Сергей Бирюков

1950 жылы Торбеевка деревнясында (Тамбов облысы) дүниеге келген. Тамбов педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, сол оқу орнында оқытушы және әдеби студия жетекшісі қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының кандидаты, мәдениеттану докторы. Халықаралық Зауми Академиясының негізін қалаушы, орыс өлеңіндегі дәстүрден тыс формалар және поэтикалық авангардтың тарихы мен теориясын зерттеуші, «визуал» (көзкөрім) һәм «сонор» (үнді/әуезді) поэзия теориясының білгірі, XVII—XXI ғғ. орыс поэзиясын зерттеген ғалым. Ресей, Германия, Испания, АҚШ қатарлы мемлекеттерде жарық көрген жиырма жыр жинағының авторы. Көпшілікке танымал «Кісінің кесінді күйі» («Человек в разрезе», 2010), «Динозаврдың ұшуы» («Полет динозавра», 2011), «Дыбысталым» («Звучарность», 2013), «Дүн-дүние» («Универсум», 2022) секілді жыр жинақтары, теориялық үш кітабы жарық көрген. Өлеңдері ағылшын, армян, белорус, болгар, жапон, итальян, қытай, неміс, поляк, румын, француз және басқа тілдерге тәржімаланған. «Альманах Академии Зауми» басылымының Бас редакторы, «Другое полушарие» әдеби және көркем авангард журналының қанаттас редакторы. А. Е. Крученых атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың, Ф. И. Тютчев атындағы Бүкілресейлік сыйлықтың, т. б. сыйлықтардың лауреаты. «Орыс футуризмінің атасы Давид Бурлюк атындағы Халықаралық белгі» сыйлығының құрылтайшысы. Көптеген ресейлік және халықаралық әдеби фестивальдарға қатысқан. Халле қаласында (Германия) тұрып, сол жақта сабақ береді.
Бирюков поэзиясының ерекше қырларын ақын әрі сыншы Денис Безносов былайша түсіндіреді: «Бирюков поэзиясы кеңістігінің құпиясы — қайсыбір сөздің мағынасы бар ма немесе оның негізгі қызметтері жойылған ба, әлде, кей қызметтерін қысқартып, басқасын қалдырған ба, мұның ешбірін де алдын ала білмеуімізде. Біз ұдайы әр бұрылысы күмәнді көрінетін қым-қуыт дәліздердің бейберекет бағыттарына бойлаймыз, өйткені, мұның шын мағынасында, тап сол сипатында болмауы әбден мүмкін».