; әлдебір «орналастыру бөлімі» тұр — газет оқитын зал қайда кеткен? Азық-түлік дүкеншелері вокзалдың жер асты қабатындағыдай, баспалдақ еңкіштеу, «институт» деген тақтайшалар биігірек боп кеткен; мен аудиторияға кірдім, ол маған бейне бір: «Үш жүз он алтыншы» деп өзі сыбырлап айтқандай болды — тақта, кішкентай бор, мен осында оқуға түскем, және көрші үстелдің ар жағында дүниедегі ең әдемі қыз күлім қағып отырушы еді. Ал енді. Ал енді. Үсті-басына ауырсынуды басатын гель жаққан шал бейне бір саусақ іздерін қалдырудан қорыққандай саусақтарынан борды сүртті.
Алисс, мен факультетке мың тоғыз жүз... жылы, қарашада, картопқа жұмылдырылған бірінші курс сол кезде-ақ оятқыш қоятындар мен стипендияның исі де мұрнына бармайтындарға бөлінген кезде келдім.
Оятқыш иелері «бірінші сабаққа тұратын», «бүгін екінші сабаққа барам», ызғарлы ымыртта қатты бүгілген арқалар мен дөңгелегі бар арбашаларды тасыған жиырма алтыншы трамвайды күтетін, және қарғып мініп, сығылысып, жабысып, құшақтасып, ілініп, оң аяғын сыйдырып немесе есікке қысылып, немесе боранға қарсы бүктетіліп, қапырық залда жексенбі сайын нумизматтар тер иістерінің қалалық фестиваліне жиналатын «Улан-Батор» кинотеатрының жанынан аулалар бойымен «Академическаяға» жаққа қарай қиғаштай шұбыратын.
Олар факультеттен күн батқан соң, сүйікті оқытушыларын метроға дейін шығарып салып бір-ақ шығатын, сосын кешке асханада бір стақан қаймақты ішіп алып, жатақхана кітапханасында жолығатын, ал ол жабылған кезде журфактың (екіншіден сегізіншіге дейін) қабаттарының оқу залдарын алатын не ас үйде тамақ пісіріп жататын, кір жуатын, қабырға газеттерін жазып-сызатын, Днепропетровсктегі шешелеріне хат жазатын не тоғызыншы қабатқа топырақтанушылардың бөлмелеріне қарай саясат туралы дауласуға көтерілетін — топырақтанушы қыздардың (неге ғана ер адамдардың топырақтануға түспегені — осы күнге дейін де коммунистік қанды режимнің әщады құпияларының бірі) кез келген еркектер қауымына қуанғаны соншалық — мен әлі күнге дейін ізгілікті әйел һәм жанкешті ана жар салып әрі еш қысылмастан: мен болсам МГУ-дің топырақтануын бітіргем! — деп ағынан жарылғанда қып-қызыл боп кетем. Кім мақтанады мұнымен?!
Оятқыш қоймайтындар (әскер ардагерлері, өндіріс орнының ардагерлері мен КОКП-ның ұлттық саясатымен «рабфак» арқылы айналып өткізілген таулықтар — қырынбайтын тайпалар!) ұзақ ұйықтайтын, үнемі, тәуліктеп ұйықтап жататын десе де болғандай, үнемі ішетін де, кейде күзетші боп, тазалаушы боп жұмыс істейтін не ұсақ алаяқтықпен айналысатын, оқудан шығарылатын, қайта қабылданатын, қарызға ақша алатын, қонақ күтетін, психологтар тұрған бірінші корпуста адамшылық бейнесін жоғалтатын, бөлімшелік полиция қызметкеріне түсініктеме жазатын және университетте сессия кезінде ғана пайда болатын, ал негізінен ұйықтайтын, жеп-ішетін, және — бүгінгі тілмен әрі нақты қалай жеткізерімді білмеймін, — қысқасы, олардың таныс қыздары көп болатын. Оятқыш қоймайтындар осы таныстықтарды іздейтін. Үнемі сәтті емес. Бірақ тұрақты түрде. Олар жұмақта тұрған боп шығады, Шверник көшесі, он тоғыз, екінші корпус.
Кеңестік биліктің ең соңғы, мүлгіген әрі қимылсыз жылдары оқуды, қызмет іздеуді, мемлекет меншігіне құрметті, заңға бағынуды, адал өмірді, Отанға қызметті мәннен айырды — жоқ, жақын арада тегін тұтыну түріндегі түпкілікті әділетке апарар жолдың тұйыққа тіреліп, көшіміздің кері айналатынын, сөйтіп, алдыңғы түйелер соңында қалатынын ешкім білген жоқ, бірақ барлығы жүргеннен қайран жоқ екенін әлдеқалай сезетін. Аздап пионерия, сәл көбірек комсомол, бәрінен артық әскер (партия бізді күтпеді, екі-ақ сантиметр жетпей қалды!) адамға: «толықтай тірі қалғың келе ме — жалтарып кет те, бұғып жүре бер» дегенді түсіндіруші еді. Көп күш салмай-ақ, алаңға шықпай-ақ, үстіңе жабысып қалған ошағанның ілгектерін алған сияқты жайлап уақыттың бұйрығын өз бойыңнан алып таста: тіркеуде тұру керек пе — мархабат, қағазда — қатысушы боп тұра бер; егер қысым қылып жатса — дауыс бер; сұраса — жұрт алдына шыға сал; мәжбүрлесе — келе сал да соңғы қатарда мүлгіп отыра бер, бірақ шылбырыңды мығым ұста, қит етсе — жалтарып кет, науқас қағазын ал, ұмытып кет не ұйықтап қал да, аз-аздан қоң жинап жата бер, есейме, сықылықтай күлген қыздардың арасында мұңсыз-қамсыз, жас боп жүре бер.
Мен комсомол билетін жоғалтқаным үшін жер болып, қарашаның алғашқы күндері оқу бөліміне келген кезде, біздің курс міне осылай бөлінді. Менің жолым болды, мені бөлімнен бірінші қылып шығарып жіберді. Менің әскери қызметім Матросская Тишинада штаб жертөлесінде желдету қондырғысының гүрсіліне ілесіп жүріп жатты. Жалғыз терезе көгершіндер түсіп, өлетін бетон құдыққа қарап тұрған; қар мен жапырақтар есімде емес. Жарты жыл бойы егеуқұйрықтар мен биттердің шабуылына төзіп, сол жертөледе, дәлізбен отыз метр тік жүріп, солға бұрылғандағы жерде ұйықтайтын едік.
Таңертең офицерлер мен генералдар келгенге дейін мен тісімді ысып, жуынып, ұсақ кірлерді жууға (үлкен киімдерді сенбі сайын Аюлы Көлдердегі моншада жуатын) екінші қабатқа дәретханаға немесе екінші қабатты тазалықшы алып алса, үшінші қабатқа немесе тыл қызметі отыратын төртінші қабатқа көтерілетінмін.
Ол күн ерекше болып еді — мен тіс пастасына шығындалдым. Ақша үнемдеу үшін щёткамен тіс ұнтағын шоқығаным жетер — дақтарын беті-қолыңнан соңына дейін жуып кетіре алмайсың сосын оның! Қазынадағы тапшылықтан шығатын күн таяу, бізді басқа өмір күтіп тұр — мен соған ерекше шаттанып, құрметпен ауыр тюбикті қыстым, артық сығып жібермес үшін саусақтарымды ептедім. Бірақ паста сыртқа шықпады.
Сөйтсем, тіс пастасының көмейін жылтыраған бір... фольга сияқты бірдеңемен бітеп қойыпты — пәрменінше қыспай, әуелі тесу керек екен. Мәскеуде міне осындай паста. Біз артта қалып-ақ қойған екенбіз. Немен тесу керек? Мен шынашағыммен шұқылап көрдім, тіс щёткасының сабымен басып та көрдім — фольга майысқандай болды, бірақ жыртылмады. Өткір бірдеңе керек. Шеге алып келуге жертөлеге барып жататын уақыт болған жоқ, әне-міне дегенше қабаттарға бұлықтар мен елтірі бөріктер сау ете қалғалы тұр; әлден соң егер тюбикті қос қолдап жылдам қысып қалса, паста өзі-ақ бөгетті бұзып өтіп, сыртқа шығады деген ой келді. Әрине, мен ептеп ыза болдым. Егер сататын тауарыңыз арзан болмаса, қолайлы етіп істесеңізші.
Тез қысып қалу керек.
Мен көздеп, қолымды шұңғылшаға қарай создым... Егер көп шығып кетіп... Кенет таматын болса, еденге түспейтіндей...
Бір!
Көнбейді.
Бір-р-р!!!
Мен болжағандай болды. Тіпті, артығымен.
Иә, тюбик — ол менің қолымда атыла салды!
Бейне бір ішінде бәрі көптен бері қайнап, кернеп, бұғып кеп, сыртқа шапшуға, тамшысы да, кішкене түйірі де қалмай шығып кетуге разы болғандай — бітті! — енді тек жұқарып қалған қаптамасын түтікше етіп шиыршықтап, тастай салу ғана қалды: сөйттім де. Міне саған қысқан. Міне саған «тісіңді бірер ысқанға»...
Мен щётканы қылшаларына азырақ паста жұқтырғалы шұңғылшаға сүңгіттім. Бірақ — шұңғылшада паста болған жоқ! Бір тамшы да. Ол түгелдей әлдеқайда жоқ боп кетті. Мен жан-жағыма қарадым: мынау не сұмдық? Бәрін көріп тұрмын деп ойлайтын, бірақ бәрін көрмей тұрған қайсыбір ұйқысы қанбаған кісіше... Оның үстіне үш кабинаның жанындағы шұңғылшаның үстіндегі жасырын орында тұрған заттың із-түссіз жоғалып кетуіне тап болған... Айнаның қарсы алдында... Қоңыр кафельдің үстінде...
Бейне бір оянбағандай — сандырақ, ғаламат түс.
Оған қоса екінші қабаттан табанды жалтырататын уақыт болды.
Тюбик, шамасы, мүлдем бос болған сияқты! Жарамсыз! Әшейін атыла салды.
Сосын кенет, түсіне бастамас бұрын сұмдық бірдеңеге көзім ашылғандай, мен өзіме-өзім көз салдым... Қалай десем, о құдай!!! — сөйтсем, мен қолапайсыз қос қолыммен сорлы пастаны қатты қысып жібергенім сонша — ол ұмтылып кепті де алға қарай, көмейінен емес, кері қарай, тігісін сөге, шұңғылшаға лақ етпей, менің ішіме былш етіпті, енді міне қазір қалың жалбызды ісік боп кительдің бойымен ағып, шалбарымда мұртша ширатылып барады екен.
Жүгір! Мен щётканы ішімдегі исі өткір қоймалжыңға малып алып, тісімді асығыс ыса салдым, қолымды шүмектен екі мәрте сулап алып, бетімді сүрттім де, шашымды тегістедім, оны-мұнымды алдым да, баспалдаққа тарттым (үнемі әуелі құлақ түріп ап, содан соң ғана көріну керек болатын), тек бір адам қозғалып келе жатқандықтан, онда ажыратып болмайтын адамдар тегіс қақшиып тұра қалатын — Маршал, біздің Әскер Түрінің Қолбасшысы көтеріліп, адымдап келе жататын, ұзын бойлы, салқын, ешқашан жан-жағына қарамайтын, бұл жақтың кісілеріне ұқсамай әдемі біткен жүзінде бейне бір көз жоқ сияқты, Варшава келісіміндегі елдердің озбыр ниеттілерге тойтарыс беруіндегі қиындықтар жайлы ойларға шомып келе жатқан күйде. Мен шегініп, жып ете қалып, тұсымнан өткізіп жібердім: енді ше? — енді штаб бойынша кезекші, қарулас достарын — маскүнемдерді сатып кетіп аты шыққан Г. Полковник, неге екенін, маған «соңынан ер!» — деп қайталап сыбырлай берді. «Әскер Түрінің Қолбасшысы саған соңымнан ерсін деп айтты!» Г. полковник қалтырап тұрды, ол қолымен көрсете алмады (өз кезекшілігінде!), «Соңынан ер! Дереу соңынан ер!» — дей берді.
Енді мен не істеуім керек еді? Етік тазалап, кереуеттің астынан фуражка іздеуім керек пе еді? Алапат толқын мені іліп әкетті де, үдеп кеп, Тағдырдың тура сұсты гулеп тұрған аранына қарай, өкіріп сүйрелей жөнелді — қабылдау бөлмесінде сәлемдесуден кейін әлі еркінсімеген күйде екі адъютант-майор бір кісідей «қайда?!» деп саңқ етті. Мен талықсыған дауыспен міңгірледім: басшы жолдас кір деді де, — шыңырауға секіріп, қойып кеттім.
Маршал алдымызда алыстау, он метр жерде, үстелдің бір бүйірінде, құдды бір туфлиін ауыстырып жатқандай отырды, мен «қатардағы жауынгер бәленше сіздің бұйрығыңыз бойынша» деген сияқты бірдеңені орындап, үлкендігі Жер бетіне Гагарин оралған «Восток» ғарыш кемесінің жерге қонатын аппаратындай глобустың тұсына кеп тоқтадым.
Маршал он сегіз жасынан Американы бомбылауға дайындалған, оны тек бомбылаушылар және ұшулар, және ракеталарды ұшыру ғана қызықтыратын, ал енді мына сапта жүруге, қатардағы жауынгерлер мен ефрейторларға, жанар-жағармай қоймаларына, қысқы киім түріне және қағаздарды оқуға кежегесі кейін тартып тұратын; мен ешқашан маршалдың ұрысқанын, бордюрлардың түсіне, көлік жүргізушісінің кешіккеніне назар аударғанын естімеппін, тыныш келіп, тыныш кететін; бұл біздің бірінші әрі соңғы кездесуіміз еді.
Маршал маған әлдебір түсінбестікпен, мұңая қарады, мені күйдірген не нәрсе: бәлкім кезекші қателескен болар? Бәлкім біздің Әскер Түрінің Қолбасшысы өзінің соңынан тұңғиыққа мені тартпаған болар?! — жауынгердің не үшін келіп, маршалдың бұлт үстіндегі және дыбыстан ұшқыр әлемін өзінің күнделікті қарапайым сықпытымен қорлап, аяқ киім ауыстыруына кедергі жасап тұрғанын енді өзі де түсінбей отыр.
Мен қырық алтыншы өлшемді көнетоз етік (сол аяғының тұмсығы пышақпен сәл тілінген) киетінмін, және аяқты әшейін бір сілкіп шеше алатынмын (менің өз етігім жаттығуда жоғалған, сөйтіп, маған «уақытша» дәуін бере тұрған, онысы бір жарым жылға созылып келеді); шалбарға алаңдамадым: жаңа (ескісін гаупвахтада цемент артып жүріп құрттым), бірақ менің өлшемімнен екі бірлікке үлкен, кең шалбарыммен мен ұлттық биін билеп жүріп, секіріп қап көлденең шпагат жасайтын украин бозбаласын тәуір еске түсіретінмін; кеудемнің сол жағында «ӘӘК үздігі» төсбелгім тұратын, оң жағында әмиян, әскери билет, дюшес тас кәмпиті, қаламсап, ине-жіп және комсомол билеті (егер оны ұрлап әкетпесе!) салынған майсіңді қалта томпиып тұратын, көзім алдында мұрныма баса таққан көзілдірік қиғашынан тұрды (оның қиғаш тұрған себебі — оң жақ доғасындағы кішкентай бұрандасы айналып, жерге түсіп қалып, домалап кетті, оның орнына мен кеңсе қыстырғышының бөлшегін орнатып қойғам), оң қолымда тіс щёткасы, орамал мен сабын салғыш, сол қолымда жуылған, әбден сығылған, әскери жарғыда қарастырылмаған шұлық пен дамбал — шұлғау мен әскери ішкиім кию керек; менің ішімде футбол добының соққысынан қалған ізге ұқсайтын ақшыл қоймалжың қыртыстанып, ағып түсуге ұмтылып бара жатты. Мен ештеңе түсіндіруге тырысып жатпадым: қайтем? Біз бала емеспіз ғой, біз ешкімнің де сен жайлы «не боп қалды?» не «қалай көмектесе аламын?» деген мәнде бас қатырмайтынын сол кзде-ақ түсінгенбіз, сен жұрт үшін көзге көрінбейсің — әркім өзін ғана ойлайды, әскер қажетсіз ойлардан арылтқан, сен біреуге атасының басына керексің бе? Мүмкін, мен үнемі осылай жүретін шығармын және өстіп жүруге тиіс шығармын.
Қолбасшының түрі хохол-әкеге ұқсайтын. Тек Никита ата жұқалтаң болатын. Ал байсалдылығы мен сөзінің түсініксіздігі шешейге келіңкірейтін. Таня апа қашан көрсең қалың орамал тағынып, бүкшиіп, әжім айғыздаған, жылап тұрғандай көрінетін жүзін көтермейтін. Ол кісі бірінші қайтты, ал Никита ата (көшеде оны хохолша мәнермен «Ныкита» деп атаушы еді), тіпті, ренжіді: «Неғып ертерек өлмеді екен, мен өмірімді реттеп алар едім», — ол кісі керең болып, қаусап қалғанша жалғыз өзі тағы біраз өмір сүрді. Он бес жыл ішінде мен оны бейне бір вокзал базарындағы ет шабушының жауынгерлік өткен шағынан хабар беріп тұрғандай жалпыәскери фуражкасы мен офицерлік жейдесінсіз бірде-бір мәрте көргем жоқ. Оған қоса, ол шәрке мен етік тігетін (уразовтық туған-туыстар былғары зауытынан қиындылар әкеп беріп тұратын) және Валуйкиде шауқарғалар мен қарғаларды атып алып, түскі асқа әзірлеген, ал Ныкита қаржысын Ворошилов көшесіндегі жылжымайтын мүлікке құйған заманда, қазіргі тілмен айтқанда, «қарыз міндеткерліктерін реттеуде асқан қаталдығымен» ерекшеленетін.
Үйде онымен ешкім аса сөйлесе қоймаушы еді — Маршалдың көңілді ағасы тоңазытқыштарды жөндейтін, арақ ішіп, балық аулайтын, келіні ауру қызымен бәйек болатын. Сондықтан, егер жаңбыр жауып тұрмаса, ата Бимо дейтін шығыңқы көзді кішкене иттің жетегімен, алдын таяқпен түрткілеп, тарпылдатып біздің үйге дейін келетін, — биттей жаңа қадамын жасамас бұрын ұзағынан, минутқа таяу күтетін, — сосын апаны сәкідегі бірсарынды әңгімелерімен («А де Рита? Де Сашко?») ығыр қылатын — ол кісінің кіреберіс қанатқа шығуы қиын-ды, біздің кезімізде, біздің аймақта қонақтарға шәй бермейтін де. Апа күллі көшені басына көтере айқайлайтын, дуалдың қуыстарынан тапал мүсіннің бірқалыпты, қыбырлаған қозғалысы көрінген бойда-ақ басқа жұрттар бытырай қашып, тығылушы еді, ал апа шыдам танытатын: туыс! — ол кісінің ұлы Никитаның қызын алған; о бастан тең емес неке, бірақ оның теңсіздігі жылдар өте білінбей кеткен. Ал енді қазір мүлде жоқ болған — ешкім қалмапты, мен мына шаңның үстінде жалғыз тұрмын, жағдайымызды жақсартып алғанымызды, жұрттан кем жүріп жатпағанымызды, Биг-Беннің түбінде суретке түскенімізді дәлелдерге ешкім жоқ. Дәлелдегім-ақ келіп еді.
Әңгіме сол, менің ағатайым маршалдың туған әпкесін алған және Маршалдың өзі, Әскер Түрінің Қолбасшысы, әрине, өзінің жасаған жақсылығының арқасында бір солдаттың Мары-1 әуе айлағында кәкір-шүкір, қосалқы жұмыс істемейтінін және Арединскте тәулік бойы қар күремейтінін (әрбір әскер түрінде тозақпен шекарасы мүлде қорғалмай қараусыз жататын орындар болады; ересек адамдардың Арединскте қызметін өтеуге ұшқалы кетіп бара жатып жылағанын көзім көрген), жақын жерде, Мәскеуде, бір жылы орында жүргенін (штаб жертөлесінде адамдар тұратынын және оперативті ойындар залының кино дүңгіршегінде мен азаматтық киімімді сақтап, сенбі сайын барлық Әуе-десанттық әскерлер мен күллі Әскери-транспорттық авиацияға белгілі гараждардың артындағы құпия жердегі дуалдан қарғып өтетінімді ол кісінің білуі екіталай), — осы да жетер, тәптіштеп айтпай-ақ қояйын, — бір жерден жалпы нобайын естіген болуы мүмкін ғой.
Маршал өзінің жақсылығын ұмытып кеткен де шығар, бірақ бүгін соны еске түсіріп, аяуына таптырмас күн.
Адамдардың ұйықтар алдында аяғына көрпе жапқан кезінде өзі үшін сөйлейтініндей, бетін орамалмен сүртіп жатып міңгірлейтініндей, қарама-қарсы келе жатып бір тал темекі сұрағанындағыдай түсініксіз әрі немқұрайды тіл қатты, — мен бір сөзін де естімедім, бірақ жақындап келіп, қайта сұрауға қорықтым, сондықтан, дауыс ырғағына, мағынасына қарап (мен Қолбасшы болсам, міне осыны сұрар едім деп) жобаладым, біз аудармашы арқылы сөйлесетін едік, мен әңгімелесуші де, аудармашы да болатынмын: сен мұнда не істеп жүрсің? — Маршал осы сыңайдағы бірдеңені сұраған сияқты.
Мен «қызметімді өтеп жүрмін» деп жауап қаттым; оны таң қалдырған да осы еді: өйткені, қорғаныс министрінің запасқа босату туралы бұйрығы әлдеқашан басылып қойған, осы секілді бірдеңе, ол бұл жайлы естіген. Маған «мүмкін осы уақыт бойы Қолбасшыны менің бар болуым, өзіне рұқсат етілмеген жақсылығының жүгі мазалап жүрген шығар?» деген ой да келіп кетті.
Мен түсіндіре кеттім: қызметтен бірден босата салмайды ғой. Бұйрық шығарылған соң бір ай өтеді, содан соң сіңірген еңбегі мен жетістіктеріне қарай бөліп, «нөлдікті» — ең бірінші партияны жібереді, бір аптадан соң — біріншісін, тағы бір аптадан соң — екіншісін, өстіп кете береді. Ерекше «көзге түскен» солдаттарды соңғы партиямен жібереді — 31 желтоқсан күні жиырма үш елу тоғызда. Қарулы күштердегі ең үлкен қауіп: «Жаңа жылдың куранты алғаш соққанда кетесің». Маршал көңілсізденіп, жалығып қалды, түтіннің ар жағында оқшау отырып нақтылай сұрады: бұл сонда не партиялар?
«Нөлдік» — жолдас Әскер Түрінің Қолбасшысы, сіздің жүргізушіңіз. Бірінші партия — қоймашы, нан тураушы және аға сержант Руденко (көрші байланыс бригадасынан арамен кесілген материалдар көлігін ұрлағаны үшін — бірақ бұл жайлы ештеңе дегем жоқ); екінші (саусақтарымды бүгетінімді Маршалға жақпайтынын байқап қалдым да, қоя қойдым) — медбрат (бит қаптап кеткенін жасырып қалғаны үшін), аға прапорщик Ковальчуктің немере інісі және штаб бастығы генерал-лейтенанттың жүргізушісі...
Қолбасшы аузыңды жап та жоғал дегенді білдіріп қолын екі рет сермеді, — мен қабылдау бөлмесіне шығып кеттім, онда ұрыс алаңында құйғытып келе жатып, қатты жараланып, жата қалу керек екенін ойламай, өліп кеткен жауынгердің ақтарылып жатқан ішек-қарнына қарағандай, адъютанттар мен жиналған генералдардың менің тіс пастама жиренішпен құты қаша көзі түскен.
Түскі астан кейін менің командирім, адам айтқысыз кіп-кішкентай бастың иесі, арақ оның өмірін жалмауға шақ қалғанын сезінбей жүрген подполковник Фролов (оны сүйген — сауда базасының меңгерушісі — қандай сұлу әйел еді! Топырағы торқа болғыр!), ренжулі кейіпте мұрны пысылдап, менің алдыма әскерден шығуға қажетті құжаттарды жайып салды, оның үстіне — «Қатардағы бәленшеге Әскер Түрінің Қолбасшысынан» деген бедерлі жазуы бар электронды сағат (бір уақытта үйе салды — темір бауы, сандары, әуендері, бүйірлерінде мүйізді батырмалары бар) қойды; сағатты жатақханада ұрлап кетті, мен бір сәтке де өкінген емеспін; дәлізден шыға бере мен жерден қаттырақ серпіліп қалдым да — ұша жөнелдім.
Комсомол билетімді үш күн іздеп, комсомол қалалық комитетінде бес минут өтірік жылап (жастардың жас көсемі, жасы елуден асуы екіталай, менің артымда ары-бері жүріп, қайталай берді: «Сен қалай ғана мұндайға жол бердің?», — күрсініп алады, менің жасымды сүртіп отырғаныма қарап, қайтадан: «Жоқ, мен түсінбеймін: қалайша мұндайға жол бересің? Мүмкін, сен есіңнен танған күйде болған шығарсың?»), трамвайға мініп алып «Октябрьскаядан» Шверниктегі жұмағыма, қызық пен рақатқа толы («күнәсіз» деп жазып жібере жаздаппын) бесжылдық бақытты балалығыма келдім.
Бөлмеде мен өз адамдарыма тап болдым: шекарашы, өрт күзеті, ішкі әскер ардагері және сотталған (оны Саратов облысында төртінші маусымның ортасына қарай пышақтап кеткен); маған кіреберіске қарама-қарсы суық қабырғаның түбіндегі кереует тиді — реніш жоқ, мен соңғы боп келдім ғой.
Біз оқып жарытпадық, оқытушылардың жүрегін денсаулығымыз нашар деп, ауруымыз бен жақындарымыздың қазасын айтып, ауылдық жерден келгенімізбен және еркектік (бойында барлар), тағы күшіміздің тартымымен жібітіп, емтихандарда озат студенттерден конспектілерді көшіріп алатынбыз, — оятқыш қойып, конспект жазғандардан айырмамыз — біз қызметті, абзалы, өмірді дұрыс ұғындық.




