Орыс солтүстігінің күнделікті өмірі

(қиындылар)

Ұзақ қоштасу

                                                                            Жас жігіт үш рет қадам басып, еңкейе келіп, қолымен
                                                                            Тізесіне сүйеніп, екіншісімен мерген сүйекті көтерді.
                                                                            Мен тым алысқа... көз тіктім! Қызықшыл қауым тарасын жөнімен.
                                                                            Тараңдар, түге: отжүрек орыс ойынына кедергі келтіру бекер-ді.
                                                                                                                                                                  А. С. Пушкин

Ауылдағы балғын шақ әлі күнге таза, сауыққа толы және бояуы қанық кездер ғой. Құр ермектің өзі кейде пайдалы еңбекке ұласып жатады. Бұл туралы көп дүние айтылуы керек. Балық аулау, болмаса, атқа отыру — бұл ауылдағы күнделікті тіршілік. Айтар болсақ, түрлі мысалдар жеткілікті Ойын екен деп жүріп, байқаусызда оның еңбекке ауысып кететіні, болмаса, еңбекті ойынға алмастырып алатын кездер жиі болатын. Көктем кезінде сай-саладан жүгіре аққан су арналарын тазалап, су жолын ашу қызықты іс еді. Арлы-берлі қимылдан балалар ет жинап, шымырлана түсіп, бойына батылдық жиятын. Балаң көңіл бұның бәрінің бұйығы ауылға үлкен сеп екенін аңғармай да қалатын.

Адырдан атып шығатын аюдан немесе жорта тап беретін ит-құстан жайған малын қоритын. Жәй ғана қой соңында тілім табан болып, тентіреп жүрумен салыстырғанда, бұл — жанкештілік. Ат жегілген арбамен шөмеле, көң, отын тасу да басында серуен сияқты еді.

Үлкендер ерекше ықыласпен сүйсіне қарайтын мұндай шақтарда. Бозбалалардың осыған ұқсас пайдалы ойындары өте көп болатын. Үйдегі әке-шешесі, аға-әпкелері, жалпы үлкендер құр тоз-тозы шығып тентірей беретін пайдасыз ойынды балалар тарапынан байқамағандай, құлаққағыс қылар-ды. Кейде осылай өздері тұспалдап ой да тастайтын. Бұл үлкендердің кезінде ойнаған ойындары, енді балаларының кезегі келген. Былайша айтқанда, үрдіске де айналған.

Осындай ондаған қызықтардың ішінде ойыншық диірмендерін, су және жел диірмендерін салу бар. Үлкен ағасы, атасы немесе әкесі алғашқы қарапайым дөңгелекті жасап, оны бақша бағанасына орнатуға көмектесті. Бірақ машықтанып алған соң, көмектерін аса керек етпейсің... Көп ұзамай, бұрылмалы табақша кез-келген құс үйін қолдануға болатын шынайы итергіш моделіне ауыстырылды. Ал мұндай итергіштен көктемгі ағында қойылар диірмен дөңгелегі секілді тосқауылға дейін де еш алыс емес.

Бұл ағын әлі шу шығарған жоқ, ал орманда тағы бір ағын ағып жатыр: жарты күнде тәтті қайың шырыны кішкене шелекті толтырады. Онда қышқыл қымыздық сабақтары пайда болды, содан кейін гигли — орманның тәтті қытырлақ түтіктері келді. Дегенмен, оларды жаңа, жұмсақ, шырынды болған кезде ғана жеуге болады. Шабындыққа қарай олар қалың және қатты болады. Егер сіз ең үлкен төменгі бөлігін кесіп тастасаңыз, бір ұшын бітеу күйінде қалдырып, оны қарағай инесімен тесіңіз, бұйра бұтаның шыбығымен бұраңыз, сонда су жинайтын құрылғы болады. Суды толық сорып алып, тауысқан ұл қыздардың «торларына» жасырын жорық жасайды. Судың жіңішке болса да күшті ағыны сегіз-он метрге атқылап, қыздар көкпеңбек ашық аспанға таң қала қарайды. Жаңбыр қайдан келеді?

Дәл сол гигель, егер сіз пышақпен тығыз бойлық саңылау жасап, қатты үрлесеңіз, сырылдақ сыбызғыға (дуда) айналады. Жаздың соңында, тау күлжидегі пісіп жатқанда, гигельден фуркалка жасалды. Оның жидектері жиырма-отыз метрге үнсіз ұшады. Шөпте немесе ағашта тасада отырып, сіз әтештерді, мысықтарды, қатарларыңызды оңай ата аласыз, бірақ... Бір секундқа тоқтайық...

Біз неден бастағанымызды және қай жерге жеткенімізді еске түсірейік. Жақсылық пен жамандықтың арасындағы шекараны бала шын мәнінде ажырата бермейді, тек балалықпен көп дүние бүлдіріп қояды. Кейін әдетке айналып кететіні тағы бар. Тіпті, ең зиянсыз ойын кез-келген уақытта еркелікке, ерліктен — көзсіздікке, одан әрі бұзақылыққа дейін апаратын кезі болады. Сондықтан, ақсақалдар әрдайым еркеліктің жолын кесіп, балалардың ойын-сауықтарында дәстүр мен ережелердің айқын шекараларын белгілеп, жөнін сақтап қалып отырған...

Дегенмен, көптеген жерлерде электр сымдарын атқыштар, сондай-ақ, рәзеңке рогаткалар (қиыршық тастар жақтаудағы әйнекті еркін тесіп өтеді) уақыт өте келе зиянсыз гигельдерді, тал ысқырықтарын және оюланған нандарды алмастырды... Бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін баланың бұндай қылықтарын бәйтөбеттей ересектер де жасай бастады. Өздері барып тас лақтырса мейлі ғой, алыстау жерге жасырынып алып қызық көретін. Кішкентай ауыл балаларын мұндайға үйретіп қойған. Бәрінің өштері осы электр сымдары мен терезелерде. Бұл екінші дүние жүзілік соғысқа дейін солай болып келді де. Олардың алуан түрлілігі мен өміршеңдігі ғасырлар бойғы іріктеумен, еңбек жайы, табиғи, йа, тұрмыстық жағдайлардың күрделілігімен түсіндіріледі. Қолда бар нәрсенің бәрі тура мағынасында, тап сол қалпында қолданылды. Бала күтуші әжей де орамалды басынан алып тастауға, оны бірнеше қайтара бүктеп, «қоян» жасауға тұрарлық деп таппаса, егер шүберек «жегжаттар» («құрбылар») «ұйықтап жатса» және оларды ояту уақыты келмесе, басқаша амалдар еді. Бір уыс сабаннан шалғышы сабан құмырасын қалай жасау керектігін білген-ді (мүмкін «сабан жесірі» де осы жерден шыққан шығар). Қара бидайдың сабақтарын екі бүктей, бір бүгіп, «қыпша белді» қынай байлап, «сарафанды» үлпілдетіп, «құрбыны» үстелге қойса болды... Егер сіз үстелдің үстіңгі жағын жұдырықпен сәл түртсеңіз, «құрбыңыз» билеуге кетті дей беріңіз. Енді біз балалардың бұндай сауықтарын (және кез-келген басқа қуанышын) елестетіп көрейік: үстелде бір мезетте бірнеше сабан қуыршақтар кең көсіліп, шебер түртуден-ақ билейді! Қуыршақтар бір-біріне жақындайды, содан кейін бөлінеді, сонан соң бір-біріне тиеді, ақырында арлы-берлі өтеді. Міндет — олар бір-бірінің қасында билеп, шашырап кетпеуі керек немесе үстелден құлап кетпеуі шарт...

Кәдімгі шырпылардың өзі көптеген қулықтар үшін қысқы кештерде қызмет етті. Ал «зырылдауық» жасау үшін жұқа сырық пен тығыз кенеп жібінің болуы жеткілікті болды. Балалар ғасырлар бойы айнала алатын «шыңды» өздері жасады. Алдау ойындары, ұтыс ойындары, ілмек пен қайшымен немесе ілмек пен сақинамен трюктар жиі кездесер-ді. Ақырында, сарқылған қиял барлығын төсекке жатқызып, бірақ тағы бір күні жаңа нәрсе есіне түсірмей қоймайтын. Мысалы, «тауық тентірету»: ескі пальто немесе мақта шекпеннің жеңдеріне бір қол мен аяқты бекітіп, артқы жағына түймелеу кезінде... Мұндай «тауықты» тәлтіректетіп, «аяғына» тік тұрғызатын және оның аяқ басуы мен құлауынан күлкілі ештеңе де болмайтын.

Көктемде тоғай маңындағы талқораларда, жазда шабындықта жасөспірімдер алдымен қысқа, содан кейін сәл ұзынырақ, реті келсе, тым ұзын тіректерді кесіп алып, қаздаңдай кетер еді. Аяққа тірек байлап, қалақай мен суда серуендеу күш пен төзімділікті дамытты*.

Ауылдың талапайы (чехарда) тіптен күлкілі көрінетін әрі ол ойын қаладағыдан мүлдем өзгеше болды. Ойыншылар көшеде өздігінен жиналып, жағымсыз міндеттерді өз мойнына алатын бір алаңғасар табылатын. Ол шалшыққа отырған бетте ойыншылардың барлық бас киімдері оның басына, өз телпегінің үстіне қойылды.

Кейде бұл бас киім жиыны тым жоғары болып шығып, мұнара тұтас құлап кетпеуі үшін отыруға тура келетін. Содан кейін ең ірі, ең ұзынтұра ойыншы жүгіріп келіп, секіруі керек еді. Бұл жағдайда құлаған қалпақтардың санын есте қалдыру маңызды болды. Ең кішкентайы соңғы секірер еді, бірақ осы кезде отырушының басында бірде-бір төбетай да қалмауы мүмкін... Кінәлілер (қалпақшаларды құлатқандар) кезек-кезегімен төрт аяққа тұрады. Төрт бала шығып, баяғы алаңғасардың қолдары мен аяқтарынан ұстап,. әбден тербеп, оның жамбасын төрттағандап тұрған адамның артына сүйкей соғу үшін барын салды. Бас киімдердің қаншасы құласа, сонша көп соққы жасалды. Соққылар мүлдем ауыртпалықсыз және еш қауіпті емес еді, бірақ баршасы күлкіге қарық болатын. Соққы кезінде тқрттағандап тұрған адам алға қарай сырғып, біршама ұзап та кететін. Ең қызығы, ол бұрынғы орнына келіп, артынан не болып жатқанын білгісі келіп, бұрыла қараған кезде болды. Сол бір соққы алдында оның бет әлпеті өзгерер еді...

Орыстың жазғы ерлер ойынының классикалық үлгісі А. С. Пушкин жыр еткен «бабки» ойыны болды. Оны балалар, жасөспірімдер мен бозбалалар бірдей жақсы көрді, бос уақыт барда үйленгендер де ойнауға қарсы болмады. «Бабки» — дірілдек (студень, желе) пісіргеннен кейін қалған қой мен бұзау сүйектері, кейде оларды серке, топай (козонка, козня) деп жататын. Оларды жинап, сатып алып және сатып та үлгеріп, кішкентай ұлдарға мұра ретінде де үлестіріп беруші еді.

Пушкиннің «мерген» сүйегі — басқа емес, турасын айтқанда, үлкен бұқа топайының дәл өзі. Оның ортасынан тесік бұрғыланып, қорғасын құйылды. Кейінірек сүйек таспен, сонан соң «жарғанат» («атқы») деп аталатын темір тақташамен ауыстырылды.

Ойынға бір «бабки», егер ойнайтындар аз болса, екеуден де тігілетін.

Ойынның бірнеше түрі болғанымен, барлық үлгілері үшін де өткір көздің, асқан ептіліктің және тамаша төзімділіктің үлкен үйлесімі қажет еді. Атқыны ең алысқа лақтырған адам бірінші болып, тақташасы түскен жерден бастап ататын. Ойынның бір түрінің талабы бойынша, әскери терминология қолданар болсақ, кон бір қатарға емес, екі бағанға ыңғайланып қойылатын-ды. Қатарға тігілер конды қабырғаға, содан кейін барып, ашық жерге қоятын, соңғы жағдайда тысқары жағынан екінші соққылар легі жүзеге асып, ойынды қыздырып беретін.

Үш сыныптық деңгейі бар шіркеу мектептерінде мынандай өлеңдер де жатталып жататын:

Жолға жақын көгалға асық басып,

көп оғлан ойынға қызығып құр,

түмен қолдай түздегі асып-тасып,

атқылар да қаз-қатар тізіліп тұр.

Пәулеңкенің тағы да бағы жанып,

аламанда топ жарды, қолы шықты.

Мұнда қыруар байлықтың бары да анық,

дос-жарандар, кон тіптен толысыпты.

Өлеңнің жалғасы да, авторы да Анфиса Ивановнаның жадында жоқ.

«Бабки» ойнайтын ересек ойыншылар мереке күндері жанкүйерлердің көп тобын жинайды — әйелдері, туыстары, қонақтары дегендей...

«Бабки» ойынымен тек бір ойын — «рюхи» немесе қалашықтар ғана бәсекелесе алады. Бұл, сондай-ақ, өте бір әдемі ойын ғой, көнеден бүгінгі күнге дейін жетіп, сақталып қалған жалғыз ойын және заманауи спорт түрлерінің ресми тізімінде де заңдастырылған.

Ойындар мен халықтық сауықтарды бөлек, айрықша бір салаға бөлу немесе оқшаулау қиын, алайда, осы аталған дүниелер бұрыннан жеке-дара, өз бетінше дамып, дербес өмір сүргені тағы бар.

Бұл — халықтық эстетиканың таңданарлық, басты парадоксалды тұсы.

Мысалы, ауыл әткеншегі дегеніміз не? Оларды сипаттауға, ондағы ең басты нәрсені анықтауға бола ма? Сіз, әрине, жасай аласыз... бірақ бұл сипаттама қайтадан бос және қызықсыз болуы ықтимал. Әлбетте, оқырман көктемнің не екенін, шомылу аптасының, ауыл мерекесінің не екенін және т. б. һәм т. т. ұғымдарды түсінбесе.

Айтпақшы, әткеншек солтүстікте дөңгелек және қарапайым (маятник тектес) — ежелден бері мәлім әрі кең таралған. Осылардың жанында ғой, жұртшылықтың мерекелік кеште жиылып, көңілді ұмытшақтықта, кейбір жалпы ойындарды музыкалық мазмұнмен бейтарап қана толтырып, сан ырғаққа елітіп, әдемі әуендерді дөңгелене қозғалар билерге жалғайтыны.

Егер ол әлі де ойнап жүргенімен, жынысы басқа баламен бірге дөңгелене билеп ойнаса, бұлардың енді бала емес, жасөспірім болғанын білу керек. Мұндай ойын енді ойын да емес, басқа бір ұғым-ау.

Қалыпты адамда ойынмен қоштасу ұзақ, тым ұзақ болатыны бар... Тек сынған, қатайып қалған, уақытында қартая алмаған, зұлым немесе Құдайдың қиған сәулесін мүлдем жоғалтқан адам ғана ойынға, әзілге, сауыққа деген табиғи қызығушылығын жоғалтады.

Қастандық

«Балтаның қайралған жүзінен, біздің түйрегінен да өткір», «отырыста құрбыңмен оңаша қалдырмас, моншада буға салдырмас», «қышқылдай ұрттатпайтын, тұшынсаң да тұншықпайтын» сөздер бар — шынымен де осындай сөздер орасан күшке ие болған. Мұндай сөздің киесі тіс ауруынан ғана емес, «ұшқан жебеден, шикі темір мен шыныққан құрыштан, көксойқан шарболаттан, ақтан да, қызылынан да, қорамсақ толы оқтағы ұзынынан да, қанқызыл мыстан да, сымдар мен жындардан да, әртүрлі аңның иектеуі мен сүйектерінен, алуан ағаштан, орыс орманы мен шеттің қорғанынан, құс қауырсынынан, тоғай мен түздің ауыр сынынан, адам атаулыдан келер мың сан кеселден (руда**), орыс, татар, шереміс, литва, неміс һәм басқа теріс текті есерден, құдайы жоқ жау күшінен, дұшпанның даулы ісінен» қорғады.

Көптеген арбау, дуалау мен сиқырлау кейінгі заманда дұғаға айналып, христиан дініндегі терминология пұтқа табынған дәуірдегі тілмен қатар жүр. «Сақтай көр, Тәңірдің әжісі (крест), мені, менің жан жолдастарымды қорғай көр! Жебенің ұстыны ағашқа, қауырсыны құсқа, құс көкке, желім балыққа, балық теңізге қайтсын, темір мен қорғасынды жер анаға менен — Құдайдың құлынан (есімі), менің түйсікті де тату достарымнан аманат ет. Әумин, әумин, әумин!»

Алайда, «Әуминмен шайтанды қуа алмайсың» деген мақал бар. Соған қарағанда, сөзбен бірге басқа да қару қолданыста болған сынды. Дуалы сөзді адам бастаған ісінің табысына сенімін арттырып, өз бойында рухани күш жиып, белгілі біри күйге келу үшін айтқан. Н. А. Иваницкий жазып алған «аңшылардың залымдардан қорғану» дұғасында: «Дұғамен оянып, үйден әжі (айқыш) қайырып, есікке беттеймін, есіктен қақпаға, түз далаға, қараңғы қыр артына, ну орманға, батпақ пен биік тау-шыңға шығып, нудан нәсіпті аң-құсты — тиін, күзен, қоян, түлкі, қыр мен қырғауыл, қасқыр мен аюды атамын. Көк теңізде, көлдер мен өзендерде қаз, аққу мен үйректі олжалаймын. Маған қастық ойлаған адам көк теңіздің жаға құмын жеп, суын ішсін, орманның сансыз көп шыршасы мен шетенін санап адассын, арпа уызы көзін қажап, жолындағы тасты тісімен қашайтын болсын. Құдайдың қаһары дауыл мен боранда қалың орманды шайқап, тамырдың құрғағы мен ылғалын тең қопарғанындай, сол сұмның сүйегі сырқырап, буыны қақсасын. Құдайдың құдіретімен нажағай шатырлап, шайтанның желкесінен жасын жебесі жеткендей, зұлымның да төбесіне тап сондай жай түссін. Менің сөздерім күшті болып, дөп тисін».

Өрт кезінде, мал ауруларын жазуға, дуалау мен дуаны қайтаруға, малшыларға медеткерлікке, әділетсіз сотттар мен қаланың сумақайларынан сақтануға арналған, желеп-жебейтін көптеген сөздер бар. Аңшылық пен жауынгерлік дуалардан байқағанымыздай, ертеректе ерлер де әйелдермен қатар дуа (дұға!) сөздерді қолданып отырған. Кейіннен ғана дуалау мен дуа қайтару тек әйелдердің ғана ісіне айналды.

Шамасы, дуа сөздердің әсері қазіргі гипноз, өзін-өзі сендіру сияқты психологиялық негізге ие болғанға ұқсайды.

Көптеген күнделікті тұрмыстық дуалаулар өз сәтіндегі әр қолданыс қажеттіліне қарай туындап отырды. Мысалы, сиыр саууға отырған әйел сиыр ғана еститіндей етіп, мейлінше ақырын құлағына сыбырлап: «Мен, Құдайдың құлшылығындағы — Катерина, сені сауып отырмын... Ала сиыр — анашым, сен таудай мызғымай, тыныш тұр, сүтің дарияның суындай ақсын, құйрығыңды сабалама, аяқтарыңды қозғалтпа», — деген сөздер айтқан.

Жұмбақ

Топтаса жинала қалатын қысқы кештерде, әсіресе, би болмайтын жиындарда, қас қарайғанда шеңбер құрып отыра қалып, жұмбақ жасырудың өз қызығы жетіп-артылатын. Жәй әшейін, бос әңгімеге қарағанда, бір-бір жұмбақ жасырып, бас қата соның жауабына таласып отыру әлдеқайда қызықты және пайдалырақ. Жұмбақты көбіне ересектер жағы жасыратын. Бірден кесіп «балта, ағаш, тас» деп айта салатындай емес, жауабына сәл жанай жақындаудың өзі қуаныш еді. Жасырып жатқанда-ақ адыр-адыр таулардан асып, орман ішіне еніп, теңіз қайраңына дейін бір барып қайтасың. Бұл жерде ақылдан гөрі қиялың көмектеседі. Жауапты көбіне жасырушының өзі береді. «Қисық та қу еді, қайда жөнелді? Шаш басып, қырынған, онда шаруаң жоқ бұрыннан». Ең зерек жанның өзі де орылған егін алқабын, йа, шабындықты жара жортқан өзенді еске түсіріп, елестете қоймас. Мысалы: «Орманнан қалың, шаштан жіңішке не бар?» — десе, табиғат туралы болған соң, біршама жеңілірек болмақ. Ертегіде де жел мен су бірге жүреді. «Қандай жолмен жарты жыл жаяу, жарты жыл салт жүреді?» — дегенде, аңдатпадан оң жауабын аңғару қиын соқпас.

Өзенді еске түсіріп: «Дөңгелек терезенің әйнегі күндіз сынық, түнде қайта бүтін», — десе, міндетті түрде айдыннан ойылған ұңғыма ойға оралар. Ал мұның барлығынан кейін: «Тамыры жоғары қарап өсетін не?» — дегенге де жауабы маңдайшадағы мұз екенін білетін бір ақылман табылады-ау.

«Соқырлар білетін қандай шөп?» — дейтін әжесі немересінен біраз уақыттан кейін: «Қалақай!» деген жалынды дауыс естілерін алдын ала біліп, әдейі сұрайды. Әтеш туралы: «Екі рет туылған, суға түсіп, еш шоқынбаған, есесіне, елден бұрын ән салған», — деген жұмбақ ересек адамның қиялын да қозғай алса керек. «Сиырдан айырып, қайыңнан қайырып, шошқа зығыр сүйрейді», — деген жұмбақ кәсіпқой ортада, біздің мысалдағыдай жайтта етікшілер арасында ғана туады. «Екі ағайындының буынғаны бір белбеу», — десек, тек Ресейдің солтүстігінде ғана мағынасы бар, себебі, онда шарбақты қос қазыққа өрген жүзім бұтасынан жасайды.

Кейбір жұмбақтар мақал-мәтелге ұқсайды, керісінше, кейде көптеген мақал-мәтелдерді жұмбақ ретінде қолдануға болады.

Көп мағыналы, дыбысталуы тым дөрекілеу естілетін жұмбақтар да кең тараған. Мұндай жұмбақтардың бейәдеп тұстары жалпы мазмұндағы ізгі, толыққанды мағынамен жұмсартылған сияқты.

Күлкілі жұмбақтар («Терезеде мысық отыр, құйрығы мысыққа ұқсатса да мысық емес») тұтас шарадалар мен есепке құрылып, алмаса беретін: «Құрлар ұшып бара жатып, өзек жалғау үшін қонбақ еді. Екі қайыңға жұп құрап жайғасса, бір қайың бос қалады, әрбірі жеке қонса, бір құрға қонар жер қалмайды. Қанша құс ұшты һәм қанша қайың тұрды?» Халық ертегілерінің кейіпкерлері мен қаһармандары бір-біріне жиі жұмбақ жасыратыны да бар.

* «... Ауыл ойындары мен басқа сауықтарының баршасы ойдан туындап жататын... Ескі ауылдағы сауық ұйытқысы мен үйлестірушілері де сол ауылдың өзінен болды. Кей кезде сауықты ұйымдастыру үшін едәуір материалдық шығындар жасап, алтыбақан (әткеншек) құрудың өзіне біраз күш жұмсалар-ды. Мұның барлығы да ерікті түрде-ақ өз шешімін табар еді. Уақ балалардың ойнауына қажетті құрылғыларды жасөспірімдер жасай беретін. Мәселен, жасанды қарлы тауларды («лох») да ұдайы ұлдардың өзі соғатын. Бұл да аз жұмыс емес: бірнеше кубометр қар жиып, ондаған шелек су тасу оңай болмас, сірә. Ойын-сауыққа керек-жарақтың барлығы да қолдан шыққан, әрине. Лапта ойнауға лайықталған рәзеңке доптар да 20-шы жылдары пайда болды ғой... Оған дейін өз «туындыларымен» ойнап жүрді. Шүберектен, сәті түссе теріден шебер тігілген тып-тығыз доптар болатын». (А. М. Кренделев, оқырман хатынан).
**  Түсініксіз сөз. Темір рудасын, әлде, қанды тұспалдап тұрса керек...