Олеся Николаева
1955 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Қазіргі таңда өзі әдеби шеберліктен дәріс беретін А. М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Он жеті жыр жинақтарының авторы. «Amor fati» (1997), «Испан хаттары» (2004), «500 өлең мен поэма» (2008), «Көктегі Ерусалимге дейін» (2013), «Средиземноморские песни, среднерусские плачи» (2017) атты поэтикалық кітаптары, отыз проза кітабы, алты эссе мен публицистика кітабы жарық көрген. Өлеңдері ағылшын, итальян, испан, қытай, неміс, француз, жапон және т. б. көптеген еуропа және азия тілдеріне аударылған. Бірқатар әдеби сыйлықтардың лауреаты. Борис Пастернак атындағы сыйлықты, «Anthologia» поэтикалық сыйлығын, Ұлттық «Ақын» сыйлығын, Ресей Федерациясы Үкіметінің мәдениет саласындағы сыйлығын, Патриархалдық әдеби сыйлықты және тағы да басқа сыйлықтарды иеленген. Мәскеуде тұрады.
Әдебиеттанушы және сыншы Дмитрий Бак ақын Николаева поэзиясындағы терең иірімдерді талдай келе: «Ол өнер таусылған тұста да өз өнерін өрістетіп, оған мейірлене қарап, поэзияның тылсым тараптарын танымайтын көпшілікке осынау ұлылықтың ғажайып үнін естіртіп, керемет көріністерді көздеріне көрсеткісі келетіндей. Бұл бұрыла қарау — ұрлана қарау емес, ашықтан-ашық, мүдделестер мен пікірлестер естісін деген ойдан ада, мүлде кереғар пікірдегі кісілер танысын деген таза көзқарас», — дейді.