Қытай шақпақтарын сатушы қыз

Мәскеудің атақты скульпторы Цураб Зеретелидің нэцкэ жинаумен айналысатынын көпшілік біле бермейді. Еш сөкеттігі жоқ осы хоббиі туралы ешкімге айтпайды, жарияламайды.

Тап отыз бірінші желтоқсанға ауа райы құбылуының сәтін салып, мерекеге тура келген аязда, Мәскеудің мың бояулы кешінде Валерий Крылов Пушкин алаңына жақын жердегі антиквар салонының алдында тұрған. Қолындағы жаңа ғана сатып алған нэцкэге ұзақ үңілді.

Нэцкэ — Ресейде де нэцкэ. Киімдеріне қалта ойлап таппаған жапондықтардың кілт, мүштік, харакири жасауға арналған бәкілерін іліп алып жүретін бес сантиметрлік мүсіншесі. Оны кимононың белдігіне іліп алып, қарсы кездескенге бар байлығын көрсетіп жүру үшін жасағандай. Қысқасын айтқанда, бүгінгі күні түк пайдасыз, сонысымен өте қымбат. Тіпті, жиіркенішті деңгейде қымбат тұрады.

Алайда, сіз түсті метал балқытатын шағын зауыттың иесі болсаңыз және сізге Мәскеуден сатып алушы керек болса монументалды мүсіншіден артық жан табылмас. Ұлы мүсінші Мәскеудің аман қалған зауыттарының барлығынан да көп қола пайдаланатын! Ал болашақ клиенттің назарын аударудың ең жақсы жолы — оның кішкентай әлсіздігін қанағаттандыру... бұл жағдайда нэцкэ беру.

Нәзік өнер мен одан да нәзік коллекционерлік саласында ақша құдіреттілігін жоғалтып алады. Айталық, қажеттілікке арналған құмыралар коллекционеріне шабадан толы ақшаны көрсетсеңіз де ол Ұлы Фридрихтің табиғат аясында дәрет сындыруына арналып жасалған құмырасын айырбастамайды. Нэцкэ де сондай. Бұл салада ақшалы болу аздық етеді. Құмарын қандыру үшін ақшасын аямайтын өзге коллекционерлерден бұрын қимылдап, басқа қонар бағыңды қуып жетіп ұстауың қажет.

Валерийдің расында жолы болды. Қалай, не үшін екенін айтып жатудың қажеті жоқ, өйткені, жолы болу — кездейсоқтық емес. Не де болса, дәл қазір өзінің ескілеу «Пежо» көлігінің жанында тұрып, әдетте безеуін сәтті сығып алған адамда байқалатын қанағаттану мен жиіркеніш араласқан қойыртпақ сезіммен жапондық қолөнер туындысына қарап тұрды.

Мүсіншеде шүберекке оранып, алдына поднос ұстаған кішкентай томпақ қыз бейнеленген. Науадағы ұзынша заттар әрең көрінеді. Нэцкэ кітапшасында атауы жазылған. «Суси ұстаған қыз».

— Суси-пуси, — деп күбірледі Валерий. — Дұрыс жазса болады ғой...

Үйге қайтатын уақыт болды. Киімін ауыстырып, аздап коньяктан ұрттап алып, жүргізушісін шақырады. Содан әйгілі мүсіншіге жапондық бәсекелестерінің туындысын ұсыну үшін оңтайлы және көпшілікке аса белгісіз жерге бару керек. Валерий әйелі мен қызын бір апта бұрын Рождество мерекесіне Парижге жіберген. Сондықтан, жаңа жыл кеші шулы да масаң немесе керісінше алабұртқан толқуға толы романтикалық көңіл күйде аяқталуы ықтимал. Кәсіпкерлер отбасын ғана шетелге демалысқа жібермей, кейде өздері де кетіп қалады...

Крылов күріш орамдарын (Валерийдің ойынша, әрі дәмді, әрі ауыр тағам) сатушы кішкентай жапон қызына қарап тұрып, темекісін алды. Көлікте шылым шеккенді ұнатпайтын.

«Ағай, шақпақ сатып алыңыз», — деген ұяң дауыс естілді.

Бұрылып қарап еді, тротуарда он жасар кішкентай қыз тұр екен. Үстіне киген нейлон күртешесі өзіне тым үлкен болатын. Ал күртеше кірі әркім үшін-ақ лас көрінер еді. Оның сыртынан үлкендерге арналған жалпақ шарф оранып алған. Басына жүннен тоқылған шляпа киіпті.

Тоңғаннан көгілдір тартқан қолдарына аяқ киім қорабының қақпағын ұстап алған. Ал қорап үстінде қар ұнтақтары көмкере бастаған түрлі-түсті қытай шақпақтары жатыр. — Өзімде бар, — деп күңк етті. Соңғы рет метроға шамамен үш жыл бұрын кірген шығар. Ал көше кезген қайыршыларды көп кездестіре бермейтін. Мүмкін, сондықтан болар мына қыз Валерийдің аса жиіркенішін тудырған жоқ. Тек ыстық душ қабылдауға ерекше ықыласы ауды осы сәт.

Кішкене қыз қырсығып, қасынан кетпей қойды.

Бар екенін көргеннен кейін қызды кетер деп үміттеніп, шақпағын іздеп қалтасын қармана бастады. Қырсық шалғыр, табылар емес, бірақ.

Қыз мұрынын бір тартып, қолын мұрынының астымен жүргізіп өтті.

— Шақпақтарың қанша тұрады? — деп бұрқ етті Валерий. Садақа беру принципіне жат. Өзге балаға мейірі төгілген емес. Сондықтан, кішкене қызбен ақша-тауарлы қарым-қатынас орнатуға тырысты.

Ертерек тұтатпаса, мұрыны қышып барады. Шылымды аузыңа қыстырып, шақпағыңды іздей бастаған сәттен бұл күй күшейе беретін әдеті емес пе?!

— Он... — деп сыбыр етті кішкентай қыз.

— Он... — деп күмәнді тіл қатты да, Крылов қалтасын ақтаруды жалғастыра берді. Енді майда тиын іздеген. — Мына аязда қалайша жеңіл киініп жүрсің? Суық тисе — мұрттай ұшасың ғой!

Бұл мейірім-сымағы жасанды шыққанын іші сезді. Бейшара баланың жан рахаты үшін шақпақ сатып жүрмегені түсінікті ғой.

— Өте әдемі қуыршақ екен — деп қалды қыз Крылов қолындағы нэцкэге қарап. — Иә, иә, әдемі... — деді де, Крылов нэцке мен қызға кезек қарап қалды. Ол екеуі бір біріне ұқсайтын сияқты. Қаласаң «Суси ұстаған қыз» дегенді «Қытай шақпақтарын сатушы қыз» деп өзгертуге болатын еді. Әрине бұл нэцкэ жасалған уақытта шақпақ деген болған емес. Бірақ мәселе онда емес! Екеуінің жүздері қатты ұқсайтын бір біріне.

Ойын қуаттай түсу үшін Крылов қыз иығынан мәдениетсіз ұстап, витринадан түсіп тұрған жарыққа жүзін қаратты. Қарсы қарап отырып, нэцкэні қолына ұстап тұрып салыстыра қарады тағы. Не деген ұқсастық? Дәп бір мүсінді осы қызға қарап ойғандай.

— Міне керемет, — деп таңғалды Валерий. — Ғасырлар өтсе де адамдар өзгермейді екен ғой. Сонда жапондар да ертеде адамға ұқсаған болды ғой?

— Менің ешқашан қуыршағым болған емес, — деген қыздың өкініші үні жетті. Валерий аз-маз тосылыңқырап, қалтасынан жүздік купьюраны алып шақпақтардың арасына тастады:

— «Детский мир» дүкеніне барып өзіңе қуыршақ сатып ал...

Ал қуыршақ қанша тұрады? Осы сәт ол қуыршақтың бағасын білмейтініне таңғалды. Өз қызы мына қыздан сәл үлкен. Ойыншықтары үйіліп-төгіліп жатады. Бірақ өзі оған бір рет болсын ойыншық сатып алып па еді? Әйелі немесе бала қараушы сатып алатын...

— Мынаны алып, өзіңе «Барби» сатып ал, — деп қыз қолындағы картонға 500 рубль тастады. Егер жаңа жыл түнінде жақсылық жасасаң, майдаланып не керек. Қайыр қылсаң бүтін қыл.

— Мен сіздің қолыңыздағыны алғым келеді, — деп сенімді айтты қыз. Ол нэцкэден көзін алар емес. Валерий күліп жіберіп, басын шайқады:

— Жоқ, қалқам. Бұл қуыршақтың бағасы... жалпы, өте қымбат тұрады. Қуыршақ сатып ал да, мамаңа бара ғой.

— Кешіріңіз, бірақ мен сіздегі қуыршақты ғана алғым келеді, — деп сенімді айтты қыз. Қолындағы картонды жібере салған. Бірақ шыңылтыр аяздан шақпақтардың оған жабысып қалғаны сонша, бірі де жерге түспеді. — Белгілі бір төтенше жағдайлар мені сіздің рождестволық мейіріміңізді пайдалануға итермелеп тұр...

Әлі тұтатылмаған темекісі ауызынан түсіп кетті. Ол асығыс тұрып, көлігіне қарай жүріп кетті.

— Бәлкім мен сәтсіз күнді таңдадым ба? — деп сұрады қыз артынан. — Бірақ сіздің күнтізбеңіз шым-шытырақ. Сіз рождествоны екі рет атап өтесіз ғой. Мен сол екеуінің дәл ортасындағы күнді таңдап едім...

— Жынды, — деп қысқа қайырды да, көлігіне отырды Валерий. Қозғалтқышты қосып, нэцкэні жылдам қалтасына жасырды. Көзінің қиығымен қызға қарап еді, еріндері үнсіз жыбырлап тұр екен. — Жынды немесе есі ауысты. Бірақ қайсымыздың?

Қыз әп-cәтте жоғалып кетті. Әлгінде бар еді, енді жоқ.

— Мен екен ғой жынданған, — деп алып, сұлық отырып қалды. Қалайша? Ата-баба, туған-туыстарымның ешқайсысында жынданған адам болған емес. Көлікті жүргізе бергені сол еді:

— Сіздің деніңіз сап-сау, — деді біреу артқы жақтан. — Дегенмен...

Крылов абдырап қалып, тежегішті барынша басты да, артына бұрылды.

Әлгі қыз қолына картонын ұстаған қалпы артқы орындықта отыр екен. Крыловқа бейкүнә сәби көздерімен қадалып қалған.

— Геморройдың жеңіл түрі, енді басталып келе жатқан простатит, өт жолының дискинезиясы. Басқа жағынан сіздің деніңіз сау, — деп әлгі сөзін қайталады. Сонымен, мен сізден сәтсіз уақытты таңдағаным үшін кешірім сұраймын. Бірақ жаңа жыл түнінде, оның үстіне екі мейрамыңыздың арифметикалық дәл орта тұсында сіз мейірімді әрекет жасауға көбірек бейім көрінесіз.

— Сен кімсің? — деген сөздермен Крылов ес жиды. — Мәшинеге қалай отырып алдың?

— Мен кішкентай қызбын. Мен өзімнің кеңістіктегі орынымды ауыстырдым. Менің сөзімді тыңдай аласыз ба?

— Неге бұлай сөйлейсің? Кішкентай қыздың айтары емес қой!

Қыз күрсініп:

— Менің сөздерім түсініксіз бе? Өтінемін, құлақ қойып тыңдаңызшы. Мен жәй ғана болашақтан келгем.

Валерий басын изеді:

— Иә. Ал мен Марстанмын.

— Ұқсамайсыз, — деп қыз кесіп айтты. — Сонымен, мен болашақтан келдім. Уақыт саяхатшысымын. Дәл қай уақыттан келгенімді білуіңіз міндетті емес.

Крыловқа қызық бола бастады мына әңгіме:

— Болашақтанмын дейсің бе? Фантастика болды ғой? Неге сенбеске? Мұнда да уақыт саяхатшылары жетіп артылады. Таяқ лақтырсаң уақыт саяхатшысының басына тиеді.

— Өтірік айтасыз, — деп қыз ренжіп қалды. — Дәл бұл жерде, осы уақытта менен өзге уақыт саяхатшысы жоқ. Сіздің кекетуіңіз мүлде орынсыз.

— Болашақтан келдім деп еркін айтып отырсың. Енді айтшы маған, уақыт саяхатшылары жайлы неге ешкім білмейді? Неге оларды біреу-міреу кездестіріп қалмайды?

— Сіздердің уақыттарыңызға ешкім саяхат жасамайды, — деп Крыловтың сөзін қыз бөліп жіберді. — Бұл уақытта не қызық бар дейсіз? Экология нашар, ас-ауқат нәрсіз, адамдар қатігез, мәдениет арзанқол, ал соғыстарыңыз эстетикадан жұрдай... Жұрттың бәрі Ежелгі Грекияға, Орта ғасырларға, Ежелгі Қытай мен Жапонияға саяхаттайды. Міне сол жақта сұлулықты көресіз.

Валерий не деп жауап берерін білмеді.

— Сонымен, мен қарапайым уақыт саяхатшысымын. Жасым онда. Бірақ саналылық деңгейі бойынша мен үлкен адаммын.

— Сенбеймін! — деп Крылов кесіп айтты.

Кішкентай қыз тағы да ауаға сіңіп жоғалып, алдыңғы орындықта пайда болды.

— Көз арбау, — деді Крылов. Көлік дір етіп, әлден уақытта көкке көтеріліп бара жатты. Мәскеу аяқ астындағы үлкен жарықты картаға ұқсап қалған биікке дейін көтерілді.

— Бұл да көз арбау ма? Егер солай десеңіз, есікті ашып, түсіп кетсеңіз болады.

Крылов басын шайқады.

— Солай болғаны дұрыс, — деп кішкентай қыз қуанып қалды. — Енді маған сенесіз ғой? Әлде тағы бірнәрсе істейін бе?

— Сенемін... — деп күбір етті. — Балақай, ә қызым... болашақта жағдай қалай?

— Бәрі керемет! — деп қысқа қайырды да: — Валерий Павлович. Өтінішім бар. Ғасырлар түнегінде адасып жүрген кішкентай қызға рождестволық сыйлық жасаңызшы.

—Нэцкэ?

—Иә.

Біршама уақыт Крылов үнсіз қалды да, айқайлап жіберді.

— Не айтып тұрғаныңды білемісің? Сыйлық дейсің... Нэцкэ? Мен оны қалай алғанымды сен білесің бе? Мәселе ақшада емес, жәй ғана бүкіл Мәскеуде бірегей нэцкэ мүсіндері көп деп ойлайсың ба? Бүгін мұны бір мүсіншіге сыйлауым керек. Бәлкім сонда ол өзіне қажет қоланы менің зауытымнан сатып алатын шығар! Солай менің кәсібім оңалар еді. Олай болмаса, мен біттім.

— Маған бұл нэцкэ өте қажет! — деп қыз да дауысын көтерді. — Маған беріңіз оны!

— Орынына басқасын берейінші. Саған Жапонияға барып келу қиын емес қой. Солай ғой, иә? 200 жыл бұрынғы уақытқа өтіп, сонда нэцкэ сатып аласың да, Мәскеуге әкеліп маған бересің... Саған не болды?

Кішкентай қыз үнсіз жылай бастады. Жасын лас қолдарымен әлсін-әлсін сүртіп қояды. Бір уақта көлік дірілдей бастады.

— Әй, тепе теңдікті ұстасаңшы! — деп Крылов қорқып кетті. — Мә, бетіңді сүртіп ал... — деп таза бет орамал ұсынды. — Саған менің нэцкэмнің қажеті не? Қолыңнан онсыз да көп нәрсе келеді ғой!

— Анығында, ол сіздікі емес қой, — дейді қыз жылап отырып: — Оны менің әкем ойып жасаған.

Әйелдің сөзі көзінен жас шыққанша ғана дұрыс емес. Бұл халық нақылы кішкентай қыздарға да байланысты айтылған екен.

Крылов абдырап қалды.

— Менікі емес?.. Мен оны ақшаға сатып алдым ғой... — деп жанталасты. — Тыңдашы, сенің қолыңнан сондай ғажайыптар жасау келе тұрып, маған неге байланып қалдың? Ұрлап немесе тартып алсаң да болар еді ғой...

— Олай жасай алмаймын, — дейді қыз. — Мәселе сонда болып тұр ғой.

Қыздың сөзінен уақыт саяхатшыларының бәріне арнайы екпе егілетінін түсінді. Ол адам мінезін өзгертетін көрінеді. Осы екпеден кейін уақыт саяхатшылары біреуге қиянат жасау, тонау немесе біреуді ренжіту қабілетінен айырылып қалады. Тек өзін қорғау үшін ғана күш қолдана алады олар.

— Егер сіз мені ұрып немесе тістеп алсаңыз... — деп үмітпен тіл қатты балақай.

— Ха! Сен мені кім деп тұрсың? Ұрмақ түгілі, тістемеймін де.

— Өкінішті! Әйтпесе, сіздің жансыз қолыңыздан нэцкэні алу оңайырақ болар еді...

Қалай болғанда да қыздың мұншалық ашық-жарқындығы Валерийді сабасына түсірді.

— Неге дәл осы мүсінше керек саған? — деді темекісін қытай шақпақтарының бірімен тұтатып жатып.

Кішкентай қыз әңгімені арыдан бастады.

Ол уақыт саяхатына әкесімен бірге шыққан екен. Он сегізінші ғасырдағы Англияға рождестволық демалысқа келген. Бірақ бұл елден іші пысқан әкесі сол ғасырдағы Жапонияға аттаныпты. Сол сапардан әкесі оралмаған. Бәлкім уақыт машинасы бұзылып қалды ма екен, әлде, басқа себеп пе? Белгісіз.

— Сіздерде құтқарушылар жұмыс істемей ме? — деп таңғала сұрады Валерий.

— Жоқ. Уақыт саяхатшылары өз бастарын қатерге тігіп шығады. Жоғалған адамды құтқару — уақыт парадоксын туғызады.

Әкесі жоғалса да, қыздың үйіне қайтуға мүмкіндігі болған. Бірақ ол әкесін құтқарғысы келіпті. Осылай қызы әкесінің немен айналысуы мүмкін екенін ойлай бастаған. Біреуді тонап, өлтіре алмайды. Барған жеріндегі халықты ғылымға баулуға да тыйым салынған. Сонда қыздың есіне әкесінің сүйектен әшекей жасай алатыны түсіпті. Йағни, ол нэцкэ оюшы болмақ. Ал ол өзінің қызына авторлығын білдіру үшін бүгінгі уақытқа сай келмейтін деталь қосады. Тапқыр қыз осындай нэцкэлерді іздеп, біреуін тауып отыр. Ол дәл Крыловтың қолында.

— Түсіндім! Йағни, бұл «Суси ұстаған қыз» емес, «Қытай шақпақтарын сатушы қыз» ғой?

— Жоқ, бұл шақпақ емес, — деп қарсы шықты. — Бұл... сіздерде ондай сөз де жоқ әлі. Бұл кішкентай нәрселер... ол сөз де жоқ екен ғой сіздерде. Жалпы бұл заттар басқа да үлкен заттарды жасауға қолданылады.

Крылов мүсіншені қолына алып, сынай қарады да:

— Жарайды. Бұны сенің әкең жасады делік. Құтқару белгісін жіберді, солай ғой? Енді сол заманға бармайсың ба? Менен не керек?

— Нэцкэ! Оны уақыт машинасындағы арнайы сандықшаға салуым керек! — деп қыз жылап жіберді. — Сонда уақыт машинасы дәл сол мүсін жасалып жатқан уақыт пен жерге апарады мені. Солай әкемді құтқара аламын.

— Нэцкэ ше?

— Атомдарға шашылып кетеді.

— Басқа нэцкэ болмай ма?

— Түсініңізші, басқа мүсін болуы мүмкін емес. Егер басқа нэцке болатын болса, менің әкемді құтқара алмағаным. Йағни, ол өмір бойы ежелгі Жапонияда өмір сүреді!

— Солай деңіз, — деді күрсініп алып.

— Сіз маған нэцкэні бересіз де, мен әкемді құтқарамын. Немесе сараңдық танытып, бермейсіз бе? Онда менің әкемнің өлгені...

— Мен өте ауыр жағдайда тұрмын, — деп мойындады Крылов. — Түсінем, әкеңе жаным да ашиды. Сен батыл қызсың...

Уақыт саяхатшысы тағы да жылап жіберді.

— Тым болмаса ақшамды қайтарсаңшы, — дейді Крылов жалынғандай:

— Болмаса басқа нэцкэ бер орнына! — Менің ақшам жоқ және орнына ештеңе бере алмаймын. Тіпті, лотереяның ұтысты сандарын да айта алмаймын.

— Тыйым салынған ба?

— Ежелгі лотереяларға қызыққан емеспін... — деп шынын айтты кішкентай қыз. Крылов үнсіз қалды. Эх, қандай керемет жоспар еді. Сирек кездесетін нэцкэні сыйлап, ашық әңгіме айта отырып оңтайлы келісім жасасаң. Одан ары қалтасы қалыңдай бермек...

— Бар, әкеңді құтқаруға аттан, — деп ежелгі жапондық мүсінді қыз қолына ұстатты. — Тек бірінші көлігімді орнына түсір!

Қуаныштан кішкентай қыз жарқырап кетті.

— Рақмет! Рақмет сізге! Қуаныштардың орта шенінде адамдар мейірлене түсетінін білгем және бұл күн ғажайыптар болып жатады!

Крыловтың бетінен өпті де, қыз жоғалып кетті. Көлік әлгіндегі антиквар салонының алдында тұр екен. Қыздан қалған белгі ретінде көлік еденінде шақпақтар ғана шашылып қалды.

— Ғажап, — деді Крылов. — Бірақ, кім үшін?

Оның бүкіл жоспарының күлі көкке ұшты. Бәрі әлгі қыз бен ақымақ әкесінің кесірі. Турист болған түрлеріңе болайын... Өздері осы жерлік емес, уақыт машиналары бұзылып қалған...

Ол көлігін оталдырып, бейсаналы түрде түнгі клубқа қарай бұрылды. Ешбір қызық сыйлықсыз әйгілі мүсіншіге келісім ұсыну... нәтижесі белгілі сөз. Бірақ сонда да болса тырысып көру керек...

Крылов көлігін тұраққа қойғаны сол еді, артқы орындықтан жөткірінген дауыс естілді.

— Тағы да ма? — деп артына бұрылды. Енді көліктің артында екі адам отырды. Қанық сары көйлек пен қызғылт жамылғы жамылған әлгі қыз бен кең иықты кісі отырды.

— Менің кадзамиім әдемі ме екен? — деп қуана сұрады қыз.

— Сізге көп рақмет Валерий-сан! — деп қызын көзімен тыйып тастап әкесі бұған назар аударды: — Сіз өміріңізге қолайсыз жағдайлар туғыза отырып, мені құтқарып алдыңыз... Домо аригато годзаимас!

— Жарайды... арзымайды... — деп Крылов ұялып қалған. — Мейрам ғой...

— Біз болашаққа қайтуымыз керек. Бірақ мен сізге алғыс айтпай кете алмадым. Мына кішкентай сыйлығымды қабыл алыңыз. Мен бұл нэцкэні жоғары шенді шенеунікке арнап жасаған едім. Бірақ мұны сізге аса құрметпен ұсынамын!

Крылов мүсінді алып үлгермей жатып әкесі мен қызы басын иіп, жоқ болып кетті. Енді қайтып келмейтін шығар.

— Сонда... — деп күбірлеп қалды Крылов. — Сонда бұл менің ісімнің оң бітуіне бастау ма?

Бұл нэцкэде мүсіншінің өзі бейнеленген сияқты. Ұзын бойлы, жапон киімін киген арық келген жігіт. Бірақ жігіт қолында сыра бөтелкесі бар еді.

— Анахронизм... — деп Крылов тағы күбір етті. — «Сыра ұстаған жігіт». Мұны қалай сыйлаймын? Ол күліп жіберді.

Ғажап... мейрам... жақсылық жасадың екен, қайтарым күтпе!

Дегенмен...

Крылов тағы да нэцкэні анықтап қарап алды.

«Суси ұстаған қыз» дейді. Бірақ оның қолындағысының не екені белгісіз еді ғой.

Йағни, дұрыс атау беру маңызды. Сонда адам сол нәрсені көре алады. Мәскеулік мүсінші-монументалистер де қолданады бұл әдісті. — Пестик ұстаған жігіт... — деді Крылов.

— Жоқ. «Пестик ұстаған алхимик»! Белгісіз шебердің жұмысы...

Нэцкэні ұстап көліктен түсті.

Жолым болуы керек.

Бүгінгі кеште адамның бәрі мейірімді.