Шәйнектен шыққан дыбыс
Біреу дамылсыз жұлқылап жатыр екен. Бірақ көзін ашқысы келмеді. Иә. Достарымен өткізген кешегі «бастаңғы» болжап білгісіз жағдайда аяқталыпты. Мұндай жайт бұрын да болған. Тағы қайда жатыр? Үйде талайдан бері мұны ешкім жұлқыламайтын.
Қабағын әрең ашты. Солай! Көзін ашпауы керек еді. Төбесінен негрдің жүзі ентелей төніп тұр екен. Бір білетіні, негрлер қазір біздің көшеде де кездесіп қалады. Бірақ мынау кокардо белгісі мен онда «New York City» деген жазуы бар фуражка киіп алыпты. Дәл осындай, тек аздап үлкендеу жазу жейдесінің жең тұсында да бар екен.
Солай. Ойыннан от шықты ма?! Өмірінде қиын жағдайға тап болғаны бір бұл емес, үнемі сытылып кететін. Литейныйдағы Офицерлер үйіндегі сыраханада саптаяқты аузына апара беріп, бір-ақ мезетте Нью-Йоркта ояну дегенді расында бұрын бастан кешіп көрмепті. Алдымен жағдайды сау ақылмен бағамдап көру керек, сау ақылмен ойлау, әрине, оңай емес. Бірдеңеге соғылған болуы керек, арқасы ісіп тұр. Түрегеліңкіреп, жан-жағына қарады. Ол кең, кедір-бұдыр баспалдақта келесі сатыға созыла құлап шалқасынан жатыр екен. Жоғарыда салтанатты сұр ғимарат көрінеді. Айналмалы шыны есіктен зиялы кейіпті жандар кіріп-шығып жатыр.
«Құдайға шүкір, Тәуір жер екен! — деп ойлады жымиып. — Йағни, мұны құрметтейді. Бірақ бұл кім?» «Патриот» барында даяшымен не туралы әңгімелескенін жақсы біледі. Нью-Йоркқа тапсырыс берген жоқ.
— Кен ай хелп ю? — деп сұрады полисмен.
Оның ағылшынша сөйлегені Сидоровты біржола тұқыртып тастады. Басқа бірдеңеге үміттенудің өзі ақымақтық еді. Бірақ ол бәрібір үміттенді. Мына мейірімді жігіттен өзін Литейныйдағы Офицерлер үйіне апарып салуын өтінсе ше? Дұрыс түсінбей қалар.
Жарайды! Мені қоқыстан тауып алған жоқ қой! Қадірім бар шығар! Қара нәсілді досына осыны сездіру керек. Ол осындай кесімді оймен орнынан тұрып, полицияға ойланыңқырап, осылай болып қалды дегендей жымиып қарады. Бәлкім, жылы сөз айтуы керек пе еді, бірақ, кім білсін, акцентінен күдіктеніп қалуы мүмкін ғой. Болды! Өз-өзіне келуі керек! Баспалдақтан еркін басып түсіп келеді. Енді еркін басып қай жаққа жүруі керек? Оңға ма? Солға ма? Питерде болса, сөзсіз білер еді.
Мында біраз тосылып қалды. «Мирный» мен «Восток» антарктикалық станцияларының арасында шана пойызы тұрып қалғанда өмірдің соңы таяп қалғандай еді. Бірақ, неге екенін, көңілі тыныш болатын. Өлу бар да, абыройсыз қалу бар. Осы бір «Ақшалай қалада», мектепте осылай дейтін, абыройсыз қалғысы келмеді. Өз ортаңда болсаң, бір жөн.
Баспалдақтар екі шетінен алып арыстандары бар биік жақтаумен қоршалған. Сол жақтағы арыстанның тұсында аяғын аяғына қойып, үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы қауғадай бір қария көсіліп жатыр. «Жақын болашақтағы мен шығармын!» — деген ой жылт етті. Қария полицияны мүлде қызықтырған жоқ, ол Сидоровтан көз алмады.
«Секондхендтың» джинсы, жасанды былғары күртеше. Тақыр бас батырлық! Оның несі жаман? — деді аздап өкпелі кейіппен — Болды! Ойымды жинақтадым! — деп, өз-өзін тыйды. — Байыптай бастадым! Мына полициядан анықтама сұраудың қажеті жоқ сияқты. — Ойы сақылдап жұмыс істеп кетті. — Басқа жолмен жүреміз».
Қорқуды білмейтін. Жас күнінде достарымен бірге тесік катермен буырқанған күзгі Ладоганы кесіп өткен, бір жағын жүзіп өтіп, екінші жағына келгенде бата бастады. Ешкім көмекке келе алмайтын тұста «Обь» дизелді электроходты мұз құрсап тастады. Ақыры құтылып шықты! Бірде іссапарда бүкіл Мәскеуді жарты сағатта қиғаштап қиып өтіп, Мәскеудің екінші бір қиырындағы ортақ құрбыларының пәтерінен телефон тұтқасын көтеретінін айтып, достарымен бәстесті. Дәл солай істеді — қалай жеткені есінде жоқ, әйтеуір, білетіні — телефон шырылдап жатқан сәтте пәтерге кірді. «Сізді қанша күтуге болады?!» — деп еді сонда телефонды алып.
Енді осы «жастық батылдық» оны Нью-Йоркқа алып келді. Шынына келгенде, бұл ендігі «зейнеткерлік батылдыққа» айналған, мұндай сынақтың қарқынына қазір шыдауы екіталай. «Қызбаланып кетіппін» дейді кейде өз ессіздігін ақтап алатын достары секілді. Буырқанған өмірі аяқталғанда, әйелі, екі жақын досы қайтыс болғаннан кейін кенет ештеңеге зауқы болмай қалды. Осылайша жабырқап жүргенде Интернет арқылы халықаралық «эдвеньчюрис» реалити-шоуына ұрынды, байсалды достары бұл шоуды «басына бәле табу» деп әзілдейтін. Олардың әзілі сол сәтте-ақ шынға айналды. Тапсырыс бергені есінде, ал есептескені есінде жоқ. Енді осында есептеседі.
Бұрылды. Полиция одан көз айырмады! Ғашық болып қалған шығар. Сидоров оған қолын бұлғап, шартақтан шықты. Қолма-қол ақшасын санай бастайық... Санаудың қажеті жоқ екен, өйткені, қалтада бір сом да жоқ. Оған қоса бүкіл жерде қабылданатындай сом аяғынан тік тұра қойған жоқ-ау. Басқасын қайдам, Нью-Йоркта әзірге қабылдамайды, сондықтан босқа уайымдама... Бір қызығы, «эдвеньчюристер» мұнымен не айтқысы келді екен? Бұл ойыншыларды бетпе-бет бір-ақ рет көрді, соның өзінде бастыларын емес, қосалқыларын, уақытша жалданғандарды көрген. Олар өздерінің не істеп жүргендерін толық ұқпаса да, барынша тәжірибелі топ-менеджерлер ретінде көрінуге тырысты. Бұл оқиға тар Галерея көшесінде, бұрынғы мәдениет үйінде, тозығы жеткен граф жекежайында болды. Енді онда не болғанын құдай біледі. Айтпақшы, қызылды-жасылды хабарлама мен әдеттегіден тыс публикаға қарағанда, мұнда қосымша тағы бір жиын — сексуалды азшылықтың фестивалі болғанға ұқсайды. Бірақ «эдвеньчюристер» фестивальға еш қатысымыз жоқ деп сендірді. Бір таңғаларлығы, «қызық іздеген» шағын залда сымбатты жастар көп еді. Бұл олардың жасында ешқандай делдалға жүгінбей-ақ не істеу керектігін білетін. Еһ, жастар-ай!
— Сауалнаманы толтырып, жиырма алтыншы бағанның «г» тармағына орындалғанын қалайтын армандарыңызды жазыңыздар! — деді сахнадан.
— Бұрынғы клиенттердің жазған тілектерін оқымас па екенсіз! — деді көзілдірікті жүдеу адам залдан дауыстап.
— Иә, иә! — деп өзгелер де қоштай жөнелді.
Бітті! Сидоров орнынан атып тұрды. Адамдар өз арманын дайын тізімнен алатын болса, мұнда бұл істейтін түк жоқ деген сөз.
— Сіз кетесіз бе? — деді жылмаң топ-менеджер сахнадан жұмсақ үнмен. «Азшылыққа» мүмкін ешқандай қатысы жоқ шығар, бірақ несіне қызғылт сары түске боянып алған?
— Кетемін. Сіздерге ешқандай қарсылығым жоқ... бірақ уақытым тығыздау болып тұр.
— Онда арманыңызды ауызша айтып берерсіз бе?
Арманын ба? Мұның армандарының бәрі баяғыда орындалған, тіпті, керемет орындалды десе де болады.
— Арманым ба?.. — Ол кідіріп қалды. — Алғашқы махаббатымды кезіктіру! Әлгі... өмірімде болғанын айтамын.
Достарымен айтатынындай, «Өзі де таңғалды!». Бір әжей де дәл сондай жағдайда: «Айтқанымды естімей тұрып, не ойлағанымды қайдан білемін?», — деуші еді. Таңғалды!
— Сенімдісіз бе...
— Тірі екеніне ме? — деп ойды іле жалғап әкетті Сидоров.
— Иә... — деді ұялған түрмен «қызғылт сары».
— Тірі. Өкінішке қарай, Нью-Йоркта тұрады!
Міне, нәтижесі! Осылай боларын білгенде ғой, айтпас еді... Бірақ «вайнот»? Ағылшынымызды тексеріп көрейік! Бірақ оның қажеті болмады.
— Жерлеспіз бе? — деген дауыс естілді кенет жанынан.
— А? — Сидоров бұрылды.
Жуан еркек егде тартқанына қарамастан майка-шорты киіпті. Невскийде егде адамдар әзірге бұлай жүрмейді.
— Қалай білдің? — деп сұрады Сидоров. Мұндай кезде орыстар үнемі ренжиді.
— Қалай болсын, көзіңнен білдім! — деп қуанды жерлесі. — Көп ішкенсің ғой, шамасы. — Ол туған тілінде рахаттана сөйледі.
— Иә... Көп ішкенім сондай, ондайды түсіңде де көрмеген шығарсың!
Ішкілік тақырыбы ең қолайлысы деп санады Сидоров.
— Неге «түсіме кірмейді»? Болған ондай! — деп ренжіді анау. — Неге абыржып отырсың?
— Телефон соғу керек еді... Бірақ бір тиыным жоқ.
— Қатты ішіпсің! — деді жаңа досы сыпайы. — Ең болмаса, нөмірі есіңде ме?
— Есімде! — деді де кенет Сидоров селк ете қалды. Оның миымен де бұлар біршама жұмыс жасағандай, бұрын хабарласпаса да, тіпті, жаттамаса да телефон нөмірі ойына қалқып шыға келді. Бірде естіп еді. Кездейсоқ па? Кездейсоқ емес сияқты! Йағни, мұны мықтылап «алып келіпті».
— Ал кір! — деді жаңа досы.
Екеуі будкаға кірді. Онда ұсқынсыз телефон ілініп тұр. Сидоров таңғалысын әрең жасырды, бірнеше әріп пен сандары бар добалдай телефон екен. Анаған қарап балағаттаймын деп-ақ шаршайсың.
— Ал? — деді жерлесі шыдамы таусылып.
— Жеті жүз он сегіз... — деп Сидоров алғашқы сандарды айта бастады.
— А... Жоғарғы Квинс! Көрнекті ауданда тұрады екенсің!
Мұндайды есту құлаққа жағып кетті.
— Резидентсің бе? — «жерлес» көзін қысты.
Жетпегені осы еді! Алайда, Сидоров жауап орнына көз қысудан басқа ештеңе ойлап таба алмады.
— Ары қарай.
Сидоров сенімді дауыспен тағы жеті санды айтып шықты.
— А... бұл? — деді ол саусақтарын үйкелеп. — Аппаратты тастай салу керек.
— Иә,сен шынында да парашютпен ұшып келген шығарсың?.. Мә, ал тұтқаны. «Коллект» де. Сосын өзіңді таныстыр. Абоненттің есебінен сөйлесесің. Егер ол қаласа, әрине.
«Қалар ма екен?! — деген ой келді — Біз де біраз жасты еңсеріп қалдық».
Будкада ауа тымырсық. Тер боп жабысып жатыр. Тұтқаның ар жағынан әйелдің жуан дауысы естілді. Жоқ, мұндай жылдамдыққа ілесе алмайды! «Коллект!» — ақыры ортадан осындай үн килікті. Дауыс үнсіз қалды. Сосын тағы бірдеңе тысырлап кетті. Миыңды шағатындай!
— Айтсаңшы өзіңді! — деді жаңа досы.
— Сидороффф мырза! — осылай үш «ф»-пен айтқаны әлдеқайда салмақты шығатындай көрінді.
— Ал, сәтті болсын! — Иығынан қағып жерлесі шығып кетті.
Саңылаудан пеш оты жарқ ете қалғандай. Мына жақта қазан айында да күн күйіп тұрады екен! Тер ағыл-тегіл ақты. Осы жолы бұрынғыдай емес, қорқыныш меңдеді, одан да Антарктидада қамалып қалғаны жақсы еді. Тұтқадан бүлкілдеген дыбыс шықты — бұдан артық музыканы бұрын-соңды естіп көрмепті. Таусылмаса, бітпесе екен, шіркін!
— Құлағым сізде, — деді дауыс орыс тілінде.
Түсіндім, демек... Қазір ішер ме еді!
— Сәлем, — деп қырылдады ол.
Әлі кеткен күйінде будкадан шықты. Абырой болғанда, жаңа досы қолынан ұстап, сүйеді.
— Не болды?
— Келеді.
— Солай ма? Сүйеді екен онда.
Бірақ солай екеніне бұл сенімді емес.
— Сен былай... тұра берме енді. Жүр. Мында еркін болса да, тым көзге түспегенің жөн. Сәтті болсын!
Алғашқы, мүмкін соңғы да америкалық досы қалың топтың арасына кіріп сіңіп кетті. Жерлесімен отырып бірге ішіп, жан сырын ашып, майкісін жырту деген болмаушы ма еді! Жоқ, тастап кетті! Мұндағылардың бәрі сондай! Ол қалай екенін, тіпті, жабысып қалды, жүргісі келмеді, тағы да баспалдаққа жата кеткісі келді! Бірақ оны Ира қоштай қояр ма екен. Ол қандай болды екен? Отыз жыл көріспепті. Дауысы одан әрі қызықтырды! Бұрынғыдай именшек, сөзінің соңы тұншығып бітеді. Бірақ ол именшек емес еді ғой!
Кенет көзінен жас ақты. Әлсіздігін байқатқандай. Кавголоволық жабысқақ қар жауып тұрды. Із құлаған жерде көкшіл жарық байқалады. Ұзын қалың свитер киген Ира ерекше көрінеді (Досы Петька берген!). Сидоров онымен бірге стансаға келе жатыр, табиғат: «Бекер кетіп барасың?» — деп сыбырлап тұрғандай. Көзінен жас ағып жатыр. Шашыраған нұрдан ба, маңайдың бәрі — бөктерлер де, сүңгілер де, қарағайдың бұтақтары да жарқырап тұр. Ира да сәуле шашып тұрды!
Досына бір күнге қалдырған! Бір күнге! Ал кешкілік Петька: «Кешір, қария!» — деп қарсы алды.
(Қазір ғой бұның қария болғаны. Ал ол кезде қария емес еді.)
Өзін біртүрлі сезінді. «Мен барынша қарсыластым. Жарты сағат!». — Ол әлі күліп тұрды! Оның ұялшақтығының тасасынан жарқ етіп көрінген ашуы аяқ асты абдыратып тастады. Тіпті, «досы» Петьканың өзі көбірек уайымдады, әлде, сондай түр көрсетті ме?! «Болған нәрсені қайғылы қате деп есептейік!» «Менің қатем деп..!» — деп міңгірледі Сидоров. Сосын трамплин бөктеріндегі жалға алған сол үйшіктен мәңгіге кетті. Сыбдырдан оянып кетті: «Шшш!», «Шшш!»... Трамплиннен «алғашқы қарлығаштар» ұшты. Отыз жыл бұрын... енді, міне, қайта оралды! Сол кездегідей көзінен жас ақты. Не істерін білмеді, Ираны ол сүйді ғой. Сол кезде түні бойы стансада отырды. Таң алды көзі ілініп кетіпті, бірінші электричкадан қалып қала жаздады, қолын қойып үлгеріп, есігін ашты. Бұл кезде электричка қозғалып кеткен. Өліп кетуі де мүмкін еді. Бірақ бұл одан қорыққан жоқ, қайта қуанды!
Тек бұрыштары қайырылған фотосуреті ғана қалыпты: бәрі үй алдында тұр, айнала қар, Ира аласа шатырдан салбыраған мұз сүңгілерін үрлеп тұр. Сүңгілер жарқырап, «ісініп» тұрған секілді, өзі қисық ілініпті, оны мұз боп қатар кезінде жел қисайтқан. Бірақ фото керемет. «Махаббат ғажабы».
Бітті деп ойлаған. Бірақ күн жылып, бір ортақ шаруалар шықты да, Нью-Йорктан Петька келді. Келген бетте айтқаны, ол мұны да тастап кетіп, суретші мулатқа күйеуге шыққан екен! Қуантамын деп ойлады ма екен? «Ал, досым, ортақ махаббатымыз үшін ішейік» — деді. Петька өзгеріпті. Көпті көрген. Сол баяғы терезесі трамвай паркіне қараған Сидоров тұрып жатқан пәтерде өткен күндерін еске алды.
— Мынаны да ол тастап кеткен! — деп Петька өз-өзімен қуана айқайлады. Өкішіні басылған. Тек махаббат сезімі ғана қалған... Оған қоса қан қысымы көтерілетіні тағы бар!
Күтуден шаршады! Ол ары-бері жүрген ғимарат кітапханаға ұқсайды. Бұл оған «арыстандары бар...» — деген. Кітапхананы әбден көріп болған! Институт, аспирантура, қорғау — соның бәріне кітапханада дайындалды, сондықтан, бұл ғимаратты тану қиын емес... Полиция бұдан көз айырмады! Көңіл жұбатарлығы сол, тыңшылар мұндай болмайды. Сондықтан, оның тыңшы болуы екіталай. Дегенмен, мұны осында әкеп тастағанда төлқұжат, виза, басқа да түкке тұрмайтын нәрселер туралы ойлады ма екен осы ойыншылар?
— Тоқтаңыз! — деп айқайлады сонда «қызғылт сары» бұл «махаббат» деген сөзді айтқанында. — Сіз жеңдіңіз!
— Сонда қалай?
— Арманыңыз орындалады.
— Қашан?
— Бұл біздің кішкене құпиямыз болсын! — «Кішкене!» деуін қарашы. — Ал әзірге, — деп ойыншы сөзін жалғады, — сіз сыйға ие болдыңыз! Бағалы сыйлық! Бұрқылдағыш шәйнек! — деп қорап ұсынды.
— Қалайша? — деп таңғалды бұл. Техника жаңалықтарына таңғалмайтындай көрінді. Кезінде «Щит Родины»-ды ас үй қажеттіліктері қатарына қосып, бейімдеген өзі еді... Бірақ «бұрқылдағыш» туралы естімепті.
—Игілігіңізге пайдаланыңыз! Рахатын көріңіз!
Бұл бұйымды лақтыра салғысы келген... Бірақ ол өмірін өзгертетіндей үміттеніп, тастамады. Қателеспепті. Шәйнек бүлкілдеп, «бүлк-бүлк сөйлеп»: «Бүкірейме!» — дегенде, «Не-е?!» — деп, Сидоров айқайлап жіберіп, орындықтан құлап түсе жаздады. Енді оған шәйнек те ақыл айта бастады ма?! «Алғашқы махаббатыңмен жолығуды армандасаң, өзіңді соған лайық ұста!» — шәйнектен шыққан будың ысқырығы осылай деп жатты. Біртүрлі сөздер екен. Қайдан үйренген? Сидоров ас бөлменің ішінде жүгіре бастады. Иә, сөйтіп, ақылшы дос тауып алды! «Мұндай досты...» — өкінішке қарай, сөзінің соңы тұрпайы бітті. Шәйнек қарапайым шәйнектердей ысқырды. Шәй ішуде де ешқандай қауіп туғызбады. Ойланатын уақыт жетті. «Ойын» басталғаны анық. Тапсырмалар енді шәйнек арқылы беріледі. Он жыл бұрын оған біреу осылай дер ме еді! Алайда, қазір «жазылғаннан» кейін не істеуі керек? Өмір өтіп кетті, соқпай өтті дей алмайды, бірақ өткені рас. Жаңасы немен қуантар екен?
Шәйнек тынышталғандай болды, бөгде біреуге тап болғанын түсінді. Таңертеңгілік ауа райын жаймен хабарлап, сосын Чеховтің «Каштанка» деген әңгімесін беріле оқыды. Қысқасын айтқанда, «сіңісті». Осының бәрін ойластырғандар неге сенді екен? Ұғып алғаннан кейін бәрі осы «ақылды шәйнектерді» сатып алуға ұмтылады деп ойлады ма екен? Әлде, басқаша ойлады ма? Ал әлгі «алғашқы махаббаты» қайда?
Құдай-ау! Ол жақындап қалды! Түк болмағандай, көліктің есігінен «Отыр!» деп қол бұлғайды.
— Қарашы, ә! Нью-Йорк! — деді бұрын мұнда ешқашан болып көрмеген Сидоров шыдамай.
— Сендердегідей жабайы аралға тастап кету мұнда сәнге айналмаған, оған да шүкір! — деп күлді ол.
Сидоров оған жалт бұрылды: «Демек, кемпір бұрынғы сарынында ма?»
Бейтаныс тікірейген ақ шаштының жүзі... бұрынғыдан да жақсарып кетіпті! «маған татар әжемнен берілген сыйлық көп емес», — деді ол «кемістіктеріне» алаңдап... көз қиығы көтеріңкі келген, сүйегі шығыңқы бетінен басқа әжесінен сый қалмапты. Аяғы «бақташынікіндей» сәл қисық біткен. Қазір төпілиін шешіп педальға басты. Бір қызығы, қазір аздап қарайған. Кіммен жүрсе, соған тартады! Адам айтса нанғысыз ыстық, ал ол жүн шұлық киіп алыпты. Бірақ баяғыдан сондай еді ғой. Жүрегі қысылып кетті. Ең алғаш мұздай қолымен мұның ішіне ұстағаны, өзінің қалай дірілдегені сол мезетте есіне түсті. Ол: «Иә, неге екенін, менің қолым осындай, аяғым да сондай. Сол үшін жігітпен жатқанда да жүн шұлығымды шешпеймін. Тек әзірге қолғап кие алмай жүрмін», — деген күліп.
— БҰҰ! — деді солғын ту ілініп тұрған биік жайпақ ғимарат жаққа қарата иегімен нұсқап. Өзен ортасында шағын аралы бар, өндірістік-жүк тасымалы секілді гүрілдеген шойын көпірге шықты. Баржадан жүк емін-еркін түсіріліп, ұзын ақсұр ленталы цемент желмен ұшып жатыр. «Ашық қоғам» деген осы шығар, бәрі көз алдарында! Көпір астында «Орта офицерлер құрамының саяжай кооперативі» типтес шағын үйлердің арасымен кетіп барады. Бірте-бірте үйлер биіктей бастады.
— Енді ештеңеге таңғалма! — деді ол.
Олар көп қатарлы гүрілдеген даңғылдардан өтті, арттарынан күлгін түсті, аса маңызды, әккі, биік сәлделі өңкей үндістер сап құрып келеді. Олар дүңгіршектер мен дүкендердің алдында да отырды.
— Көрнекті аудан деп еді?! — деген сөз Сидоровтың аузынан шығып кетті.
— Болған! Енді мен үндіспін! — деді ол иығын ойнақы қозғап қойып.
— Ал енді шай ішейік! — деді бұл орнынан секіре тұрып, жеңісті үнмен. Кавголоводағыдай, отыз жыл бұрығыдай матрастың жерде жатқаны жаман емес!
— Ас үй сол жақта, — деді ол бірден жауап қатпай.
«Маужырап жүр!» — деді ол сергек оймен. Ас үйге кіргені сол еді, «маужырақтық» мұның да алдынан шықты! Шәйнек. Сол баяғы ескі жез шәйнек сияқты. Отырды. Зерттеуші түйсік тыныш отырғызбады. Құйып, электр плитаға қойды... Ал! Бүлкілдеп... кенет орысша белгісіз бір астралды гуілмен жансыз сөздерді айта бастады:
— Жыныстық жақындық дұрыс болмады! Есептелмейді! Қазір сендерге үндіс соитолог келеді! — Осы кезде шәйнек кекете күлді.
Ішінде бір сайтан отыр-ау!
— Кім?! — Сидоров күйіп кетті.
— Соитолог! — деп қайталады шәйнек. Осы жолы қорқа айтқандай.
— Мұны қалай түсінеміз? — деп Сидоров күркірей сұрады. Бұл кезде Ира шаршаңқы кейіппен (әлде, жасанды кейіппен?) ас үйге кірді.
— А-а, — деді баяу ғана. — Сенде де солай ма?.. Қызғанбайық. — Мысықша пырылдап, оның тізесіне шығып алды... Міне, сүйісу!
— Андағыны жібере салшы?
— Өзі де кетті! — деді ол шапшаң.
— Иә! — деді Сидоров оны плитка үстіне жапырып. Су шашырады. Бірақ қатты күйдірген жоқ. Сидоров оны плита үстіне тастай салды.
— О! Үйдің иесі келді! — деді назданып Ира.
Бір жақтан сыңғырлаған дыбыс естілді. Бұл кім тағы? Ира экранға қарап, «кіру» тетігін басты.
— Соитолог па? Қазір жайпаймын! — деген Сидоров кенет... кіреберістен оңтүстік орыстарының етене таныс сөйлеу мәнерін естіді.
— Екеуі жараса қалған екен! — деп ашуланып үлгерді.
— Үлгердіңдер ғой! — деді Петр, «ғашықтарға» қарағыштап. Бетіндегі баяғыдан бар шұбары болмаса... мынау қазір Петр емес! Бизнестегі алып адам! — Пәтер қалай екен? — деді іскерлігіне салып.
— Енді... — Сидоров сасқалақтап қалды. Осында тұр деп қолқалап отырған жоқ қой?
— Шаруамен келдім, — деді жайдары сөйлеп Петр. — Әйтпесе, бұл шақыра ма?
Ира есінеді.
— Сенің ісің бе? — Сидоров бұрыштағы сынған шәйнекке басын изеп.
— Оны түсіну керек, — сенікі ме? — деді Петя қазымырланып. Шәйнектің орнында тұрып қалған темір шеңберді алып, майысқан тұтқасын қозғады. — Енді үйіңе қалай ұшып барасың?
— Не...шәйнекпен ұшуым керек пе? — деп кекете күлді Сидоров, бірақ шамалы сескеніп қалды. — Ал мұнда қалай келдім? Жер асты қайығымен келмеген шығармын?
— А-а! — Петр әңгімені бұрып — Мәселе онда емес. Ең бастысы...
— ...халықтың миын улау... — Сидоров түсінді. — Бәрі бірдей алдана қоймайды! — ұсқынсыз шәйнекке қарап басын шұлғыды.
— Не істеу керек еді? — деді торыққан кейіпте Петр. Жейдесін жұлқыды. Бірақ жыртпады. — Алғаш келген кезде қарапайым шәйнектерді шегеледім.
— Әй-әй-әй! — деді Сидоров. Петрді жақсы біледі ғой. Хабарсыз қалмайды. — Қазір бірінші шығарсың мүмкін, Брежнев сияқты?
— Сәйкестік қой! — деп Петр ат тонын ала қашты. — Ал сізден енді соларды естиік. Не болды, соны естиік... Мені сатып алды деп ойлайсың ба?
— М-м-м... Ондай жорамал да бар, — деді Сидоров.
— Солай, — деді Петр аяқ асты мойындап. — Бірақ мен олардан қорықпаймын! — Бұл тым асырып айтты. — Өзімнің жақын досымды Тивиге өткізу оңай болды дейсің бе? Оларға жастар керек!
— Рахмет! — деді Сидоров. — Камера қайда? — деп жан-жағына қарады.
— Әй... Бәрібір емес пе! — деп тыныштандырды Петр. Нағыз дос!
Кенет есіне түсіп кетті.
— Есіңде ме, — деп Сидоров сөйлеп кетті, — тундрада екеуміз ішіп жүріп оқтығымызды жоғалтып алып едік қой? Сонда біз қиналдық қой? Бірақ, ештеңе жоқ! Күлдік!
— Ешқандай да КПСС-тан қорыққан жоқпыз! — Петр батылсынып кетті.
— Сол КПСС-ыңды елең қылмайды екенбіз! — деп шаңқ ете қалды Сидоров — мына шәйнектеріңді де!
— Тфу! — Петр шәйнекке батылдана түкірді. Бұрыла сала саусағын көтеріп, халықаралық ыммен көрсетті... Е, камера мында екен ғой. Түсінікті.
— Демек, бұқараның санасын басқарады екенсің ғой? — деді Сидоров.
— Ең бастысы, сен алғашқы махаббатыңды таптың ғой?
Бір сәт бәрі үнсіз қалды.
— Олай болса...— деді Петр қатты дауыстап. — Ана салақ әйелге маған тұрмысқа шықсын деп айтшы тағы да..! — сөзінің соңы көңілсіздеу шықты.
— Одан да сен айт, маған күйеуге шықсын! — деді күтпеген жерден Сидоров өз-өзіне.
— Ұсыныстарың жайлы оланайын, жігіттер! — деп ол жуынатын бөлмеге кіріп кетті.
Петрді әртіс пе дерсің, сол мезетте-ақ «нағыз ерлерге тән әңгіме» бастап кетті. Әйел жолына кедергі болғанға ұқсайды. Бірақ сыбырлап айтты.
— Менің саған айтар салмақты әңгімем бар!
— Ал? Айта бер!
— Сен бұл істе маған көмектесесің! — Ол досының жеңінен ұстап алыпты. — Білетін шығарсың — ұсақ сауданы өз жаназаңда да жасауға болады. Екеуміз әзірге тіріміз ғой, басқалардың арқасында ақша жасайық!
— Тамаша! — деп келісе кетті Сидоров. — Күрек бересің бе?
— Фу! Біз бір-бірімізге кімбіз?
— Ескі достар ма..? — деп сенімсіздеу болжады Сидоров.
Петр ыза болып сырт айналды, осы қылығымен досының қытығына тиді.
— Қарсыластар ма?
— А! — Петр алдыңғыдан бетер аһылады. «Істің адамы» деген осы. — Біз ең алдымен гидравликтерміз!
— О! Оны мақтан етпегелі қай заман, — деп күрсінді Сидоров.
— Бекер өйткенсің! Менің мұнда не істеп жүргенімді білесің бе?
— Шәйнектер.
— О, жоқ!.. Зират басында шүмектің көмегімен қысым арқылы тас плиталарды сумен кесемін... құрылыста да сөйтемін. Барельефтер, оюлар, әріптер. Бұл саған шәйнек емес! — неге екенін, сөзін паңдана аяқтады.
— Жаман емес, — деп келісті Сидоров. — Бірақ оған менің қатысым қанша?
— Ал шүмекті қайдан алғанымды білесің бе? Біздің жер асты қайығымыздың өрт сөндіру жүйесінен алдым. Олардың қандай қысымды ұстай алатынын білесің. Бізде бәрі жүз есе артық қорымен жасалатын еді ғой, ауыр болады, бірақ мықты.
— Бізге, йағни, құрастырушыларға ақыреттік даңқты ойластырып жасаған ғой. Сол күн туды деп ойла! Қазір менде қанша «шүмек» қалғанын білесің бе? Білсең, жылар едің...
Петр лезде екі саусағын көтерді. Екеу ме? Екі мың ба?
— Қалай дегенмен де, біздікілер патриот! — деп сөзін жалғастырды Петр. — Қайықтар есептен шығарылады, кесіледі, соның алдында қолынан келген әркім қажеттісін бұрап шығарып алады. Адмирал Қасқыр! Сен оны білесің бе?
— «Шиланы» шелектеп іштік... спиртті айтамын.
— Мен білмейтін едім! — деді ренішті Петр. — Мен одан: «Сіз Теңіз Қасқырысыз ба?» — деп сұрадым. Қазір әлі Мәскеуде отыр. Не дегенін білесің бе? «Коммерциялық!» — деді. Қасқыр сенен соншама сыдырып алмайды. Сыйлайды. Ол сені «өзіміз» деп қабылдайды... Негізі, жерлеу идеология жағынан текетіресетін жер емес қой... Сен Қытайды жақтайсың ба?
— Олай емес шығар — деді Сидоров не айтарын білмей.
— Сен жақта тұрамыз, мында қымбат. — Ваннадан шыққан Ира оның тізесіне кеп отырды.
Керемет компания! Дәл баяғыдағы Кавголоводағыдай!
Сидоров оянып, ас үйге шықты. Ира душта. Кеше Североморскіден кеш оралған, келе ұйықтап қалды. Шәйнек әдеттегідей бүлкілдеп, осы жаққа сіңісіп кетті, бейімделді, беріктігінен айырылды, қысқасы, сенімге кіруге тырысты. Мұхиттың ар жағындағы бауырының қайғылы тағдырын ұмытпаса керек. Бірдеңені жайбарақат айтып, өз-өзімен дауласты. Кейде украин әндерін айтып қояды. Неге украин әні? Ой, білгенін істесінші! Сидоров оны өңешіне дейін толтырып, газға қойды. О! Қайнады! Бүлкілдеп, бұрынғы асқақ дауыспен: «Ирина Евгеньевна! Жетеді, қашанғы жуынасың?! Бүйіріңді тесесің! Осы қарқында көңілдесіңмен бірге Галереяға зытыңдар. — Онда менің көмегіммен қалай бақытыңды тапқаның жайлы түсінікті ғып әңгімелеп беруің керек!»
Сидоров оған қарап ойланып тұрды да, кейін бұл ойынан айнып қалды, оны түрлі дауыстармен біраздан бері сөйлесіп жүрген, бұл жағынан мол тәжірибесі бар көршісіне сыйлап жіберді.



