Лев Толстой — еркін адам

(кітаптан үзінді)

Тәтейлер

Толстой өзінің «Естеліктерінде» оның тәрбиесіне тікелей ат салысқан тұлға ретінде («йағни, өміріне тікелей әсер еткен») Ергольская Татьяна Александровна атты тәтейін атайды.

Бірақ бұл қалай болуы мүмкін? Себебі ол кісі алыс туысқан еді ғой. Татьянаның әкесі — Пелагея Николаевнаның (Толстойдың әжесі жағынан) немере бауыры болған. Толстой Татьяна Ергольскаяның атасы мен әжесі Илья Андреевич пен Пелагея Николаевнаның үйіне қалай келгенін «Естеліктерде» былайша суреттейді: «Ол әпкесі Лиза екеуі ата-анасынан ерте айрылып, кішкентайынан қараусыз, жетім қалды. Бұлардың басқа бауырлары да болатын. Оларды өзге туыстары бауырына басты да, қыздарды Чернск ауданында өз ортасына әйгілі және қолында билігі бар Татьяна Семёновна Скуратова мен менің әжем тәрбиелеріне алуға шешім қабылдады. Осылайша билеттерді орап, дұға етіп, таңдау жасағанда Лиза Татьяна Семёновнаға, ал кішкентай қара қыз менің әжеме бұйырды».

Таня — қараторы қыз болатын.

«Соғыс пен бейбітшілікте» кейіпкерлер пен прототиптердің күрделі орналасқаны соншалық, Таняға Ростовтар әулетінің қарапайым тәрбиешісі Соня рөлі берілді. Бұл романда ең көзге түсе қоймайтын әйел образдарының бірі. Сондықтан, ол образбен нағыз Татьяна Александровнаны салыстыруға да келмейді. Бірақ Соня шығармада Николай Ростовты, Николай Ростов оны қалай сүйсе, өмірде де Толстойдың әкесі Николай Ильич пен Татьяна Александровна бала кезден бір-бірін жақсы көргені рас болатын.

Татьяна Александровна бөтен үйде болмаса да ол үйде қарапайым өмір сүрді. Ол Николай Толстоймен бірге өсті. Әдетте романдарда жиі кездесетіндей, соңынан оған ғашық болды. Бірақ өмірде Николай Толстой өзінің алыс нағашысын жақсы көрді де, шығармадағы Николой Ростов кедей туысына ғашық болды. Николай Толстой Мария Волконскаяға махаббатсыз, есеппен үйленуге мәжбүр болды, бірақ үйленген соң бақытты болып кетті. Оның әйелі күйеуінің Туанеттке деген махаббатын білді. Ергольская әдемі болатын, тіпті, олай демегеннің өзінде тартымды еді. Бірақ Мария Николаевна Ясная Полянада олармен бірге өмір сүре бастаған Туанетті ешқашан қызғанбады.

Ергольская Покровскаядағы әпкесі Елизаветаға кеткенде олар біраз уақытқа қоштасқан болатын, сол кезде Мария Николаевна оған шынайы нәзіктік пен құрметке толы хаттар жазған еді. Соған қарамастан, «махаббат үштағаны» әлі де бар-ды. Бірақ олар ажыраспады. Бұл жағдайдың күштілігін «махаббат үштағанына» себепкер үшеуі де сезді.

Алайда, Мария Николаевна дүниеден өткен соң жағдай өзгерді. Сол кездері Туанетт 38 жаста болатын. Ал Николай Ильич 36 жаста. Осылайша ол өмір бойы сүйген адамына ұсыныс жасады. Алайда, Туанетт келісімін бермеді.

Николай Ильич кенеттен көз жұмғанда оның балалары жетім қалды. Үлкен ұлдары әкесі дүниеден озғанда он төрт жасқа жаңа толған-ды. Николай Ильич көз жұмбай тұрып, 1837 жылдың қаңтар айында олар Мәскеуге көшіп, Плющихадағы кең жалдамалы үйге қоныстанды. Көшудегі мақсат — балалардың болашағы болатын. Оның үстіне үлкендері де университетке дайындалып жүрді.

Ал әжесі Пелагея Николаевна Мәскеуде ұлы мен күйеуінен алаңсыз өмірге үйреніп қалғанда Николай ұлының қазасын естіп, өз қайғысымен болды. Шындығында, балалар кішкентай Лев мүлдем ұнатпайтын француз тәрбиешісі Томның қолында болды.

Мәскеу Левтің көңіліне жақпады. Ол адамдар өзімен жолығысқанда неге бас киімін шешіп, амандаспайтындығына таң қалатын. Өмірінде алғаш рет басына: «Адамдар бізге қамқорлық танытпаса, сонда басқа не істей алады?» — деген сұрақ келді. Қаланың ойын-сауығы оны қызықтыра қоймады. Күзетшілер балаларға қатты ұнайтын жеке меншік балабақшаның ауласына ойнауға жібермегенде де қайран қалды. Үлкен театрға барғанда да бүкіл сахнаға қарап отыру керек екенін түсінбестен, көзін арт жақтағы балконнан алмады. Мәскеу шулы, шаң, адамдары көп қала еді. Сондықтан, ол жабығып, «үйдің алдында өсіп тұратын гүлдерін, биік ағаштарын, маңында қарлығаштар ұшып жүретін тап-таза көлін, аппақ бұлттар тұрақтаған көк аспанын, ғажап хош иісті ауасын» және тағы басқа кереметтері бар Ясная Полянасын өмір бойы жақсы көрді...

Бәрі әжесі өмірден озған соң өзгерді. Ол 1838 жылдың көктемінде қайтыс болды. Әжесі бар кезде ол Мәскеуде шалқып өмір сүрген болатын. Ал дүниеден өткенде шығындарды азайту керек болды.

Әжесінің өлімінен кейін кәмелетке толмаған балаларға әкесінің үлкен әпкесі Александра Ильинична Остен-Сакен қамқоршы болды. Бауырының мүлкіндегі күрделі мәселелер әйелге оңай болмады. Онымен қоймай, жеке өмірінде де мәселелер болатын. Александра (Aline) Толстой бойжеткен шағында аустриялық ауқатты графқа тұрмысқа шығады. Күйеуі орынсыз қызғаныштан зардап шеккен психикалық ауруы бар адам болып шықты. Әйелі жүкті болған кезде «жаулар» оны өзінен алып кеткісі келеді деп ойлап, арбаға отырғызып, жолда қораптан екі тапанша алып, бірін-бірі өлтіруді ұсынады. Ол өзі бірінші оқ атады. Қуанышқа орай, жарақат қатты ауыр болмайды. Бірақ жүйкесіне әсер еткен Aline өлі баланы дүниеге әкеледі. Алайда, оған бұл хабарды ешкім айтпайды. Бір мезетте аспаздың әйелі дүниеге әкелген баланы бауырына басқызады. Александра Ильинична күйеуін тастап, ата-анасымен бірге тұрды. Ал ағасы Николай үйленгеннен кейін Ясная Полянаға, содан кейін бүкіл Толстой отбасымен бірге Мәскеуге көшті. Оның өлі туған балаға айырбастап алған қызы Пашенка да олармен бірге тұрған.

Толстой өз естелігінде: «Александра тәтейдің ащы бір исі болатын. Мүмкін ол қолданатын иіссуына байланысты шығатын болар. Ал Aline тартымды, ғажап көкшіл көздері бар, оқуды сүйетін, поэтикалық образды, француз өлеңдерін көшіргенді ұнататын, арфада ойнайтын, үнемі жетістікке жеткен және кештердің гүлі болған жан еді...».

Үлкен екі ұл Николай мен Сергей Мәскеуде Александра Ильинична мен Томның тәрбиесінде қалатын болды да, кішілері Митя мен Левті, әпкесі Машаны Татьяна Александровна мен тәрбиеші Федор Рессельге (ішуге бейім болғанына қарамастан) Яснаяға қайтару туралы шешім қабылданып, олар үйге оралды. «Мәскеуде» қалған отбасы үлкен үйді тастап, кішкентай, арзан пәтерге көшті. Ал «Ясная Поляналықтар» қуанышпен саяжайдағы туған төрлеріне оралды.

Дөп басып айту қиын болса да, үлкен Толстойлардың сеніміне Сергей мен Николайға қамқоршы француз Томның ықпалы көбірек болғаны ақиқат еді. Олар ТомдыСен-Том, йағни «әулие» деп атауға мәжбүр болды және есейгенде дінсіз болып ержетті. Былайша айтқанда, атеистер болды. Ал Митя, Лев және Маша өз діни жолдарымен жүрді.

Алайда, Толстойдың тәтейлерінің бәрі діндар әйелдер болған. Александра Ильиничнаның діни мінез-құлықтары көп байқалатын. Толстойдың әкесі қайтыс болғанда ол ағасының өлімінен кейін Ясная Полянаға көшіп келеді. Толстой «Естеліктерінде» былай дейді: «Сол кезде қасиетті адамдар, монахтар біздің үйді қаумалап алды. Олардың кейбіреулері біздің үйде тұратын. Ал кейбіреулері тек менің тәтеме келіп кететін. Бізбен бірге тұрғандардың арасында келең әйел (монахиня) Мария Герасимовна болды. Ол менің әпкемнің «кіндік анасы» болған, жас кезінде Иванушкалардың қатарында ел кезген кісі. Әпкемнің кіндік шешесі Марья Герасимовна болған себебі, анамның «егер Құдайдан төрт ұлдан кейін қыз нәсіп ет деп тілейтін болсаң, сені кіндік шеше етемін» деген уәдесінің арқасында болды. Ақыры қыз дүниеге келіп, ол кісі әпкемнің кіндік анасы болды. Сөйтіп, ол біздің үйдің бір бөлігі болған Тула әйелдер монастырындағы жайда тұрды», — деп жазады. Александра Ильинична атақты монахтармен, мысалы Оптина Жазығындағы Леонид қартпен сөйлескенді ұнататын. Ол барлық оразаларды ұстап, көп дұға еткен. Оның ешқашан өз қаражаты болмады, өйткені, ол сұрағандарға бәрін таратып беретін болған.

1841 жылдың жазында ол Оптин Тақырында тұрып, қатты ауырып қалды. Татьяна Александровна Николай мен Маша Толстойларды алып, оған қонаққа келді. Жиендерін көрген апай қуаныштан көзіне жас алып, бір күннен кейін қиналмай, ес-түссіз дүниеден өтті. Сол кезде 11 жаста болған Маша апайдың естелігі бойынша қарт Леонид (өмірде Лев Наголкин): «Маша, сен біздікі боласың ба?» — деген көрінеді. 49 жылдан кейін Мария Николаевна Оптина ақсақалы Амвросийдің рухани қызы болды, оның тәлімгері Леонид әкей еді. Содан кейін, Шамордин әйелдер монастырында келең болды.

Александра Ильиничнаның сіңлісі Пелагея (Полина) Ильинична да діндар болған. Бірақ оның шіркеуге деген құмарлығы қалыпты болды. Қазанда тұрғанда гусар полковнигі және помещик В. И. Юшковқа тұрмысқа шықты. Ол монастырларға беретін суреттерді, кенеп пен алтынмен жұмыс істеуді жақсы көрді. Бірақ ол әдептілікке мән беріп, түрлі иіссулармен үлкен үйдегі жиһаздарды орналастыруға көбірек көңіл бөлді.

1841 жылы үлкен әпкесі қайтыс болғаннан кейін, ол немере інісі Николайдан хат алады. Хатта жетімдерді жалғыз қалдырмауы, мына жарық жалғанда олардың басқа ешкімі жоқ екені жайлы айтылған екен. Ол көзіне жас алып, Софья Андреевна Толстая жазғандай: «se sacrifier* ойына беріледі». Ағайынды Толстойлар әпкесімен бірге Қазанға көшеді. Татьяна Александровна Ергольская Ясная Полянада қалады. Ол Қазанға көшуден бас тартты. Себебі, ол Пелагея Ильиничнамен тіл табыса алмады.

Пелагея Ильиничнаның жиендеріне қатты әсері болған жоқ. Оның үйде мүлдем беделі болмады. Күйеуі оны жақсы көрмейтін, құрметтемейтін және өмірі де сүреңсіз болды. Жиендер өз бетімен өсе бастады. Маша Родионов атындағы қыздар институтына түсті. Балалар университетті бітіріп, Қазаннан кеткенде, Маша күйеуге шыққаннан кейін Пелагея Ильинична опасыз күйеуін тастап, монастырларда тұра бастады. Ақырында ол Тула маңындағы монастырдағы бөлмеге орналасты. 1875 жылы Пелагея Ильинична үйленіп, балалы-шағалы болған жиені Левпен бірге Ясная Полянада тұруға келеді, көп ұзамай, сол жерде қайтыс болды.

1841 жылы балалар Қазанға жаңа қамқоршыға кетуге мәжбүр болғанда, Татьяна Александровна жалғыз қалған болатын. Ол күнделігіне былай деп жазады: «Жалғыздық неткен қорқынышты! Барлық азаптардың ішіндегі ең қиыны. Сүйетін адам болмаса, жүректі не істеу керек? Өміріңді сарп ететін жан болмаса, өмірді не істеу керек?»

Осыдан бес жыл бұрын, 1836 жылдың тамызында ол тұтамдай қағазға былай деп жазады: «Николай маған бүгін біртүрлі ұсыныс жасады. Оған тұрмысқа шығып, балаларының анасы болып, оларды ешқашан тастамау туралы ұсыныс айтты. Бірінші ұсыныстан бас тарттым, екіншісін көзім тірі кезде орындаймын деп уәде бердім». Сонда Татьяна Александровна бұл ұсыныс неліктен Мария Николаевна қайтыс болғаннан кейін алты жылдан кейін ғана айтылғаны туралы ойланды ма екен? Ал Николай Ильичтің көп ұзамай, дүние салуы бәрін айқындағандай.

Николай Ильичтің ұсынысы жай ғана ақылға қонымды әрекет екені белгілі болды. Ол өзінің жақын арада болатын өлімін алдын ала сезіп, балаларының өзі жақсы көретін адамның қамқорлығында болуын қалады... Бірақ соған қарамастан, ол балаларға да, олардың мүлкіне қатысты да заңды құқықтарға ие болады. Татьяна Александровна қателесті. Ол екі баланы Остен-Сакен мен Юшкованың қамқорлығына беріп, балаларды азапқа салуға рұқсат беріп, ағат қадам жасады. Олар, әрине, жиендерін өзінше жақсы көрді, бірақ жеке бас мәселесі бәрінен биік тұрды.

Толстой «Естеліктерде»: «Ол әкемді сүйген болуы керек, әкем де оны жақсы көретін. Бірақ әкем менің ауқатты анама үйленсін деп, жас кезінде оған тұрмысқа шығудан тартынған. Ал кейін өзінің тазалығын, рухани болмысын сақтап, онымен және бізбен қарым-қатынасын бұзғысы келмегендіктен оған күйеуге шықпады».

«Оның басты ерекшелігі — махаббат болды, — деп жалғастырады Толстой. — Бірақ мен басқаша болғанын қанша қаласам да, оның сол махаббаты әкеме ғана арналған еді. Тек осы орталықтан оның махаббаты барлық адамдарға тарады. Оның бізді сол үшін жақсы көретіні сезілетін. Ол арқылы бәрін жақсы көрді, өйткені, оның бүкіл өмірі махаббат болды».

Үшінші нағашы әпкесі Татьяна Александровнаның діндарлығы «Естеліктерде» өлең жолдарымен жазылған. Бұл жолдарды оқу керек. Себебі, дәл оның діндарлығының өскіні Толстойдың дініне әсер еткен болатын. Толстой «өз дінін» жасады, «Құдайды өзінен тапты» деп жазбаған адам кемде-кем шығар. Шын мәнінде, Толстойдың арнайы діни сенімі болған жоқ. Бірақ оның сенімі мен діні бос рәсімге айналмау үшін дінге қалай сену керектігін түсінуі, көптеген рухани негіздері оған Татьяна Александровна Ергольская арқылы келген.

«Ол махаббаттың ішкі көрінісін көрсете білді, сондықтан оған ешқайда асығудың қажеті жоқ. Ал сүйіспеншілік пен асықпау атты екі қасиет оған жақындықты арттырып, бұл жақындыққа ерекше сарын сыйлады. Осыған байланысты мен оның біреуді ренжіткен жағдайын білмегенімдей, оны жақсы көрмейтін де ешкімді білмеймін. Ол өзі туралы, діні туралы, қалай сену керектігі, қалай сенетінін және қалай дұға ететіні туралы ешқашан айтқан емес. Ол бәріне сенді. Бірақ бір ғана мәңгілік азапты жоққа шығарды: «Dieu qui est la bonte meme ne peut pas vouloir nos souffrances**». Мен дұғалар мен панафидалардан басқа оның мәнажат етіп жатқанын ешқашан көрмедім...

Оның мені қарсы алған ерекше ықыласты қарым-қатынасына қарап, кейде кешкісін кешірім уақытына таман оның бөлмесіне кіріп шығатынмын. Мен оның дұғасын бөліп жібердім деп ойлаушы едім».

Бұлдіни бостандықтың ең жоғары дәрежесі болды. Ол дінді бір жазылған немесе ойлап табылған нәрсе деп емес, бар сенімімен қабылдайтын. Татьяна Александровнаның марқұм Толстойдан айырмасы, барлық шіркеу жоралғыларын жоққа шығармады. Мүмкін олар туралы ешқашан ойламағандықтан болар? Бірақ ол кейінгі өмір азаптары туралы сенімнен үзілді-кесілді бас тартты. Бәлкім, бұл оның адамдық сеніміне, тіпті, әйелдік жаратылысынан туындайтын сенімінің табиғатына қайшы келгендіктен бе? «Ол ешқашан өмір сүруді үйреткен емес. Бір сөзбен айтқанда, ол ешқашан адамгершілікті үйретпеді, себебі адамгершілік оның ішінде көрінетін және жай ғана жұмыс жасап жүретін. Бұл оның істері де емес-ау, нақты өмірі, сабырлы, байсалды, мойынсұнғыш, жайбарақат, өзіне сүйсініп, бірақ тыныш қана елеусіз махаббатқа ие болатын өмірі еді».

Бұл Толстойдың өмір бойы армандаған діни мұраты болатын. Оның өз дәуіріне, тіпті, бүкіл өркениет тарихына қатысты барлық моральдық келіспеушіліктері осы жерден, кешке жиі баратын нағашы апасының бөлмесінен басталған-ды...

Толстайда Мария Николаевнаның бірде-бір суреті болмағаны сияқты, Татьяна Александровнаның да бірде-бір портреттік суреті жоқ. Ол өзін суретке түсіруге рұқсат бермеген де сияқты.

Татьяна Александровна сүйікті немере інісі Левқа бұрылып, оны байқамай Nicolas деп атағанда (осындай дәлелдер бар), ол дәл осы сәтте не сезінуі мүмкін еді? Ол әкесі мен анасы туралы не ойлады екен? Олардың ақ некесімен дүниеге келсе де, олардың бір-бірін жақсы көрмегенін білген еді ғой.

Балалар Қазанға кеткеннен кейін ол әпкесімен Покровскийде тұрды. Лев Ясная Полянаның иесі болған кезде, Татьянаны өз үйінде бірге тұруға шақырды. Ол бұл ұсынысқа қатты қуанған! Жазбаларында ол құпияны ашып, ол кештерде өз бөлмесіндене туралы, дәлірек айтсақ,кімге арнап дұға жасағаны туралы жазып қалдырған болатын.

«Мен (Лев —П. Б.) сүйіспеншілігін сезінгеніме қуанғаным сонша, сол сәтте жүрегімді ауыртқан қатыгез азаптың бәрін ұмыттым... Сүйіспеншілікке толы жанның бар екенін көру мен үшін бақыт еді... Мен күндіз-түні оған жәннат нәсіп болуын көктен сұраймын».

Оның өлімі ерекше болды! «Мен үйленген кезден бастап, ол әлсірей бастады, — деп жазады Толстой. — Өлім сәті таяп қалған күндері әйелім екеуміз оның бөлмесінде болдық. Ол бұрылып, бізге қарап (мен оның жылауға шақ жатқанын көрдім), былай деді: «Тыңдаңдар, mes chers ami***, менің бөлмем өте жақсы, әрі сіздерге қажет болады. Егер мен осы бөлмеде жан тапсырсам, — деді ол даусы дірілдеп, — бұл бөлме сіздерге жағымсыз естелік болып қалады, сондықтан, мені бұл жерде дүние салмай тұрғанда, басқа бөлмеге ауыстырыңдар».

Содан кейін ол әйелі екеуі тәтейінің айтқанын орындап, ол кісі қайтыс болғаннан кейін ешкім тұрмай кеткен сол тар бөлмеге келіп жайғасқаннан жайсыздыққа ұшыраған болатын. Сондай-ақ, ол өзінің сараңдығының кесірінен кейде оны қуантатын кішкентай ләззаттар — құрма мен шоколад алып бермегеніне өкінді. Бұрын ол осы тәттілерді сыйлаған еді ғой...

«Ол үнсіз, баяу ұйқыға кетіп көз жұмды. Өзі қалағандай, бізге кесірім тимесін деп өзі тұрған бөлмеде емес, басқа бөлмеде бақилық болды. Дүниеден өтер шағында ешкімді танымай кетті. Мені ғана жазбай таныды. Үнемі күлімдеп қарап, (Толстойда солай —П. Б.), сәуле шашып, түймесін бассаң, жарқырайтын шам жарығындай жарқырап, кейде ернімен күбірлеп, Nicolas деуге тырысып, өмір бойы сүйген адамымен ажырамастай байланыстырып, дүниеден кетті».